Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Аптап» неге тоқтады?

21.01.2020, 8:42 983

Серік  ЖАНБОЛАТ,

Қазақстан журналистері академиясының академигі:

«Мың  естігеннен  бір көрген  артық».  Белгілі журналист Серік  Жанболат  Сыр  өңірі  журналистеріне  семинар-тренинг өткізді.  «Мен  мұнда  ақыл айтуға келгенім жоқ, кімнің озық, кімнің  тозық  екенін уақыт көрсетеді» деп бастады ол сөзін. Осыдан  кейін  қолына  қалам  ұстаған тілшілер қауымы ә дегеннен-ақ сілтідей тынып, бұдан ары қарай айтарына құлақ салды.  Тренингте  тыңдағанымызды  түртіп  отырдық, сіз де оқып  көріңіз.

ҚАЗІР МУЗЫКАНЫ КОМПОЗИТОР ЕМЕС, ДИДЖЕЙ ШЫҒАРАДЫ…

Кезінде бізге журналистиканың жанрларын үйретті. Корреспонденция, сұхбат, ақпарат және тағысын тағы. Қазір ондай жоқ, жанрлардың араласуы пайда болды. Газет, теледидардағы жанрлардың барлығы өзгеріп кеткен. Бұрынғы біз оқыған классикалық журналистика: очерк, публицистиканың барлығы бұзылды. Бұның барлығы –  айналып келгенде технологияның дамуынан. Осыдан 2 ғасыр бұрын дизель дүниеге келгенде адамзаттың ойын, санасын, философиясын 500 жылға лақтырды. Ал компьютер дүниеге келгенде адамның ойы тіпті шексіздікке кетіп қалды. Қазір музыканың өзін композиторлар емес, диджейлер жазады. Сол секілді ақпараттық технологияның даму әсерінен жанрлардан жаңылып қалдық. Бірақ «бұл журналистика жойылады» деген сөз емес. Журналистика қай уақытта да жасайды. Адамға қазір ең бірінші керегі – ақпарат. Сондықтан журналист аудиторияға шынайы ақпарат таратуы керек.

«АЙҚЫНДЫ» ШЫҒАРАРДА МЫҢ ОЙЛАНЫП, ЖҮЗ ТОЛҒАНДЫҚ…

«Айқын» газетін шығару үшін алдымен республикаға белгілі, белді басылымдардан тілшілер жинадық. Одан соң барлығымыз жұмыла «Осы басылымды біз не үшін шығарайын деп жатырмыз?», «Мақсатымыз не?», «Ақша үшін бе әлде ұлттың сөзін сөйлеу үшін  бе?» деп мақсатын анықтап алайық дедік. Сөйтіп, газеттің бағытын ақпараттық етіп, нақты, анық ақпарат тарататын болғандықтан атауын «Айқын» дедік.  Алғашқы «Айқынның» дизайны көрген көзге түрпідей тиетін, суреті мен шрифті шимайласқан  форматта болды. Өйткені сол кезде қоғамның өзі бір-бірімен қырықпышақ, «бірде бүйе, бірде түйе» кезеңде еді. Ал бертін келе басылым дизайнын жинақтап, газетті оңтайлы фотолармен шығаратын болдық. Ең қызығы, газет қалай жарыққа шықты, бірден ел іздеп жүріп оқитын газетке айналып шыға келді. Мақсат орындалды. Өздеріңіз білесіздер, «Айқынға» қосымша «Құн» газетін шығарып отырдым. Бірақ оны өз қаржыма шығардым. 3,5 жылдан кейін мен «Айқыннан» кеттім де, ол да шығарусыз қалды. Содан бері қазақ тілінде шығатын экономикалық басылымды көрмей жүрмін. «Экономика» деген газет бар, бірақ олар баспасөз парағынан әрі аса алмайды.

БІЗ АТТЫҢ ҮСТІНДЕ ЖҮРІП, МӘШИНЕНІҢ РӨЛІНЕ ОТЫРА ҚАЛҒАН ХАЛЫҚПЫЗ…

Әрі қарай күрескім, әрі қарай жанталасқым келмеді. Өйткені ол газетті мен өз ақшама шығардым. Оған ақша іздеу керек болды, журналистерді экономикаға бейімдеу керек болды, оларға қаламақы тауып беруім керек болды. Қазір жұмыста жоқпын, бос жүрмін, дегенмен ол газетті қайтадан бастау үшін жігер керек. Қолымды бір-ақ сілтедім. Неге десеңіз, біз технологиялық капитализмнен өткен жоқпыз. Біз бірден мал шаруашылығынан мәшиненің рөліне отыра қалған халықпыз. Біз ғылымға бейім емеспіз, біз дайын дүниеге үйренген ұлтпыз.  Газетті шығарған күнде де мен оның пайда әкелетініне сенімді болған жоқпын. Егер бүгін маған «Құнды» шығар десе, мен шығарар едім, бірақ міндетті түрде қасына орыс тіліндегі нұсқасымен. Өйткені, орыс тілді басылымнан жарнама арқылы табыс тауып, сол арқылы қазақ тілді басылымын қаржымен қамтамасыз етемін. Тілдің капитал екендігін осыдан-ақ әркім бағамдай берер.

ЖУРНАЛИСТИКАҒА ЖЕТПЕЙ ЖҮРГЕН ДҮНИЕНІҢ БІРІ – МАМАНДАНУ

Экономика, қаржы саласы, ауыл шаруашылығына мамандану деген болады. Бірақ, ондай журналистер кемде-кем. Кеше мен фейсбуктан субсидия туралы мақала оқыдым. Керемет жазған. Экономикаға маманданған журналист болу – өзі қызық. Ол үшін сіз «Елімізде жылына қанша тонна бидай өндіріледі?», «Одан қанша тонна ұн шығады?», «1 кг ұннан қанша нан шығады?» дегенді жаттап аласыз. Болды.  Сосын «пәлен деген шаруашылық пәлен тонна бидай өндіріпті» дегенде сіз сарт-сұрт еткізіп есептейсіз. Сонда әлгі шаруашылықтың табысы туралы бірден біліп аласыз. Басшысы жалған ақпарат беріп жатса, алдына сарт-сұрт еткізіп әлгі цифрларды қоясыз да, сөзіңді дәлелдей қоясың. Бұдан бөлек мұнай да, бензин де осылай есептеледі. Жыл бойғы цифрды жаттап алсаң болды. Өйткені еліміздің экономикасы бірден көтеріліп жатқан жоқ қой, цифр деген ақырындап өседі. Міне, осыған мән беру керек.

5 БЕТ МАҚАЛАДАН 5-АҚ АБЗАЦ ҚАЛДЫРАМЫН…

«Айқында» жүргенде «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінен журналистер келіп жұмыс істеді. Кешке қарай алдыма мақалалар үйіледі. Мен қолыма қызыл қаламсапты аламын да тексеремін. Әрқайсысының материалы – 5-6 беттен. Түнгі сағат 3-ке дейін тексеріп, қажет деген жерлерін қалдырып, қызыл сиямен шимайлап, таңертең өздеріне әкеліп беремін. Сонда 5 бет мақаладан 5-ақ абзац қалдырамын.  Олар соған ренжиді: «Біз неге Серік Жанболаттың стиліне көшуіміз керек, біздің өзіміздің стиліміз бар» дейтін болды. Сонда мен оларға бір ғана нәрсе айтатынмын: «Журналистикада Серіктің стилі, Берік немесе Болаттың стилі деген сөз жоқ. Журналистикада ақпараттық, публицистикалық стиль дегендер болады, мен сендерден осыны талап етіп отырмын» деймін. Кейін қысқалыққа үйренген журналистеріме көлемді мақалалар жаздыра алмай қалдым.

ШЫНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ АЙТҚАНЫН БАЙҚАМАЙ ҚАЛАДЫ…

Кезінде телеарнада жүргенімде «Қазақтың қара баласы» деген бағдарлама шығардым. Сонда келген қонаққа сөз бастардың алдында «мен қазақтың қара баласымын» деп бастаңызшы дейтінмін. Сонда олар сөйдеп бастағанда «айтамын» деп дайындалғанының барлығын ұмытып кетеді де, мүлдем басқаша әңгімеге қалай ойысып, өз шындығын өзі айтып қойғанын білмей қалады. Сөздің құдіреті деген иә?!

ЖУРНАЛИСТИКАДА АҚИҚАТ ЖОҚ!

Неге десеңіз, бүгінгі айтқан дүниеңіз ертең өзгеріп кетеді. Ертең айтатын дүние, арғы күні жоқ болып кетеді. Сондықтан не керек? Болып жатқан дүниенің болмысын ғана жаза салу керек, басқа түк керек жоқ. Өйткені сен сол тақырыпқа қайтадан келесің. Сонда сен «кеше былай, алдыңғы күні солай болып еді» деп отырмайсың ғой. Ақпаратқа керегі – сол.

ЖАЗБАЙТЫНДАР ЖАЗЫП КЕТЕДІ…

Мен журналистерге сабақ беремін. Сонда олардың арасында журналистикаға адасып келіп, жазу білмейтіндер де болады. Мен соларға жаздырып жіберемін. Мысалы, мақаланы бастай алмай отырғанда алдымен ойыңызға қандай сөз келеді, соны жазыңыз. Көз делік. Мақаланың басына «көз» деп жазыңыз. «Көзім неге көрмеді? Көрсем дәл осыны көрер едім. Өйткені бұл – қылмыс». Енді мен осының басындағы сөйлемдерді алып тастаймын да, ең соңғы сөйлемімді қалдырамын. Осылайша «өйткені бұл – қылмыс» деп материалымды бастап кетемін. Болды. Мұнымен қоса мен студенттеріме 5 экономикалық термин беремін де, махаббат туралы мақала жаз деймін. Немесе 5 махаббат туралы термин беремін де, экономикалық мақала жаз деймін. Сол кезде олар сөздің мәнін түсіне бастайды.

ТАҚЫРЫП ШАҚЫРЫП ТҰРСА ИГІ…

«Айқында» жүргенде қызық оқиға болды. О кезде Оңтүстік Кореяның Премьер-Министрі У деген болатын. Сол Астанаға келіп, содан ақпараттың тақырыбын «Астанаға У келді» деп қойған едік. Артынша Президент әкімшілігі шығып, біраз шу болған. Сонда «У бас әріппен тұр ғой» деп құтылғанбыз. Сол секілді тақырыпқа қатысты айтар дүние көп. Ең бастысы, тақырып оқырманды тартып, оқуға ынталы болып тұруы керек.

АЙТА АЛМАҒАНЫМ КӨП…

«Аптап» бағдарламасын шығару барысында экранда ақпаратты жанды етіп көрсету үшін студияға қой-қозы, бүркіт, ит барлығын алып келдік. Тіпті мотоцикл, танк кіргізгім келді студияға. Бірақ студия өте тар болды және ондай заттарды алу да оңайға соқпады. Бағдарламаны жүргізу барысында заттардың қасиеті арқылы сөзді жеткізудің өте ұтымды болатынына өзім көз жеткіздім. Бағдарлама алғаш шыққан сәттен бастап аудиторияны баурады. «Неге жабылды?» дейтін болсақ, мен айтайын дегенімді айта алмағандықтан, айтқызбағандықтан жабылды.

МАҚСАТЫМ – ҚАЗАҚ  ФИЛОСОФИЯСЫН  ҚҰРУ

Бізде рушылдық деген бар. Ол әлі қалмай келе жатыр бізден. Содан арылуымыз қажет. Көшеде орыс немес неміс көрсек, «ой сен орыссың немесе ой сен неміссің» деп оларды шеттетуге құмармыз. Қазақ оларды сіңдірмейді, сыртқа теуіп жібереді. Кезінде орыстар 300 пайызға көбейді. Ол мүмкін емес жағдай! Себебі оларда империялық саясат болды. Сол секілді бізге, қазаққа да көбею керек, халықтың санын арттыру керек. Сонда ғана біз барлық жағынан қуатты ел бола аламыз. Біз қай уақытта көбейеміз, егер қырғызға «сен қазақ емессің, руға кірмейсің» деп сыртқа теуіп отырса? Сан қай уақытта да сапаға айналады.  Мен осыны тәптіштеп түсіндіретін қазақ философиясын жасағым келеді.

Түйін. Бір айтары бар, саясат пен экономикалық тақырыптардың жілігін шағып, майын ішкен журналистен тренинг барысында түйгенім – ақ сөйлеу, анық ақпарат тарату. Тілшінің абыройы, беделі осыдан басталмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: