Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БИЛІК БАҚ-ты БИЛЕП-ТӨСТЕЙ БЕРСЕ…

25.03.2022, 11:40 935

Шыны керек, соңғы жылдары ел-жұрттың бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімі азайды. Мұны мемлекеттік тапсырыспен байланыстыратындардың қатары көп. Әрине, мемлекеттік медиажоспар болмаса, ақпараттық құрылымдар өз-өзін ақтай алады дегенге сену қиын. Дегенмен, қандай жағдай туындаса да, туын жықпай жүрген тәуелсіз басылымдар, арналар бар. Бірақ, ол жақтағы қызметкерлердің жалақысы жоғары, әлеуметтік жағдайы жақсы дей алмаймыз. БАҚ еркін болуы керек. «Мемлекеттік БАҚ-та оқитын,  көретін ештеңе  жоқ» дейтіндердің арасында журналистке азаматтық пікірін білдіруден тартыншақтайтындары табылады. Сыни ойын айтудан жасқанатындар саны тіпті көп. Билік бір бүйірден қысып тұрса, демократияны аңсайтындар осыны алға тартып сенімсіздік білдірсе, БАҚ қашан еркін болады?

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы стратегиялық мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды сөз етті. Соның жетінші бөлімі «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» тақырыбына арналды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс» деді президент.

Жолдаудан соң БАҚ саласында қызмет ететін журналистердің кейбірі жаңаша лептің болғанын жазып жатты. Дей тұрғанымен, мұнымен келіспейтіндер де бар.

«Кейінгі үш айда Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз туралы біршама мәлімдеме жасап үлгерді. Көбіне тұспалдаумен шектелген бұл сөздер үміттен гөрі күдік ұялатты» деп жазды журналист Дархан Өмірбек фейсбук парақшасында.

Ол бұл сөзін былайша дамытады.

– 16 наурыздағы жолдауында «журналист еліне шынайы жанашыр болуға тиіс», «жұмысын жоғары азаматтық жауапкершілікпен істеуі керек», «жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн» деді.

Ал оның алдында «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында «әрбір журналист мемлекетшіл азамат болуы, еліміздің патриоты болуы керек», «елдің мүддесіне қарсы жұмыс істемеуі тиіс» деді.

7 қаңтардағы үндеуінде «өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралымыз деп санайтындар шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады» деп мәлімдеді.

Осы сөздерінен кейін Тоқаев мырзаның сөз еркіндігі мен журналистиканы қате түсіне ме деген ой келді, – дей келе тарқатып жазуға бел байлайды.

Иә, қоғамның журналистерге деген сенімсіздігіне мына жағдай да әсер етті. Ол – тапсырыспен жұмыс істеу. Яғни, бұл – журналистердің мақтау керек болса мақтап, даттау керек болса даттап, қажет кезде мәселеден аттап өту керек болса аттап өтуі. Мемлекет басшысы жолдауда осы жағдайға да тоқталды.

– Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына  қатысуға  болмайды.

Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден-бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын.

Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек, – деді ол.

«Президент сөз еркіндігі мен журналистиканы қате түсіне ме?» деген ой келген журналист Дархан Өмірбек сөзін  былайша  жалғайды.

– Әуелі, мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдарына «қамқор аға» тұрғысынан сөйлеуі ұнамады. Президент атқарушы биліктің үстінде тұрғанымен, баспасөзге төбеден төмен қарай алмайды. Дұрыс қоғамда тәуелсіз БАҚ қолында  билігі  барлардың ісі мен сөзін аңдып,  кемшілігі болса, шын қамқоршысы – халыққа жеткізеді. Журналист президенттің нақылына мұқтаж емес. Дұрыс қоғамда президент журналиске ақыл айтудан гөрі жұмысын жақсы деңгейде орындауға күш салады. БАҚ бетінде сын сөз жазылса, авторды қудаламай, сынды  түзетумен  айналысады.

Алдағы сөздерінде «журналистер, сендер бүйтіңдер, сөйтіңдер» деген сөз болмаса, өзіне  әбүйір, – дейді  ол.

Ал, 18 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров елде журналистер қудалан­байтынын және оларға «шетел агенті» деген «ресми статус» берілмейтінін жеткізді.

«Бізде журналистер мен БАҚ қудалауға ұшырамайды деп ойлаймын» деді шеттен қаржыландырылатын ақпарат құралдары туралы сұрақтарға жауап берген  министр.

«Біздің жолымыз – ақпарат құралдарын тиімді дамыту, бәсекеге қабілетті ету және оларға оқырман сұранысын арттыру» деді. Асқар Омаров сонымен бірге отандық БАҚ контентіне қарай отырып, елде «баспасөз еркіндігі бар» деп  тұжырым  жасауға  болатынын  айтты.

Бірақ, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт «Азаттыққа» берген сұхбатында жолдаудағы БАҚ-қа қатысты сөйлемдерге ерекше тоқталады. «…Бұл (БАҚ-қа – ред.) еркіндік беруден гөрі сөз бостандығына бақылау орнату сияқты көрінді»  дейді.

– Азаматтарға керегі – шынайы жұмыс істейтін мемлекеттік институттар, бір-біріне тәуелсіз заң шығару­шы орган мен атқарушы билік. Бізге сөз бостандығы керек. Мысалы, Тоқаев түсініксіз ұсыныстар айтып өтті. (Президент жолдауында «Тәуелсіз әрі жауап­кершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиас­аланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» – ред.) Бірақ бұл еркіндік беруден гөрі сөз бостандығына бақылау орнату сияқты  көрінді, – дейді  саясаттанушы.

«Кез келген дамыған қоғам тәжірибесінен белгілі: БАҚ еркіндігінсіз еш мемлекет алға жылжи алмайды» деген сенатор Нұртөре Жүсіп журналистиканың жұлдызы жарқырайтынына сенеді.

– Президенттің «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек» деген пікірінде үлкен салмақ жатыр.

Қазіргі қазақ журналистикасы – пресс-релиздік журналистика. Әбден тұмшаланған, еркіндігі байланған, таптаурын сала. Журналистикада жаңалық болмайынша, қоғамда жаңа нәрсе орнықпайды. Осы уақытқа дейін қазақ баспасөзі елге барынша жанашыр болып келді. Өте қиын сәттер мен кезеңдерде халықты жұбата білді. Ел ертеңі жақсы болады  деген  сенімді  орнықтырды, – дейді  ол.

Халыққа  жолдауында  президент  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет, қоғам мүддесі мен медиа саласындағы даму тенденцияларды ескере оты­рып БАҚ туралы заңды қайта қарау қажеттігін айтқан болатын. Ізінше премьер-министр Әлихан Смайы­лов ақпарат министрлігіне БАҚ тура­лы заңнамаға енетін өзгерістерді жур­налис­тер және сарап­шылармен  талқылауды   тапсырды.

Тәуелсіз баспасөз қорғау ұйымдарының айтуынша, Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге көп тап болады. Қаңтар оқиғасы кезінде елде бірқатар жаңалықтар сайты ашылмай қалғанын көпшілік жақсы біледі. Журналистер кәсіби қызметін атқару кезінде ұсталып, кейбірінің үстінен іс қозғалып, тергелді.

«Азаттықтың» жазуынша «Шекарасыз тілшілер» ұйымының дүниежүзілік сөз бостандығын қорғау рейтингісінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және «сөз бостандығы ахуалы қиын» елдер қатарында екен. Бұл елде «билік БАҚ-ты билеп-төстей береді» дегеннің белгісі болса керек. Бірақ, жағдайдың бұлай жалғаса бермейтінін болжайтындар бар. Демек, журналистер еркін болса, президент айтқандай, қоғамды одан әрі де демократияландыру  оңайға  соқпақ.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: