Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаңдатқан «арт-спорт»

28.07.2022, 10:00 625

Өткен жылдан бастап қолға алынған «Арт-спорт» бағдарламасы бойынша 2021 жылы шығармашылық үйірмелерге 16 өнім беруші 4820  баланы, спорт   секция­ларына  13 өнім беруші 2492 баланы қамтыған. Жалпы, 2021 жылы шығармашылық және спорттық тапсырысқа 228 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Ал 2022 жылы өнім берушілер мен балалар саны күрт өсіп кеткеннен кейін қаржылық қиындықтар туындап, қоғам арасында бұл бағдарлама талқыға түсуде. Нақтырақ айтсақ, өткен жылғы жұмсалған қаражатқа қарағанда 17 есеге көп қомақты қара­жат қажет екен. Өйткені облысымызда 60 өнім берушіге тіркелген 15619 баланы, спорт секцияларына тіркелген 7591 баланы жыл соңына дейін қамтамасыз ету үшін 2,4 миллиард теңге қаражат қажеттігі туындап отыр. Бұл жөнінде газетіміздің өткен санында толығырақ айтып, бағдарламаның шикілігін көрсеткен болатынбыз. Өңірлік коммуника­циялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы қаржы жетіспеушілігі­нің неден туындағанын айтып, өзге өңірлерде де мұндай мәселе бар екенін  жеткізді.

– Осы жылы облыстық бюджеттен шығармашылық және спорт бойын­ша  мемлекеттік тапсырысқа 1 миллиард 140 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның 200 миллион теңгесі бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаралды. Жалпы, қаражат 4 жарым айдың төлемін өтеуге ғана жетті. Тапсырыспен қамтылуға жататын 4-17 жас аралығындағы бала саны статистикалық мәлімет бойынша 243 370 бала болса, қамтылғаны 23210 бала, яғни 9,5 пайызы. «Арт-спорт» бағдарламасын сүйемелдейтін нормативтік-құқықтық актінің толық жетілмеген түрінде қабылдануына байланысты (тәуекелдер ескерілмеуі, басқа да бағдарламалармен интерграцияланбауы) бақылау жұмыстарын жүргізуде кедергілер (тиісті нормативтік-құқықтық актінің талаптарын бұзу, нақты деректерден ауытқу, бала жасының әдістемеге сәйкес келмеуі, өтінім беруші тарапынан ЖСН-ді өзгертіп ұсыну, балалардың нормативтен тыс бірнеше үйірмеге тіркелуі және т.б.) туындап, нәтижесінде қаржылай қамтамасыз ету республика бойынша өзекті мәселенің біріне айналды, – деді Руслан Рүс­темов.

Оның айтуынша, ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігі норматив­тік-құқықтық актіге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөнінде ұсыныс­тарды қайта қарауда екен. Барлық өңірдің аталмыш сала бо­йынша басшылары өздерінің ұсыныстарын ведомство басшысына жолдапты. Алайда ұсыныстар әлі қаралу процесінде болған соң, қандай ұсыныстар жібергені жөнінде айта  алмайтынын жа­сырмады. Нормативтік-құқықтық актіде екіжақты келісім бойынша өнім берушілер кәсібін тоқтата алады деп жазылған екен. Соған сәйкес басқарма басшы­сы кәсіпкерлерге уақытша тоқтату жөнінде ұсыныспен шыққан. Нәтижесінде өзара келісім бойынша шы­ғармашылық саласындағы 19 өнім беруші, спорт саласындағы 16 өнім беруші кәсібін тоқтатқан. Кейбір өнім берушілер қараша-желтоқсан айларында  кәсібін  тоқтататын  көрінеді.

Газетіміздің 2022 жылғы 21 шілдедегі №29 (1139) санында шыққан «Балалар жылында балаларға қаржы бөлінбеді» атты мақаламызда Нұргүл есімді кәсіпкер өз шындығын айтқан еді. Оның айтуынша, «облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болған кезде Руслан Рүстемұлы облыс әкіміне 1,5-2 айға қаржы үнемдеу үшін тоқтатамыз деп ұсыныс айтып отырмыз, бірақ әріптестер келіспеуде деді. Сол кезде Нұрлыбек Нәлібаев «қаржы бар, тек тексеруден кейін барып қаржыландырамыз, неге бұлай сөйлеп отырсың?» деп айтқаны бар еді. Облыс әкімінің экс-орынбасары Қайрат Нұртай да аймақ басшысының сөзіне қосылған болатын» деген пікірдің ақ-қарасын білу үшін Руслан Рүс­темұлының  өзінен  сұрадық. Бұл  тарап осы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын  мәлімдеді.

– Мен бұл ақпаратты оқыдым. Шындыққа сәйкес келмейді. Екіжақты келісім бойынша нормативтік-құқықтық құжатта өнім берушілер жұмысын тоқтата алады делінген. Біздің облыс қана мұндай ұсыныспен шықпады. Жамбыл, Түркістан облыстары да кәсіпкерлерге осындай ұсыныспен шықты. Берілген бюджеттің көлемінен асып кеткесін осындай мәселе туындап отыр. Құқық қорғау органдары тарапынан тексеру жұмыстары, облыс әкімдігінен құрылған мониторингтік топ зерделеу жұмыс­тарын жүргізіп жатыр. Жұмысты тоқтату, тоқтатпау жөнінде өнім берушілер өздері шешім қабылдайды, – деді  Руслан  Рүстемұлы.

Естеріңізде болса, өнім беруші­лер 4 айдың жалақысын алмағаны жайын­да  айтқан  болатынбыз. Бұның  себебін  де  сұрадық.

– Осы  уақытқа дейін бізде екі бас­қарма  бірікті. Соған байланыс­ты есепшот жабық болды. Біршама ай көлемінде төленбеуінің себебі де осы. Қазіргі таңда есепшот ашылды. Бұдан бөлек, шілденің 14-і күні облыс­тық мәслихаттың сессиясында қосымша қаражат бөлінді. Ол қаражат мәслихаттың шешімімен бекітіліп, әкімдіктің қаулысы шық­ты. Сол қара­жатты департамент арқылы бюджетке отырғызу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Бүгін-­ертең жауабы шығып қалады, – деді облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының экономика жөніндегі орынбасары  Ерділдә  Сұлтанбеков.

Шыны керек, жобаның тұсауы әу бастан дұрыс кесілмеген. Әрбір қадамын жоспарламай, көп үміт күттірген жобаның бүгінгі кескіні көңіл көншітпейді. Иә, өнім берушілер жаппай тіркеліп, алаяқтық жасағандары да жетіп артылады. Алайда шынайы еңбекпен нәпақасын тауып отыр­ғандар да бар. Сол себепті жобаның жүзеге аспай қалуына жоба ұйым­дастырушылары жауапты. Еліміз инновациялық даму кезеңінде, біз цифрлы Қазақстан стратегиясын құрамыз  дегеннің бәрі құр сөз екенін бұл бағдарлама ашып көрсетті. Себебі 19 миллион халқы бар елде сайттың құрылымын дұрыс орната алмау деген сұмдық қой. Өнім беруші болсын, ата-ана болсын бір рет тіркелгеннен кейін, екінші рет тіркелгенде автоматты түрде сайт қабылдамауға міндетті. Мұндай олқылықты жіберу қаншалықты дұрыс? Есептерге емес, нақты істерге көңіл бөлгенде қателік болмас па еді?

Хош делік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоба тоқтамайды, жетілдіру керек деді. Руслан Рүстемұлы да тығырықтан шығудың жолын шама-шарқы келгенше қарас­тыратынын мәлімдеді. Ведомство басшысы ұсыныстарын қолдаса, алдағы уақытта бағдарламаны жандандыруға үлесін қосатынын айтты. Бүгінгі қоғам мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, бірі қалмай кезекке тұрып, талан-таражға түсіретіні ақиқат. Бұның себебі еліміздегі жалақының аздығы себеп болуы кәдік. Сондықтан мемлекеттің тегін қаражатынан құр қалмас үшін небір қу әрекетті жасап жатқаны өтірік емес. Мұндай жағдай бұл бағдарламадан да айналып өтпепті. Қазақта ауру адам түшкірсе, «жазылдың» деп жақсылыққа жориды, сау адам түшкірсе, «жәрекімалла» деп ойға алған шаруа­сының іске асуын тілейді ғой. Сонда бұл бағдарлама қолға алынғанда үкімет түшкірмегені, әкімдік «жәре­кімалла»  демегені  ғой.

Азамат АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: