Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағаны қолдан ұстап тұру үлкен жарылысқа әкелуі мүмкін

17.02.2022, 12:00 689

Мақсат  ХАЛЫҚ,

UIB  бизнес  мектебінің 

директоры,  экономист:

ҰЛТТЫҚ  ҚОРДЫҢ  ТҮБІ  КӨРІНІП  КЕЛЕДІ

«ХАЛЫҚ»: Ассалаумағалайкүм, Мәке! Жылдың басы Қазақстан үшін ауыр сынақпен басталды. Сұйытылған газдың бағасына жаппай наразылық билікке деген сұйытылған сенімге айналып, соңы бүлікке ұласты. Ел есін енді жиып, жоғары жақта да елең-алаң күй жүріп жатыр. Экономист-сарапшы ретінде айтыңызшы, елімізде әлеуметтік-экономикалық ахуал шынымен де алаңдатарлық па еді?

Мақсат ХАЛЫҚ: Шынын айту керек, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай өте алаңдатарлық. Кешегі «қаңтар оқиғасы» соның бәрін ашық көрсетті, халықтың ішінде үлкен ашынудың бар екенінің, әлеуметтік шиеленіске біраз дүниелердің ұласқанының, азаматтардың төлем қабілетінің қатты нашарлағанының, қымбатшылықтың біраз қыспаққа алғанының, қоғамда кедейшіліктің бар екенінің үлкен айғағы болып табылады. Бұл – менің жеке көзқарасым. Және оған экономикалық негіздер де бар, дәл осы жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 10 мың долларға жетті. Бұл – енді былай қарағанда табысы орташа елдердің көрсеткіші. Бірақ, осы күнге дейін бізде 10 мың доллардан төмен болып келді. Бұл әлемдік стандарттар бойын­ша кедей ел деп табылады. Ал жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім 2000 доллардан төмен болса, онда олар өте кедей елдер болып саналады. Сондықтан да біз осы уақытқа дейін кедей елдердің қатарындамыз деп ресми түрде айтуға болады.

Енді жалпы ішкі өнім көрсеткішінің өзі нақты елдің әлеуметтік жағдайын сипаттап беретін көрсеткіш емес. Бұл – тек ғана елдің экономикалық әл-ауқатын көрсететін көрсеткіш. Ал ел халқының ішкі жағдайын өлшейтін болсақ, онда қарапайым ғана «Энгель заңын» қарастыруға болады. Ол: «Халықтың табысы неғұрлым артқан сайын, олардың демалыс шығындары артады, азық-түлік шығындары қысқарады. Халықтың табысы неғұрлым төмендеген сайын, олардың азық-түлік шығындары артып, демалыс шығындары қысқарады» дейді. Мінеки, қазір осы үлкен мәселені көріп отырмыз. Өткен жылдардағы бір статистикада халықтың отбасылық шығындарын қараған кезде 57 пайызын орташа есеппен азық-түлікке жұмсайтыны белгілі болды. Кеше мәжілісмен Ерлан Смайлов келтірген статистикада 59 пайызға жетті деп депутаттардың ойын айтып отыр. Негізі «Энгель заңы» бойынша 50 пайыздан асып кетсе, ол кедей ел деп есептеледі. Қазіргі уақытта осы көрсеткіштер соны айғақтап отыр. Демек, халықтың табысын арттыру күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе болып табылады. Қазір енді ел үкіметі 2022 жылға арналған нақты әлеуметтік-экономикалық жұмыс жоспарын бекітіп жатыр. Ол жерде президенттің тапсырмасымен халықтың табысын арттыру мәселесі алға тартылған. Енді биыл халықтың табысы  едәуір артып, төлем қабілеті жақсарып, кедей елдердің қатарынан  шығамыз  деген  үміт  бар.

«ХАЛЫҚ»: Мемлекет бағаны ұзақ уақыт  реттеп  тұра  ала  ма?

Мақсат  ХАЛЫҚ:  Мұны екі жақты қарас­тырған дұрыс. Мемлекет бағаны бақылауда ұстай алады, бірақ бақылауда ұстау деген оған араласып, бағаны күштеп ұстау дегенді білдірмейді. Менің неге олай айтқым келеді? Негізінде мем­лекеттің бағаны реттеуге араласпағаны дұрыс. Бұл нарықтың заңдарына қайшы. Нарықта сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде ғана баға белгіленуі керек. Қазір батыс өңірінде газ бағасын 50 теңге деп белгілеуі және Қазақ­стан көлемінде 70 теңгеден аспасын деп бекіту соны айғақтайды. Алты айға дейін шектеу қойды ғой, бірақ бұлай болмауы керек. Мен ойлаймын, үкіметте халықпен нақты коммуникацияға түсіп, диалогқа келетін, сол мәселелерді ашып түсіндіретін мамандар жетіспеген сияқты. Жетіспегенде, сол тапшылық көрінді. Мәселен, Энергетика министрі кеңесшісінің айтқан сөзі анау: «Егер де газға төлеуге жағдайларың жетпесе, қоғамдық көлікке отырыңдар» деген. Одан әрі халықтың ызасын тудырмады ма? Демек, үкіметте нақты халықпен диалог жасайтындай шенділер жоқтың қасы деген сөз. Бұл енді жаңадан жасақталып жатқан үкіметке сабақ болады деп ойлаймын.

Енді бағаны қолдан ұстап тұруға келсек, ол мүмкін емес. Ол ұзақ мерзімде де жүзеге асырыла бермейді. Қазір ол компанияларға нақты талап қойылды, бірақ олар да ертең айтады ғой. «Біз шығынға ұшырап жатырмыз, енді осылай қайталана беретін болса, онда біз жұмысшылар санын қысқартамыз» деген мәселеге келуі мүмкін. Ол да әлеуметтік жағдайды одан әрі шиеленістірмей ме? Бұл проблеманың шешімі емес, ондай жағдайда үкімет мемлекеттік бюджеттен компанияның шығынын жауып беруі керек болады. Сол кезде ғана компания бағаны ұстап тұруға келіседі. Ал ол миллиардтаған теңге болады. Жай бағаны ұстап тұру үшін мемлекет қазына­сынан соншама қаражат кете беретін болса, не пайда? Бюджеттің негізі миссиясы – халықтың әлеуметтік жағдайын шешу, басқа да шығындары бар, денсаулық, білім саласы бар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік төлемдерді төлеу деген сияқты. Ол процестердің бәрі ертең қараусыз қалмай ма? Сондықтан да үкімет бағаны ұзақ мерзімде бәрібір ұстап тұра алмайды. Бұл жерде алты айдың ішінде газдың болсын,  бекітілген  тауарлар тарифтерінің өзіндік құны нақты есептелуі керек. Өзіндік құнына не кіреді? Соған кеткен еңбек күші, ресурстар, шикізат, жеткізушілер, т.б. бар, соның өзіндік құны есептеліп, нақты шамамен бағасы белгіленуі керек.  Яғни, кәсіпкерлердің де қатты шығынға батпауы­ның  жолын  қарастырған  жөн.

Ал, баға өсе ме дегенге келсек, баға сөзсіз өседі. Егер де дәл осылай төмен дәрежеде ұстап тұра беретін болсақ, ол тіпті ұзақ мерзімге қойыл­ған «миналар» тәрізді болады. Үлкен жары­лыс болуы да мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге тыңғылықты дайындықпен келген дұрыс. Эко­номиканың теңгерім­ділік заңы бар, сол арқылы осы процес­терді біраз бақылауда ұстаған дұрыс. Енді  бақылауда ұстау дегенде, экономиканы мемлекеттік реттеуде оған қатты араласпау керек, бірақ  бақылауда  ұстау  керек. Ол қандай жағдайда мүмкін бола­ды? Олигопиялық компаниялар деген  бар, бұл сөз экономикада бір­неше компанияның, әдетте 3-4 компания болады, өзара ымыраға келіп, бағалық келісім жасауы деген­ді білдіреді. Яғни, «бағаны өсірсек, маған да, саған да тиімді, бұл  жерде бәріміз ұтамыз, сол үшін бағаны көтерейік» дейді де, бағаны өсіреді. Осындай келісімдердің болғаны сөзсіз, бұған дейін­гі жанар-жағармайдың, газдың, басқа да тауар­лар бағасының қымбаттауында өзара бағалық келісімнің жүргені анық. Ондай кезде үкіметтің араласқаны дұрыс. Ондай процестерді анықтап, кінәлілерді жазалау керек. Әйтпесе, нарықта бұл процестер жалғаса береді. Сосын бәсекелестікке, жаңа компаниялардың пайда болуына, солардың арасында бәсекелік орта қалыптасуына мүмкіндік беру керек. Сонда ғана үкімет артқа қарай ақырындап  шегініп, сырттай  бақылай  алады.

Тағы да бір мәселе бар, ол – делдалдар мәселесі. Егер де делдалдар, алыпсатарлық көбейсе, онда сөзсіз тағы да қымбатшылық келеді. Осындай делдалдардың жолын кесіп, тұтынушы мен сатушының арасында тікелей көпір ұйымдастыру керек. Сол кезде ғана тауардың бағасы мейлінше арзандайтын болады. Үкіметтің бағаны реттеу дегендегі түсінігі осылай жүзеге асса, немесе қарапайым ғана кейбір тауарларды сатуға келген кезде, мысалы, әсіресе құрылыс нарығында жерді сатып алып, тұрғын үйді котлованнан бастап эксплатуа­цияға бергенше құрылыс компаниялары бірнеше нормативтік, бюрократия­лық кедергілерге кезігеді. Міне, осының бәрін цифрландырып, реттеп, тез жүзеге асыратындай етіп жасаса, онда белгілі дәрежеде құрылысшылар уақыт жағынан да үнемдейді, көп шығынға да ұшырамайды. Бұл тиісінше сол тауардың да өзіндік құнының төмендеуіне септігін тигізеді. Яғни, түптеп келгенде, бұдан бәрі, халық та, компания да, мемлекет те ұтады. Осындай  бақылау функция­сы  жүзеге  асуы  керек.

«ХАЛЫҚ»: Ұлттық қордың қауқары қандай? Ал, мемлекеттің сыртқы қарызы ұлғайып келеді. Бұл өз кезегінде тәуелсіздігімізге  төніп  тұрған қатер емес пе?

Мақсат ХАЛЫҚ: Ұлттық қордың келешек ұрпақ­тың қоры деген негізгі функциясы бар. Және де экономикада кезеңдік  ауытқуларға, дағ­дарысқа ұшырап жатқан кезде көмекке келетін қор болып табылады. Қазіргі уақытта біз ұлттық қорды қатты пайдаланып жатырмыз, 2008 жылдан бастап аталған қордан аударымдар күрт  көбей­ген. Ол дәстүрлі болып қалды. Әсіресе соңғы жылдары пандемиямен күресте де ұлттық қордан өте көп аударымдар жасалды. 2020 жылы 4,7 трлн теңге, өткен жылы 3 трлн-нан астам теңге қаржы  аударылды. Енді алдағы үш жылға бюджет  бекітілді,  ол  жерде тағы да 6,6 трлн теңге осы үш жылдың  ішінде  аударылады деп көз­делген. Әрине, біз бұлай жұмсай берсек, ертеңгі күні ұлттық қордың түбі көрініп қалуы да ғажап емес. Есеп комитеті де осы жылы дабыл қаққан болатын. Жалпы ішкі өнімнің 30 пайыз шегіне дейін  ұлттық  қор  сақталуы керек, егер де ол шектен төмендеп кетсе, онда ол жоғалуға қарай бет алып, тез-ақ  таусылып қалады  деген мәселені айтады.  Бүгінгі  таңда  33  пайызды   құрап  тұр,  бұл – «қазанның» түбі көрініп келе жатыр деген сөз. Сондықтан ұлттық қордың түсімдерін арттыру мәселесі алда тұруы керек. Үкімет маңызды осы  бағытта  жұмыс  істеуі  керек.

Ал енді Қазақстанның сыртқы қарызы  166 млрд доллар болып тұр. Әрине, соңғы  жыл­дары сыртқы қарыздың біраз артқаны белгілі. Әсіресе, үкіметтің қарызы 14 млрд доллардың көлемінде болатын, қазір 17 млрд доллардан асты. Бұл жалпы қарыздың 10 пайызын құрайды. Көп жерде «біздің жалпы қарыздың ішінде үкіметтің қарызы 10 пайызға жетер-жетпес үлесті ғана құрайды, ол аса қорқынышты емес» дегенді айтады. Бірақ та осы 166 млрд доллардың бәрін жік-жігімен қарайтын болсақ, соның ішінде үкіметтің қарызынан бөлек жеке компаниялардың қарызы бар. Ол фирмааралық қарыздар деп айтылады, сыртқы ірі трансұлттық корпорациялар осы Қазақстанда ашылған еншілес компаниясына технология алып келеді, әртүрлі инвестиция құяды. Оның бәрі белгілі бір дәрежеде сыртқы қарыз ретінде есептеледі. Бірақ ол – елге тарты­лып жатқан инвестиция. Сондықтан ол қарыздан қорықпауға болады. Олар кәсіпкерлік тәуекелмен келеді, ертең банкрот болып, одан табыс ала алмай  жатса, онда олар үкіметке қайтарып бер деген талап қоймайды. Ол қарыздың көлемі 100 млрд доллардан асып жығылады. Демек, әлгі 166 млрд доллардың 100 миллиарды, яғни 60 па­йыздан астамы осы фирмааралық қарыздар болып табылады. Бұл қарыздың арта бергені қайта елімізге пайдалы. Өйткені еліміздің инвестиция­лық ахуалы артып жатыр, шетелден жаңа компаниялар, жаңа корпоративтік мәдениет келіп жатыр деген сөз. Ертеңгі күні сол компанияларда халқымыздың біраз бөлігі жұмыс істейтін болады. Сондықтан бұл инвестициялық ритмде тартылып жатқан қарызға ешқандай қорқынышпен қарамаған  дұрыс.

Мұның екінші жағы бар, әлгінде мемлекеттің қарызы 17 млрд доллардан асады дедік ғой. Және ұлттық банктің өзінің қарызы бар, 1,5 млрд доллардың көлемінде. Одан бөлек квазимемлекеттік сектордың қарызы бар. Біз өткен жылы ұлттық банктің келтірген мәліметтеріне қарасақ, ол 21 млрд доллар деп айтылған. Бірақ өткенде ғана «Самұрық-Қазынаның» төңірегінде әңгіме болғанда, жалпы квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 18 млрд доллар деген мәлімет келтірілді. Демек, биыл сәл де болса азайған екен. Алайда бұл қарыздар қауіпті қарыздар ретінде қарастырылады. Өйткені ұлттық компанияларға сырттан қарыз беретін қаржылық институт­тар көбінесе оның ұлттық компания болғаны үшін береді. Оның артында мемлекет тұр деп. Сондай сенімділік болғаннан кейін ғана береді. Сондықтан да егер де біздің ұлттық компаниялар сыртқы қарызын қайтара алмай жатса, онда қиын жағдай болады деген сөз. Оған белгілі бір дәрежеде үкімет үлкен жауапкершілікпен қарайтындықтан, әрине. Тағы да 20 млрд доллардың көлемінде қаржы бар, ол өзге де секторлар деп көрсетілген. Меніңше, өзге де секторлар деген мәселені ашып көрсеткен дұрыс сияқты. Оның ішінде де мемлекеттің үлесі бар салалар болса, онда оның бәрін үкіметтің қарызы ретінде есептеген жөн. Соның да аражігін ажыратып көрсету керек. Мемлекеттің қарызы артып жатыр деген кезде егер де фирмааралық берешектер артып жатса, онда оған алаңдамаған дұрыс. Ал үкіметтің қарызы артып жатса, оған мейлінше алаңдау­шылық  танытқан  жөн.

МЕМЛЕКЕТ   РОБИН   ГУДТЫҢ  ҚЫЗМЕТІН   АТҚАРУЫ   КЕРЕК

«ХАЛЫҚ»: Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономиканы құруымыз керек» деді. Бұған қалай қарайсыз?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономиканы құруымыз керек деген сөзді құптаймын. Экономист ретіндегі өз түсінігім, ұстанымым осындай экономиканы құруымыз қажет. Міндетті түрде әлеуметтік бағдарланған болуы керек. Өйткені, нарықтық экономиканың жоспарлы экономикаға қарағанда артықшылықтары бар, бұл бәсекені туғызады, сапаны арттырады, тұтынушылар үшін жақсы, нарықта көп бәсекелестер болса, онда ол белгілі дәрежеде тауардың бағасының аса шарықтамауына ыңғайлы болады дегенді көп айтамыз. Бірақ та біз осы нарықтық экономиканың кемшін тұстарын да кей уақытта айтпай кетеміз. Оның ең үлкен кемшілігі бар, ол қоғамды екі тапқа, яғни бай мен кедейге бөліп тастай­ды. Байлар байи береді, кедейлер кедейлене береді  деген өзінің жазылмаған заңдары бар. Әрине, бұл дұрыс емес. Бұл – әлемдегі капи­талистік елдерде болатын жалпы тенденция. Сондықтан да мемлекет әлеуметтік бағдарланған нарық­тық экономиканы құруы керек. Осы жерде мемлекеттің экономиканы реттеудегі ең негізгі функциясы осы байлар мен кедейлердің ара­жігі алшақтап кетпеуін, қайта оны жақындатудың жолдарын қарастыруы керек. Қарапайым тілмен айтқанда,  мемлекет Робин Гудтың қызметін атқаруы керек ғой. Бірақ заңды түрде. Яғни, бай азаматтардан ақшаны көбірек алып, оны кедей тапқа үлестіріп беру жағын қарастыруы керек. Осының  барлығы  қазіргі күні  біздің  қоғамда  керек  дүниелердің  бірі  деп айтқым келеді. Өйткені қара­пайым ғана салықтық  өзгерістердің  өзінде де  әлемде  байлық  салығы, прогрессивті табыс салы­ғы деген бар,  бізге  соны енгізу  керек болып тұр. Кім көбірек табыс  табады,  көбірек салық төлесін. Ал кім аз табыс табады, олар салықтан боса­тылсын. Мысалы, 100 мың теңгеге дейін табы­сы бар азамат­тарды салықтан толық босатсақ, меніңше, ол дұрыс болады. Өйткені 100 мың теңгенің 10 мыңын салық ретінде ұстағаннан, ол қаражатты азаматтардың өзіне берген дұрыс. Сонда олардың мейлінше әлеуметтік жағдайы реттелетін болады, аз болса да оны өз отбасының шығынына жұмсайтын  болады.

«ХАЛЫҚ»: Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырып, оған алғашқы қаражат та түсе бастады. Жалпы, мұндай қордың құрылуы қажет пе еді? Онсызда бізде түрлі қорлар бар ғой, пайдасынан зияны шаш ететектен. Ертеңгі күні бұл қор да солардың күйін кешіп кетпей ме?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Иә, халықта сенімнен гөрі сенімсіздік басым. Өйткені бұған дейін құрылған қорларға да, олардың қолданылуына да қатыс­ты көп сын  айтылды.  Қарапайым ғана Арыс­тың мәселесіне  байланысты құрылған қор да талан-тараж болды. Одан кейін қалай сену керек деген мәселе туындайды. Енді екінші жағы бар, қазіргі реалды экономикалық жағдай және де үкіметтің мүмкіншіліктері, мемлекеттің бюджеттік мүмкіндігі, осы жағдайлардың барлығын қарайтын болсақ, дәл қазірдің өзінде біздің бюджетте үлкен тапшылық бар. Ол тапшылықты біз ұлттық  қордың  есебінен толтырып отырмыз. Ұлттық қор болмағанда, онда біз дефолттың алында қалатын едік. Әлемнен, халықаралық валюта қорынан қарыз ақша сұрап, жағдайымыз қиын болып тұр деген мәселеге келетін едік. Бұл қиындықты ұлттық қор белгілі бір дәрежеде білдірмей тұр. Ал біз қаншалықты ұлттық қордан ақша аудара береміз? Ұлттық қор да шегіне жетіп қалды. Ол  55 млрд доллар, жалпы ішкі өнімнің  33 пайызын құрап отыр. Ал енді ол 30 пайыз болса, шегі одан төмендесе, онда бірден жоғалуға қарай бет алады. Ұлттық қорымыздың түбі көрініп қалады. Сондықтан да ол келешек ұрпақ қоры болғандықтан, әрине оны ол шектен төмен түсіріп алмау керек. Қайта керісінше ұлғайту  жағын  қарастыру  керек.

Демек, «Қазақстан халқына» қорының құрылуының мағынасы, менің ойымша, біздегі олигархтар бар, капиталистер бар, солардың қаражат­тарын заңды түрде осы қорға аударту және соның негізінде белгілі бір көптеген шиеленісіп тұрған әлеуметтік мәселелерді шешу деп білемін. Егер де бұл қаражат тиімді жұмылдырылатын болса, арнайы сайт құрылып жатыр, сонда бәрі ашық түрде, яғни қанша қаржы түсті, қайда жұмсалды, қандай мәселені шешуге бағытталды, көлеміне дейін бәрі көрсетіліп тұратын болса, онда азаматтарымызда сенімділік пайда болады. Әрі бұл қордың  пайдасы да болады деп есептеймін.

«ХАЛЫҚ»: «Самұрық-Қазына» ұлттық байлықты еселей алды ма? Президент қайбір күні аталған қордың қызметіне де қатты сын айтты. Одан біраз адамның қызметтен кеткені белгілі. Әділін айтыңызшы, бізге ортақ мүддеден гөрі жеке бір тұлғалардың қалтасына жұмыс істейтін осы «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тәрізді құрылымдар қажет пе?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Менің позициям, «Самұ­рық-Қазына» осы уақытқа дейін өзінің функция­сын атқара алмады. Сондықтан да бұл ұйымды толығымен   трансформациялау  керек.  Өзгерту  керек, болмаса тарату керек. Бұл мәселені өте өзекті  деп  есептеймін. Қазір  сарапшылардың  арасында да көп талқы болып жатыр. «Самұрық-Қазына» басшылығы жұмысшыларының санын екі есеге  дейін  азайтып  жатыр.  Бірақ мәселе онымен шешілмейді ғой.  Жұмысшыларын екі есеге де­йін азайту деген сөз, ол кейін келген азаматтарды жұмыстан босатады да, бұрынғы негізгі өзегі сол күйі қалады. Мен ойлаймын, «Самұрық-Қазына», соның ішіндегі еншілес компаниялар бар, солардың ішіндегі дирек­торлар кеңесі деген сияқты керексіз ұйымдар бар, бәрін тарату керек. Бірінші кезекте басшыларынан бастау керек. Ал бұған дейін маңызды бір мәселе бар, ол – аудит мәселесі, толығымен тексеру. Бұл жерде бізде қаржы полициясы бар, халықаралық аудиторлық компаниялар тартылса, есеп комитетін жұмылдырсақ, осы «Самұрық-Қазынаның» қарамағындағы бүкіл компанияларды тексеріп шығу керек. Сол жерде бәрі айқындалады, ол жаққа бөлінген триллиондаған теңгелер қайда кетті, қайда жұмсалды, шетел асса, қалай асырылды, ол жерде кімдердің аттары тұр, кім жауапты, соған жауапты болған азаматтардың жасаған қателіктеріне байланысты жауапкершілікке тарту керек. Содан кейін ғана тиімді жұмыс істеп тұрған компанияларды қал­дырып, тиімсіз  жұмыс  істеп тұрғандарын жою керек. Ал тиімді жұмыс істеп түрғандарын нарықта  қымбатқа  жекеменшік секторға сату керек. Ал бұған дейінгі уақыттарда тиімді жұмыс істеп тұрған компанияларды жекешелендіру кезінде сататын, оны төмен бағамен сатып алатын негізінен өз адамдары болатын. Мұндай дүниелерге жол берілмеу керек деймін.

Тағы да маңызды бір мәселе, ешқандай пайда­сы жоқ жұмыс істеп тұрған еншілес компания­лар бар. Солардың өзінде сын көп, қаншама қаржы бөлінеді, бірақ та келтіретін еш пайдасы жоқ. Бірақ сол жерде жұмыс істейтін мамандардың табыс­тары  миллион, одан жоғары. Солардың  көбі – аспаннан парашютпен түскен, шенділердің бала­лары. Ал, шын мәнінде, шетелде «Болашақпен» оқып келген білікті мамандар ары кеткенде аға қызметкерге дейін ғана өседі, болды. Осындай «сценарийлерді» осы күнге дейін көріп келдік ғой. Бұл – әділетсіздік мәселесі. Бұл мәселеде де жол бермеу керек. Сондай компания­ларды толығымен жабу керек, ал тиімді компанияларды жекеменшікке жоғары бағамен өткізу жағын ойлас­тырған  жөн. Сонда мемлекеттің нарық­тағы үлесі азаяды. Сондай-ақ, стратегиялық маңызы бар монопо­лиялық компаниялар бар. Әлемдік тәжірибеге қарай­тын болсақ, мұндай компаниялар мемлекеттің меншігінде тұрады. Ол – теміржол, электр энергиясымен қамтамасыз ету, телекоммуникация саласы, стратегиялық маңызы бар компаниялар, бұларды жекеменшікке беруге болмайды. Ертеңгі  күні  олардың  қожайыны  Қытай мемлекеті, т.б. болып шықса, онда мүдделер қақтығысы болуы мүмкін. Ондай компаниялар мемлекеттің меншігінде қала берсін. Монополиялық болса да, оны мемлекеттің өзі реттейді. Бағаны қатты шарықтатып жатса, монополиялық комитет реттеп отырады. Ал басқа да компанияларды табысына қарай жеке секторға шығарып, сатқаны дұрыс деп есептеймін. Осындай өзгеріс­тер  болса, ел экономикасы үшін барынша пайдасын  тигізер  еді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да президенттің тапсырмаларында жиі аталып жүр. Сондықтан да, ол палата ретінде әлі де өз функция­сын атқарады, оның төңірегінде де сындар бар. Әрине, кейбір кәсіпкерлер «бізден салық, жарна жинайтын орган ретінде көрінеді, шын мәнінде біздің кейбір мәселелерді шешуге келгенде анау айтқандай үлес қоспайды» дегендей ойларын айтып жатады. Бұған енді уақыт – төреші. «Атамекеннің» де айтарлықтай кемшіліктері бар, гранттық мәселе болсын, бизнес тренерлерді да­йындау жағынан болсын. Бізде қазақтілді бизнес тренерлер жоқтың қасы, әсіресе оңтүстік өңірлерге барған кезде олардың жетіспеушілігі анық байқалады. Демек, ол жаққа барып, бизнес-жоспарды қалай құру керек, қаржылық есептемелерді қалай жасау керек, осы туралы айтар кезде орыс­тілді бизнес тренерлер өзінің ойын дұрыс жеткізе алмайды, ауылдағы қарапайым шаруаның бизнес-жоспар жасауында қиындық туындап жатады. Осындай мәселелерде әлі де жандандыратын жұмыстар бар деп ойлаймын. Дей тұрғанмен де, сырт көз ретінде байқап жүргенім, «Атамекеннің»  қосып жатқан үлесі де бар. Ол бірінші кезекте кәсіпкерлердің мүдделерін үкімет алдында қор­ғауда, әсіресе пандемия уақытында несиелерді шегеруге, жалдау  төлеміне (аренда) қатысты қолдау көрсетіп, мәселені шешу­де мұрындық болды. Карантиндік, уақыттық шектеулер, локдаун кезінде Ashyq бағдарламасын тауып бергені іскерлік белсенділіктің қалыпқа келуіне үлес қосты.

Палатаның тағы бір артықшылығы, қауымдас­тықтармен бірлесіп, кәсіпкерлердің, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес жоғары оқу орындарының рейтингісін жасап, білім бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыстар істеп жатыр. Бұл алдағы уақытта жоғары оқу орындары­ның сапалы кадр дайындаудағы проблемаларының шешілуіне жол ашады деп үміттенемін. Сондықтан да «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жалпы ролі бар деп білемін. Әрине, екінші мәселе бар, ол тура сол мемлекеттік құрылым сияқты болып, ертеңгі күні кәсіпкерлерден алым жинап отыратын тағы да бір салық жинаушы субъектіге айналып кетпей ме деген қауіп те бар. Оны жоққа шығармаймын, бәрін уақыт көрсетеді. Шын мәнінде қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін  ұйымға  айналып  жатса, онда оны да  айтып, үлкен мәселе ғып  көтеру  керек.

«ХАЛЫҚ»: Президент Үкіметке автонарықтағы келеңсіздікті тез арада шешуді тапсырды. Әсіресе, утилдік алым мәселесі, оның ішінде «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» (РОП) ЖШС-нің жұмысын шектеп, кәдеге жарату алымын жинақтау мен құзырет етумен шетелдегідей мемлекеттік ұйымның айналысуын міндеттеді. Қалай ойлайсыз, утилизациялық реформа бола ма, алдағы уақытта көлік бағасы арзандай ма?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Шынын айтқанда, «Опера­тор РОП» халықты тонаған үлкен ұйымға айнал­ған. Соның кесірінен біздегі жалпы қымбатшылыққа себеп болды. Әсіресе, ауылшаруашылық техникаларына салынған утилдік алымдар соңғы жылдары салаға қажетті техникаларды қымбаттатып, шаруалар жаңа техникаға қол жеткізе алмай жатты. Алғандары болса, сол шығынды жалпы өзінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосылған құн ретінде қосып, бағасын шарықтатқан жағдайы бар. Өйткені бізде утилдік алым өте жоғары, нәтижесінде азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдері қымбаттауының, жаңа көліктердің елімізге басқа мемлекеттермен салыс­тырғанда өте қымбат бағада келуінің негіз­гі себебін осы утилдік алымнан іздеуге болады. Қазір осы мәселе бойынша «Утилдік алымға жол жоқ!» деген топтың үкіметтің алдына қандай мәселе қойып жатқанын, сол топтағы азаматтардың біліктілігінің жоғары екенін, жай ғана талап емес, нақты ұсыныстармен өз ойларын, шешімдерін жеткізіп жатқанын көріп жүрміз. Менің ойым­ша, алдағы уақытта утилизациялық реформа болады. Ең бастысы, «Оператор РОП-тың» жеке компания құзыреттілігінен кетіп, утилдік алым мәселесін мемлекеттік құрылымға табыс­тауы да маңызды дүние. Алдағы уақытта осы утилдік алымның нақты пайыздық бекітілетін шамаларына қатты мән беру керек. Кеше ғана үкімет басшысы осыған байланысты белгілі бір дәрежеде төмендетілетін болады деп айтты. Әрине, ол әлі нақты белгісіз, 50 не 60 пайыз бола ма, нақты көрсеткішті көрген жоқпыз. Сондықтан да бірдеңе айту қиын, белгілі бір дәреже деген ұғымның өзі кең болып тұр. Бұл мәселе оң шешілуі керек және де қазірдің өзінде азаматтар автокөлік нарығында жаңасы емес, ескі көліктерін жаппай сата бастаған. Ұсыныс көбейіп жатыр, көлігін сатушы азаматтарға барып, саудаласқан кезде бағасын 1-1,5 миллион теңгеге дейін түсіру қадамға барып жатқанын көрдік. Демек, бағалар қазірдің өзінде түсе бастады, ал ертең осы утилдік алым бойынша нақты шешім шыққан кезде, яғни 70-80 пайызға дейін түсірілетін болса, сөз жоқ, жаңа көліктердің де бағасы төмендейтін болады.

ЖҰРТ   НЕСИЕСІН   ЖАБУ  ҮШІН   НЕСИЕ   АЛАДЫ

«ХАЛЫҚ»: Мәліметтерге сүйенсек,  2021 жылдың 10 айында қазақстандықтардың алған несиесі  9,93 трлн теңгені құраған. Оның 5,77 трлн теңгесі тұтынушылық мақсатта рәсімделген екен. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының көбінде несие бар екенін айғақтайды. Жалпы, халық неге несие алғыш, банктер ақша «таратқыш» болып кетті? Ал, президент пәрменімен Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуге кірісті. Аталған заң керек пе, ол қабылданса, несиеден құтылуға мүмкіндік бере ме?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Рас, иптотекалық, тұтынушылық несиелерін қосқанда, қазақстандықтардың несиесі 10 трлн теңгеге жетеғабыл. Бұл – өте үлкен сома. Мемлекеттің бір жылғы бюджеттік шығынының өзі 15 трлн теңгені құрайды. Сонда бұл бюджеттің үштен екі бөлігін құрап тұр ғой. Бұл жерде бірінші мәселе, бізде банктер несие «таратқыш», неге, өйткені Ұлттық банктің өзі алдына мақсат қояды. Неғұрлым халық көбірек несие алса, ол экономиканың қозғаушы күші болып табылады. Экономика өседі, яғни азаматтар несие алып, көбірек тауарлар сатып ала бастайды, ол ақша айналымының жылдамдығын арттырады. Компаниялар қайтадан өнім шығара бастайды, жаңа зауыт, фабрика салу керек болады, оған жұмысшы қажет болады. Әлемдік тәжірибеде несиелен­дірудің  экономикалық өсімге қолдау бере­тін  тұсы бар. Сондықтан да несиебастылықты мемлекет, нақты айтқанда Ұлттық банк өсіруге тырысады. Яғни, соған мүдделі. Енді бұл формула бізде жүрмейді. Неге? Себебі бізде халықтың табы­сы төмен. Бұл – бір. Екінші мәселе, несиенің пайызы жоғары. Бұл жағдайда халықты несиеге қатты батыру үлкен әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтырады. Қазіргі көріп отырғанымыздың бәрі соның айқын нәтижесі. Сондықтан да бұл жерде оны шешудің екі жолы бар. Бірінші, халықтың табы­сын арттыру керек. Екінші, несиенің пайызын  төмендету  керек.

Неге бізде несиенің пайызы жоғары? Себебі, инфляция  жоғары, ақша  тез құнсызданады. Осыдан 3 жыл бұрын 100 мың теңгеге алатын заттарды қазір ала алмайсыз, яғни оған 200 мың теңге керек. Демек, бізде  ақша тез құнсызданады. Мұндай кезең­де банктер ұзақмерзімді несиелендірілген кезде несиенің пайызын төмендетіп бере алмайды. Олар өзінің тәуекелін (риск. – ред.) есептеген кезде сол инфляцияның жоғарғы деңгейіне қарайды. Екінші себебі бар, ол халықтың арасында несие алып, кері қайтармаған азаматтардың, проб­лемалық несиелердің көп болып кетуі. Мұның өзіндік әсері бар, кейбір азаматтар әдейі несиені қайтармай қояды, немесе бауырына, досына алып берген, ол несиені өтемейді. Міне, осындай фактілер өте көп. Банктер біледі, өз есебінде несие алған әрбір 3 адамның 1-еуі несиес­ін қайтармайды деп шығарған, алдағы беретін несиесін де тәуекелге қосып есептейді. Яғни, «мына несиелерді тарқатамыз, соның үштен бір бөлігі қайтпайды, сондықтан да қайтпай қалған ақшаны сауатты түрде қайтарып жүрген азаматтардан алуымыз керек» деп санайды. Сөйтіп несиенің пайызын жоғары қояды. Мінеки, осы факторлар бізде реттелмей, жалпы несиенің пайы­зы да түсе қоймайды. Бұл мәселеге үлкен дәрежеде мән беру керек. Ал, халықтың жаппай несие алғыш болып кетуінің себебі, ол түсінікті. Негізгі жағдай азаматтарымыздың күнкөрісі төмен, алып жатқан табысы жеткіліксіз. Сондықтан да банктің қызметіне жүгініп, несие алады. Ол несиеге қарызын жабады, несиені жабу үшін тағы несие алады. Осындай «сценарийдің» өте көп болып кеткенін байқап жүрміз. Содан келіп өте көп әлеуметтік шиеленістер бар, банктер несие бермей қояды, сосын микроқаржылық ұйымдардан барып несие  алады, ломбардқа бар дүниесін кепілге қояды. Сөйтіп азаматтар әбден қарыздың шырмауына ілінеді.

Енді мұндай жағдайдың бәрін шешудің жолы, әрине, ол – банкроттық туралы заң. Ол туралы айтып жүргелі ондаған жыл өтті. Соңғы 4-5 жылдан бері жиі көтеріліп жүр. Бұл заң жобасы ретінде көтеріледі, бірақ кері қайтады. Арнайы лоббистік топтар бар. Егер банкроттық туралы заң қабылданса, жеке тұлғаларды банкрот деп танып, қарыз­дары кешіріле бастайды. Ондай жағдайда, әрине, бірінші кезекте банктер, коллекторлық компа­ниялар, сақтандыру компаниялары зардап шегеді. Міне, осы институттар көбіне мүдделі топ болды, енді олар  табысынан айырыл­ғалы тұр. Бірақ мұның халық үшін пайдалы тұсы бар, кімнің қарызы бар, солар осы банкроттық арқылы өз қарызын кешіре алады. Банкроттық туралы заңның бір артықшылығы азаматтардың жалғыз баспанасы болса, оған тимеуге, өзінде қалдыруға мүмкіндік беру жағы шығар деп ойлай­мын. Екінші мәселе, азаматтарды банкрот деп тануға келгенде сотқа дейін де ол мәселені шешуге болады, яғни жеке тұлғалардың сотқа дейін де өздерін банкротпын деп жариялауына мүмкіндіктері бар. Оның егер де банктер, микроқаржылық ұйымдардың алдында 300 мың теңгеге дейін қарызы болса, бірақ бұл бір жылдың көлемінде өтелмесе, ол азаматтың төлем мүмкіндігі, сатып орнын толтыра алатын өзге мүлкі болмаса, ол азамат өзін банкротпын деп жариялай алады. Және 5 миллион теңгеге дейін қарызы бар азаматтар 6 айдан асып несиесін өтей алмаса, олардың да өздерін банкротпын деп ұсынуына мүмкіндігі бар. Қайтарылмаған несиелеріне 5 жылдан асып кеткен азаматтардың несиесін кешіру, сотқа жеткіз­бей шешу мәселелері қарастырылады. Ал 5 миллион теңгеден жоғары сомадағы қаражаттар болса, ол сот арқылы жүреді. Онда да бір мәселе бар, ол азаматтардың қандай мүліктері бар, мәселен, көлігі болса, соны сатып, қарызын жабуға болады ғой. Егер де миллиондаған қарызы бар, бірақ қосымша жер телімі, пәтерін бауырларына сыйға беріп не солардың атына тіркеп, «менде ешқандай мүлік жоқ, жалғыз баспанамен отырмын, мені банкрот деп таны» деп алаяқтық жасаса, керісінше оларға айыппұл салып, жазалайтын болады. Шын мәнінде, қиын жағдайға тап болған азаматтарға осындай заң нормасы жүреді. Тағы да бес жылға дейін уақыт беріледі, сол аралықта азаматтар өзінің материал­дық жағдайын қалыпқа келтіре алса, онда қайтып  сол қарызын төлейді. Ал бес жылдың ішінде сол күйі қарыздың шырмауынан  шыға алмай, қиын жағдайда жүре берсе, онда ол несие қарызы кешіріледі. Осындай мүмкіндіктер де  қарастырылған. Демек, бір ай кешіктіру болған кезде-ақ банктер хабарласып ескертіп жатады, ал 90 күннен асып кетсе, коллекторларға өтіп кетсе, сот орындаушылары мазалай береді. Осындай бір қиындықтардан азаматтарды 5 жылға дейін босатады. Былай қарағанда, бұл заңның аясында азаматтарды қорғау деп түсінемін. Бұдан көп жағдайда халық ұтады деп ойлаймын, ал екінші жағы бар, шетелге шығуға, қайтадан несие алуға 5 жылға дейін тыйым салынады. Одан кейін жағдайы жақсарса, қайта несие алуына болады. Тура сондай жағдайда қайтадан өзін банкротпын деп жариялауға құқы бар, бірақ ол 7 жылдан кейін болуы керек. Бұл әлі ұсыныс күйінде, заң қабылданған жоқ. Бірақ бұл ұсыныстардың бәрі қабылданатын болса, меніңше белгілі дәрежеде азаматтардың құқы қорғалады деп ойлаймын. Иә, бұл жерде бірінші кезекте банктер, микроқаржылық ұйымдар зардап шегеді. Ондай азаматтардың несиесін кешіруге мүмкіндік жасай беретін болса, олар да ертең кім көрінгенге несие беруді доғарады. Тек сенімді жағдайда ғана несие  беретін  болады.

«ХАЛЫҚ»: Бір сөзіңізде «мен экономист ретінде несие алуға кеңес бермеймін, бірінші кезекте тұтынушылық несиеге жоламаңыздар» депсіз. Неге? Халық қаншалықты қаржылық сауатты деп ойлайсыз?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Иә, мен экономист-сарап­шы ретінде несие алмауға кеңес беремін. Әсіресе, тұтынушылық несиені пайдаланудың еш қажеті жоқ. Қазақстанда несие алуға мүлдем болмайды деп айтуға негіз бар. Өйткені, ондай несиенің пайызы жоғары, жоғары пайызбен несиені ала беретін болса, азаматтар қиын жағдайға тап болады. Жай ғана 1 млн теңге несие алған күннің өзінде оны 50 мыңдап бір жыл төлегеннен кейін қарасаңыз да, әлі де 900 мыңдай теңге қаржының тұрғанын көресіз. Сосын ойлайсыз, «бір жыл бойы төлеп жүрмін, әлі 900 мың теңге қарызбын ба?» деп. Өйткені, бұл жерде ануитеттік  форма дейді, көбінесе азаматтар банктермен келісімшарт әзірлеген кезде кестені солай жасап береді. Бірінші кезекте сіз пайыздарын төлейсіз, сосын барып негізгі қарыздар төленеді. Көп жағдайда кестелерді қарап жүрмін, бәрібір де көп бөлігі пайыздарды төлеуге кететінін байқаймын. Мысалы, айына 50 мың төлесеңіз, соның 45 мыңы пайызға кетеді, 5 мың теңге ғана негізгі қарызды жабады. Осындай жағдайлар көбіне азаматтарды ашуландырады. Мысалы, сіз бір жылдан кейін ақшалы болып, осы несиемді жауып тастайыншы деп барсаңыз, әлі де сол 900 мың теңгенің маңайында қарыз тұрады. Содан «бір жыл бойы төлеп жүрмін, неге азаймайды?» деп ойлайсыз. Ал тең бөліп төлеу немесе дифференциалды форма бар, азаматтар оны көбіне таңдамайды, ол жерде төлем кестесі ай сайын өзгеріп отырады. Мысалы, 1 млн теңге алған болсаңыз, бірінші төлеміңіз 65 мың теңгенің төңірегінде болады да, әр төлем сайын ол мың теңгеге азайып отырады. Азаматтар оны тиімсіз деп табады, өйткені әр кезекте қанша төлейтінімді білмеймін, ұмытып қаламын, кес­тені іздеп жүруім керек болады деген ойға келеді. Бірақ та ол әлдеқайда тиімді. Тең бөліп төлеу деген атау­дың  өзі де төлеген ақшаңыздың тең жартысы негі­зі қарызды жабуға жұмсалады. Бір жылдан кейін сол несиеңізді жауып тастау­ға барсаңыз, 600 мың теңгенің көлемінде негізгі қарыз қалады. Тиімді ме? Әлдеқайда тиімді. Ұзақмерзімді пайыз­дардың өзін 3 жылдың ішінде жауып тастағанның өзінде тең бөліп төлеуде әлде­қайда азырақ ақша төлейсіз. Осы мәселелерде халық қаржылық сауатты болса екен дейсің. Банктегі қаржы менеджерлерінің өзі ол туралы айтпайды. Негізі шарттарды айтуға міндетті. Бәрі айта бермейді, айтатындары өте аз. Келісімшартқа қол қойып жатқан кезде қай төлемнің түрін өзіңіз таңдауыңыз керек, бірақ олар автоматты түрде белгіні ануитеттік форма дегенге қойып қояды. Сіз ол пункттен өтіп кетесіз де. Сосын тұтынушы өз еркімен осы форманы таңдады деп, ары қарай рәсімдей береді. Мінеки, осындай мәселелерде азаматтар барынша қаржылық сауатты болғаны керек. Бізде қаржылық сауаттылық орташа деп айтамын. Мүлдем нашар деп те айтпаймын, өйт­кені халық онсызда біртіндеп қаржылық сауатты болып келеді. Өткендегі девальвациялар халықты еріксіз түрде соққы терапиясы сияқты қаржылық сауатты болуға мәжбүрледі. Менің ойымша, мемлекет тарапынан қаржылық сауаттылық бағдарламасы болуы керек. Ондай бағдарлама бар, бірақ ұлттық банктің аясында, мен оның айтарлықтай нәтижесін көріп отырған жоқпын. Қайта керісінше мемлекет еркін айналымға өту, девальвация жасау арқылы жұртты есеңгіретіп, қаржылық сауат­тылығын  арттырып жатыр. Негізі олай жүзе­ге аспауы керек, кәдімгідей жүйелі түрде жүзе­ге асуы керек. Мысалы, Малайзияда тұтастай халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың ұлттық бағдарламасы бар. Ұлттық бағдарлама мемлекеттік дәрежеде қабылданған. Қаржылық сауаттылық солай жүруі керек. Ең алдымен мектеп­те бастауыш сыныптан бастап үйретуге бола­ды, қазір Гарвардтың   ғалымдары  балаларға  7 жастан бастап  қаржылық ақпараттарды айта беру­ге  бола­тынын  дәлелдеп отыр. Демек, бізде 3-4-сыныптан бастап-ақ  «Қаржылық  әліппе»  деген пән енгізуге болады. Одан жоғары сынып­тарда экономика, микро, макро экономиканы оқыта беруге болады. Мысалы, «Іскерлік», «Кәсіпкерлік негіздері» деген пәндерді оқытсақ, балалардың өзі мектепті бітіргенде-ақ қаржылық сауатты болып шығады. Одан кейін арнайы бағдарламалар болса, өзім «Әмиян» деген бағдарламада сарапшы болып қатыстым, екі маусым түсірілді, керек бағдар­лама деп ойлаймын. Сол жерде алғашында 12-13 жастағы балалар таңдалу керек болған, екінші маусымында 9 жастағы балалар қатысты. Сол балаларға қарап «жас балалар қаржылық сауаттылықты қалай игереді екен?» деп уайымдадым, бірақ олар оп-оңай игеріп кетті. Кәдімгідей барып дүкеннен затты сатып алып жатқанда сату­шыдан «маған түбіртекті беріңіз, ол – менің тұтынушылық құқым» деп айтып тұрды. Мәз болдық. Сондықтан да осындай бағдарламалар болуы керек. Бұл енді балаларға арналған, ал халықтың тұтастай қаржылық сауаттылығын арттыруға байланысты Ұлттық банк тарапынан fingramota.kz сайты бар, бірақ оны көп адам білмейді. Неге? Өйткені ол жерде беріліп жатқан ақпараттар әлі де жұтаң, қызығушылық тудыратындай дәрежеде емес. Оның үстіне алдыңғы жылдары қазақтілді ақпараттар тура орыс тілінен аударылып қоя салғаны көрініп тұратын. Қаржылық сауаттылық дегенде бізде бірінші кезекте қазақтілді ауди­тория қатты зардап шегіп отыр. Сондықтан ауылдағы қаракөздердің қаржылық сауаттылығын арттыруға байланысты арнайы бағдарламалар керек. Және fingramota.kz деп бұрынғы платформаның негізінде жүргізілгені де дұрыс деп ойлаймын, қазір қаржылық алаяқтар көп, азаматтарды алдап кететін түрлі сайттар бар. Өзгенің жетегінде кетпеуі, халық алданып қалмауы, шетелге қолындағы бар ақшасын аударып жібермеуі үшін арнайы мемлекеттік түрде сенімді көздермен түсіндіру  жұмыстары  жүргізілуі  керек.

«ХАЛЫҚ»: Кейбір қоғамдық белсенділер несие кешірілсін деп қол жинап, үн қатып жүр ғой. Бұған не айтасыз?

Мақсат  ХАЛЫҚ:  Иә, сондай талаптар бар, мәселе көтеріп жүрген қоғамдық белсенділерді білемін. Мен ойлаймын, бұл жерде популизм. Егер солай несие кешірілген күннің өзінде бүкіл халықтың 10 трлн теңгесін кешірсек, ол жақсылыққа әкелмейді. Ол қоғамдық ауызбіршілікті, келісімді бұзады. Өйткені, бұған дейін де несиесін сауатты төлеген, ипотекалық қарызын 10 жыл бойы өтеген азаматтар бар, оларды бір ерігіп, қуа­нып жүріп төледі дейсіз бе? Шындап келгенде, қиналып, бірді бірге жалғап, «уһ» деп жеңілдеп отырғандар бар. Егер де қоғамның тұтастай несиесі кешірілсе, бұл азаматтар да арыз-шағымын айтады ғой. Бұл жаппай сипат ала қоймайды. Кешірілген күннің өзінде әлеуметтік осал топ, көпбалалы аналар таңдалуы мүмкін. Оны пандемияның алғашқы жылы азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі жабылған кезде көрдік. Көп наразылық болды, «анау отбасында 4 бала бар, менде 3 бала бар, жағдайымыз бірдей, неге мені кешірмейді» дегендей. Бұл қоғамдық шиеленіске әкеледі. Тағы бір мәселе, несие кешірілгеннен кейін келесі күні-ақ қайта несие алғандар бар. Әрине, көптің бәріне топырақ шашпаймын. Былай қарағанда, 10 трлн теңге – мемлекеттік бюджет шығындарының үштен екі бөлігі. Егер мемлекет бюджетте тұрған қаржысының 10 трлн теңгесін сол жаққа жұмсаса, онда мемлекеттік басқа міндеттемелері қайда қалады? Қорғаныс, қауіпсіздік, білім, денсаулық мәселесі, мәде­ниет саласы, бәрі қаржыландырусыз қалады ғой. Оның үстіне басқа да маңызды стратегиялық салалар бар. Міне, осындай үлкен қиындықтар бар. Жалпы нарықтың заңдарында ондай болмауы керек, көбінесе маған Грузияны мысалға келтіріп айтады. «Грузия несиені кешірді ғой, неге біз солғұрлы жоқпыз ба?» деп. Бірақ, өз басым Грузияны зерттеп көрдім, ол жерде теңгеге шаққанда шамамен 500 млрд теңгенің көлемінде ақшамен кешірім жасалынған. Ол 500 млрд теңге деген сөз біздегі 10 трлн теңгемен салыстыруға келмейді ғой. Ал бізде екі жыл бұрын несиелер кешірілді, ол шамамен 200 млрд теңгедей болды. Біз де екі жыл бұрын тәп-тәуір кешірім жасап­пыз ғой. Бірақ ол неге алып келді? Оның өзі жақсы­лыққа  әкелген  жоқ, азаматтарымыз тағы да несие кешірілсін, бәрін кешірсін деген мәселеге келеді. Сондықтан да нарықтың өз заңдары, талаптары болуы керек. Егер несие кешіру мәселесі қойы­латын болса, мен үкімет кешірсін деген сөзге түбегейлі қарсымын. Өйткені мемлекеттік бюджет – халықтың салықтан жинаған қаражаты, ол ұсыныс дұрыс емес деп ойлаймын. Былай қара­ғанда, 10 трлн теңгенің ішінде бүкіл халықтың тұтынушылық несиесінің барлығы қиналғаннан алған деп айту қиын, тұрмыстық техника, қымбат ұялы телефон, тойға алғандар бар. Ертеңгі күні көптеген  келіспеушілікке жолығамыз. Тіпті несиені кешіру керек болса, неге онда банктер кешірмейді деген мәселе туындайды. Осы мәселелерді қарай келе, мен бір шешімге келіп отырмын,  жоғарыда  айтылған  банкроттық туралы  заң – ең қолайлы, заңды жолы. Сонда азаматтар шын мәнінде өмірдің қиындығына тап келіп, қиналып тұрса, табысынан, асыраушысынан айырылып жатқан болса, неге ондай несиелерді банкроттық жария­лау арқылы кешіруге болмайды? Болады! Сол кезде банктердің өзі-ақ шығынға ұшырайды, мен банктерді қорғап тұрған жоқпын, халықтың мүддесі үшін бұл заңның қабылданғаны дұрыс деп есептеймін.

Сұхбаттасқан 

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ

(Басы 1-бетте. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: