«Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабынан
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ
ЕМШІ ПАУАДИННІҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ
Бұл әңгімені бастамас бұрын, емші, ұста Пауадиннің күні кеше ғана Қазалы жерінде тірлік кешіп, өмірден өткен адам екенін, ол туралы көзі көргендердің өмір деректі естелік сөздері бар екенін айта кеткен жөн. Ал мен ұсынып отырған мына баянның жөн-жобасы бұлардан біршама өзгешелеу. (Есіткен құлақта жазық жоқ деген…)
Осы хикаяны бұдан ширек ғасыр шамасы бұрын маған кімнің айтқаны есімде қалмапты. Оқиға желісі, шамасы, Қазалы аймағында, өткен ғасырдың бас жағынан басталады. Пауадин есімді 7-10 жас шамасындағы бала үйінен біраз жердегі мешітке қатынап оқып, дәріс алып жүреді. Сол мешітке өзімен бірге жолдан қосыла барып, дәріске қатысып жүрген тағы бір баланың қайдан пайда болғанын бұл бала білмейді де, балалықпен соған мән де бермейді. Кешқұрым екеуі сабақтан қайтарда біраз жерге шейін бірге жүріп келіп, орта жолда, бір қалың шеңгел тұсында әлгі бала өз «үйіне» бұрылып кетіп жүреді екен. Бұрыларда әлгі бала, «сен артыңа қарама!» деген сияқты бір ескерту айтып қалатынды.
Балалық әуестік тәртіпті тыңдата ма, бір күні кешқұрым, екеуінің жол айрығында Пауадин бала артына мойын бұрып қарайды. Сонда ол шеңгел арасынан бой көтере өңкиіп, өзінің өкше ізінен қарап тұрған бір дәу құбыжықты көреді. Сол жерде бала қорыққаннан есінен танып қалады. Қайтадан есін жиғанда, өзінің бір самала оттар жарқыраған зәулім сарай ішінде жатқанын аңдайды. Бас жағында әлгі «досы» өзіне үңіле қарап отыр екен. Ең қызығы, сол сарай іші гуілдеген көпшілік, жайылған дастарқандар, аста-төк молшылық, ырду-дырду думан… «Мен жынның баласымын, – дейді «досы» сол жерде бұған. – Біз – мұсылман жындар қауымынанбыз. Менің мешіт барып, медреседен дәріс алып жүрген себебім сонан. Ал сен мен айтқан шартты орындамадың, мені көріп қойдың. Енді, мына тойға қатыс, тойғаныңша ішіп-же, тек менімен ғана ойна, менімен сөйлес. Мына жүргендердің ешбіріне қол тигізуші болма. Олар сені көрмейді. Егер біреуіне қол тигіздің екен, сенің пердең ашылып қалады. Жындар өз ортасындағы адамды көрсе, бір жамандық болуы мүмкін…».
Бала Пауадин, болған оқиғаның бәрін ұмытып, досымен бірге сол кештің қызығына меймілдеп тояды. Ортақұрсақ қарынына ел қонады. Тіпті, әбден масайрағаны сонша, сол жерде жүрген бір әдемі қыздың бұрымынан тартып ойнап көргісі де келеді. Ақыры соны істеп те тынады… Өзін бұрымынан тартқан адам баласын көрген сәт, әлгі қыз сол жерде ұлы ойбайға басады. Сол-ақ екен, көп тойшыл қауым (жын) бұл баланы (адамды) кенет көріп қалып, оған тарпа бас салады. Шырқы бұзылған кештің тоқетер тұжырымы былай шығады: «Адамның қолы тиген жын қызына сол адам баласы енді үйленуі керек. Басқаша «вердикт» жүрмейді!..» Жындарда да кәмелетке толу жасы мен шарты адамдардікіндей ме?.. Үйленетін күн кейінірек айтылатын болады. Баладан үндемеске серт алынады. Бұнан енді бір жаққа қашып құтыламын деу бос әуре… Барлық шарттарын қойып, баланы бір мәлім уақытқа шейін бостандыққа жібереді сол қауым.
Бала неме аңдаусызда адасып кеткен болар, әйтеуір аман-есен келді ғойға сайып, үйдегілер де бір түнге жоғалып, қайта табылған бала оқиғасына онша мән бере қоймайды.
Уақыты жеткенде, қойылған шарт орындалады. Пауадин, адамдардан оңашаға кетіп, елсіз бір жерде, жындар рәсімінде, сол пері сұлуына үйленеді. Жас отаудың мекенжайы айдаладағы қасқыр апаны болады. Жас күйеу түнде жарының қасында болып, күндіз адамдар ортасына барып, оны-мұны тірліктер істеп қайтып жүреді. «Біртүрлі сырқатқа ұшыраған бала» ағайын-туыс, төңіректегі адамдар үшін «күндіз бар да, түнде жоқ», солай, тірлігі «жартыкеш», мінез-құлығы түсініксіз бір мәлімсіз өмірге кетеді.
Ал айдаладағы қасқыр апанындағы жұбайлық өмір, шын мәнінде, кәдімгі, қиял-ғажайып ертегінің нағыз өзі болады. Күн бата, сол тар апан кеңейіп, әр тұстан самаладай шамдар жанып, төңірек сән-салтанатты кең сарайға айналады. Сарай ішінде баяғыдай той-думан гулеп береді. «Біздің әр кешіміз осындай той, мереке. Түн – бізге думан!..» деп түсіндіреді перінің қызы, адамның келіні күйеуіне. Сол іспетті «ертегілер» таң бозына шейін жалғасып жүреді. Перінің қызы, адамның келіні сол таң жарығымен, мереке-думан бітісімен, ол да көзден өшіп жоғалады екен. Жарық күнде жігіт апанында бір өзі ғана қалып жүреді. Өмір осылай жалғаса береді. Тек, пері күйеуіне тағы бір шарт қояды: бұл жерде ит баласын асырауға, әлгі апанға ит тұқымын келтіруге болмайды.
Ерлі-зайыптылар, айы-күні толғанда, кәдімгі, өмір-табиғат заңдылығына сәйкес перзент көріп – ұлды болады. Бала пері шешесі сияқты емес, күн шыққанда жоғалып кетпей, әкесінің қасында қалатын болған. Бірақ апаннан шықпай, әкесі күндізгі тірліктерінде адамдар ортасына кеткенде, айдалада бір өзі қала береді екен.
Ертегі-аңыздарда болмаса, мына өмірде мысалы жоқтың қасы, осынау адам мен перінің жұбайлық өмірі, отбасылық жарасымы солайша жалғаса берер ме еді, қайдам, бірақ, пенде өмірі қателіктерге бейім ғой. Бір күні Пауадин, «балам айдалада жалғыздық көрмесін, бір өзі қалғанда ойнап, ермек етсін» деген ойда, апанына базардан бір күшік алып келеді. Кішкентайынан асырап өсірген күшіктен, пері заты болса да, не қауіп болуы мүмкін? Перілермен арадағы қатаң шарт солай бұзылған еді. Бұған оның әйелінің не деп, не амал еткені мәлімсіз… Ең сұмдығы, бір күні апан-үйіне кештетіп оралған әке, сол ит нәсілінің баласын талап өлтірген үстінен шығады. Сірә, адамға ежелден үйірсектеген ит тұқымы адамның қалыпты өміріне келмейтін, адамға жат (демек, иесіне қауіп төндіруі мүмкін) не нәрсені де жау санайтын болса керек. Иттің бірінші міндеті адам мен оның аумақ-мүлкін қорғау ғой. Перілер де Пауадинге шарт қойғанда, иттің осы қасиетін ескерген болар – ит періні сезеді және оны жау деп есептейді. Ал адам мен періден туған балада жынның иісі бар еді… (Сірә, түн баласы үріп, қыңсылап шығатын ит атаулы, төңіректе түн кезіп жүретін, бірақ біз байқай бермейтін нәрселерді көріп, бізге мәлімсіз қауіптерге беймазаланап шығатын болса керек).
Әлгіндей қасіретті жағдайдан соң, пері-зайып ұшып кеткен құс секілді, Пауадин өмірінен мүлдем ғайып болады. Қойған шартты бұзған күйеуін қарғап кетеді. Және перілер қауымы бұл адамды күндердің-бір күні жазаға тартуға шақыратынын да ескертеді.
Перілер сертті бұзған опасыз күйеудің жазасын беруге, оны айдаладағы бір күмбезді мазарға шақырады. Бұл кезде оның кешегі күндері басынан өткен барлық жайы жалғызілікті анасына мәлім болған еді… Ендігі қатерлі сапарға шыққан баласының ізінен қалмай, бұл жолға анасы да ере шығады.
Кешкі ақ пен қызылда айдалада есік ашқан мазардың табалдырығынан ішке ұл кіреді де, бұл «шаруаға шақырылмаған» анасы сыртта қалуға мәжбүр болады. Сол түні мазардың ішінде не болып, не қойғанына ешкімнің куәлігі жоқ. Ал сыртта қалған ана байғұс түні бойы ішкі жақтан құлағына үздіксіз жеткен сиырдың ыңырсуы, иттің ұлуы, шошқаның қорсылдауы сияқты неше түрлі жаман дауыстарды естіп, іште болып жатқан бір сұмдық оқиғаны аңдап, бірақ қолынан келер қайран жоқ, бейіт маңында зар қағып жүріп, солай таң атырады. Әрине, мазар есігі ол үшін тарс жабық еді. Тек, таң бозында ғана бәрі тыным тауып, енді жалғыз ұлдан айырылдым-ау деп аңырап отырғанында, кенет, күмбез есігі жаймен ғана ашылып, үсті-басы ұлым-жұлым, кеудесін сүйреткендей болып мазардан шығып келе жатқан баласын көреді. «Мені тірі қалдырды. Бірақ ендігі өмірімде бар ұстағаным, ішкен-жегенім арамнан болатын болды. Және де ажалымның оттан келетінін айтты» дейді ол анасына.
Сонан кейінгі өмірінде Пауадин Қазалы жерінде атақты емші, темірден түйін түйген ұста атанады. Өзінің орыстың Петрбор қаласынан алған дәрігерлік білімі де болған деседі. Көп байлықтан аулақ, жұпыны ғана жағдайда өмір сүрген.
Осы әңгімені есіткен қызылордалық ардагер Шайхыслам Серікбаев, «ойбай-ау, ол кісі менің нағашым еді ғой! Мұны мен қалай білмегенмін? Әй, әйтеуір, өзі де біртүрлі адам еді-ау!.. Нағашым келбетті, сұлу адам болатын…» деп айран-асыр болған. Ал Бөген ауылының азаматы Насырадин Жолаев бұл жайтқа бір әңгіме қосты: бұл ағамыз буын-буыны сырқырап үзірленіп жүрген жағдайда, бір шипасы бола ма деп, сол емшіні үйіне іздеп барады ғой. Кешегі 70-жылдардың іші, шамасы. Емші үйінен тиісті емін алып болған соң, Нәкең сол жерде қонып шыққысы келетінін айтады. Сонда Пауадин-емші, «бала, бұл жерде түнде жағдайың болмас, әрі қорқуың да мүмкін» деп ескертеді. Насырадин ағамыз батыр мінезді адам еді. Қалай да сол үйде қонуға қалады. Бұл уақытта Пауадиннің орақмұрын, түсі суықтау, неміс ұлтынан кемпірі бар екен. Екеуі күйелеш тападан әлдебір дәм алып, күйе-күйе шәйнекпен шай ішіп отырады. Түн тыныштығы орнағанда кемпірі төсегіне қисайып, оқымысты адам шырағдан жарығында кітап оқуға қалады. Нәкеңді сол жұпыны үйдегі кітаптың көптігі таңдандырады… «Ұйқым ұйқы болмады, – дейтін ағамыз. – Пауадин таң атқанша көз ілмей, шырағдан жарығында кітап оқып шықты. Ара-арасында ұйқыдағы кемпірі жаман үн шығарып, демі біткендей бастырылығып, төсекті өкшесімен тепкілей бастайды. Сонда емші жүгіріп барып, оның үстіне төніп, әлдебір дұға сөздерін күбірлеп айтқандай болады. Сонан кемпірі тыншып, қайта ұйықтап кетеді. Емші шырағдан астына қайта оралады… Сондай жағдаймен таң атырдық…».
Пауадиннің өлімі де сол өзі айтқан жобада болады. Ұсталықпен айналысып жүрген бір сәтінде, бірде, киіміне от тиіп кетіп, ақыры, ажалы сол оттан болған деседі.
Ал кейінгі бір жайттарға мен өзім де куәгер болдым. «Пауадин үйі» деген мекен сол кездегі Жаңақазалы стансасындағы бұрынғы Большевик, кейін Р.Бағланова аталған көшеге жақын жердегі бір ескі жай екен. Тікенек сыммен қоршалған шарбағының іші шашылып жатқан, әбден таттанған көп темір-терсек – консерв қалбыры, шеге, шуруп-винтиктер… Үй шатыры үстіне тасталған буат-буат сымдар… Кешкі уақыт еді. Қазалы аудандық партия комитетінің жігіттерімен сол жерді көруге барып тұрғанбыз. Жақын жердегі бір үйден шыққан әйел адам, «айналайындар, мына жатқан темір-терсектің ешбіріне қол тигізуші болмаңдар, олардың әрқайсысына бір-бір аурудан байланған» деп шыр-пыры шыға мәлімдеді. Әлгі әйел шыққан үй Пауадиннің қарындасының үйі болды. Ол да емші екен. Әлгі апайдың сонан ем алып шыққан беті екен…
Бұл ескі үйді бір кездері жергілікті пысықтар бульдозермен сүріп тастауды да ойлаған деседі. Бірақ ол әрекеттен түк шықпаған. Бір-біріне жай ғана сүйеп, жабыстыра салған сияқты ескі-құсқы темір шарбақ, көне үй қабырғасы трактор қалағына алдырмай қойған. Сол үй бүгін де Қазалыдағы Роза Бағланова атындағы көше маңында солай тұрған болуы керек.
Мен естіген хикая нұсқасы осы. Артық-ауыс кеткен жері болса, Алладан – кешірім, адамнан – түсінік!..
Біздің уақыттың ертегісі деуге келмейді, болған оқиға бұл. Ертегіге бергісіз!
(Соңы. Басы өткен сандарда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!