Кеше Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азияның мемлекет басшылары IV Консультативтік кездесуде бас қосты.
Ақпарат көздерінде «Орта Азия одағы құрылатын болды» деген жаңалық тарауда. Әрине, бірлесе, біріге әрекет ету маңызды. Бұдан басқа жол бұлыңғыр.
Қазіргі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы мен әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық үрдісін жылдамдататын жаһандану ұлыстар мен ұлттардың өзіндік болмыс-бітімі мен қасиетіне кері әсер етіп жатқанын ойласақ, бізге сенімді серік, стратегиялық әріптес керек.
Дәл осы мәселені 100 жыл бұрын Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай көтеріп, Орта Азия федерациясының маңызын жап-жақсы түсіндіріп берген еді.
«Жас Түркістан» журналының №16 нөмірінде сол кездегі қайраткерлер Орта Азия одағын құруға ұмтылғанын тануға болады.
Нақтысын айтқанда, 1919 жылы Тұрар Рысқұлов басшылығындағы Түркістан коммунистері Мәскеудің «ұлттық шекараға бөлу» деген сұмпайы саясатынан бұрын «Тәуелсіз Түркістан мемлекетін» құру идеясын көтереді.
Кеңестік билік қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен тәрізді түрік ұлттары арасында өшпенділік туғызуға, алауыздық өршуіне, өзара талас-тартыс басталуына мүдделік танытты. Өйткені, Түркістан ұлттық тұтастық пен ұлттық мемлекеттік құрылуынан өлердей қорқып, барынша кедергі жасады.
«Орта Азия федерециясы Түркістанның Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан және Қазақстанның бір бөлшегін қамтиды.
Федерация идеясы «Ұлттық республикалар» идеясынан артық деген сенімдеміз. Біздің мұратымыз – бөлінбейтін біртұтас Түркістан. Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбейтін бес біртұтас ұлттық мемлекеттер түрінде көргіміз келеді» дейді Алаш қайраткері.
Міне, көрдіңіздер ме, біртұтас Түркістан идеясының ұшқыны бір ғасыр бұрын тұтанғанымен, әлі күнге дейін жүзеге асырудың сәті келмей келеді. Оған түрлі себептер бар. Оған елдердің саяси ұстанымының әртүрлі және экономикалық дамуы әрқилы болуы өз әсерін тигізгені анық.
Бүгінде империялық мүддедегі елдер – Ресей, Қытай Орта Азиядағы ықпалын күшейтуде мұрат етеді. Оларға бәсекелес болатын, бірлігі мығым, берекесі артқан одақ қажет емес. Сондықтан осыдан бір ғасыр бұрын қалай қарсылық көрсетсе, қазір де ықтияр білдере қоймасы анық.
Мұстафа Шоқай «Түркістанда мақта төңірегіндегі күрес» мақаласында большевиктер АҚШ-ты жеңіл өнеркәсіп саласындағы бәсекелестікте жеңуде Орта Азия мен Қазақстанды ешқашан босатпайды деген тұжырым жасайды.
Оған Орта Азиядағы табиғи ресурстық байлықты қосыңыз.
Бізге Тұран интеграциясы керек. Оған қуатты Түркия мен ұлттық намысы жоғары Әзірбайжанның да қатысуы маңызды. Ұлттық болмысты, ұлттық ерекшелікті сақтаймыз десек, бұдан басқа жол жоқ.
Бізді біріктіретін фокторлар – түркілік менталитет, мәдени және тілдік ұқсастық, және дәстүрлі Ислам діні.
P.S.: Ауыл шаруашылығы және шағын және орта бизнес және т.б. салаларды дамыту, трансшекаралық өзендерді тиімді, бірлесе пайдаланудың жолын табуда Орта Азия елдерінің интеграциясы маңызды екенін жыл өткен сайын сезініп келеміз…
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!