Бұл – хештегтердің, калькалардың заманы. Қит еткенді «хит» хештегке айналдырып жатқан да, сөзден сөз қалдырмай, сөзбе-сөз аударып жатқан да – өзіміз. Коронавирустың қаупін бағамдаған еліміздегі телеарналар жұртшылықты үйден шықпауға шақыруда. Мысалы, «Qazaqstan» ұлттық арнасы #ҮйденШықпаңыз десе, «Хабар» агенттігі #ҮйдеҚалыңыз деп жазған. «Ел арна» – #ҮйдеБолайық, «Хабар24» #ҮйдеБолыңыз депті. Балалардың жанарын жаулаған «Балапан» телеарнасы #ҮйденШықпа деп сыпайыламай-ақ жазса, «Астана» #ҮйдеОтырыңыз деген нұсқаны құп көріпті.
Иә, осы орайда түрлі-түрлі үлгіні көріп отырмыз. Кейбірі естір құлаққа ерсі секілді. Мұның себебі – сөздердің орыс тілінен сөзбе-сөз аударылуында.
«Кімге қалай екенін білмеймін, маған ең сәтсіз шыққаны – «Хабардың» хештегі. «Как будто» біреу сол «Хабармен» ілесіп кететіндей, «үйде қалыңыз» дегені несі? «Алматы» мен «Хабар24» арнасының хештегі жатық шыққан. Сосын, байқасаңыз, осы сөздің көпшілігі алдымен «Еуразия» арнасында орыс тілінде бірнеше күн бұрын пайда болды. Одан кейін басқа арналар трендке көше бастады. Бірақ көпшілігінің әрекеті тағы да калькадан аса алмай қалды» дейді белгілі журналист Тоқтар Жақаш.
Сөзді тікелей аудару – тілді жоюға талаптану. Ал, оны (кальканы) қолданысқа енгізу – барып тұрған бассыздық. Өкінішке қарай, қазақ тілінде мұндай аудармалар жетіп артылады. Қуантатыны, кейінгі уақытта дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуды қалайтын, үйрететіндердің шоғыры қалыптасып келеді. «Балық басынан шіриді…» десек, тіл мамандары мен журналистер бұл мәселеде өте абай болуы керек. Жалпы, телеарна – қоғамды тәрбиелеуші құрал. Қазір солай ма, олай емес пе, ол жағы белгісіз. Бірақ, сәтсіз аудармалар көңілге күдік ұялатқаны рас…
Рыскелді ЖАХМАН
Сіз не дейсіз?
Аман АБАСИЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты:
Сіз не дейсіз?
Аман АБАСИЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты:
ҚАЗАҚША ДҰРЫС СӨЙЛЕУДЕН
ҚАЛЫП БАРАМЫЗ
– Біз соңғы кезде қазақша ойлап, қазақша дұрыс сөйлеуден қалып барамыз. Бір жаңа нәрсені орыс тілінен дайын күйінде калкалау (сөзбе-сөз аудару) жолымен алуға немесе орысша ойланып, қазақшалауға әбден үйрендік. Қазақша ойлана алмайтын болған сияқтымыз. Бүкіл жарнама, кез келген тауардың нұсқаулықтары мен жапсырмалардағы әртүрлі ақпараттық мәліметтері осындай жолмен қазақшаланып жатыр. Бұл – «қазақ тіліндегісі бар ма, бар» дегеннен құтылудың амалы. Оны ешкім оқымайды, оқыса да ешнәрсе түсінбейді. Оған етіміз әбден үйренгені сондай, ешбір реакция жасамайтын болдық. Енді, міне, мына «коронавирус» деген бәлеге байланысты халыққа таралып жатқан хабарламалар, хештегтер, т.б. осындай тәсілмен қазақшаланып жатыр. Мысалы, әлеуметтік желілерде тарап жатқан #Үйдеотыр #Үйденшықпа #Үйдеқал #Үйдебол деген секілді хештегтер қазақша ойланудан емес, орыс тіліндегі тіркестерді сөзбе-сөз аударудан шығып жатыр. Олардың ешбір әсері жоқ, әрі өлі дүниелер. Тіпті, телеарналар да осылардың түр-түрін жазып қойған. Осындай орысшадан тікелей аударған сәтсіз, дұрыс емес аудармаларды ретке келтіру қажет. Меніңше, бұл бір-екі адам істейтін шаруа емес. Оны мемлекет қолға алу керек. Жыл сайын республикалық және жергілікті (облыстық және аудандық) бюджеттерден мемлекеттік тілді дамытуға қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ олар осындай мәселелерді шешуге жұмсалмайды. Мұндай мәселені шешумен Тіл білімі институты сияқты мамандандырылған мекеме айналысқаны дұрыс. Жақсылап қаржыландырса, олар мұны жан-тәнімен беріле отырып, абыроймен орындар еді. Сол сияқты, еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында қазақ және өзге тіл бойынша аударма мамандықтарын ашу қажет. Мұны филология мамандығында да даярлауға болады. Міне, сонда қазақ тіліне жан кіріп, өз сөйлеушілеріне қызмет етеді. Тіліміздің абыройы артып, қолданыс аясы кеңиді. Сонда қазақша ойлап, қазақша таза сөйлейтін және жазатын боламыз.
Молодец күшті. Сөз байлығыңа сөз жоқ
Рақмет!
Табан жалағыш бұралаңдар болмағанда дініміз ді де тілімізде орнында тұрар ме еді. Жер туралы да жаз. Жерден айрылған ел. Белден айрылған ермен тең
Жазамын. Пікіріңізге рақмет!