Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем түбегейлі өзгеріс алдында тұр. Біз ше?

21.07.2022, 11:00 468

2019 жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына төрт рет Жолдауын жолдап, бірнеше рет арнайы Үндеуін ұсынып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы арқылы елдің саяси және қоғамдық өмірін өзгертудің бағыт-бағдарын  айқындады.

Елдің ішкі саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени өмірін өзгертуі тиіс бағдарламасы қаншалықты жүзеге асуда? Біз осы турасында  саралауды  жөн  көрдік.

Алдымен қайта құру, саяси жаңғыру дағдысынан өткен Түркияның өтпелі кезеңдегі өмірі туралы талдап, бағдарын байыптап алсақ.

Ататүрік жүргізген реформа барысында Түркияның сыртқы көрінісі ғана емес, түрік халқының тұрмыс-салты, таным-түсінігі, ойлау жүйесі, тіпті киім кию үрдісі толық өзгер­ді. Бұл турасында Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналының №108 нөмірінде  жан-жақты  жазады.

Империялық қуаты әлсіреген елдің еңсесін көтеру үшін мемлекет қайраткерлері реформа жолын ұстанады. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында бірінші реформаны жүзе­ге асыруға талпынғанмен, өркендеу, өрлеу жолын таппады. Екінші реформа – 1908-1914 жылғы «үйлестіру және дамыту» реформасына сәйкес келеді. Бұл да нәтижесіз аяқталды. Себебі, мемлекеттің ішкі өмірін қозғаусыз қалдырды, османдықтардың өмір сүру құндылықтарын өзгерте алмады. Соғыс алдында әскери сала қатты тоқырап, шетелдің көмегіне мұқтаж болды, оған елдің қаржы саласы жат қолына  өтіп  кеткенін  қосыңыз…

Соғыс біткеннен кейін Осман империясы бөлшектеніп, Еуропа елдері­нің ықпалына өте бастады. Міне, осындай  өтпелі кезеңде билікті қолына алған Ататүрік Тәуелсіздіктен артық ешнәрсе жоқ деген ұранмен «Ұлтты құтқару күресін» бастап, аз уақыттың ішінде Түркия­ның өз қадір-қасиетінің  даңқын  қайта кө­те­ріп,  жаңа  мемлекет  құра  білді.

Иә, Ататүрік Түркия тарихының бағытын өзгертіп, ұсынған реформалары елді тың бетбұрыс, жаңа бағытқа бұрып, табыстан-табысқа жетуіне  негіз  салды.

Жаңа Түркияны құру кезеңінде геосаяси жағдайлар шиеленісіп, империялар әлемді қайта бөлісіп жатқан күрделі кезең-тұғын. Қазір де әлемдік геосаяси карта үлкен өзге­рістің алдында тұр. Сарапшылар арасында Шығыс Еуропадағы әскери қақтығыс үшінші дүниежүзілік соғыстың алғышарты, империялардың әлемді қайта бөліске салудың мүдделі жолы дегенді қолдайтындар табылады.

Мұны уақыттың өзі таразылайды. Дегенмен геосаяси жағдай ушығып тұрғаны жасырын емес. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде тура жол тауып, елді бастау Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бағына  бұйырып  тұр.

Сонымен  мемлекет  басшысы саяси жаңғыру жолын, қоғамдық өзгерістер бастауын тапты ма? Тапса қай бағытта дамимыз? Оның алғышарттары  қалыптасып  жатыр  ма?

Міне, осы сұрақтардың жауабын тапсақ.

Біріншіден, Алланың басымызға нәсіп еткен бақтан болар, екіншіден, Президенттің табандылығынан Қаңтар қасіретінен кейін елдіктің жолын сақтап, тұтастық пен тұрақ­тылықты қайта тұғырға қондырдық. Әлі есімізде, әлеуметтік мәселелерді алға тартқан ереуілшілдердің арты қанды қырғынға ұласып, елдің берекесі мызғымас бірлікте екенін санамызға  бекітіп  берді.

Әдетте Президент жылдың ая­ғында немесе басында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жаңа жоспар құратын. Биылғы Жолдау наурыз айының ортасында ұсынылды. Асығыстан туған десек, жаңсақ пікір болатыны хақ, дұрысы, жаңа бағыт, жаңа бағдарды байыптайтын үнқату, стратегиялық құжат ретінде қабылдау керек. Атауы айтып тұрғандай, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен  жаңғыру  жолы»  деп  аталды.

Саяси жаңғыру болмаса, елімізде орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бәрінен бұрын, елдің таным-түсінігін, өмір сүру дағды-ама­лын, көзқарасын өзгерту маңыз­ды. Елдің еңсесін қымбатшылық, жемқорлық басып, халық кедейле­ніп кетті. Бұл – шындық. Мұны Тоқаев та мойындап, халықтың ең төменгі табысын 42 мыңнан 50 мың теңгеге  жеткізуді тапсырғанын  жақсы  білеміз.

Біз елдегі өзгерістерді қаншалықты сезініп отырмыз. Жалпы өзге­ріс  бар  ма? Бар.

Біріншіден, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартуынан көруге болады. Билік тетіктеріндегі өзінің ағайын-туыстарын қызметтен шеттетті. Назарбаевтың дәурені сабақ болса керек-ті.

Екіншіден, Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруды көздеді. Қаңтар оқиғасы кезінде елдің алдына шығып, халықты сабырға шақыратын тұл­ға­ларды іздедік. Мәжілістің қабыр­ғасынан елге тоқтау айтатын депу­таттардың табылмағаны-ай! Осыдан-ақ партиялық тізіммен сайланатын депутаттардың халық арасындағы бедел-абыройын білуге болады. Депутат беделді болу үшін халықтың арасына жиі барып, елдің мұң-мұқтажын биік мінбелерде айтып, Үкіметке нақты талап қо­йып, халықшыл қарекетімен сыйлы болуы тиіс. Шүкір, қаңтардан кейін депутаттар оянған  сынайлы. Оған мемлекет  басшысының депутаттарға сенім арта  бастауы да септігін тигізді-ау!

Үшіншіден, Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауды және өңірлік деңгейдегі мәслихаттарда пропорционалды-мажо­ритарлы үлгіде сайлау жүйесін енгізу. Бұл – қоғам белсенділерінің саясатқа араласып, өз ойын жоғары саяси мінбеде айтып, елдің дамуына үлес  қосуы  үшін  қажет.

Төртіншіден, саяси партиялар арасында ашық бәсекелестік туды­рып, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдетілуі тиіс. Мұның әсері сайлау жүйесін жетілдіруге септігі  тиетіні  анық.

Бесіншіден, елдің әкімшілік-аумақ­тық құрылымын жетілдіріп, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандырудың маңызы айрықша екенін атауымыз керек. Қазір ауыл және кент әкімдері сайланатын болды. Сөйтіп, жергілікті билікке жаңа есімдер келе бастады. Оған құқық  қорғау  саласын толық рефор­малау, сот жүйесін жетілдіруді қосыңыз.

– Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге  асыру  үшін Конституция­ның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек, – деп қорытын­ды­лады Жол­дауын  Қасым-Жомарт  Кемел­ұлы.

***

«Айтылған  сөз – атылған  оқ»  десек, қазір халық ресми биліктің құр сөзден – нақты іске көшкенін бағып отыр. Енді артқа шегінетін жол жоқ, не өгіз өледі, не арба сынады. Нардың жуан белі қайысты дегенді осындайда  қолданса  керек-ті.

Сондықтан Қаңтарға дейін және кейін не өзгерді, соңы анықтасақ.

Біріншіден, елдікті сақтап қалдық. Біздің  басты  құндылығымыз – осы!

Екіншіден, Президент билікке өз ағайын-туыстарын жақындатпауды жақтады.

Үшіншіден, өңір басшыларына халықпен етене жақын араласып, мұң-мұқтажына құлақ асып, ашықтық пен жариялықты ұстануды тапсырды. Қызылорда облысының әкімі жер-жерді аралап, халыққа есеп  беріп  жүруі  соның  дәлелі.

Төртіншіден, өзі саяси партияның төрағасынан бас тартып, саяси партиялардың әділ бәсекелесуіне жол ашты. Енді партиялардың тіркелуін жеңілдететін заң қабылданса, саяси  бәсекелестік  қызғалы  тұр.

Бесіншіден, елдің әлеуметтік-экон­омикалық жағдайына әсер ететін бағдарламаны кабинетінен шықпай қабылдайтын министрлерге халықпен жиі жүздесуіне пәрмен берді. Сөйтіп, елдің ішкі ахуалына жіті қанығып, халықшыл істерге мұрындық  болуға  бағыт  беріп  отыр.

Саяси жаңару елдің ішкі өмірін, таным-түсінігін өзгерте ала ма? Жоқ! Бұл мемлекеттің сыртқы құрылымын қайта құрылымдайды. Ал, қоғамның түбегейлі өзгеруі үшін не керек?

Бұл ретте, тағы да Ататүріктің идеясына  жүгінеміз. Ол не істеді?

Өз-өзін таныған адам ғана өзгенің пікіріне бағынышты болудан арылады. Ұлтты да осы категорияда алуға болады. Яғни өзін таныған, өзінің ішкі потенциалын білген ұлт рухани-мәдени жетістігі мен тарих алдындағы жауапкершілігін терең түсінеді.

Ататүрік реформасының бір қыры – түрік ұлты өз тарихын тануға мән берді. Яғни түріктердің әлем тарихынд­ағы және әлем өркение­тіндегі орны қандай деген сұраққа жауап іздеп, жаңа сипатта ұлттық бір мемлекет құруда ұлттық намыс жігерді күшейту тек тарихи санамен болатынын жақсы білді. Өйткені экономикалық және саяси тәуелсіз­дікке қол жеткізген ұлттың рухани тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, терең тарихи зерттеулер жүргізіп, ұлттың шынайы  тарихын  жазуы  тиіс  еді.

1932 жылы 12 шілдеде реформатор түрік ұлтының империялық рухын оятып, тарихи санасын жаңғырту үшін Түркияның тарихнамасын 9 күн талқылаған «Түрік тарих конгресін» ашты. Одан кейін түрік тілін зерттеу қоғамын құрды. Бұл кейін Түрік тіл институты деп аталды. Ататүріктің ана тілді қорғау саяси тәуелсіздікті қорғаумен бірдей екенін: «Елін сондай-ақ ұлы тәуелсіздігін қорғай білген түрік халқының тілін де бөгде тілдердің боданы болудан құтқаруы қажет» деген сөзінен  тануға  болады.

Қ.Тоқаевтың да қарекетінен осыны тануға болады. Н.Назарбаев кезінде ұстаным еткен Қазақ хандығының 550 жылдығымен шектелмей, Жошы Ұлысы – Алтын Орданың заңды мұрагеріміз екенін әйгіледі.

Белгілі антрополог Оразақ Смағұлов жаһанға жар салып жүргеніндей, Ұлы Дала еліндегі өрке­ниет көші сақ, ғұн дәуірінен бастал­ған-ды.

– 4 мың жыл бұрынғы Қазақ­станды мекендеген тайпалардың қаңқа сүйектерін  қазіргі қазақтардың қаңқа сүйектерімен салыстырып, арасындағы антропология­лық, генетика­лық байланыстарды анықтадым. Нәтижесінде он беске жуық халықаралық симпозиумда, Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ-та баяндамалар жасадым. Сөйтіп қазақ халқы өз елінде, өз жерінде тұрып жатқанына 40 ғасыр өткендігін ғылыми негізде дәлелдедім, олар мұны  мойындады, – дейді ғалым.

Осы тұжырымды негізінде жан-жақты  зерттеп, ұлттық тарихымыз­ды жаза алсақ, Ұлы Жібек жолын тұтас­тай бақылаған Түрік империясы мен Ұлық Ұлыстың заңды мұрагері болып шықпаймыз ба? Бұл жастардың тарихи санасын оятып, тарихи жауапкершілікті сезінуде септігі тиер ме еді?!

Президент бұл бағытта елдің академия­лық үлгідегі жаңа көптомдық тарихын дайындауды тапсыр­ғаны белгілі. Бұл кеңестік ғалым­дардың көзқарасынан тазарған, ұлттық таным-түсінікті байытатын еңбекке  айналуы  тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – ұлттың тілін дамыту маңызды. Бұл турасында Президент «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деді.

Әрине, Ататүрік арабтанған, парсыланған түрік тілін реформаласа, Тоқаев санасы бодан ұлттың тілін жаңғыртуы тиіс. Екеуі екі бөлек нәрсе. Өткенде аралас мектептерді қазақ тілді мектепке айналдыруға қарсылық білдіріп, Путинмен қорқытқаны естеріңізде болар. Өзіміздің қазақтар. Бұл ненің нәтижесі? Кеңестік тоталитарлық жүйе­де аштықтың құрсауында болып, ұлттың бас көтерер бал-қаймағынан айырып, соғыстың ащы дәмін татып, өзгенің сүйеуімен жүріп-тұрып, әбден бойына құлдық сана бекіген адамның тірлігі – бұл. Басқа не деуге болады?

Демек тілді көтеруде заты қазақ, рухы өзге  адамдардың  бетін  бұру  керек. Бұл оңай іс емес. Бір білетініміз, әзірге қазақ тілі аударма тілінен  аса  алмай  тұр.

Президент айтқандай, қазір Қазақ­стан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Біз  бұған  дайынбыз  ба?

Міне, мәселе осында!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Арнайы «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: