Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы өтті

29.04.2022, 18:00 668

HALYQLINE.KZ

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» атты ХХХІ сессиясы өтті.

Жиынға өңір әкімдері, облыстардағы ҚХА төрағалары, орталық мемлекеттік органдар басшылары, ҚР Парламенті депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, аймақтық және республикалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, саяси партиялар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты.

Сессияға облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев онлайн режимде қатысты. Ал, Нұр-Сұлтан қаласындағы сессия жұмысына Қызылорда облысынан 15 өкіл барды.

Жиында Мемлекет басшысы Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екіншісі – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшіншісі – құқық қорғау қызметін күшейту.

Президент келесі айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Сондай-ақ, Конституциялық реформалар жобасы бойынша елде референдум өткізуді ұсынды.

Сессия барысында ҚХА Төрағасы Марат Әзілханов тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Ассамблеясының қызметі айрықша екенін атап өтті.

Жиында ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің басшылары, азаматтық қоғам өкілдері, жастар және тағы да өзге қатысушылар пайымды пікірлерін айтып, орнықты ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, Сыр өңірінде облыс халқының 96,4% қазақ ұлтынан, 3,6% – түрлі 35 этностық топтан құралған. 11 этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Облыстық Ассамблея жанында 8 қоғамдық құрылымы бар. Аудандарда 5 этнобағытталған қоғамдық бірлестіктер жұмыс жасайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: