Меніңше, төмендегідей төрт маңызды мәселені шеше алса, бүгін өз жұмысын басталғалы жатқан Ұлттық құрылтай (ҰҚ) ел үмітін ақтады деп айта аламыз.
Біріншіден, ҰҚ өз құрамына елдегі барша қоғамдық-саяси күштерді, соның ішінде, билікке сын айтып, мемлекеттік, ұлттық мүддені қорғап, өзгерістердің эволюциялық жолын таңдаған ұйымдар мен жеке тұлғаларды қабылдаса, құба-құп болар еді. Мұндай қадам ҰҚ-ны сыншыл қоғам санасында легитимді, яғни заңды етеді, беделін биіктетеді, халықтың оған деген сенімін арттырады. Мұның өзі ҰҚ жұмысына қатысқысы келетін күштердің санын көбейтеді. Және де президент Тоқаев жариялаған «еститін мемлекет» тұғырнамасына толық сәйкес келеді.
Әрине, ҰҚ құрамының осылайша кең болуына биліктегі кейбір консерваторлық, кертпартпа күштердің қарсы болатынын алдын ала болжауға болады. Кім біледі, қазіргідей өтпелі кезеңде ол да заңды шығар.
Бастысы – сол регрессивтік күштердің президент маңайынан аластатылуында, саяси шешімдер саласына прогресшіл, қоғамдағы плюрализмді мойындайтын жаңаша күштердің келуінде!
Екіншіден, ҰҚ Қазақстан саяси жүйесіндегі өзіне ғана тиесілі орнын анықтап алуы шарт. Бізде биліктің үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарымен қатар көптеген республикалық қоғамдық ұйымдар бар. Олар өз функциялары мен өкілеттіктеріне ие. ҰҚ-ның олардан айырмашылығы қандай болмақ? ҰҚ-ның мәртебесі мен өзіне ғана тән қызмет аясын да анықтап алғанымыз жөн. Соған қоса, ҰҚ шешімдерінің қабылдану регламентін және олардың мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға қаншалықты міндетті болатынын белгілеп алсақ. Ондай орындаушылық механизмдер болмаса, ҰҚ, мәселен, Ассамблеяның кебін киіп, көп пікірталас алаңының бірі боп қалуы ықтимал.
Үшіншіден, әрине, қоғамды мазалап отырған мәселелер шаш етектен. Оның бәрін өз өкілеттіктеріне сай шешіп жатқан органдар мен ұйымдар да баршылық. Сондықтан, ҰҚ-ға Қазақстан халқының бар шаруасын өз мойнына алудың қажеті жоқ сияқты.
Өз басым, ҰҚ-ны мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарын анықтайтын, президенттің өзі басқаратын және ол қабылдаған шешімдердің орындалуын тікелей бақылай алатын, сондықтан да аса биік мәртебеге ие және шешімдері үкіметтің орындауына міндетті орган ретінде көргім келеді.
Сол себепті ҰҚ қарастыратын мәселелер де ұсақ-түйек болмай, шынайы құрылтайлық деңгейде биік, нағыз мемлекеттік, президенттік дәрежеде болуы шарт. Әйтпесе, ұйым тым ұсақталып, күш-қажыры жан-жаққа шашырап кетуі мүмкін.
Әзірше президент пен ҰҚ араласуы тиіс әрі кезек күттірмейтін мынадай үш мәселе күн тәртібінде тұр. Және олар ҰҚ алғашқы жиынында талқылануы керек.
Ол – күннен-күнге ушығып бара жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты қарапайым халықтың әбден титықтап кетуі. Яғни, дағдарыстан шығып, жұрттың тұрмысын жақсартатын жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет. ҰҚ осы басты мәселенің басы-қасында болып, халықтың жанайқайын президентке еш боямасыз жеткізіп отырса, соның өзі – бір жеңіс.
Ол – президент жариялаған саяси реформалардың өз жалғасын табуы. Конституциялық реформа бір референдуммен бітпейтіні анық. Оны президенттің өзі айтты. ҰҚ осы өзгерістердің басты органы болуы тиіс деп санаймын. Ендігі жерде Конституция мен тиісті заңдарға қандай өзгерістер енгізіледі – соны ҰҚ ұсынуы керек.
Ол – тоқырап та, тұралап та қалған құқықтық реформа. Елдің бәрі полиция, прокурор, соттың әділетсіздігінен көз аша алмай келеді. Тұнып тұрған тәртіпсіздік, көпе-көрінеу коррупция мен әпербақан әділетсіздік! Осы саланы жаңарту ісі де ҰҚ назарында болуы тиіс.
Төртіншіден, бізде ерекше бір кенжелеп отырған мәселе – ұлттық-демократиялық даму мәселесі. Өз басым қазіргі билік жүйесінде дәл осы мәселенің теориясын түзіп, тәжірибесін тірілте алатын орган көріп тұрған жоқпын. Геосаясаттағы тектоникалық өзгерістер мен әлемдік архитектураның қайта құрылуы қазақ ұлтынан дүниежүзілік реформация процесінде өз орнын ойып алатындай саясат ұстануын талап етеді. Оған Қазақстанға ғана тән ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерді қосып қойыңыз!
ҰҚ дәл осы мәселені қолға алып, осы күнге дейін құқықтық жағынан қолдау таба алмай келе жатқан ұлттық-демократиялық идея мен ұйымдардың көшбасшысы болса, онда бір үмітіміздің ақталғаны деп санауға болар еді.
P.S. Әрине, ҰҚ идеясын сынаушылар, оны жоққа шығарып, мансұқ ететін күштер де табыла жатар. Бірақ, меніңше, билік ұсынған кез келген бастамаға «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» қағидатын ұстанып алып, үдере қарсы шығып, сол пайымды ғана оппозициялықтың нышаны деп түсіну баяғыда-ақ «солшылдықтың балалық ауруына» айналған. Ақты – ақ, қараны – қара дейік. Егер де Тоқаев бір қадам болса да, алға жылжымағанда, суперпрезиденттіктен, яғни елбасы мұрасымен қош айтыспағанда, Конституцияға қоғам дамуын біршама алға жетелейтін өзгерістер енгізбегенде не істер едік?
ҰҚ өткізу идеясы да сол санатта деп ойлаймын. Сондықтан жиынға сәттілік тілеймін!
Әміржан ҚОСАН,
арнайы «Халық» газеті үшін
Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!