Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәбіш мола – кәсіби маманданған алғашқы көзешілер ауылы

09.06.2022, 10:00 551

Жақында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен Ж.Құрманқұлов, С.Болелов, Ж.Утубаев авторлығымен «Сырдарияның төменгі ағысындағы ежелгі егіншілер» атты жаңа монография жарыққа шықты. Бұл еңбек – белгілі археолог Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен 2004 жылдан бастап кешенді зерттеулерін жүргізіп келе жатқан «Шірікрабат археологиялық экспедициясының» үлкен нәтижесі. Осы зерттеулердің қысқаша нәтижесін көпшілікке  ұсынып  отырмыз.

Сырдарияның төменгі ағысы бойында ертедегі сақтардың этникалық және мәдени байланыстарының кең өріс алуы, олардың шаруашылығының ерекшеліктері, антропологиялық пішінінің кейбір айырмашылықтары оларды бір тайпа емес, үлкен тайпалық одаққа кірген туыстас бірнеше сақ тайпасының ерекше тобы деп есептеуге негіз болады.

Сырдария сақтарының мәдениеті б.з.б. I мыңжылдықтың екінші жартысында гүлденген деңгейіне жетті. Бұл кезеңде Сырдың көне сағасы Іңкәрдария арнасы Жаңадария арнасына ауысып, негізгі су жолына айналады.

Б.з.б. I мыңжылдықтың екінші жартысы – Әмударияның төменгі ағысында Хорезм мемлекетінің қалыптасып, нығайған кезі. Ежелгі егіншілікті оазис пен оның көшпелі шет аймақтарының арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар бұл кезде ерекше маңызға ие болады. Сырдария сақтарының жерінде тек ірі қоныстар ғана емес, қалалар да пайда болды. Олар егіншілік мәдениетінің ірі ошағы саналатын, қала мәдениеті мен қорғаныс жүйесі дамыған бекіністерімен және жерлеу ғұрыптарымен ерекшеленетін шірікрабат мәдениетіне топтастырылады.

Бұл өркениет б.з.б. IV-II ғғ. қанатын кең жайып, Шірік-рабат қала-қорымы Арал маңы сақтарының рухани-діни орталығына айналған. Бұл мәдениетке Жаңадария бойындағы айналасында жергілікті қоныстар кешені мен дамыған суландыру жүйелері бар ірі Бәбіш мола қала жұрты да жатады. Шірікрабат мәдениетіне жатқызылатын осы тектес тағы бір ескерткіш – Іңкәрдария бассейніндегі кішігірім бекіністі Баланды қалашығы. Аталған қалаларға жақын маңда зәулім жерлеу құрылыстары бар. Оларда жергілікті ақсүйектер жерленген және алуан түрлі жерлеу мүліктері қойылған.

Аталған Шірік-рабат, Бәбіш мола, Баланды ескерткіштері орталықтандырылған ірі қоныстар арасы егістік алқаптармен және ауылдармен жалғасып жатқан.

Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы құм басқан өркениеттеріне жасалған ғылыми ізденістердің нәтижесінде көне дәуірлердегі игерілген егіншілік ауданы 2,5 млн гектар құрағандығы анықталды. Оған жоғарыда айтылған жүздеген ежелгі қала мен бекініс, ауыл мен жасанды суландыру құрылысы куә.

Егін шаруашылығының қызметін айқындайтын және мерзімі б.з.б. ІV-ІІ ғ.ғ. көптеген ауылдық елді мекендер Бәбіш мола маңынан анықталған. Жалпы, осы өңірдің жерді жасанды жолмен суландыру жүйелері мен құрылыстарын және егіс алқаптарын толық зерттеген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының (әрі қарай – ХАЭЭ) жетекшісі С.Толстов пен көрнекті ғалым Б.Андрианов еді.

Бәбіш-мола ескерткіштер кешеніне Жаңадарияның сағаларының арасында ендік бағытта 40 шақырым және меридиандық бағытта 15-20 шақырымға дейін созылып жатқан үлкен қоныс ортасында  орналасқан  Бәбіш мола 1 қалашығы  және  Бәбіш мола 2 кесенесінен (ғибадатхана) тұрады.

Бәбіш мола 1 қалашығы – бекіністі дуалдармен  қоршалған қоныс орны. Оның  солтүстік бөлігінде  пішіні  шаршы цитадель  орналасқан  (100х100 метр), қабырғалары пахсадан салынған, шығыс қабырғасының ортасында және бұрыштарында шағын шеңберлі мұнарасы бар. Цитаделдің ортасында пішіні шаршы «Үлкен үй» (С.Толстов) деп аталатын құрылыс орналасқан. Цитаделдің және «Үлкен үйдің» қабырғаларында үшбұрышты жебе атуға арналған ойықтар хорезмдік үлгіде жасалынған. Цитаделдің оңтүстік-батыс бұрышына жақын, қабырғасының сыртқы бетінде аты ойдан «донжон» деп қойылған, едәуір ірі, қабырғаларының сақталған биіктігі 4-5 метр, құрылысы жалғаса орналасқан (30х30 метр). «Донжон» мен цитаделдің оңтүстік жағындағы қала территориясының іргесі пахсамен қаланған, саз кесектен салынған, жартылай шеңберлі мұнаралары бар мықты дуалмен қоршалған (қазіргі қалыңдығы 5,3 метрге жетеді), қираған қабырғадағы бір мұнарадан арнайы жебе ататын ойығы байқалады.

ХАЭЭ қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша, бекіністі қамал бірнеше құрылыс кезеңінен тұратындығы, олар б.з.д. ІV-ІІ ғ.ғ. мерзімделетіндігі анықталған.

Бәбіш мола 2 кесенесі (ғибадатхана) – жоспары төртбұрышты, биік пахсалы іргенің үстінде орналасқан, ішкі жоспары симметралды монументтік жерлеу құрылысы. Бәбіш мола 1 қаласынан батысқа қарай 200 метр жерде орналасқан. Көлемі – 21х21,  биіктігі – 7 метр. Құрылыстың  негізі – көлемі 30х30, биіктігі 0,5 метр алты қатар пахсадан жасалынған жұмбазды іргеден тұрады. Ғимараттың жоспары симметриялы, дәл ортадан қиылысқан төбесі балқы етіп жабылған дәліз бұрыштағы жерлеу камераларына бөліп тұр. Бөлмелердің ішкі қабырғалары алебастр аралас сылақпен сыланған. Жерлеу дәстүрі барысында өлік жай еденнің үстіне немесе суфаға қойылған, сонымен бірге бай мүліктерімен қоса жерлеген. Тіпті, ежелгі тонаудан алтын жапсырмалар, сырғалар, моншақтар (алтыннан және тастан) және басқа да бұйымдар қалған. Мавзолейден табылған керамикалар қаланың керамикаларына ұқсас және басқа да деректер бойынша екінші құрылыстық кезеңге сәйкес келеді. Кесене б.з.д. ІV-ІІ ғғ. мерзімделеді.

Бәбіш мола маңы – жер өңдеушілердің ауылы. Жалпы, бұл аймақтың сол уақытта өзіндік ішінара «аңғарлары» ылғалды, батпақты белдеуді сақтап, мықты құмды атыздар және көптеген судың сағалары шаруашылық үшін пайдаланылған. Бұл өлкенің жер шаруашылығының дамуы арнаның су деңгейінің өзгеру жағдайына және ең бастысы шағын салалардың суға толуымен байланысты.

Орта Жаңадарияның ежелгі суландыру құрылыстарына археология-топографиялық зерттеулер барысында жерді жасанды суландыру үшін тоқтаған арналардың арасындағы шағын салаларды игере отырып, күрделі жүйелер жасағандығы анықталған. Одан мынадай сызба шығады: өзен – ескі өзен арнасы мен жаңа арналардың бір бөлігі – жасанды жер суландыру – егіс алқабы. Егіс алқаптарының елді мекендері арнамен тек бөгендер бөліп тұрған жақын суландыру аймақтарында орналасқан. Ал кейбір жағдайда тақырларда ені    10-20 метр магистралды каналдардың тартылған ізі көзделген нүктеге жетеді және сол маңайда елді мекендер орналасқан.

Елді мекенмен көршілес бастауларын магистралды каналдардан алатын ұсақ арықтардың ізі көп. Олардың көпшілігі өзіндік ерекше тәртіппен орналасқан. Канал төменгі бөлігінен тікбұрыш жасап екіге бөлініп, бұлардың әрқайсысынан егін алқаптарына су апаратын ұсақ арықтар қатары тікбұрыш жасап бөлініп шығады. «Тіктөртбұрышты» жерді суландыру жүйесіндегі орналасу ерекшелігі, ерте кезеңгі жерді жасанды суландырудың дамуына тән болған. Олар Хорезмдегі тазабағаяб (б.з.д. ІІ мыңжылдықтық ортасы) және аркаикалық (б.з.д. VІІ-V ғ.ғ.) жүйелерінде кездеседі. Бастауларын арнадан тікбұрышты үлгіде алатын суландыру жүйесіндегі бұл әдіс ежелгі Шығыс елдерінде кең етек  алған.

Археологиялық-топографиялық зерттеулердің нәтижесінде Бәбіш мола маңынан 150 елді мекеннің орны анықталған, олардың ішінде шамамен 100 шақтысы бір уақытта өмір сүрген деген болжам бар. Б.Андрианов есептеуінше, егер жобамен, орта есеппен бір елді мекенде 20-30 тұрғыннан келетін болса, онда егін шаруашылығы оазисінде 2500-3500 адам болған деп есептеуге болады (оның ішінде Бәбіш мола қаласының халқы шамамен – 500 адам).

Егістік алқапта өте ірі суландыру жүйелері болмаған және жерді суландыру үшін Жаңадарияның ағын суларының қорын пайдаланған. Аңғарларды және ескі арналарды арнайы су қоймалары етіп, оны қысқа, шағын арықтар арқылы қолданған. ХАЭЭ-ның археологиялық-топографиялық жоспар жасау арқылы жерді суландыру жүйесінің егін жұмыстарының жалпы көлемін анықтаған, ол 150-ден бастап 200 мың куб метрге тең. Бұл жұмыстың жүруі үшін 50 күн ішінде 1500-2000 егіншінің еңбегін қажет етеді. Бұл жергілікті халық үшін негізгі еңбек қорын арттырған (800-1125 еңбекке қабілетті ер кісі). Бұл жұмысты 500-800 диқан іске асыруы мүмкін. Орташа алғанда 1 гектар жерді өңдеу үшін 100-120 жұмыс күні кеткен.

Бәбіш мола маңынан 10 мың гектар алаңнан канал, арық, егіс алқаптары және елді мекендер ізі анықталған. Ғалымдардың жобалары бойынша, егер бір мезгілде 500 гектар жер (барлық жердің 5%) өңделсе, онда жылдық егін өнімі (15 ц/га) 750 тонна астықты құрайды.

2015 жылы араға жарты ғасыр уақыт салып Бәбіш мола оазисінде Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары бірлесіп қайта зерттеу жұмыстары жанданды. Далалық зерттеулер егіншілік ауылдардың маңынан көзешілер ауылының орнында қазба жұмыстары басталды. Бәбіш мола 7 деген шартты атау берілген елді мекен 2-3 гектар аумақты алып жатыр.

Көзешілер ауылын зерттеу барысында 9 пештің, 7 құрылыстың және тұрғын үйлер мен шеберханалардың орны анықталды. Археологиялық қазба жұмыстары 3 нысанға салынып, 1 қыш күйдіретін пеш толық ашылды, бір-біріне жанап салынған 3 пеште қазба басталып, оның шеберханасы толық ашылды.

Сонымен қатар, ірі үй-жайда, яғни, көзешілердің тұрған үйінің орнында жүргізілді. Бірнеше бөлмесі ашылған үйде астық сақтайтын ірі хумдар болған. Оларды құлап кетпеуі үшін еденді қазып отырғызған. Тіпті, көп мөлшерде тары дәнінің қалдығы  табылды.

Ал, пештерге  тоқталсақ,  олардың ірілерінің жоспары төртбұрышты, ал шеңберлі келген пештердің көлемі кішірек келген. Аршылған пештің  ұзындығы – 3,5,   ені – 1,2 метр. От жағатын камерасы толық сақталған, оның үстін арка әдісімен жауып, тегіс бетіне қыш ыдыстарды қойып, оларды балшықпен сылап, жоғары температурада күйдірген. Пештің қабырғаларынан және үстіңгі жағынан ыстық ауа жіберетін ойықтар қалдырған.

Қазба барысында шеберханалар мен пештердің айналасынан және үй-жайдан бірнеше ыдыстың түрі табылды. Кейбір ыдыстарда әртүрлі таңба кездеседі. Негізінен мұндай таңбалар ыдысты жасаған ұстаның мөрі немесе есебі ретінде пайдаланылған. Мысалы, белгі бір таңба әр оныншы немесе жүзінші ыдысқа басылып отырған. Қыш ыдыстардың түрінің және санының алуан болуы оларды тек тұтыну үшін ғана емес, алыс-жақын аймаққа сауда жолдары арқылы сатуға шығарып отырғанға ұқсайды.

Бұл бүгінде Сырдың бойындағы ең көне қыш-құмыра ісімен айналысқан ірі көзешілердің елді мекені болып отыр. Мерзімі б.з.д. ІV-ІІ ғғ. жататын бұл кешен, тіпті еліміздегі ең алғаш пайда болған кәсіби маманданған көзешілердің ауылы деп те айтуға болады.

Бәбіш мола оазисіндегі археологиялық, топографиялық зерттеулердің нәтижесі бұл қала жұртының Арал маңын мекендеген сақтардың ірі мегаполисі болғандығын көрсетеді.

Әзілхан  ТӘЖЕКЕЕВ,

Қорқыт ата  атындағы  Қызылорда университетінің  «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD

Жанболат УТУБАЕВ,

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: