Қазақстанда конституциялық реформалар жүргізуге байланысты Президент Қ.Тоқаевтың бастамасы қолдауға лайық. Мұндай өзгерістер қажеттілігі жөнінде мәселе бірнеше жылдан бері әлсін әлі көтеріліп келеді. Өкінішке қарай бұл күрделі мәселе ары қарай жылжытылмай аяқсыз қалып кете беретін. Әлемдік тәжірибеде Конституция елдің тәуелсіздік пен демократиялық бағытта дамуын қамтамасыз ете отырып, бүкіл қоғамның алдағы жүзжылдықтарда тоқтаусыз жылжуына мүмкіндіктер беретін басты құжат болып саналады ғой. Ал бізде өкінішке қарай Ата заңымыз волюнтаристік қыспаққа ұшырай берді.
1995 жылы 30 тамызда референдумда қабылданған 98 баптан тұратын Конституцияға соңғы ширек ғасырда Парламент арқылы бес рет: 1998 жылы – 19, 2007 жылы – 41, 2011 жылы – бір, 2017 жылы – 31, 2019 жылы – бір, барлығы 93 өзгеріс пен толықтыру енгізіліпті. Соның салдарынан Қазақ елінде демократиялық бағыттан алшақ, авторитарлық режим орнады. Конституциялық өзгерістердің басым көпшілігі авторитарлық билік құзыретін кеңейтуге арналды. Адам құқықтары жайлы баптар өзгерместен қалды. Бірқатар сарапшылардың Қазақстан Конституциясы Нұрсұлтан Назарбаевтың «черновигі» деуі тегін болмаса керек.
Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы шикілікке толы. Жаңа Қазақстан құруды көздеген Тоқаев билігі Ата заңымызға өзгерістер енгізу арқылы сол шикіліктерді түзетіп, Назарбаев режиміне ыңғайланған Негізгі заңды демократиялық бағытқа көшіргісі келеді. Бұл – құптарлық қадам. Жұмыс тобы ұсынған нұсқаны бүгін қарап шықтым. Ұсынылып отырған толықтырулар мен өзгерістер дені сол мақсатқа қызмет етеді. Алайда қазақ халқы күтіп отырған басты өзгерістер бұл ұсыныстардан байқалмады. Өз басым азды-көпті осыған тоқталғым келеді. Халық күткен өзгерістер референдум сауалдарынан көрініс табуға тиіс.
Қолданыстағы Конституцияда қазақ халқының мемлекет құрушы мәртебесі «ұмыт» қалған. Қазақстан Республикасы – қазақ ұлттың өзін-өзі билеу формасы екендігі баянды етілмеген. Бұл – қолданыстағы Негізгі заңның басты қателігі. Қателік қана емес алдын ала ойластырылған қылмыс деп ойлаймын. Осы олқылықтар жөнделгені жөн болады!
Қазақ халқы бір жарым ғасырлық жоңғар басқыншылығына қарсы жеке-дара соғысып ата-баба жерін қорғап қалғаны баршаға мәлім. Ресей империясына бодан болған 1731 жылдан 1991 жылға дейін 260 жылда 400 реттен астам ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. 1991 жылы 16 желтоқсанда көк байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстан – сол азаттық сүйгіш қазақ халқының үздіксіз күресінің жемісі. Қол жеткізгені – тәуелсіз мемлекеттілігі! Елімізді мекендейтін диаспоралар мен түрлі ұлт өкілдері конституциялық деңгейде осы ерекшеліктерді білуге тиіс!
Күнделікті өмірде көріп жүрміз, Қазақ халқының мемлекет құраушы мәртебесі Конституцияда қамтылмауы салдарынан өзге ұлт өкілдері қазақтарға менсінбей диаспора деңгейінде қарайды. Ұмытсаңызлар еске салайын, қазақ-чешен (Жаңаөзен –1989), (Өскемен –1992), (Ақтау–2006), (Маловодное –2007), қазақ-түрік (Теңіз –2006), (Буырыл–2016), қазақ-ұйғыр (Шелек–2006), қазақ-күрд (Маятас –2007), қазақ-тәжік (Бостандық ауылы, ОҚО –2015), қазақ-армян (Қарағанды –2018), қазақ-дұңған (Қордай–2020) қақтығыстары соның дәлелі.
Қазақстан Республикасы ең алдымен қазақ мемлекеттілігін дамытуға қызмет етуі керек. Мемлекеттік тіл – соның бір саласы. Конституциядағы мемлекеттік тіл нормасына қатысты 7-баптың үнемі екіұдай талас тудыртатын 2-тармағы Ата заңымыздан алынып тасталғаны дұрыс. Егер мұндай қазықты қағидалар көзделмейтін болса, онда Ата заңға алдағы ықтимал өзгерістер тек косметикалық сипатта ғана көрініс табады. Біз мұны қаламаймыз! Мұндай түбегейлі өзгерістер жүзеге аспайтын болса, онда қаңтардағы ұлт-азаттық көтерілісі сияқты әлеуметтік сілкіністер күн тәртібінен жойылмайды.
Сондықтан өзгерістер ең алдымен Ата заңның аңдатпасынан (преамбуласынан) басталу қажет. Біздің Ата заңымыз: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып» деп басталады ғой. Соның алғашқы үш жолына төмендегідей мәтінде өзгеріс енгізілуі қажет деп есептеймін:
«Біз, Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде өз атамекенімізде мемлекеттілік құра отырып, оны мекендеуші басқа ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарын сақтай отырып», деп ары қарай мәтін бойынша кете береді. Қазақ халқы Ата заңында өз рөлінің айқын көрсетілуін 27 жылдан бері аңсап келеміз. Біз азаматтық мемлекет емес ұлттық мемлекет құруға мұқтажбыз!
Қазақстанның Парламенті азусыз екені аян, экс-президенттің оң қалтасындағы Сенат, сол қалтасындағы Мәжіліс Назарбаев үшін ойына келгенін істеуіне құқықтық тетік болғаны мәлім. Осы теріс құбылыс ары қарай жалғаса бермеуі үшін Конституциядан Парламенттің Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығы (53-бап) туралы норма алынып тасталғаны дұрыс болады. Өзгерістер мен толықтырулар тек референдумда ғана қабылдануы керек!
Сондай-ақ Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьялары бүкілхалықтық сайлау жолымен, аудандық, қалалық, облыстық сот судьялары тиісінше сол өңірлік сайлау округтері арқылы сайланғаны дұрыс болады. Сот билігін президенттік тағайындаулар арқылы жүзеге асыру нағыз коррупцияның ошағына айналатынын өмір көрсетіп берді. Сот билігі халықтың бақылауында болуға тиіс.
Конституцияның 14-бабында: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деген норма бар. Бұл Президентке де тікелей қатысты. Мемлекет басшысы заң алдында менімен де, сенімен де бірдей. Президент сайланып қойылуға тиісті дәл өзіндей адамды қайтіп депутат етіп тағайындайды? Бұл марапат емес! Сонда Президенттің Сенат пен Мәжіліске депутат тағайындауы аталған нормаға қайшы болып тұр ғой. Яғни Президенттің Сенат пен Мәжіліске өз адамдарын тықпалауына жол берілмеуі керек!
Тағы бір шетін мәселе. Халық санағының мәлім болған соңғы деректерінде Қазақстандағы қазақ халқы 70 пайыздан асты. Яғни қазақтар жалпы тұрғындардың үштен екісінен асқандықтан көпұлтты емес моноэтникалық мемлекет болып табылады. Сондықтан «тамақ десе тап берген, жұмыс десе жалт берген» Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты түкке қажетсіз ұйым туралы норма Ата заңнан аластатылуы жөн болады.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы қазақ халқының осынау мұң-зарын қаперге алып, референдум сауалдарына қосуын сұраймын.
Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев).
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!