Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚЫ СМАЙЛИКТЕР күледі, шаттанады, бата да береді

22.03.2022, 12:00 2092

HALYQLINE.KZ

Бүгінде Facebook, Instagram, Telegram, BКонтакте, WhatsApp болсын, бір-бірімізге деген сезімімізді, қуанған, қолдап, қолпаштаған ойымызды немесе мұңайған, ренжіген, қиналған сәттерімізді, көп сөз жазып жатпай-ақ, саусақ ұшымен басып кеп қалып, бір ғана смайликпен білдіре салатын болғанбыз. Оны бесіктегі бала тұрмақ, еңкейген кәріге дейін меңгеріп алған.

Алдымен, күнделікті өміріміздің айнымас бір бөлшегіне айналған смайликтердің шығу тарихына аз-кем тоқталып өтейік. Доп-домалақ сары бауырсақ түріндегі алғашқы күліп тұрған смайликті Америка суретшісі Харви Болл салған.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында Американың ірі сақтандыру компаниялары біріге бастады. Бұл өзгеріс ондағы қызметкерлерге ауыр тиеді. Тіпті, болашаққа сенімі жоғалып, мұңға бата бастағандар, жұмысқа ықыласы төмендегендер көбейген. Содан компания басшылығы қалайда жұмысшылардың рухын көтеру жолын іздеуге көшеді. Өйткені, жаңа құрылып жатқан ірі компания клиенттерін жоғалтып алмау үшін оларды күлімсіреп қарсы алып, телефонға қуана жауап беруі қажет еді. Сөйтіп, олар әр қызметкердің кеудесіне тағылатын эмблема жасап шығару керек деген шешімге келеді. Эмблема болғанда, өздеріне де, келген клиенттерге де қуаныш, жайлы сезім сыйлайтын болуы керек. Сақтандыру компаниясының мамандары сол кездегі танымал суретші Харви Боллдан көмек сұрайды. Ол әлгі езу тартып тұрған сүйкімді сары смайликті 10 минутта ойлап табады. Суретші бұл жұмысы үшін 45 доллар ақы алады.

Сөйтіп, алғашқы смайлик бейджик түрінде жасалып, компания қызметкерінің кеудесіне тағылған. Бәрі күлімсіреген смайликті жылы қабылдаған. Кейін бұл смайликтер ашық хаттарға, бейсболкаларға, футболкаларға басыла бастаған.

Ал қазір сонау мұхиттың арғы бетінен жеткен смайликтердің түр-түрі бар. Маңдайынан шертіп тұрып пайдаланасыз. Түрлі эмоцияңызды білдіру үшін сары смайликтерді «жұмсап» қойып отыра бересіз. Олар тек шаттанып, күліп қана қоймайды, көзін қысып, бас бармағын көрсетеді. Қуанышыңызға ортақтасып, қолын жайып бата беретіні һәм «әумин» дейтіні де бар. Құшақтасып «көрісетін» стикерлер де тартымды. Қайғылысы, қаталы, айлакері де жоқ емес. Тіпті, ренжиді де. Тілін шығарып сізді мазақтайды да. Біреумен WhatsApp-тан әлдебір шаруаны ақылдасып отырып, жауап жазуға уақытыңыз тығыздау боп тұрса, «окейді» жібере саласыз. Ал дәл сол сәтте ауырып жатсаңыз, басын таңған, аузына градусник тыққан немесе бетперде таққан смайликті де жөнелте қоясыз. Жалпы, жатқан бір әлем.

Айтпақшы, ең көп қолданылатын «көңілді» смайликтер көшбасында тұр. Демек, өміріміздің көлеңкелі жағы бола тұра, көңілді, позитивті болуға ұмтыламыз деген сөз. Дегенмен, коронавирус бас көтеріп, әлемде ең алғаш пандемия жарияланған тұста ең көп қолданылған «мұңайған, жылаған» смайликтер екен.

Қазір бастауыш сынып оқушыларының білімін де осы сары смайликтер бағалайды. Дұрысы, мұғалім баланың күнделігіне, баяғы біз алған «бестік», «төрттіктердің» орнына «жарайсың», «жақсы» немесе «талпын» деген смайликтерін жапсырып береді. Бұл «формативті бағалау» деп аталады. Кіп-кішкентай сүйкімді бейнелерге балақайлар да мәз бола кетеді.

Ал қазір эмоцияңызды ұялы телефоннан қазақша да білдіре аласыз. Қазақстан дизайнерлері ең алғаш 2016 жылы Наурыз мейрамына арнап ұлттық эмодзилер, яғни смайлик, стикерлер салды. Қазақтын атасы мен әжесін, киіз үй, астаудағы ет, бауырсақ, құрақ көрпе мен домбыраны бейнелейтін эмодзилер «Rocket Firm» студиясының Facebook парақшасында жарияланды.

Сол жылдың күзіне қарай Қазақстан тұрғындары үшін «Қазақ эмоджилері» пайда болды. Оларды жасаумен 6 елдің көпұлтты командасы айналысқан. Тегін жиынтықта 21 стикер бар және оны AppStore арқылы жүктеп алуға болады.

Жай ғана смайликтердің өзі де күнделікті өмірімізді нұрландыруға қызмет ете берсін деп тілейік. О бастағы миссиясы да сол болатын.

Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

журналист,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: