Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың төрағалығымен санитариялық-эпидемиологиялық жағдай және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралған жиын өтті. Отырысқа онлайн режимде министрлер мен барлық өңірдің әкімі қатысты. Жиында ведомоство басшылары тарапынан ауызсу желілері бойынша Қызылорда мен Павлодар облыстары оң нәтиже көрсеткен аймақтар қатарына енгенін атап өтті.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Аймақ басшысы алдымен аймақтағы эпиджағдайды қатаң бақылауға алып, вирустың жаппай таралуына жол бермеу бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысты жіберілген кемшіліктерге сын айтып, қала, аудандардағы жобалардың жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, атқарылған істің мардымсыз екенін ескертті.
Ұлттық жоба аясында Қызылорда облысына биылғы жылға республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 22 млрд теңге қаржы бөлінді. 2022 жылдың 1 тамызына жылдық жоспардың игерілуі небәрі 33,8%-ы ғана құрады.
– «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларына бөлінген қаржының игерілуі де төмен деңгейде.
Басқа өңірлермен салыстырғанда біз ең аз қаржыны алдық. 2022 жылы біздің аймағымызға бөлінген аз қаржыны игермеу не кеш игеру – жұмысымызға үлкен сын. Құрылыс жұмыстарын жүргізу уақытына қолайлы 3 ай мерзім ғана қалды. Күн суытқаннан кейінгі жұмыстардың сапасы дұрыс болмайтындығы белгілі.
Сондықтан, жауапты басқарма басшылары, қала, аудандар әкімдері жетекшілік ететін салаларыңыз бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын 2-3 айдың ішінде аяқтау бойынша шараларды қабылдаңыздар. Тез игеремін деп жұмыстың сапасы төмендеп кетпесін. Бақылауда ұстаңыздар! – деді Н.Нәлібаев.
Шағын қалаларды дамыту аясында 4 жобаны іске асыруға қаралған 348,5 млн теңгенің небәрі 72 млн теңгесі немесе жылдық жоспардың 20,8%-ы игерілген.
Мәселен, Арал мен Қазалы аудандарындағы 3 жоба бойынша құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша да игерілу көрсеткіші төмен болуда. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында жылдық жоспардың игерілуі жартысына да жуықтамаған. Ең төменгі көрсеткіш – Жаңақорған мен Шиелі аудандарында.
Иә, аз қаржы игерілмесе, көп қаржы туралы айтудың өзі қиын шығар. Бұл жерде мәселенің екінші жағы да бар. Ақшаны игеру керек екен деп оңды-солды шашудың, жұмысты сапасыз жүргізудің қажеті жоқ. Облыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді. Әліптің артын бағайық…
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!