Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айсаның ажалы мен Саусадағы сыр

10.03.2022, 9:00 482

Көрер көзге әсемдік пен табиғаттың көркемдігін ғана баса бейнелейтін Айса мен Сауса деген көл атауы бар. Мал-жанға суат, қызық қуған жасқа бүгінгіше бассейн болған орын. Ойпаң көл Сырдария өзені толғанда одан әрі толысып үлкен көлге айналады екен. Ертеректе көрген кісілердің айтуынша, апақ-сапақ кешқұрым уақытта Айса мен Сауса есімді екі қыз көлге шомылады. Күндіз елдің көзі түспесін деп кешке суға келетін қыздар жан-жақты қарайлап тұруға жасы кіші бірнеше қызды ерте келіпті. Ащы терден арылып, шаршағанын баспақ болған екеуі біршама уақыттан кейін «Екеуіміз құшақтасып ең соңғы рет түсейікші, сосын үйге қайтамыз» десіп, көлге қайта жүгіре жөнеледі. Тылсымы сол, екі қыздың есімі тек көлде қалған. Ізім-қайым жоғалған қыздардың денесін іздеуге бүтін бір ауыл жұмылғанымен мәйіті де табылмаған.

Сол оқиғадан кейін үлкен көлді үлкен қыз Саусаның есімімен, ал жанынан қазылған арықты Айса деп атап кеткен. Бұл туралы осы оқиғадан үзінді келтірілген «Аққорған» тарихи шежіре кітабының авторы Ермахан Төреқожаев: «Сауса көлі бүгінге дейін бар. Дария суы тартылғанда, көл суы да азайып шүңіт тартады. Елге күріш егілген уакытта жер тегістеліп, соның салдарынан Айса арығы көмілген» дейді. Аталмыш кітапта Сауса көлден шолақ жайын көрген кісілердің де көзі бары айтылады. Сәл ертеректе орманды жолбарыс мекен еткен деген әңгіме де бар. Көл жағасында күшігін құйрығымен қаға түсіріп, жұлмалап жатқан жайынға жолбарыс жармасады. Содан жайын шолақ болған деседі. Тіпті, кейінгі уақытта да көлден келіп, суат қылған тайыншаны (сиыр) жайын қағып түсіргенін көрген мал бағушының әңгімесін естігендерін де айтады.

Бір қараған біздің көзге ескі мифтің бірі боп көрінеді емес пе?! Алайда аңыз да жайдан-жай шықпайтыны рас-ақ екен дейміз. Өйткені, талай көңілге күдік кіргізіп, кірбің салғанымен біршама уақыт өткеннен кейін осы оқиға тағы қайталанады. «Сауса» ауылы ашылған уақта екі құрбы суға шомылуға кетіп, үйге оралмайды. Кешкілік уақыт, ел жұмылып көлді айнала отпен жарық салып, іздеген. Көл ортасындағы құдық ішінен қызараңдап көрінген қышты байқаған кісі жанына барып, екі қыздың денесін тапқан. Ай сәулесі су бетіне түскенде сауығады деп сеніп, басын төменге қарата қойып, біраз күтеді. Әлгі қыздар табылған құдықтағы жартылай өшкен жазуы бар қышты екі қыздың денесін көмгенде көр басына қойған екен. Кейінгі қаза тапқан екі қыз Жаңақорған ауданының Аққорған ауылынан деседі.

Жәмила ЕРМАХАН,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: