Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рамазан – рухани тәрбие айы

31.03.2022, 12:40 617

Рамазан – айлардың ішіндегі сұлтаны, мұсылман қауымының сағына күтіп, қимай қоштасатын айы. Өйткені, адам баласының тәнін, жан дүниесін тәрбиелейтін ораза құлшылығы осы айда парыз етілген. Сонымен қатар, адамзатты ақиқат жолға үндейтін қасиетті Құран кітабы осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселене түседі. Алла тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды… Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын…» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деп айтқан. Үш шарттың аясында, яғни мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа толған әрбір кісіге Рамазан оразасын ұстау парызы болып табылады.

Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер  маусымы. Оразада  жасалған әрбір қайырлы іс үлкен сауапқа айналмақ. Бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген жан», – деп жауап берген екен. Демек, адам баласы елі үшін қылатұғын жақсылығын міндетсінбей, мақтанбай бір Алла­ның  разылығы үшін жасағаны дұрыс. Онсыз  жасалған  жақсылықтың  сауабы  да жоқ.

Рамазан айында ғана сауап іс жасау керек екен деген теріс түсініктен толықтай арылуымыз керек. Жыл он екі ай жақсы істеріміз, сауап амалдарымыз күнделікті тіршілікте мұсылманның серігіне айналуы қажет. Ал, оразада жасалған әрбір қайырлы істің сауабы өз алдына арта бермек. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Шама-шарқыңызға қарай сауап амал жасаңдар. Өйткені сендер жақсылық жасауда жалықпайынша, Алла да сендерге сауап жазудан жалықпайды. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны». Оразада көбірек сауап іс жасаған болсаңыз, Рамазан айынан ке­йін «осымен бітті» деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Одан кейінгі айларда аз болса да игі, сауап­ты істерді тұрақты жалғастыру керек. Яғни, бір кісі басқа айларда кешірімді болған болса, Рама­зан айында тіпті көбірек кешірімді болу керек. Өзге айларда қайырымдылық, жақсылық жасап келе жатқан болса, Рамазан айын­да Ораза айының басқа айлардан ерекшелігі секілді, қасиетті айдағы жасаған жақсы істері өзге айлардан әлдеқайда шоқтығы биік болып  ерекше  көрініп  тұрғаны  жөн.

Құдiретi күштi Алла біздерге бес парыз жүктеген болса, соның бiрi – қасиетті Рамазан айы келгенде бір ай ораза ұстауымыз. Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы ай… Сендерден кiм Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Кiмде-кiм науқас болып, әйтпесе, жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесiн. Алла сендерге жеңiлдiк болуын қалайды, ауырлық түсiргiсi келмейдi», – дейдi («Бақара» сүресi, 185-аят). Ораза ұстаушы бiр ай бойы iшiп-жеу­ден ғана емес, өтiрiк-өсек айтудан, бiреудi сыртынан ғайбаттаудан, бейәдеп сөздер мен адамгершілiк  қағидаларына жат әдеттерден аулақ болу керек. Ораза біткеннен кейін де осы қалыпты  сақтауы  қажет.

Ораза ұстаған адамға мына нәрселерді жасау  жақсы іс  болып  табылады. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тұрғыда былай дейді: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар». Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді», – деп айтқан. Ауызды құрма немесе сумен ашу – пайғамбар сүннеті.

Рамазан айында ораза ұстаумен қатар нәпіл құлшылықтарға, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлу қажет. Мәселен, аузы берік жан­дар­ға ауызашар беру және жоқ-жітіктер мен  кедей­лерге  қол  ұшын  беру сауап амал болып  табылады. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.)  былай  дейді:  «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген ораза ұстаган адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабы­нан  да  еш  нәрсе  кемімейді».

Ораза адам жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көте­ріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп айтқан. Және де аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, білім алумен, Құран оқумен, Алланы ұлық­таумен, салауат айтумен өткізу керек.

Рамазан айы қадір түнімен ерекшелене­ді. Қадір түнi – мың айдан қайырлы, артық­шылығы мол, қасиетi басым түн. Қадір түні Алла тағалаға құлшылық етiп, тiлек тiлеуден жалық­пау тиiс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі», – деген.

Рамазан айы – дұғаны көбірек жасаудың үлкен мүмкіншілік сәті. Өйткені, ораза ұстау­шының жасаған дұғасы қабыл болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған салау­аты мен сәлемі болсын): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды», – деп айтқан. Демек, ораза ұстап, көптеген жақсылықтарға қол жеткізгеніміз секілді, ауызашар сәтінде алақанымыз­ды Аллаға жайып, қажетімізді сұрау да – бір бақыт. Көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, алақанымызды бір Аллаға жайып, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, көп-көп дұға  жасаған  дұрыс  болады.

Оразаға ниет қойған мұсылман құлшылық­тың рухани пайдасын сезініп ұстауы керек. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде айтады: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза адамды алдымен Алладан қорқуға, қиыншылық кезіксе, сабыр етуге, қолындағы бар дүниесіне қанағат пен шүкір етуге, адами қасиеттерін дамытып, көркем мінез-құлқын жақсартуға, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындағы алтын уақытын жақсылыққа, екі дүниесіне пайда әкелер игілікті істерге жұмсауға тәрбиелейді. Сондай-ақ, ораза қоршаған қоғам үшін де аса пайдалы. Адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйретеді. Адам баласын күнә атаулыдан сақ болуға шақырады. Адамдардың бір-біріне мейірім­ді  болғанын  жақсы  көреді.

Міне, Рамазан – осындай қадір-қасиеті­мен  ерекшеленген  рухани  тәрбие  айы. Санау­лы ғана ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, дұға-тілектеріміз бен құлшылық-амал­дарымыздың  қабыл болуын бір Алладан  сұрайық.  Ниет  қабыл  болсын!

Естеріңізге сала кетейік, Рамазан айы                  2  сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні. Биыл пітір садақа  мөлшері  500  теңге   болып  белгіленді.

Болатбек  ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

Қызылорда  облысының  Бас  имамы,

облыстық  «Ақмешіт  Сырдария»  орталық  мешітінің  бас  имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: