Цифрланған ғасырда жаңа ақпарат көздері көбейіп келеді. Жаңа әлеуметтік желілер мен блогтар аудиторияның назарын өзіне тез аударады. Мұндай кезде газет-журнал, теледидар, радио сияқты дәстүрлі БАҚ тасада қалатыны анық. Себебі әлеуметтік желілер мен блогтардан әр адам өзіне қажетті кез келген ақпаратты (саясат, экономика, мәдениет, спорт, дін, тұрмыс, жеке адамның өмірі және т.б.) тез, оңай таба алады. Сонда классикалық БАҚ-тар күтпеген бәсекелестікке қалайша төтеп беруі керек деген сауал туындайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім дағдарысы бүкіл әлемдегі журналистикаға төнген сынақ десек қателеспейміз. Аудитория дәстүрлі медиадан гөрі тәуелсіз блогерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын ақпаратты көбірек тұтынатынын көріп жүрміз. Сонда теледидар сияқты БАҚ өткен ғасырдың белгісі болып қалмақ па?
Теледидар – қартайған адамдардың ермегі
Қазіргі кезде «Теледидардың күні бітті, ол енді өткен ғасырдың белгісі болып қалады» деген ой-пікірлер батыл айтылып жүр. Мәселен, Ресей халқының жартысына жуығы теледидар көруден бас тартуға дайын. Ресейліктердің көпшілігі күнделікті өзіне қажетті ақпаратты классикалық БАҚ-тан ғана (теледидар, радио, газет) емес, интернеттен, әлеуметтік желілерден алғанды ыңғайлы көреді екен. Ресей Федерациясындағы «Қоғамдық пікір» атты қордың социолог-мамандары әлеуметтік зерттеудің қорытындыларын жариялап, ел тұрғындарының 60 пайызға жуығы ғана теледидар көретінін, БАҚ-тың бұл түрі қартайған адамдардың ермегіне айналып бара жатқанына көз жеткізген. Бұл туралы ng.ru («Независимая газета») сайтында көлемді мақала жарық көрді.
Ресейлік телекөрермендердің көпшілігі үшін теледидар – ақпарат алу көзі. Сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы жаңалықтарды теледидардан көретінін айтқан, бірақ ресейліктердің дені қажеттілік болған жағдайда өзге ақпарат көздеріне (әлеуметтік желілер, блогтар, сайттар) ауысуға дайын. Қазір ел тұрғындарының 38 пайызы жаңа медиаға сенетінін айтса, соның ішінде 18-30 жас аралығындағы азаматтардың 78 пайызы толық сенеді. Ал 31-45 жастағылардың 49 пайызы осындай пікірде. Тек 60 жастан асқан азаматтардың 81 пайызы теледидарға, газеттерге ғана сенетінін жеткізген.
Ресейдегі Қаржы және инвестицияларды басқару академиясының сарапшысы Алексей Кричевский қазір теледидар жас ұрпаққа ғана емес, 35 жасқа дейінгілерге де қызықты еместігін айтады.
– Бұл аудитория үшін теледидарда бір ғана қызықты нәрсе – спорт пен ойын-сауық контенті. Стандартты ТВ-ның орнына стримингтік сервистер мен интернет келгендіктен, теледидар бұл қажеттілікті де қанағаттандыра алмауда. Мысалы, ақылы жазылымға көшкен Disney, Apple, Netflix сияқты топтық компаниялардың акциясы тез өсуде. Netflix-тің акциясы 453 доллар, пандемияға дейін бұдан 1,5 есе аз болған. Демек, адамдар өте сапалы контентке көшті. Өйткені соңғы бірнеше жылда теледидар биліктің үгіт-насихат машинасының рөлін атқарып, өзінің актуалдығынан айырылды. Трендінен айырыла бастаған теледидардың тығырықтан шығатын бір ғана жолы бар, ол – сапалы контентпен бәсекеге түсу, – дейді А.Кричевский.
Белгілі блогер Максим Шевченко Ресейде соңғы жылдары YouTube-тің кейбір параметрлері бойынша дәстүрлі теледидарды басып озғанын мысалға келтіреді.
«Яғни бір-біріне мүлдем ұқсамайтын аудитория пайда болды деген сөз. Қазір теледидарды бұрынғы өмір сүру салтымен жүретін адамдар ғана көреді. Ал заманауи коммуникативтік желіде – интернетте өмір сүретіндер көрмейді. Мысалы, менің үйімде теледидар көрмегенімізге 6-7 жыл болды. Apple-ТВ бар кезде алтын уақытыңды желілік теледидар көруге жұмсаудың не керегі бар? Өйткені өзіңе не керек, қандай көлемде көретін нәрсеңді қолыңдағы смартфон не iPad-тан көресің. Мұны дәстүрлі журналистиканың жойылуына әкелетін қауіп деп айтуға бола ма? Блогерлер мен әлеуметтік медиа қоғамдық пікірді қалыптастыруда жетекші рөл ойнай береді» дейді ол.
Қазақстандық сарапшы, Atameken Business Channel-дің бас директоры Қанат Сахарияновтың 2020 жылғы Astana Media Week-тегі: «Теледидар – өткен ғасырдың белгісі» деген батыл пікірі жұрттың назарын аударды. «Шын мәнісінде интернет телевизияға өте мықты қарсылас болып табылады. Мен Deloitte компаниясының алдағы уақытты теледидар контент өндіруші фабрикаға айналады, бірақ аудиторияның басым бөлігі тұтынатын арна болмайды деген ұстанымымен толық келісемін. Сондықтан біздің әріптестеріміз қабырғаға ілінген теледидарды көру бұл өткен ғасырдың көрінісі дегенді жақсы түсіне білуі тиіс. Сол себептен біздің компанияларды өркендетудегі барлық іс-әрекеттеріміз ақпаратты тұтынудың коммуникативтік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталуы керек» деді ол медиа форумда сөйлеген сөзінде.
Блогерлерге деген сенім жоқ
«Комсомольская правда» газетінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі Алексей Осипов дәстүрлі БАҚ бәрібір бұрынғы қалпында қалады деп есептейді. «Блогер де журналист бола алмайды. Интернетте миллиондаған адамдарға үн қатып, сөзі мен бейнесін көрсетіп, жазылушыларынан «лайк» жинайтындарға өз басым сенбеймін. Мысалы, жердің әр тұрғыны Африкадағы аш-жалаңаш балаларға 1 АҚШ долларынан бөлсе, аштықты баяғыда-ақ жоюға болатын еді. Миллиондарға сөзін жеткізетін блогерлер неге осындай ізгілікті іске бармайды? Оның орнына біреуі твиттерде ақпарат тарата салып, миллионер атанады. Кремний жазығында жоғары білім туралы дипломсыз-ақ миллиондап табыс табуға болады дейтіндер жоқ емес. Стиб Джобс пен Билл Гейтс алғашқы миллиондарын солай тапқанын айтады. Олардан кейін керемет жетістікке жеткендер жөнінде аузымызды ашпаймыз. Блогерлерге деген сенім жоқ. Қазір кез келген мемлекетте тұратын ең танымал блогер сол елдегі ірі компания басшысымен немесе мемлекеттік орган басшысымен сұхбаттасамын десе, бірден келісе ме? Жоқ, әрине. Бұл жерде мемлекеттік немесе журналистік ұйымдар деңгейінде қабылданған этикалық кодекс керек. Меніңше, классикалық медиа бәрібір бұрынғы қалпында қалады. Оған деген сенім жоғары. Блог саласы, жаңа медиа дегендер уақытша нәрселер» дейді ол.
Британдық-пәкістандық журналист Рехам Хан блогерлердің дәстүрлі БАҚ-пен салыстырғанда тағы бір ерекшілігі – ақпаратты беру форматында жатқанын айтады. «Журналистика белгілі бір оқиғалар жөнінде әңгімелейді, ал блогерлер осы шақта нені көзбен көріп тұрғанын айтады. Қазіргі таңда BBC сияқты арналардың өзі ақпарат беру форматын қайта қарастыруда. Өйткені блогерлердің бәрін санап шығу мүмкін емес. Бұдан бөлек, BBC блогерлермен бәсекеге түсу үшін барынша «тірі» форматтарға көшуде. Ауқымды талдаудан бас тартып, негізінен, қысқа стримдер мен бейнежазбаларға, жаңалықтардың шағын форматына таңдау жасауда» деп түсіндірді ол мәселенің мәнісін.
Осы мәселені Беларусьтағы медиаларды мысалға ала отырып, бір қырынан қарастырып көрейік. Беларусь медиа зерттеушілері 2010 жылдардың соңында Беларусь журналистикасының бүкіл Еуропадағы медиа нарықтардың өзгеруі әсерінен осалдық танытып, бұрынғы мазмұнынан үлкен өзгеріске ұшырағанын байқаған.
Беларусь мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Александр Градюшко ең алдымен өзгерістер беларусьтардың медиа тұтынуына қатысты болғанын жариялады. «2018 жылы Беларусь мемлекеттік университеті журналистика факультетінің жас ғалымдары абитуриенттер мен 1-курс студенттері арасында сауалнама жүргізіп, 15-21 жас аралығындағы 148 адамның ой-пікірін жинақтаған. Олардың бәрі үнемі смартфонға тәуелді екені анықталды. Респонденттер мобильді ғаламторды 10-нан 16 сағатқа дейін қолданады. Бұған қоса, 38,8 пайызы желіге аз ғана уақытта қайта-қайта кіреді. Күн сайын сұрау салынғандардың дені 2-ден 7-ге дейін мобильді қосымшаларды, көбінесе жиі-жиі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолданады. 148 адамның 49-ы мүлдем теледидар көрмейді, 67-сі радио тыңдамайды. Бұл сауалнаманың нәтижесі классикалық медиа үшін күрделі, қауіпті процестің жаршысы болып табылады» деген тұжырым жасады ол.
Беларусьтардың масс-медианы таңдаудағы басымдықтары өзгеруде. Беларусь Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырысымен жүргізілген социологиялық зерттеу нәтижелеріне үңілсек, 2018 жылы халықтың пікірінше, елдегі және шетелдердегі оқиғалар туралы ақпараттың негізгі дерек көзі ретінде теледидар болып саналады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 85,7 пайызды құраған, яғни, алшақтық ұлғайып келеді. Екінші орында 60,4 пайызбен интернет орналасқан. Барлық жастағы адамдардың арасында баспа БАҚ-тардың танымалдығы күрт төмендегені байқалады. Егер 2016 жылы беларусьтардың 43,6 пайызы ақпаратты баспа БАҚ-тан алса, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 28,8 пайызға дейін азайған. Сондай-ақ радионың да танымалдығы екі есеге (28,5 пайыздан 12,5 пайызға дейін) төмендеген.
Демек, ақпараттық кеңістіктің өзгеру динамикасы Беларусь медиаларынан дәстүрлі тәсілдері мен жұмыс істеу формаларын өзгертуді талап етуде. Бұл жерде БАҚ институтының аман қалуы екі негізгі факторға тәуелді. Біріншісі – классикалық медиа қаншалық заманауи цифрлық ортаға тез бейімделсе, өзгерсе ғана ұтады. Екіншісі – олар өздерінің аудиториясын сақтай ала ма немесе айналасына қауымдастық құра ала ма, осыған көп нәрсе байланысты.
Сарапшылар не дейді?
«Теледидар – өткен ғасырдың белгісі» деген пікірмен келісесіз бе?
Ольга КАПЛИНА, «Internews»-тің медиа сарапшысы:
– Шындап келгенде, БАҚ-тың қандай да бір түрі жойылып кетеді деп ойламаймын. Контент жасап шығару бар, сол контентті тарататын орта бар. Мысалы, бір өзім дайындаған бейне материалды кез келген ортада: цифрлық теледидар арқылы немесе әлеуметтік желіден тарата аламын. Яғни, әр адам YouTube-ке, әлеуметтік желілерге арналған контент жасай алады деген сөз. Демек, БАҚ-тың қандай да бір түрі жойылмайды, дұрысында трансформацияланады. Оқырманға қызықты, тартымды контент керек. Оны өздері жасап шығарғысы келеді. Сол арқылы атақ, абырой жинауды мақсат етеді. Менің түсінігімде классикалық БАҚ деген ұғым жоқ. Медиа деген ұғым бар. Осы сөзді қолданғанды ұнатамын. Қазір қоғамдағы әр адам – медиа. Осы тұрғыдан алғанда, медиа ешқашан жойылмайды.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы, әнші:
– Баяғыда телевидение шыққанда театр құриды деген еді. Телевидениенің пайда болғанына 1 ғасыр болды. Бірақ театр құрып кеткен жоқ. Ол адамзаттың рухани қажеттілігіне қызмет етуде. Театр құриды деп жүргенде телевидениенің өзі құрып кетуге таяу тұр. Шындығын айтсақ, қазір театрдың көрермені көбейіп, теледидардың көрермені азайып барады. Бізді осы ойландыруы керек. Басқа баламалы ақпарат көздері пайда болған соң, теледидар көрермендерінің саны күрт азайды. Өйткені телевидениенің ұстанған саясаты халықтың рухани сұранысымен қабыспайды. Бұрын қазақ телевидениесін тұлғалар басқарды. Қазір шоумендер басшылық етіп жүр. Шоумендердің қосқан үлесі сол, теледидарға фонограммамен аузын жыбырлатып ән айтатын жұлдыздарды шығарып, бизнестік мақсатта шоулар өткізеді. Сол жұлдыз-әншілер қазір байып, Түркияға көшіп жатыр. Бұдан екі ортада қазақ телевидениесі зардап шекті. Оның бүгінгі таңдағы ұстанымы дұрыс емес. Қазір кез келген әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, кім аузына не келсе, соны айтады. Шындық түгілі, халықтың анайы ақпараттарға да көзі үйреніп, еті өліп кетті. Қандай ақпарат болса да селт етпейді. «Селт еткіземіз», «хайп жинаймыз» деп неше түрлі ақпараттарды шығарады. Соның өзіне де ешкім назар аудармайды. Өйткені шындыққа ешкім таң қалмайды. Мысалы, «кісі өліп жатыр», «жер сатылады» деген ақпаратқа селт етпейді. Сергектік жоқ. Ақпараттың көптігі соншалық, ол қазір ұлттық сананы жансыздандыратын вакцина сияқты қауіпті күшке айналды. Елдің бәрінің қолында бір-бір смартфон. Неше түрлі, сан алуан ақпарат әлеуметтік желіден де, мессенджерлерден де үйіліп келеді. Соның әсері шығар, қандай шындыққа болсын, тіпті қандай өтірікке болсын, таң қалмайтын бұқараны көріп отырмыз. Газеттер сияқты, теледидар да қарапайым шындықты айтуға қаймығады. Біздің БАҚ-тар осы ауруын жеңгенде ғана алға басамыз.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист.
Нұр-Сұлтан қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!