Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СҰҢҒЫЛА САЯСАТКЕР, ШЕБЕР МӘМІЛЕГЕР немесе Қазақстан Президентінің сыртқы саясаттағы ұстанымы

28.07.2022, 11:30 345

Әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық үрдісін жылдамдатқан жаһандану үрдісі ұлыстар мен ұлттардың өзіндік болмыс-бітіміне кері әсер еткен, геосаяси тұрақсыздық жайлаған кезеңде бізге сенімді серік, стратегиялық әріптес керек. Президент Қ.Тоқаевтың ресми сапарлары мен халықаралық маңызды басқосулардағы пайым-пікірлерінен елдіктің тұғырын тіктеудің және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешудің жолын іздегенін көруге болады.

Әсіресе, Орта Азия мемлекет басшыларының басын қосқан IV Консультативтік кездесуге ерекше мән беру керек. Өйткені аймақтың қауіпсіздігін нығайтып, экономикалық өркендеуде қолдау білдіріп, бірлесе іс-әрекет істеудің тетігін айқындауда көрші елдер стратегиялық әріптес бола алады.

Жалпы, алып империялармен бәсекелесуде Орта Азия елдерінің ынтымақтастығы өте маңызды, әрі мұңы Алаш қайраткерлері жақсы түсінді. Сондықтан тегі бір, тілегі ортақ туыстас елдердің федерациясын құруды армандаған алаштықтардың қарекетіне тоқталудан бастасақ.

Алаш қайраткерлерінің мақсат-мұраты турасында сөз еткенде Мұстафа Шоқайды айналып өте алмаймыз. Ол «Жас Түркістан»  журналының  №16 нөмірінде  Орта Азия федерациясы­ның маңызын жан-жақты  талдап, жазады.

1919 жылы Тұрар Рысқұлов басшылығындағы Түркістан коммунистері Мәскеудің «ұлттық шекараға бөлу» деген сұмпайы саясатына дейін «Тәуелсіз Түркістан мемлекетін» құру идеясын  көтерді.

Кеңестік билік қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен тәрізді түрік ұлттары арасында ұлттық өшпенділік туғызуға, алауыздық өршуіне, өзара талас-тартыс болуына мүдделік танытты. Өйткені, Түркістанның тұтас­тығынан  өлердей  қорқып, барын­ша  кедергі  жасады.

Орта Азия федерациясына Түркістанның Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тә­жікстан және Қарақалпақстан кірді. Біз Түркістанымызды бөлінбейтін бес біртұтас ұлттық мемлекеттер түрінде көргіміз  келеді.

Көрдіңіздер ме, біртұтас Түркістан идеясының ұшқыны бір ғасыр бұрын тұтанды, әрі әлі күнге дейін өміршең идея ретінде алдымызда тұр. Алайда жүзеге асырудың еш реті келер емес. Мұның түрлі себебі бар, атап айтқанда, елдердің саяси ұстанымының және экономикалық  дамуы  әрқилы  болуы өз  әсерін  тигізетіні  анық.

Бүгінде империялық мүдделі елдер – Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО Орта Азиядағы ықпалын күшейтуді мұрат етеді. Оларға бәсекелес бола­тын, бірлігі мығым, береке­сі артқан одақ қажет емес. Осы себепті бір ғасыр бұрын кеңестік билік қалай қарсылық көрсетсе, қазір де ықтияр білдіре  қоймасы  анық.

М.Шоқай «Түркістанда мақта төңірегіндегі күрес» атты мақаласында большевиктер АҚШ-пен жеңіл өнеркәсіп саласындағы бәсекелестікте тиімді жағдай қалыптастыруда Орта Азия мен Қазақстанды ешқашан босатпайды деген тұжырым жасайды. Оған Орта Азиядағы табиғи ресурстық байлығын  қосыңыз.

Бізге Тұран интеграциясы керек. Оған қуатты Түркия мен ұлттық намысы жоғары Әзірбайжанның да қатысуы маңыз­ды. Ұлттық болмысты, ұлттық ерекшелікті сақтаймыз десек, бұдан  басқа  жол  жоқ.

Бізді  біріктіретін факторлар – түркілік менталитет, мәдени және тілдік ұқсастық, және  дәстүрлі  Ислам  діні.

Міне, Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен  IV Консультативтік кездесуін осы тұрғыдан қарастырсақ, ұтарымыз  көп.

***

Сарапшылардың сөзінше, дүниежүзілік геосаяси кеңістік ауқымды өзгерістердің алдында тұр. Әсіресе, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы соғыстар мемлекетаралық шекараларды өзгертуі әбден ықтимал. Құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығын бірлесе еңсерудің перспективасын жан-жақты талқылаған басқосудың аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан мәні терең, саяси-экономикалық  маңызы  зор  болды.

Қазір Орта Азиядағы ең күрделі мәселе – қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек, тәжік-өзбек арасындағы шекара дауы. Бұл проблеманы біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп:

– Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық дауысының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауапты­лықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ. Бұл кешенді проб­лемаларды елемеудің немесе созбалаңға салудың салдары қиын болады, тіпті Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерімізді жоққа шы­ғаруы мүмкін, – деп мемлекет­аралық шекараларды шешудің маңызына  тоқталды.

Орта Азияда мүддесі бар алпауыт елдер шекара дауын назардан түсірмейді. Олар қажет болған жағдайда, көрші елдер арасында алауыздық өршітуде шекара мәселесін еске салуға дайын тұрады. Береке-бірлігі мығым, татулығы тұрақты көршілік қарым-қатынас орнатамыз десе, шекара мәселесін өркениетті жолмен шешу – өте маңызды  іс.

Аймақтағы екінші өткір мәселе – су ресурстарын бөлісу және мұздықтарды сақтау. Бұл – Қазақстан үшін аса қажеттілік. Былтыр Сырдария өзенінің суы қатты тартылып, күз айларында дарияда 100-150 текше метр су жүріп, әр жерден үзіліп қалған-ды. Мұндай жағдай Жаңақорған ауданының  аумағында  болды.

Егер Сырдария өзенін бірлесе тұтынудың жолы табылмаса, Түркістан, Қызылорда облысында шығатын бақша және дәнді дақылдар, көкөніс пен жеміс-жидекті импорттау­ға тура келеді. Бұл еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін тығырыққа тіреп, онсызда апта са­йын құбылатын нарықты аспан­датып  жіберетіні де анық.

– Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді. Бұл ретте, Қырғызстанның 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Бұдан бөлек, Тәжікстанның 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жария­лау жөніндегі ұсынысын да уақытылы енгізілген бастама деп санаймыз.

Күш-жігерімізді жұмыл­дырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес. Сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруі­не қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынамыз. Мүмкіндікті пайдаланып, осы өзекті мәселеге қатысты аса маңызды деректер келтіре кетейін. Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа де­йін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына әкеледі, – деді  Қ.Тоқаев.

Расында, мұздықтардың жылдам еруі өзендердің су деңгейіне әсер етіп, аймақта су тапшылығы болуда. Ең қиыны, Орта Азия мемлекеттері транс­шекаралық өзендерді бірлесе пайдалануда ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Тіпті бір-біріне саяси көзқарасын көрсетіп, экономикалық қысым көрсетудің  тетігіне  айналдырды.

Қазіргі геосаяси жағдай жаңа транзиттік бағытты іздеу­ге итермелеп отыр. Естеріңізде болса, шілде айының басын­да өндірістік нысандарда экологиялық бұзушылықтар анықталды деген «желеумен» Ресей құбыр қызметін 30 күнге тоқтатты. Бұл – бір жылда қайталанған екінші жағдай. Яғни Каспий құбыр консорциумының (КҚК) шектеу арқылы Қазақстанға саяси және эконо­микалық тұрғыда ықпал етудің  айласы ретінде көріп отыр. Ал, еліміздің негізгі кіріс көзі мұнай-газ саласынан түседі десек, Еуропаға жіберілетін мұнай осы құбырға байланғаны  белгілі.

Сондықтан Қазақстан жа­һандық өркениет көшінде өз орнын табу жолында Ресейден айналып өтетін жаңа транзиттік жолдарды іске қосуы тиіс. Мемлекет басшысы экономикалық тәуелділіктен арылтатын  жобаларды  атап:

– Картаға көз салсақ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказдың түйіскен жерінде орналасқан Орталық Азияның географиялық ерекшелігі айқын көрінеді. Жаңа геосаяси жағдайда трансконтинентальдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан «Транскаспий» халықаралық  көлік бағытын  белсенді  түрде  дамытып  отыр.

Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті. Бұдан бөлек, Қазақстан «Мазари-Шариф-Кабул-Пешевар» бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға әзір. Нақты айтқанда, теміржол құрылысына қажетті материал­дармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Өз тарапымыздан серіктестерімізді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыс­тыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолын белсенді пайдалануға  шақырамыз.

Менің жуырдағы Иранға сапарым барысында алғашқы контейнерлік пойыз Қазақ­станнан Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жөнелтілді. Бұл жаңа логистикалық шешім 6 мың шақырымнан астам жолды 12 күнде жүріп өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізеді. Түркменбашы портының инфрақұрылымын табысты дамытып келе жатқан Түрікменстан да бұл ұстанымды қолдайтынына сенімдімін. Дегенмен, біздің елдерімізге өз арамыздағы көлік коммуникациясын дамыту мәселесін естен шығаруға болмайды, – деді.

Ұлы Жібек жолының ірі тармақтары өткен Орта Азия Шығыс пен Батысты экономикалық тұрғыда байланыстыратын үлкен логистикалық мәнге ие. Соңы жаңғырту, жандандыру керек. Бұл үш бағытта өрбейді, біріншісі – Иран арқылы Парсы шығанағы мен араб әлеміне ену, екіншісі – Кавказ арқылы Еуропаға із салу, үшіншісі – Ауғанстан арқылы Оңтүстік  Азия  елдеріне  шығу.

Қазір экономикалық тұр­ғыда бір-біріне байланған айма­қтар санкциялық соғыс­тың салдарынан экономикалық дағдарысты сезініп, азық-түлік түрлерінің жетіспеушілігі болуда. Бұл нарықтың тұрақсыздығына әкеліп, саяси және экономикалық дағдарысты едеуір тереңдете түседі. Мұны жеңуде жаңа транзиттік жолдарды мейлінше тездетіп іске қосып, пайдалану керек.

Шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісін құрып, Орталық Азия елдерінің бір­ыңғай тауар өткізу жүйесін жетілдіруде  транзит  шарттарды  жақсарту  міндеті  тұр.

Орта Азия елдерінің басшылары ауқымды мәселелерді талқылап, бірлесе шешудің жолын қарастырып, бастысы, сыртқы ықпалды күштер Орта Азия елдерінің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп тигізген жағдайда бір-бірін қолдайтыны жөнінде келісімге келді. Бұл Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов және т.б. Алаш қайрат­керлері мақсат еткен Орта Азия одағын құрудың бастама­сы  екені  даусыз.

***

Қасым-Жомарт Кемелұлы – өзін елші-мәмілегер, дипло­мат ретінде таныта білген тұлға. Осы қасиетін халықаралық алқалы жиындарда көрсетіп, ел басшысы ретінде Қазақстанның сырт­қы саясаттағы ұстанымын айқындап, әлем елдерінің назарын өзіне  аударып  жүр.

XXV Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Путиннің назарына ресейлік кейбір саясаткерлер мен журналистердің астамшылдық психологиясы екі елдің достық қарым-қатынасына кері әсер ететінін салды. Тіпті Ресей Федерациясының Украинаға соғыс ашқанын қолдамайтынын  ашық  білдірді.

– Қазіргі халықаралық құқық – БҰҰ жарғысы. Бірақ БҰҰ-ның екі қағидасы қарама-қайшы. Бұл – мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өзін-өзі анықтау құқығы. Көп ұзамай бұл қағидалар бір-біріне қайшы келеді. Егер ұлттың өзін-өзі анықтау құқығы іске асырылса, онда жер бетінде 500-ден астам мемлекет пайда болады және хаос болады. Осы себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетия­ны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Шамасы, бұл қағидат біздің ойымызша, Луганск пен Донецк болып табылатын квази­мемлекеттік бірлестіктер­ге қатысты қолданылатын  болады, – деді  ол.

Президенттің позициясы­нан экономикалық тұрғыда Ресей­ден тәуелділіктен құ­тылудың жолын іздегенін көруге болады. «Мемлекеттер­дің экономикалық дағдарыс­тан шығу мәселесі» атты та­қырыпты таңдаған Қатар экономикалық форумында Қ.Тоқаев халықаралық саясат­тағы сын-қатерлер, әлемдік геосаяси текетірес, аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету турасында  тың ойымен бөлісті.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси және Ресей Президенті Владимир Путиннің басын қосқан VІ Каспий саммитінде Азия мен Еуропаның арасындағы экономикалық байланыстың жаңа бағыттарын жандандыруда Каспийдің мүмкіндігі зор екеніне назар аударды.

Одан кейінгі Иран Ислам Республикасы мен Сауд Арабияға жасаған мемлекеттік ресми сапары болды. Бұл сапар­лар  бізге  не  береді?

Біріншіден, елімізге инвес­тиция  тартудың  жолы.

Екіншіден, көлік және логистикасын жетілдіруде маңыз­ды.

Үшіншіден, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіретін шағын цехтар мен зауыттарды іске қосып, бизнестің дамуына жол ашады.

Мәселен, Қазақстан-Иран қарым-қатынасы  бірлес­кен сау­да палатасын құруға жол ашып, Парламентаралық байланысты арттырады, сондай-ақ, өңіраралық кооперацияны нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты  арттырады.

Ал, Қазақстан-Сауд Ара­биясы мұнай-химия өнеркәсібі саласында өнім өндеу, жасыл энергетиканы дамыту, металлургия және тау-кен сектор­лары мен ауыл шаруа­шылығын терең өңдеуде бірлесе игеруде ортақ келісімшарттар  жасалды.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: