Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ыңғайлы әйел

03.03.2022, 10:40 866

Тақырыпқа тікелей көшсек. Ұлтымызда әйелдің орны – отбасы. Әйел – ерінің тапқан табысын ұқсатып, барынша берекелі етуге міндетті индивид. Біздің анамыз да о баста көз алдымызда осындай бейнемен қалыптасқан. Санамызда аналар тек үй шаруасымен айналысып, бала-шаға мен ерінің бабын жасаумен ғана отыру деген темір түсінік бар. Одан қалды бойжетіп, етек-жеңін жия бастаған қызына анасының айтар ақылы да сол – барған жердің бабын табу, ағайын-туыстың алдынан кесіп өтпей, солардың қас-қабағына қарау. Әрине, қазақы тәрбие, салт-дәстүріне кесе көлденең келе алмаймыз. Бірақ, қазір заманның ағымы бөлек, талабы басқа. «Әйелдер қара қазанды айналшықтап қалу керек» деген тағы түсініктен арылу керек. Қазір көп отбасылардағы қайын жұртының көңілінен шығуды ғана білетін «ыңғайлы әйел» көп-ақ. Ол – өз өмірі жоқ, өзгелер үшін ғана жаралған құрбандық.

 «Ыңғайлы әйел» – барған жерінің бабын жасау жолында өзінің өмірін, жеке шекарасын қорғай алмайтын, кім не десе, соның ыңғайына қарай әрекет жасайтын, қысқаша айтқанда «жұрт» үшін жаралған адам.  Өйткені оның санасында «былай десем, атадан ұят, былай десем енеден ұят, күйеуден ұят» деген қалыптасқан фразалар жатталып қалған. Отбасындағы кейбір конфликтер барысында келін, яғни әйел өзінің ойын, пікірін жеткізуге, айтуға құқылы. Барлығына бас шұлғи беру – заң емес. Бірақ, қазақы тәрбиенің заңында келін көнгіш, өзінің ойын айта алмайтын, бір сөзбен айтқанда «ыңғайлы» болып жүруі тиіс. Кеше ешкімге тәуелсіз, өз өмірін өзі жолға қойған, өзіндік арман-мақсаты бар қыз күйеуге тиген соң құрдымға кету керек деген ұғым жоқ. Ол жойылған. Дәл осы жердегі мәселеге терең үңілетін кез келді.

Мынандай  жағдай  үйде, ошақтың қасында отырған екі әйелдің бірінің басында бар. Оқып  көріңіз.

Асыл  ТҮМЕНҚЫЗЫ:

– Күйеуге шыққаныма биыл 19 жыл толады. Былайынша айтқанда, 20 жылға жуық уақыт аз емес. Бір адамның ғұмыры дейміз. Табалдырықтан аттағалы бері енем жылы қабақ танытқан емес. Күйеуім енемнің айтқанынан шыға алмайды. Үйде енем – командир. Аузынан шыққан сөз – заң. Орындалмаса, жағдай түсінікті. Орынсыз тиісіп, істеген жұмыстарымнан мін тауып отырады.  Қарсы жауап қайтарсам, күйеуіме айтып, ортамызға от салады. Соның кесірінен күйеуім екеуміз  жанжалдасып қаламыз. Енем тыныш болса екен деп осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығамын. Барлығын тап-тұйнақтай етіп қоямын. Үй таза, кір жуулы, шайды уақытымен ішеді. Қысқасы, енемнің оң қабағын алу үшін барлығын тікемнен тік тұрып жасаймын. Сонда да көңілі орнына түскен емес. Дипломым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Өйткені бұл отбасында о бастан әйелдер тек үйде отырған екен. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қатаң қағида бойынша келін тек босағаны бағу  керек екен. Жеке өмірім, жеке көзқарасым, мақсатым деген «өліп» қалған. Осылайша қас пен қабаққа қарап  келе  жатқаныма 20  жылдай  уақыт өтіп кетті.

Дәл осындай мазмұнда қазақтың қаншама келіні өмір сүріп жатыр. Әйел – ол да Алланың жарат­қан   пендесі. Ол  да – жеке  тұлға,  индивид. Оның да адам  ретінде  жеке  шекарасын  қорғау­ға, арман-мақсаттарына қадам басуға, өзі қалаған жұмыспен айналысуына толық хақысы бар. Әйелді басынып, оның бастамасын басып-жаншуға ешкімнің де құқығы жоқ. Тіпті Исламда да әйелдердің өзі қалаған ісімен айналысуына, табыс тауып, толыққанды, мазмұнды өмір сүруіне тыйым салмаған. Дінімізде әйел заты күнкөріс қиыншылығынан, уайымынан босатылған. Әйел жұмыс істеп, зорығып ақша табуға, бұл үшін бес уақыт намазын қалдыруға, басын, қолдарын ашып немесе еркектердің арасына араласып күнә істеуге мәжбүр емес. Барлық нәрсені оның аяғына алып келу мәжбүрлігі бар. Дініміз оны осылай қадірлеген. Мұсылман әйел сауда, ғылым, өнеркәсіп және құрылыспен айналысуға мәжбүр болмаса да, мұнымен шұғылдануы, ақша табуы күнә емес, өз қалауымен жұмыс істеуіне болады. Алайда, бұлармен айналысқанда харамдардан сақтануы шарт болады. Харам істеу арқылы ғибадат та орындалмайды. Әрине, жұмыс істеп, сүйген ісімен айналысуда әйелге ерінің де қолдауы маңызды.

Құсты да торда қамап отыру мүмкін емес. Өмірге адам болып келгеннен кейін әркімнің өзінің миссиясы болады. Психологтер әйелдердің отбасы, ошақ қасындағы мәселелерден шыға алмай, стреске түсіп кететін себеп­терін жиі зерттеп жүр. Тіпті қазірдің өзінде қазақы қоғамда «ыңғайлы әйел» қалпында қалып қоймай, өмірлік мақсат жолында ізденуге де шақыратын коуч мамандар бар. Солардың бірі психолог, сексолог Алина Шади­нова  былай  дейді.

– Әдетте ыңғайлы әйелдер күйеуі көзіне шөп салса да көнуге бар. Ешқашан сыйлық сұрамайды, «көмектесші» демейді. Тіршіліктің қамытын киіп алады да, күнделікті күйбіңнен көз ашпайды. Ондай әйелдер өздерін толыққанды бақытты сезінбейді. Ешкім сіздерге «қолыңды төбеге қойып, безіп кет» демейді. Сондықтан әйел құрбанның рөліне енбей, өзінің де қалауын айта білу керек. Өз-өзін төмен бағаламай, қажет жерде пікірін білдіру айып емес. Және әрбір адамның жеке шекарасы деген болады, оны бұзып кіруге ешкімнің құқығы жоқ, ол қорғалады, – дейді  ол.

ТҮЙІН. Мәселе ұлтымыздың саналы салтынан айырып, әйелдерді санасынан «азғыру» емес. Қазір не көп, ажырасу көп. Отбасы­лық кикілжің, ұрыс-керіс барлығы айналып келгенде адамдар арасындағы текетірес, келіспеушіліктен туындайды. Бірі үстемдігін дәлелдеп, сол биігінен түскісі келмейді, бірі өз қалауын айтып, артық пікір білдіре алмағандығынан басын алып қашуға мәжбүр. Мұндайда психологиядағы сау қарым-қатынас әдебін білу маңызды. Бұл дегеніміз – кикілжің бастаушы адаммен диалог құра білу. Өйткені бас салып ұрысқанмен ұрысып, тұрысқанмен тұрысып мәселе шешу мүмкін емес. Мәселе мәмлелі болса, айнала да тыныш.

Әйгерім  ТАУАРТЕГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: