HALYQLINE.KZ Біздің тарих сахнамызда «Қолөнер» атауы алтын әріптермен таңбаланып, қазірге дейін өз бағасын сақтап келеді. Өзінің ұлттық болмысын, ерекшелігін, бірегейлігін қолөнер бұйымдары арқылы жаңғыртып, бүгіннің өзінде атакәсіпті ту еткендер қатары артып келеді.
Қазақ халқында қолына қасиет қонып, ерекше бұйымдарды жасаумен айналысатындарды шеберге балап, «қолөнер шеберлері» дейді. Дүниеге келген нәрестесінің саусақтары ұзын болса, қолынан оймағы мен инесі түспейтін тігіншіге яки қолөнер шеберіне ұқсатып, ырымдаған екен. Мұндай өнер иелерінің туындылары тарих пен дәстүрге, салт пен санаға, мән мен мағынаға толы.
Осындай бекзат өнер бойына дарып, қолөнершілікпен айналысып жүрген жандардың бірі – Қарлығаш Серікбайқызы. Сыр өңірінде туып, өз еліне қызмет етуді басты парызы санап, елге оралғанына 15 жыл толуына орай С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Қазақтың қолөнері – Қарлығаштың төл өнері» атты шығармашылық көрме кешін өткізді. Іс-шара Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы, сондай-ақ, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мұрындық болған еді.
Іс-шараның басты мақсаты – қолөнер шеберлерінің бұйымдарын көпшілікке кеңінен таныстыру, шығармашылықтарының дамуына қолдау көрсету, қолөнер өндірісін дамытуды ынталандыру, өскелең ұрпақты қолөнер кәсібіне баулу.
Қызылорда облысы мәдениет және спорт басқармасының өкілі Жанар Сейтжанқызы сөз алып, Қазақстан қолөнершілер Одағының мүшесі, дизайнер Қарлығаш Серікбайқызын елеулі 55 жасқа толуымен құттықтап, 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні Сыр өңірінде ерекше аталып өтетінін жеткізді. Ізінше облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың алғыс хатын табыстап, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова ән шырқап, көпшіліке тамаша көңіл күй сыйлады.
Көрмеге арнайы Ақтөбе қаласынан келген Қазақстан қолөнершілер Одағының мүшесі, «Ақтөбе шеберлер» филиалының төрайымы, «Шапағат» медалінің» иегері, Лаура Бердібекова шығармашылық кеш иесіне ыстық лебізін білдіріп, тілегін арнады. Автордың қолынан шыққан ұлт бейнесін бейнелейтін ұлттық киімдер топтамасы сахнаның сәнін келітіріп, көрермен қауымға таныстырылды. Келген қонақтардың оң бағасын алған сәнді киім үлгілері алдағы уақытта кеңінен насихатталып, көптеген көрмелерге қойылатыны айтылды.
Одан кейін Қызылорда облыстық Әділет басқармасының басшысы Индира Жұмабайқызы кеште көрсетілген ұлттық нақыштағы киімдердің дизайн үлгілеріне, жаңашылдығын заңдастырып, өз есіміне потенттеу жұмыстарына көмектесетінін айтты. Сонымен қатар көрсетілімде болған киімдерді қолданысқа шығарып, тұрмыста пайдалану қажеттігін жеткізді. Себебі дәстүрімізді дәріптейтін жастар ең алдымен қазақы киініп, оны өмірінде пайдаланғанда ғана, бойында ұлтшылдық пен патриоттық қалыптасатыны сөзсіз.
Келесі құттықтау сөз Қазақстан қолөнершілер Одағының Қызылорда облысындағы өкілі, 30 жылдық тәжірибесі бар шебер – Бекзат Жақыповқа берілді.
– Бүгінгідей жеке шығармашылық кез өткізу – барлық қолөнер шеберлерінің арманы. Әріптестерінен қолдау алып, тап осылай жоғары деңгейде шығармашылық кешін өткізу – еңбектің еленіп, жұмыстың бағаланғаны деп білемін, – деді Б.Жақыпов.
Және қызылордалық шеберлер мен қолөнершілер Одағының атынан ақшалай сыйақы табыстап, шығармашылығына сәттілік тіледі. Толассыз тілектерден кейін ән-шашуға ұласты. Шығармашылық кеш соңында Қарлығаш Ильясова сөз алып, барлық ұйымдастырушылар мен өзін қолдап келген ағайын-туысқа алғысын білдірді және көрермендер алдында артынан ерген қызы да анасын құттықтап, ән арнады.
Туған жердің мәдениетін көтеріп, ұлттық құндылықтарын биікке шығаруды басты парызы санайтын Қарлығаш Ильясова:
– «Ұлттық ерекшелігіміз – қолөнер саласын дамытып, халықаралық нарыққа шығарып, оны өскелең ұрпаққа осы өнер туындысының ескі технологиясын сақтай отырып, жаңа үлгіде бұйымдар жасау арқылы жаңаша бұйымдар, туындылар шығару – еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Міне, осы негізді басшылыққа ала отырып қолөнер дәстүрін әріден теріп, беріден жалғастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі, менің туындыларымның түпкі мақсаты – осы бір үзілісті жалғап, құндылығымызға жаңа серпін әкелу», – деп, пікір білдірді.
Кеш соңында көрме иесі зор ықыласқа бөленіп, көрермендермен естелік суретке түсумен жалғасты. Көзделген мақсат орындалып, бағзы өнер ұлықталды, ұлттық нақыштағы киімдер насихатталды. Төл өнердің төркіні түпсанамыздан бастау алғанын ұмытпайық.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!