Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір тостақан құлпынайдан шыққан қақтығыс

19.03.2022, 10:00 1041

HALYQLINE.KZ

1989 жылдың көктемінің соңғы күндері мен жаз мезгілінің басында Өзбек ССР-інде түрік-месхетиндер мен жергілікті халық арасында үлкен қақтығыс болып, 103 адам өліп, 1000-нан аса адам жарақаттанып, 750 үйді өртеп жіберді.

Қақтығыстың шығуына бір тостақан құлпынай себеп болды…

1944 жылы Грузияның Месхетия облысындағы этникалық түріктер Сталиннің бұйрығымен Орта Азияға жер аударылды, олардың басым көпшілігін Өзбек ССР-нің Ферғана облысына шоғырландырды.

CЕБЕБІ:

Түрік-месхетиндер өздері салып алған махаллахия-кварталында тұрып, өз терроториясына өзбектерді жолатқан жоқ, келген жағдайда жастары ұрып-соғып екінші рет келместей қылып жіберетін. Түріктердің жастары дискотекада ортаға өздері шығып, ұлттық билерін билеп, өзбектерді ортаға жолатпай итеріп не теуіп жібретін. Жергілікті халықтың түріктердің базарға да бақылау орнатуы ашу-ызасын туғызды.

Өзбекстан ССР-нің бірінші хатшысы Рафик Нишановтың және Министрлер төрағасы Қадыровтың сөзіне қарағанда қақтығыс базарда басталған. Құлпынай сатып тұрған өзбек әйеліне түрік тиісіп, қымбат бағамен сатып тұрсың деп, боқтап бір тостаған құлпынайды аударып жерге төгіп тастаған. Сол күні кешке Құбасай поселкесіндегі «Сырахана» алдында екі жақтың жастары төбелесіп қалып, 25-і жарақат алып, оның екеуі милиционер, ауруханада алған жарақатынан жас өзбек жігіті қайтыс болады.

«Төбелес төрі түріктерде қалып» олар қатты масайрап кетеді, есе қайтару үшін жиналып түріктердің кварталына барған өзбектер тағы да таяқ жеп қайтады. Түріктер құтырып кетіп «енді келетін болсаңдар, өздеріңмен қоса әйелдеріңді қоса зорлаймыз» деп мылтықпен қорқытуы халықтың ашу-ызасын туғызды.

БАРЫСЫ:

Бүкіл Ферғана бойынша толқу болып түрік-месхетиндерді ұрып соғу басталды. СССР-дегі жариялылыққа байланысты құрылған «Өзбектер одағы» және «Бостандық» ұйымдарына келген еріктілер тізімі жасала басталды, оларға қару-жарақ пен жарылғыш заттар және «Молотов коктейлі» дайындалып болғанша күте тұрыңдар деген нұсқау берілді. Қаңғыбас түріктерді елден қуып шығуға шақырған листовкалар таратылды.

23-25 мамыр аралығында Құбасай, Ферғана, Қоқан, Ташлақ қалалары мен поселкелерінде түріктерді жаппай ұрып-соғу басталды. Негізгі қақтығыс 3-12 маусым аралығында болды. Өзбектер ұйымдасқан түрде пышақ, балта, таяқтармен қаруланып, түріктердің кварталына басып кіріп, ұрып-соғып өлтіріп, үйлері мен автомобильдерін өртеп жіберді.

Қантөгісті тоқтату үшін СССР МВД-нің 12 мың қызметкері Ферғанаға жүк ұшағымен жедел жеткізілді.

Ферғана облысы бойынша 6 маусымнан бастап милиция постылары мен патрульдері күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Қақтығыстың үлкен орталығы Қоқан қаласы болды, себебі онда 5000-нан астам түрік тұратын еді, 7 маусымда таңертеңмен КамАЗ, автобус, трактор тіркемелеріне толған мыңдаған өзбек қалаға келіп жетті. Қоқан қалалық милиция бөліміне басып кіріп, түріктерді ұрғаны үшін СИЗО-да қамалған ондаған адамды босатып алды, қала отқа оранды. Түріктер тойтарыс беруге ұйымдасқанмен, күш тең емес еді, мыңдаған босқын түріктер Ферғанадағы әуе-десанттық полк орналасқан әскери гарнизонға барып бас сауғалап аман қалды, 16 мың месхетин-түріктер әскери техника таситын ұшақпен Ресейге көшірілді.

САЛДАРЫ:

Қақтығыс «Мызғымас Одақ» деп мақтаған, СССР-дің халықаралық беделін түсірді. Орта Азия республикаларындағы орыс, татар т.б. өзге ұлттар елдеріне көше бастады. Өзбекстан Компартиясы жанынан құрылған комиссия мәліметі бойынша: қақтығыста 52 түрік, 36 өзбек өліп, 137 әскери, 110 милиционер жарақат алып, оның біреуі өлді, бұл әрине ресми ақпар, ал шындығында адам шығыны бұдан да көп болған деген сөз бар.

Қылмыстық жауапкершілікке 350 адам тартылды, 2-іне өлім жазасы берілді.

СССР-дің құрамынан 1991 жылдың 1 қыркүйегінде шығып кеткен Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесі сотталғандардың барлығын бірден ақтап алды.

2005 жылы 10-сыныпқа (синиф – өзбек сөзі) арналған «Өзбекстан тарихы» оқулығында (авторлары Алимов, Каримов, т.б.) бұл қақтығысқа өзбектер кінәлі емес деп жазылған. Ұмытыла бастаған тарихи оқиға жөнінде білетінім осы.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: