Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата-анаға құрмет – әр перзенттің борышы

30.06.2022, 9:40 1564

Көптеген Құран аяттарында ата-анаға жақсылық жасап, құрмет көрсету керектігі әмір етілген. Осы мәселеге қатысты ұстанымдарды Исламнан бұрынғы діндерде де кездестіруге болады.

Алла  адамдардан бес нәрсені  қорғауын міндеттейді. Ол бес қасиетті нәрсе – ұрпақтың сақталуы. Алла ұрпақтың жалғасын тіршілік иелерінің қабілеттеріне қарай белгілі бір заңдылықпен байланыстырған. Ұрпағын жалғастыру үшін ең үлкен қауіп-қатер, қиыншылықтарға басын бәйгеге тіккен жанды тіршілік иелерінің бірі адам баласы болып табылады. Адам тіршілік иелерінің арасында ең күшті болғанына қарамастан туған уақытта ең әлсізі болып келеді. Кейбір жануар төлдері туғаннан кейін дереу, ал енді біреуі төлдері белгілі бір уақыт аралығында аяққа  тұрып, өз қажеттілігін  өзі  өтеп бастағанда, адам баласы туғаннан бастап араға жылдар салып осы дәрежеге әрең жетеді.

Ұрпақтың жалғасын табуы үшін барлық ауыртпалықты тартатын ата-ана екені сөзсіз. Ана сәбиін тоғыз ай көтеріп, небір қиыншылықты  бастан  өткізеді. Тіпті өмір мен өлімнің арасында нәрестесін дүниеге әкеледі. Ешбір нәрсеге қауқары жоқ бөбегін мәпелеп, түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қағады. Сондықтан Алла Тағала өзінің қасиетті кітабында:

«Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше: «(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» («Лұқман» сүресі, 14-аят) деп бұйырады.

Атақты ғұлама Насраддин ат-Туси, ата-ана ақысын әділеттілік деп түсінеді. Оның пікірінше әке-шешенің балаларын дүниеге әкелуі, олардың тәрбиеленуі секілді қиындықтардан былайша бір қорытынды шығады: Аллаға құлшылық ету және берген рызық-несібесіне шүкіршілік ету әділеттіліктің нышаны болған секілді, Алланың алдындағы парызды өтеуден кейін ата-ана ақысын өтеуден асқан ешқандай бір фазилетті істің болмауы да әділеттіліктің белгісі. Сонымен қатар әке-шешеге шүкіршілік ету және олардың разылығын алудан асқан бір құлшылық болмауы керек. Осы себепті әке-шешеге жақсылық жасау, Алланы мойындау және Оған ғибадат етумен тең көрілген. Оның көзқарасы бойынша бұл ақыны өтеу, Илаһи ақыдан да бұрын келеді. Өйткені Алла Тағаланың бұл нәрсеге мұқтаждығы жоқ. Алайда әке-шеше әр уақытта балаларының көрсеткен қиындықтарының қарымтасы ретінде олардан көп нәрсе күтеді.

Кейбір діни дереккөздерде перзенттің борышы ретінде әдепті болу да ата-ана құқығы екендігі айтылады. Мысал ретінде баласы  ата-анасына  жақсы  серік  болып, оларды атымен атамауы керек. Жолда келе жатқанда ата-анасының алдында жүрмеуі, отырған кезде олардың  алдында немесе арқасын  екеуіне  қаратып  отырмауы  керек. Сонымен  қатар, олардың қалауы мен бейімділігі баланың қалауы мен бейімділігіне қарсы болса да, ата-анаға ренжімеуге, жамандық  жасауға  болмайтыны  айтылады.

Отбасы қажеттіліктерін өтеу жолында әке шаршамастан, жалықпастан жұмыс істейді. Оларды қажетті тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Баласының ауырмағанын тілеп, сапарға кетсе уайымдап, үнемі оларды ойлайды. Бұл жағдай әке-шеше үшін өмірінің соңына дейін жалғаса бермек.

Алла Тағаланың қалауымен әке-шеше және балалары арасындағы қарым-қатынас сүйіспеншілікке негізделген. Баланың рухани және материалдық өмірдегі қажеттіліктерін де қамтамасыз ететін ата-ана. Бір ананың жүрегі мен құшағы бала тәрбиесінің дәрісханасы іспеттес. Сол себепті де ата-ананың ақысы көп.

Асыл дініміздің нәрімен сусындаған ата-ана – бала үшін баға жетпес байлық, береке және рақым нұры. Салиқалы ана – Илаһи құдіреттің адам баласына бағышталған бір рақым құшағы, отбасының бақытты қайнар көзі және де сол отбасы мүшелерінің мейірім бұлағы. Раббымыздың «Рахман» және «Рахим» есім-сипаттарының осы дүниедегі бір ұшқыны  деуге  болады.

Біздерді біршама ай жатырында, кейін дүниеден өткенше жүрегінде тасыған анаға көрсетілетін құрмет те шексіз болуы керек.

Бір анадан сұраған екен. «Ана, қай балаңызды жақсы көресіз?» деп. Сонда жүрегі нәзік ана: «Ауырған балам жазылғанша, сапардағы балам оралғанша, барлық баламды өлгенше жақсы көремін» деген екен. Ана үшін баланың барлығы бірдей. Араларын бөліп-жармай, бәрін  тең  көреді.

Хазіреті Мәулана Жалаладдин Руми: «Ананың ақысына абай бол! Оны басыңа тәжі ет! Аналар босанар кезде қиындық тартпағанда, балалар  дүниеге  келуге  жол таба  алмайтын  еді»  деген  екен.

Перзенттің ата-ана алдындағы борышы өле-өлгенше жалғасын табуы керек десек қателеспейміз. Олай дейтініміз жоғарыдағы жағдайларды ескере отырып, Жаратушының мейірімімен оның нәресте кезінен бастап тұлға  болып  қалыптасуына дейін бүкіл өмірін  перзентіне  арнаған  ата-анасы болып  табылады.

Перзенттің ата-ана алдындағы борышының басында ең әуелі оларға мойынсұну келеді. Оларға бағына отырып жасалуы харам болмаған нәрселерді орындау керек. Алла өз кәламында:

«Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік (бұйырдық). Алайда олар Менен өзгенің шын құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Ақырында бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей айтып беремін (де артынан жауапқа тартып, жақсы-жаман барлық істеріңнің қарымын қайтарамын)» («Анкәбут» сүресі, 14-аят) деп әмір етеді.

Бұл аят саңлақ сахабалардың бірі Сағд ибн Әбу Уаққастың басынан өткен жағдайына байланысты түскен болатын. Сахаба Сағд былай дейді:

«Мен анама құрмет көрсетіп, мойынсұнған бала едім. Мұсылман болғаннан кейін бір күні анам:

– Сағд! Бұл істегенің не? Сен бұл діннен шығасың немесе мен ешбір нәрсе ішіп-жемеймін, ақыры өлемін. Сен болсаң «Анасының өліміне себеп болған» деп айыпталарсың деді.

Содан соң екі күн, екі түн күттім. Анам ештеңе ішкен де жоқ, жеген де жоқ. Осыдан кейін мен:

– Уа анашым, мен бұл діннен бас тарта алмаймын. Сен не істесең де тәрк ете алмаймын» дедім, дейді.

Анам болса менің бұл істе табандылығымды көріп өз ісінен бас тартты. Сол уақытта жоғарыдағы аят түсті».

Жоғарыдағы айтылған аят және хадистен түсінгеніміздей  әке-шешенің қалағанын  орындау,  оларға  қарсы келмеу – Алланың әмірі. Алайда әке-шеше баласын Аллаға қарсы шығуға, парыз еткен амалын орындамауға, харам болып бекіткен нәрсені жасауға үгіттесе, бұл жағдайда олардың талаптарын орындамауға болады.

Перзенттің тағы бір борышы әке-шешеге жақсы қарау, олармен қарым-қатынасты жақсарту болып табылады.

Алла Тағала Құран Кәрімде адамдардың кімдерге қарсы жауапкершілігінің бар екенін тізбектегенде былай дейді:

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар) – деп дұға ет.

Адамзаттың ардақтысы, екі дүние сұлтаны Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «кімге жақсылық жасайын?» деп үш рет сұраған сахабаға үш рет «анаңа» деп жауап беруі, жай айтыла салған сөз емес екенін аңғартады.

Әке-шеше балаларына жеткілікті мөлшерде назар салып, бағып-қаға алмаса да, тіпті зияндары тисе де балалар оларға жақсы қарауға мәжбүр. Өйткені адам баласы қартайған сайын балаша болады. Балалық шағымызда қателіктермізге көз жұмып қарап, кешіріммен күлімсіреген жандар мұқтаждық жасқа жеткенде ұрпағынан бір ізгілік күтеді. Бұл – әр перзенттің балалық шағындағы әрекеттерінің қарымтасы, мойындағы борышы.

Сонымен қатар бала, әке-шешенің материалдық қажеттіліктерін өтеуге де міндетті. Ата-ана қартайып өз қажеттіліктерін өздері өтей алмайтын жасқа жеткенде, олардың қажеттілігін өтеу – ұрпағының міндеті. Бұл міндет тек қана ахлақ жөнінен емес, Ислам құқығы жөнінен де осылай.

Перзенттері әке-шешесіне қажетті қызмет көрсетуге  жауапты. Егер де басқа жерлерде өмір сүретін болса, әке-шешелерін зиярат етіп, көңілдерін аулап, дұғаларын алулары керек. Оларға сый-құрмет көрсету, әсіресе қартайған шағында қарайласу – бала үшін міндет.

Ислам діні  әке-шешенің дұғасы қабыл болады дейді. Ата-ананың дұғасын алып, қарғысынан сақтану әрбір перзент үшін маңызды. Адамзаттың ұстазы, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш дұғаның қабыл болуында ешбір күмән жоқ деп айтқан. Олар: «Әкенің баласына дұғасы, қонақтың дұғасы және жәбір көрген адамның дұғасы». Бұл тұста ананың дұғасы болса әкенің дұғасынан да әсерлі екенін айта кеткеніміз жөн.

Кейбір риуаяттарда Қиямет күнінде Алла Тағаланың әке-шешесіне қарсылық танытқандардың жүзіне қарамайтындығы айтылады.

Перзенттің ата-ана алдындағы борышы ол екеуінің дүниеден өтіп, ақырет жұртына қауышуымен де бітпейді. Олардың тап-таза естеліктерін жаңғыртып отырулары керек. Адамдарды немесе бір тұлғаны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын осындай артынан айтылатын керемет естеліктері болса керек. Дүниеден өткендерді жақсылықпен еске алу, олардың жасаған қателіктері мен күнәлі істері үшін дұға жасау, Алла Тағаланың Құран Кәрімде бізге үйреткен амалдарынан.

Жаратушы Иеміз Жәбірейіл (Алла оған разы болсын) арқылы ардақты пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уахи еткен Құранда:

«Уа, Раббымыз! (Алдыңда тұрып) есеп беретін күні мені, ата-анамды және күллі мүміндерді кешіре көр!» («Ибраһим» сүресі, 41-аят) деп, бізге қалай дұға жасау керектігін үйреткен.

Дүниеден өткен адамның артынан жасалатын дұғаның пайдасы жайында пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: садақа жәрия (сауапты іс), басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салихалы ұрпақ» (Мүслім хадистер жинағы) дейді.

Өмірде және қайтыс болғаннан кейін ата-анасына қатысты міндеттерін орындаған, олардың разылығына бөленіп қайыр-дұғаларын алған адам, осы дүниемен қатар ақыреттің бақытына қол жеткізген болып табылады. Өйткені пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай жандардың өмірінде береке болатынын, ата-анасының өздері үшін, яғни балалары үшін жасаған дұға-тілектерінің Алла тарапынан міндетті түрде қабыл болатынын және жұмақты иеленетіндіктерін сүйіншілеген.

Әзіреті пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) перзенттің әке-шешелеріне қарсы жауапкершіліктің соншалықты маңыздылығын былай тілге тиек еткен:

«Бала қандай жақсылық жасаса да әкенің ақысын өтей алмайды. Тек оны құл болған жерден тауып, оны сатып алып, бас бостандығын берген жағдайда ақысын өтеген болады».

Осыншама еңбегі мен ақысы бар ата-анамызды жақсы көру, оларға деген махаббатымызды  басқа  нәрсеге айырбастамау – ең маңызды міндетіміз. Бұл – ата-анамыз тірі болған кезде оларға деген құрмет, мейірімділік таныту және өзге де әрекеттер арқылы көрініс тапса, қайтыс болғаннан кейін дұғамызға қосып, мүмкін болса олардың атынан садақа беріп, ізгі амалдар жасау арқылы жүзеге асатынын ұмытпайық.

Ислам  МАРАТҰЛЫ,

Қызылорда  облыстық  орталық 

«Ақмешіт-Сырдария»  мешітінің  наиб  имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: