«Кадр бәрін шешеді». Бұл кеңестік дәуірден қалған сөз болса да, маңызын жойған емес. Бұл фразаның авторы саясаткер Сталин екен. 1935 жылы Кеңестер Одағының кезекті мәжілісінде жасаған баяндамасында айтылған көрінеді. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дамуға бет алған кеңестер одағындағы елдерге ілкімді серпіліс, қарымды қарқын қажет болды. «Техника бәрін шешеді» деген ұранды Сталин «Кадр бәрін шешеді» деп өңдеп, мамандардың кәсіби біліктілігінің қоғамды дамытудағы маңызына назар аудартқан екен.
Кадр дегеннен шығады, жасыратыны жоқ, елімізде көп жылдан бері «министрдің командасы», «әкімнің командасы» деген ерекше бір тенденция қалыптасты. Яғни, сан алуан министрлер, әкімдер қызмет орнын өзгертіп, басқа жаққа ауысса, өзімен бірге әлгі командасын ерте жүретін әдет пайда болды. Алайда, осындай командалардың мүшелері қандай принциптер, ережелер бойынша таңдалатыны былайғы жұрт үшін мүлдем жұмбақ. Ал, уақыт өткен сайын кімнің кім екенінің аражігі ажыратылып, өз ісіне сай не сай еместігі анықталып жатады. Осындайда облысты басқарған әкімдерді де қарапайым жұрт кадр таңдауда жаңылысты, командасына өз адамдарын жинақтады, жершілдік, жікшілдік, рушылдыққа салынды деп кінәлап жататыны еріксіз еске түседі. Осы рушылдық дегеннен шығады, біле білгенге мұның кереғарлығы көп, руға бөлінудің қасіреті сол, бұл ұлттық тұтастыққа сына қағуға әкелері сөзсіз. Сондықтан да қайбір жылы арқалы ақын Мұхтар Шаханов бастаған жүзден астам зиялы қауым өкілі қол қойған хатта да осы мәселе ашық сыналғаны бар. Одан қалды, кезінде бұрынғы президенттің «командалық көшіп жүрулерге» тыйым салу мәселесін көтеріп, «Мансаптық сатыда тек нағыз кәсіби мамандарды ғана ілгерілету қажет. Жаңадан әкім, министр келеді, барлығын сапырылыстырады. Одан кейін қайтадан өзгереді, жаңа адамдар келеді, дүниежүзінде ондай тәртіп жоқ. Аппарат тұрақты жұмыс істеуі керек», – дегенді қабырғасынан қойғаны да есте қалыпты. Әйтсе де, әлі күнге өз командасын жасақтау, небір тәжірибелі, өнегелі, іскер кадрлардың ретсіз, жөнсіз босатылуы, ауыстырылуы азаймай келеді. Егер орнына барған кадрлардың іскерлігі жоғары болып жатса, сөз жоқ, ал екі сөздің басын құрай алмай, өздерінің қосары аз, жоғарының берген тапсырмаларына ғана бас шұлғып отырғандарының жиі кездесетіні, артында қолдаушысы барлардың ғана ауыспай, иә деңгейлес қызметке ауысу немесе қызметтері жоғарылайтындары да жоқ емес.
Иә, бүгін де елдегі кадр мәселесі өте күрделі әрі аса маңызды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында да айтты. «Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек», – деді Президент. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болу керектігін ескертті. «Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз», – деді мемлекет басшысы.
Осындайда Қызылорда облысына қатысты айтсақ, елімізде тұңғыш облыс басқарған әйел ретінде тарихта аты қалатын Гүлшара Әбдіқалықованың әкім болып келгеніне 12 күні кем 2 жыл толып отыр. Ол кісі келгелі кадрлық тағайындауларына көңілі толмаған жұрттың әлеуметтік желіде де, басылым беттерінде де айтарын айтып, жазарын жазып жүргенін білеміз. Ауыс-түйістің тым жиілеп кеткенін де, бір адамды біресе анда, біресе мында басшы етіп қойғанын да көз көрді. Көбіне жергілікті мамандарға басымдық берді, сенім артты, арасында істің қиюын келтіре алмағандары да, үмітін «өлтіріп» алғандары да, алға емес, кері тартқандары (жемқорлықпен шатылғандарды меңзеп отырмыз. – ред.) да болды. «Командалық көшіп жүрулер» дегенге келгенде, министрлікте жүргенде «сенімді серігіне» айналған екі орынбасарын алдырғаны болмаса, анау айтқандай сырттан маман тарта қойған жоқ. Әйтсе де, келуі де, кетуі де «күмәнді көрінген» Н.Тілешевтің (осы кісінің облыс әкімінің орынбасары болып ресми тағайындалғанымен, ол туралы БАҚ беттерінде жарияланғанын еш жерден көрмедік. – ред.) екі жыл ішінде жарқ етіп көрінгенін байқамадық. Не кабинеттен шығып, ел аралап, жұртпен дидарласып, жиындарда төбе көрсеткенін де көрмедік. Қызығы сол, кешегі қаңтар қасіретінен кейінгі үкіметтің бір отырысында Қызылорда облысында экономикалық, инвестициялық көрсеткішті жоғары деңгейге жеткізе алмады деп сынның астына қалып, артынша қызметінен босатылды. Ал облыстың бас идеологі саналған С.Ахметовтің те атына көп сын айтылды, кей жерде сөзі өтімді болса да, өзі өтпеді, енді бірде өзі өтімді болғанымен, сөзі жүрмеді. Тарихшы мамандығы бар С.Әбжәліұлының атам заманнан келе жатқан Сыр елі деген атауды олқы көріп, қолға алған «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы да жұртқа жаға қоймады. Одан қалды, өзіне қарасты екі сала басшысының «жемқорлық дертіне» шалдығуы да «отқа май құя түсті». Ақыр аяғы өз еркімен лауазымынан босатылды. Оған дейін кезінде облыс әкімінің орынбасары бола жүріп, 2020 жылдың сәуірінде мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметіне тағайындалған С.Сүлейменовтің 2022 жылдың 17 қаңтарында аталған қызметтен босатылуы да жергілікті билік үшін «минус» еді.
Хош деңіз! Жаңа Қазақстан құруға талпынып жатқан жоғары жақта күн сайын бір тағайындау болып жатыр. Біздің облыста да кешегі аптада бірқатар ауыс-түйіс болды. Облыс әкімінің екі бірдей орынбасары орынтаққа отырды. Ендігі бас идеолог – Қайрат Нұртай. 2021 жылдың шілде айында шырайлы Шымкенттен қасиетті Қармақшы ауданына әкім болып келген еді. Қызығы сол, жұрт оның ауданда азды-көпті «тер төгуі» жыл толмай жатып облыс орталығына келуіне жоғары өрлеу үшін «баспалдақ» іспетті көрінгенін меңзеп отыр. Әйтпесе, алдына нақты бір мақсат қойып, «туған топырағымды түлетуге келдім» деген бастамасы болса, құрығанда бір жыл соның «жемісін» өзі де, халқы да көрмеген соң, бәрі бекер емес пе?
Тағы бір жаңа да ескі таныс есім – Мархабат Жайымбетов. Облыс әкімінің жаңа орынбасары құрылыс, сәулет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі салаларына жетекшілік жасайтын болады. «Әртүрлі салада жинақтаған мол тәжірибесін облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен, үздіксіз энергетикамен, газбен қамтамасыз ету және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, табиғи монополиялар субъектілерін реттеу, коммуналдық қызметтерге тарифтерді белгілеу бойынша қарқынды жұмыс атқарады деп сенемін» деді аймақ басшысы. Басқасын айтпағанда, М.Жайымбетұлы кезінде бұл қызметті атқарып, Қызылорда қаласы мен Арал ауданын басқарды. Соңғы жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.
Ал, Қармақшы ауданының әкімі болып Әділбек Ерсұлтанов тағайындалды. 46 жастағы Ә.Бөрібайұлы әр жылдары мемлекеттік қызметте жауапты қызметтер атқарған, ауылдық округте әкім, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болды. Жетекші партияда да қолтаңбасы қалды. 2019 жылдың маусым айынан бері облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарды.
Апта басында Ә.Ерсұлтановтың орнына Берлібек Ахмет отырды. Ол бұған дейін облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы болған.
Біздікі – қайсыбір әкім, не басшы болмасын, өз командасына кадрларды «біреудің өзі, біреудің көзі жақсы» деген үрдіспен емес, талапқа сай, яғни білікті, білімді, принципшіл, өз ісінің майталманы болып табылатын кадрларды қабылдаса деген ниет. Таңдаудың «біреуге» түспей, әлгі адамнан гөрі тәжірибелі, өзіне жүктелген міндеттерді жан-тәнімен атқаруға қабілетті мамандар назардан тыс қалмағанын қалаймыз. Әрине, өзіне жауапкершілік жүктелген әкімдерді де түсінуге болады. Олар өздері әбден сенетін, берілген тапсырмалар мен міндеттерді адал атқаратын қабілетті, сенімді азаматтармен ауыр жүкті тең бөліп көтергісі келетін шығар. Қарапайым қағида. Бес қаруын сайлап, аңға шыққанда да кім де болса өзінің жанында адал, сенімді серігінің болғанын қалайды емес пе? Демек, кадр таңдау да осыған саяды. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар екендігі сияқты, мұның да зиянды әсері барлығын ұмытпаған жөн. Жергілікті адамдармен ұзақ уақыт бойы тіл табысып, қойын-қолтық жұмыс істеп жүрген тәжірибелі, нағыз іскер адамдардың мұндайда екінші қатарға ысырылып қалатыны бар. Оның үстіне жергілікті кадрлар жаңа әкім ауысса болды, өздерінің де қызметтен кетуі мейлінше ықтимал екенін де жақсы біледі. Кадрда қадір болмаса, қиын ғой…
«Кадр бәрін шешеді» деген темірдей тегеурінді қағида ешуақытта да мәнін жоймақ емес. Қазіргі Жаңа Қазақстанның қалыптасуына жасампаздық жұмыс істеліп жатқан кезеңде бізді тек жоқтан бар жасайтын талантты, білікті (жердің көгін көктейтіндей), қабілетті, қасиетті және жаны да, ары да таза кадрлар ғана ілгерілете алады. Олар жеке басының жүріс-тұрысы, сөзі, тұрмысы, жұмыс істеу мәдениетімен, ізденуімен, жаңашылдығымен жұртқа өнеге болып, ешбір оқшауланбай, өз халқымен бірге күліп, бірге қиналуы тиіс. Әрине, бұл тағайындаулар ауыс-түйістің басы да, соңы да емес. Бізде «құйысқаны көтеріліп» тұрғандар жетерлік…
Н.АҚПАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!