Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАҢ (Молдахмет Қаназ шығармалары)

03.02.2022, 10:20 708

Белгілі жазушы Молдахмет Қаназ Арал ауданы, Бекбауыл стансасында дүниеге келген. Шымкент педагогика институтының филология факультетін тамамдаған. Әңгіме, повестері, ертегілері мен мақалалары республикамызда көптеген жинақтарға енген, түрлі атпен кітаптары жарық көрген. Әсіресе, ғұмыр бойы Хиуа, Қоқан басқыншыларына қарсы күресумен өткен, 1856-1857 жылдары Сыр бойы шаруаларының патша үкіметіне қарсы көтерілісінің басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы «Кек» атты үш актілі тарихи драма, бірнеше танымдық, проблемалық зерттеу мақалалары, «Ел қорғаны ер Жәкем», «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» жинақтары оқырманға танымал. «Чика – Дабылдың баласы», «Жер кіндігі» повестері жасөспірімдер мен балаларға арналған үздік шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алған. Қарымды қаламгер 1992 жылдан «Денсаулық» журналында бөлім меңгерушісі, 1993 жылдан осы журналдың бас редакторы. 1975 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының, 1996 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш», Ғабдол Сланов атындағы сыйлықтардың лауреаты. Ол Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Жерлесіміз 23 ақпан күні мерейлі 80 жасқа толады. Біз бүгін Молдахмет Қаназдың бір топ қысқа әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ТАҢ

Алқапты бозғылт тұман басқан. Әудем жерге дейін салбырап келген етегі жұқара іріп, төрт құбыласы түгел бәйбішедей мамыражай жайбарақат іркіліп жатыр. Ағаштар әлде түнгі шыққа, әлде тұманның дымына малына шомылып қалған екен: жапырақтардан мөлдір моншақ тамшылар баяу тырс-тырс үзіледі. Маужыраған дымқыл тыныштық… Жалғыз көкек алыстағы сыңарын жағы сембестен үзіле  шақырып  отыр.

– Кө…көк! Кө…көк!

Жеті қырдың астынан, бәлкім, сыңары, бәлкім, бақталас жерлесі: «Бұл  жақта  біз де бармыз», – деп жауап қатқан дауысы еміс-еміс жетеді. Қолсозым жердегі шыршалардың арасында қонақтап отырған мынау, шамасы, соны малданатын болар, отырған орнынан тапжылмаған күйі сәл тыныстап алады да, бірқалыпты сабырлы баппенен қайта көкектей жөнеледі.

– Кө…көк! Кө…көк!

Түссе табиғаттың еңсесі түскен болар, тау шымшықтарына бәрібір, шаттана шықылықтап бір-бірінен көңілді  хабар  алысады. Сондағы бар айтатындары:

– Күн жақын! Көрдіңдер ме, әне! Жарық дүние бар болғаны мына қыр­дың астында тұр! Таң атып келеді! Жарандар-ау, анау себезгілеп атып келе жатқан – таң! Ояныңдар! Бәрің  де  тұрыңдар!

Жауын құрты да тіршілік қамына аттанды: тастың үстінде созылып жиырылып тек өзі ғана білетін оты-суы мол жайсаң өрісіне маңып ба­рады.

Жеті қырдың астындағы орманшының үйі жақтан кешігіп қалған қораздың таң аттылап, үсті-үстіне қарлыға шақырған дауысы да суға малшынған  дүниенің  арасынан  бізге құмыға  жетеді.

Жұмыла кіріскені соншалық, бұлар  таңды  атырмай  қоймас  та…

ТЫНЫШТЫҚ

Аңсай-аңсай жеткен тыныштық десейші…

Әншейінде, аласапыран ғұмыр­дың алмағайып та асау ағысында болжам­дап біле алмайтын, әй­теуір, тасып-төгіліп жатқан ыстық өміріңнің қаймағы – оттан әзір ғана алып қойған қазанның деміндей – көңілің әлдеқандай сабыр тауып, суып басылған кезде, «үп» еткен лептен үркектеп, кілегейленіп дірілдеп тұрары бар. Сөйтіп, ілкіде бір өзіңмен өзің оңаша қалып, кіле­гейленіп алу үшін де көңіл шіркінің тыныштық аңсайды. Кәдуіл­гі сабыр­лы тыныштықты қатты шөліркеп, өлермендене сағынады екен. Аз ғана мүлгіген сәттің сабырын осылай бар көңіліңмен, жан дү­ниеңмен аңсай күтетін кезің болады, шіркін. Сол бір сәтті пайдаланып, әрқашанда «әттеген-айлары» көңіліңді басып тұратын кешегі, одан да бұрынғы, алдындағы әрекет-істеріңнің дұрыс-бұрысын барлап, шамаң жеткенше таразылап нобай­ларсың. Келешегіңе ой құрығын салып көрерсің. Сонда әманда тақтайдай бола бермейтін кедір-бұдыр, сол олпы-солпы қалпымен жылыстап жылжи берер тіршіліктің, әйтеуір, бір оқпанын аңдап қаларсың. Көңілің толмас сондай-сондай сәттерді ақыл безбеніне салып, енді дәурені өткен соң келер-кетерінде титімдей де па­йда-зияны болмас пейілмен бейжай таразылайсың. Соның өзі – адамның адамшылығына, келер күніңе, мүлде болмағанда, «сап-сап, көңілім, сап көңіліме» ине жасуындай пайдасы тиер деген үміт. Әншейіндегі жан екпін – ақылдың шаруасы емес, тірші­лік ағысының ессіз қарекеті, әдетте.

Тыныштықта бар сезім-түйсіктерің  бұрынғысынан  әлдеқайда  сергек сезініп, өткен-кеткенді байып­тырақ таразыламақ тиіс шығар. Сонда біткенге – қанағат, қалғанға – береке деп, өзіңе-өзің сабырдың суын себерсің, себерсің де тіршіліктің титімдей мәніне қанағат етерсің, алдағы күннен  уыз  үміт  дәме  етерсің.

Сонан  кейінгі  бір  олжалы  түйі­нің – осы мөлдірей тұнған тыныштыққа іркілген ой мен сезім тоғысы – мамыражай тәтті жайма-шуақ сәттің қаймағын әлдебір жаны сергек пенденің сезім-түйсігіне әсер етерліктей солай етер-ау деген дәмемен суретке түйсең, одан артық жау шабар ма едің? Сондайда адамшылық  борышыңның  қылау­дай бір салмағынан арылып, арпа қауызындай болса да жеңілдемес пе екенсің.

У  да шудан әрең оңашаланған пенде болған соң, Алатаудың бөктеріндегі бөлмемізде жалғыз­дан-жалғыз жатып, осылай-осылай ойлы-қырлы ой кешеміз, баяғы. Осы бір азғантай ғана тәтті тыныштықты қаншама арпалыспен сатып алғандығыңды есіттіріп айтсаң, жұрт жылайман  дейді. Жан баласы есітпесін, сезбесін, ептеп басып келе ғой, тыныштығым. Әлдеқашан ойға алып, күтіп, сені маңыма жолата алмай, «анау тіршілік, мынау іспен» сүйре­тіліп жеткен жерім осы еді. Аңсап, өзіңді қатты аңсап келгенмін. Осыбір азғантай сүйкімді тыныштықтың берекесін берсе, бар мәзірге қанағат тұтпасқа бізде амал кәне, шүкіршілік етпеске  ырқың  бар  ма?

Сөйтіп жұбаныш тапқысы келе­тін қомағай көзі құрымағыр шексіз, ылғи да тыныш кеңістікті өлермендене  тіміскілейді.

Күнұзақ аспан ашық, шақы­райып тұрған. Кіммен қағаздасқанын қайдам, жігіттер түстен кейін жауын, жауын ғана емес, нөсер болады деп отырған-ды. Соларға ерегісіп кешке дейін күн шақырайып тұрды. Кешқұрым ақ бөрікті Алатау­дың басы­на бала қыздай жеп-жеңіл ұлпа тұман үйірілген. Сол ұшпа бұлт біз­дің иек астымыздағы көк бұйрат тау сілемдерінен асып, әріректе, биікте маңғаздана байпаңдап жүрген еді. Кенет аспан шаңытып, бірте-бірте назарын сұлық түсіре берді. Мау­жыраған тыныштық ғайыпқа жоғалып, жел, нағыз өкпек тентек жел аяқ астынан жын көтергендей етегін сілкілеп аласұрып кимелеп берді. Шатыр­дың асты уілдей жөнелді. Есірік дауыл бөлмемізге әй де жоқ, шәй де жоқ, өңмендей кіріп келді де, тасыр да тұсыр асыр сала жөнелді. Есіктер сарт та сұрт ашылып-жабылды. Айнала түнере түсті. Көк сілемнің ұшар басынан әрі ақ сілем, бұлтсыз аспанның таңы жарқырайды. Соған қарағанда бұл ойран тек осы ойпатта. Тыныштықтың  ұйыған берекесі қатты үркіп, бүкеңдеп бет алды құла түз қаңғырып кетті. Жүректі әбден шайлықтырып біткен кәдуілгі мазасыз  тірлік  басталды.

Көрші бөлмедегі тісін темекінің ысы басқан ағай рұқсатсыз келіп, алдымен столда жатқан газетке үңілді де, сенің ішкі дүниеңнің не аңсап отырғандығына жібергені бар ма, самбырлап бүгін түсте тіскебасар ештеңесі жоқ сылдыр сорпа бергенін тәптіштей  бастады. Сол-ақ екен тыныш­тығым  есіктің сыртынан бір теуіп,  сүмеңдеп  жөнеле  берді.

Күндердің-күні тағы оралып, жұбатып кетерсің, соншалық аңсап табыс­қан  сүйкімдім. Көрдің ғой, біз тәрізді  пақырыңды  ұмытпағайсың. Әзірге…

ТҰМАНДАР  ОЙЫНЫ

Алатау деген ғажапқа қай кезде болмасын назар салсаң болды көз сұғыңды сорарлық, асқақ өрлік пе, беймәлім мұң ба, балаң ынтызарлық па таңқала емінерлік, әйтеуір, бір жұмбақ құпия тауып алатыныңды айтсайшы. Бір қарағанда бірнеше миллиард жасаған кейуанаға да, енді бір қарағанда мың да бір гүлі ашылмаған үлбіреген балаң қызға да ұқсайтынын қайтерсің. Жарықтығым талай-талай сезім мен ойға жетелейді-ау. Өзі  асқақ, өзі  жұмбақ.

Бозала таңнан тұрдым да кәдуілгі бірінші шаруам – үйездеген орындарынан іңір қараңғысында буындары сықырлап енді ғана көтеріліп, құйрықтарын шапаттап өріске қарай маңып бара жатқан аталы-балалы түйелерден аумайтын маңғаз тауға қарадым. Бір өкініштісі, көзге шағын ғана бөлігі шалынатындығы. Күндегі арманым – әлдеқандай аспалы бесік болса деймін баяғы, соған мініп алсам деймін баяғы. Мініп алып, тау қойнауларының түкпір-түкпірін қалдырмай жалғыз инеңді түсіріп алғандай асықпай да үсікпей жағалай тінтіп шықсам, шіркін, сонда не қилы ғажапқа, талай-талай жұмбаққа кенелер едім-ау деп қиялдаймын баяғы. Ішін борщ тесіп жатқан пақырға ондай рақатты кім берсін? Қиялдаймыз да. Қиялдауға болмай ма, немене? Дегенмен жанарыңа сия­тын осы бір ауқымның өзі де сені біраз жерге апарып салады. Ал, бүгін сол тауың ұзатылатын қыздай көрінеу-көзге мың құбылып, ғажап тіршілік кешіп жатыпты. Соған қуанып, стол басындағы кезекті шаруаның бәрін тастап, енді не істер екен деп селт етпей қадалдым да тұрдым.

Алдымен анау жоғарыдағы қуыс қолатқа шөккен кебеже үстіндегі жүктей буылтық-буылтық буалдыр бұлтты, онан  бергі  етектегі  кесек-кесек шашыраған жапырақ­тарын көр­дім. Жапырақтар аңғар-аңғарға бөлініп алып, тершіп кеткен жақпар тастардың бауырын ба, көктен түсіп қалған үшкір ұшталған қалам­сап тәрізді самсаған шыршаларды ма былқ етпестен мамыра­жай сорпылдата еміп тұрды. Боза­ла қоша­қанға да ұқсай салатын сол бұлттардың құйрықтары болса, енесін емірене иіткеніне  разы балақан сол құйрық­тарын  селтеңдетіп  қағып-қағып тас­тар еді да. Ал, таудың арғы бетінен қылаң  берген  саржалқын шапақ де­геніңіз енді  ғана бірте-бірте бой алып  жер-жаһанды  оятып  келе  жатар.

Сәлден соң бергі етектен де жеңіл бу көтеріліп, көрінеу-көзге бірімен-бірі жарысып шоғырлана келе тұманға айналып, әлгі туыстарымен айқара табысып тұтаса бергені. Тұтаса-тұтаса келе айналаны түгел қамтып, молынан жапты: еміс-еміс алабажақ көрініп тұрған бозамық шыңдарды да, таяқ тастам жердегі сидам алма ағашын да. Дүние қоймалжың сүтке айналды. Көк те, жер де. Бір қызығы, лезде, әні-міні деген­ше  сөйтті  де  шықты.

«Шаруа осымен бітті. Енді қызығар­лық түк те жоқ. Түске дейін ашыла қоймассың» деген байлам­ға келдім. Беті-қолымды шайып бола сала тағатым болмай балконның  ашық  тұрған есігінен қарасам, сеней­ін бе, сенбейін бе, дүние шайдай  ашылып кетіпті. Асқақ Алатаудың сілемдерінен бастап, екі қолында бөтелке толы кір-кір екі дорба, өкше­сімен тасжолды тырналап келе жатқан  қаба  сақалды  мұжықтың   көгіс  тартқан  мұрнына  дейін  ап-аны­қ  көрініп  тұр. Таңданбасқа бола ма енді. Бұл шаруаны қиян асудың ұшар басынан қылт ете қалған күннің сынығы ма, лекіп соға бастаған таудың салқын самалы ма, қайсысы әп-сәтте тындырғанын біле алмай аңтарылдым. Әлдеқандай қуаныштан жүрегім дүрсілдей жөнелгенін де жазар болсам, жұрт сенер ме екен, сенбес пе екен. Әй, жазбай-ақ  қояйын.  Қайдан  сенсін.

Сөйтіп, ауызымды ашып аңтары­лып тұрғанымда қала жақтан мың, әлде, мыңжарым құшақ, бәлкім онан да қомақты шығар, көк тұман өрге қарай лекітіп келе жатты. Зор әрі екпінді. Ал жоғарыдан жартас тақылеттес тұтас сұйықтау тұман бұны көрді де, байға баяғыда тиген бәйбіше тәрізді маңғаз жылыстап төмен түсе берді. Келді де тап менің көз алдымда бесінші автобустың қала жақ бетіндегі аялдамасын баса-көктей екеуара араласып қойындаса кет­кендері. Бұлар әнеубір жылы, әнеу­бір қараторы балаң қыздың, әнеубір іссапардан қайтқанымда қарамды көре  сала  құшағын  жая  ұмтылғанын еске  айнытпай   салғанын  қарашы. О, тоба! Қуанғанымнан, бәлкім, сол балалық пәк сезімді сағынғандығымнан болар, аяқкиімімді  іле  салдым да  төмен қарай  құлдырай  жөнелдім. Жалаңаш тәнімді салқын дымқыл өпті. Тау да, тұман да, мен де  бәріміз  тұтасып  сала  бердік…

Бір таңқаларлығы, осы оқиға, оллахи, бар болғаны бас-аяғы сүт пісірім ғана уақытта бола салды. Сөйтіп, біте салды. Ғұмыр сияқты өтті де кетті, шіркін…

КЕСІР  ҚАЛАМСАП

Ұзақ уақыт ыңырана жүріп, көңіліңдегі бір өзіңе ғана мәлім бытықы да шытықы көп арпалыстарды тербеп, шайқап, екшеп келіп, болашағы әлі де алмағайып жазу деген толғақтың күйі келгенде сол қасиет­ті сапарға мінетін жалғыз жорғаң қаламсап емес пе. Қаламың дер кезінде жорғасынан жаңылып қалды екен, ойда жоқта көлігіңмен бірге орға омақаса  құлағандай  күй  кеше­ді  екенсің. Тас төбеңнен күрзімен соққандай есеңгіреп, есеңгірегендіктен де соныңа қатты күйініп, ұрынарға қара таппай қарманып қалаты­ның бар. Құр-құрлап әрең-әрең құрық салған сана мен жүректегі екі асауың – ақыл мен сезім, жоға, сезім мен ақыл атты – жорғаға мінгенде ғана тайпалып жөнеле берер-ді әдетте. Өйтпеген жағдайда біресе жүгенің үзіліп, біресе тартпаң босап, бір түсіп, бір мініп келе жатқан тоқпақ жүрісті кежір атты жолаушы тәрізді, ой, ит мініп, ирек қамшылайсың-ау. Бұл, әрине, қаламнан нәпақа  татқандар ғана  білетін кәсіби сыр.  Сондай  бір  жайт…

Әне..еу күні осыншалық әжетімді өтер-ау деген тәтті үмітпен аламан бәйгеге қоспаққа арнайы бір қалам­сап күйттеп, жолдастыққа сонымды ғана алып шыққам-ды. Бұл, шіркін, көбейіп кетсе ой да бөлінеді. Көпті ынты-шынтыңмен сүйе де алмайсың. Құралайға тапсырып, жеке дайын­датып жаңа өзекке өзіме бұрынғы біздей жіңішке міңгі ұштықты кигіздіріп, жау алмастай мықтап қаруланып-ақ алғам. Түртіп көргенімде жүгіріп жазып тұрды. Рас, желкелегенді ұнатып, көмес­кі­леу түсетіні бар-тын. Бірақ бұл шіркіннің жүре, жаза келе жорғалап кететін­дігіне  шын  ығыланып  ем.

Сөйтсем, найсабың үшінші, төртінші күні, тіпті одан кейін де сонысынан – кербез құдағишылап сол сыздықтауынан таймай қойғаны. Мүлде  иімейді  найсабың.  Кежір  аттай көткеншектеп қамшылап отыр­ғанды ұнатады. Бұнысы, әрине, таза сатқындық. Өйткені, мен жеке осыны мәпелеп, арнайы дайындап, сан қаламсаптың ішінен өзін ғана ұнатып, қалап алып шықтым ғой. Сонда жолаушы сапарға сеніп мініп шыққан атын кежір екен деп жолай тастап кете бер ме?.. Кежір ат иесін айдалаға қалдырып кете бере ме? Енді  қитықпай  көрші.

Осы егесім шаруама кесірін тигізердей-ақ тигізіп отырғанын білсем де, сатқын қаламсаптың ыңғайына бейімделіп деуге болмас, жол орта­сында  жолдасқа  опасыздық жаса­ғым келмей, кесір немені тастамай-ақ  қойдым.

Сонда әнебір жылы… шығарма­шылық үйдің абыройы төгілмей тұрған кездегі Сайымжан ағайымның жосылтып бір жорта беретін бөренедей ағаш қаламсабы ойыма түсіп… ішімнің  тағы да удай аши жөнел­гені. Жүрек пен сезімнен үретін анау лыпылдаған итіңнің артына қарамай кейде қыздың баласындай қылдырық, кейде уыстап ұстағанда саусақ талдырмайтын кетпен сабындай қаламсап аңсай қоярын қайтерсің… Қалағанын таппасаң табандап жүрмейді-әй. Жол бедеріне бейімсіз көлік  дерсің  мәселеңкі.

Сонда деймін-ау, Сәкемнің алдында қобыраған күлсалғыш, күлсалғыш толы мылжа-мылжа темекі тұқылы, шашыраған күл. Қып-қызыл ағайымның өзін арыстан ба дерсің, шашы бұрқырап, бұрқыратып неміс­терден тікелей қотарып жатыр… Ал ағаш қаламсабы бар-ау қаламсаптан гөрі жауыңа жұмсайтын шоқпарға келеді. Бес саусақ түгел жұмылмаса екі-үш саусақтың  әлі келмейтін добал. Осындай  қаламсапты қайдан таба­ды осы жұрт? Айналшықтап шыға алмай, оның үстіне емініп қоймаған соң ұстап көруге ғана ұлықсат берді. Шіркін, қандай қаламсап десейші! Жазсаң – қалам, қысыла қалсаң – қару. Қағазға жақындаса болды өзі жаза жөнелетін, қамшы салдырмай лыпып тұрған мінезін, уыстағанда қол то­латынын айтсайшы. «Алмастырайық», – деп салғам. Менікі де ешкімнің қойын бақпайтын. «Болмайды, бала. Бұл біздің ескі дос», – деді Сәкем сап-сары тіс­терінің арасынан көкала түтінді бұрқ еткізіп, темекіні былай қойды. Өзі болса құдды күнге піскен қызыл күрең арыс­тан. Шағын, бірақ арыс­тан. Жалы күжірейіп отыр. Түсіндім. Осындай қаламсабы бар кісілер сөйтпей қайтуші еді. Түсінгенім құрысын, есігі­нің аузынан әр өткен сайын: «ағамның қаламсабын айтсайшы», – деп қыңсылай жүретінімді қоя  алсамшы.

Әне жолдасын жолда тастау деген­ді  білмейтін міңгі қаламсап деп соны айт. Ал менің бетсіз қаламсабымда адамгершілік қайдан болсын, не жазғанымды қайдам, біресе жұғып, біресе жұқпай желкелеп отырған­ды ыңғайлап, сатқындықты жасардай-ақ жасап бақты. Досан мүліктер иесіне осындай опасыз бола  ма?  Әсіресе, алыс та әрі қасиетті, әрі беймағлұм жолға шыққанда… О, найсап! Омырдым да тастадым. Қиял­дағы шүпірлеп жүрген бейкүнә аппақ  құстар  беттерінің ауған жақтарына пыр-пыр етіп тым-тыра­қай  ұша  жөнелді.

ЫСТЫҚ  САМСА

Абажадай орталық әмбебап дүкен­нің алдындағы жұрт сеңдей соғылысады. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан халық араның ұясы тәрізді қобыр-қобыр. Жолай самсаған дүкен­дердің әрқайсысына бас сұға өтіп, көк базар құлайтын, көк базар жақтан шалдығып қайтып келе жатқан кісілер біріне-бірі қақты­ғы­сып сапырылыса ағады. Бүгін – жексенбі. Көктем енді дем беріп келеді. Дүкеннің жанындағы жерасты өткеліне түсетін баспалдақ жанында самай шашы ширатылған қараторы келіншек онсыз да ың-жың көшені саңқылдап  басына  көтеріп  тұр:

– Самса! Самса! Ыстық самса алыңдар!  Самса!

Тоқтап қалған сауда да жоқ, қаң­тарылып бос тұрған бұл да жоқ, әйтсе де жағына тыным тағы жоқ. Өтіп бара жатқандардың бірсыпырасы жырыла кідіріп, айтқандай-ақ ыстық шелпектен сатып алады да, келесі дүкен­нің қызығынан қалып қоймасқа жолай күйсеген күйлері асығыс кете барады.  Дауыс  өктем  де  ашық:

– Самса! Ыстық самса!

Сол қолында таяғы, оң қолындағы тордың ішінде екі бөтелке айран мен бір бума картобы бар, қолдары қалтыраған арық шал самса сатушыға жақындап келді де, жерге қарап, шұқшиған күйі аңырып тұрып қалды. Кейбірі жартылай желінген, кейбірінің шетінен бір ғана тістелген самса қалдықтары әрлі-берлі өткен адамдардың аяқтарының астарында батпаққа батып, әр-әр жерде иленіп жатыр еді. Көзі жасаураған қарияның түсі бұзылып, нан мен өткен-кеткендерге кезек аңтарылып едәуір тұрды. Бірақ, аяқ астына қарап, нанды көтеріп былай алып қойып жатқан кісі көрмеді: бәрінің де мұрсалары жоқ, әлдеқандай шетелдік заттың маңында топырлаған кезек жаққа мойындарын  созып  ентелей  ұмтылады.

Сәл беріректе, балалардың жеңіл аяқкиімін сататын ләпкенің жанына үймелеген шоғырдың шетін ала бере, нанды көзі аларып обырлана асап тұрған орта жастағы әйел, ұрты бұлтиған қызының аяқ астына лақтырып тастай салған самсасын тас үйдің іргесіне қарай аяғымен ысырып тастады. Сол-ақ екен қолы қалтыраған шал ышқынып барып, семіз әйелдің  аяғын таяқпен қағып қалған.

– Ұятсыз! Нанды тебе ме екен! Ең болмаса  баладан  ұялсаңшы…

Өзі еңкейіп алдымен әлгі қыздың бір тістеп лақтырған нанын көтерді. Сонан кейін күбірлей жүріп, әртүрлі ақсиған азу тістердің ізі қалған, аяқ астында балшыққа батып езіліп жатқан басқа да шелпектерді тезек тергендей  біртіндеп  тере  бастады.

Мына қол жұмсаған алжыған шалмен шаппа-шұп ұрыса кетпеген шешесіне  қыз  таңырқана  қарайды:

– Немене? Атаның қарны аш па? Тастаған нанды неге жинайды?

Әйел балшық болып қалмады ма екен  деп  шұлығына  қарады  да:

– Мүмкін, аш шығар… Мүмкін, жалғызбасты болар. Көгереңдеп жүргенін көрмейсің бе. Жүр, – деп қызын жетектеген күйі төмен, трамвай аялда­масы  жаққа  асығыс  бет  алды.

Шал қалтақтап бір қолымен қабырғаға сүйеніп, жерасты өткеліне түсті де, қалааралық сөйлесу орталығы алдындағы тыныштау алаң­қайға өтті. Баспалдақтың тас жақ­тауына сүйеніп тұрып, тайыншадай қара ала ит жетектеп ойнап жүрген кішкене қызды қол бұлғап шақырды:

– Бері кел, қызым. Итіңе нан берей­ін.

Шал адам аяғы баспайтын, енді-енді тебіндеп келе жатқан көгал­дың үстіне газет жайып, газетке торын­дағы нан қалдықтарын ақтарды. Тапталып, мылжаланған нан бір үйме  болды.

– Джек ондай нанды жемейді ғой, ата, – деді бұның жанына итін жетектеп  келген  қыз.

– Неге жемесін. Нан жемейтін ит болатын  ба  еді…

Деуін дегенмен қыз жүні жылтыраған семіз итін үйіндіге тартқылап алып келді. Джек үйінді шелпекті еңкейіп бір иіскеп алды да, әріректе, төменде «Табиғат сыйы» көкөніс дүкенінің алдында құлағы салпақтап доппен ойнап жүрген қарала қаншыққа одырая қарады. Қыз: «Джек! Джек! Нан жейсің бе?» – деп қарғы бауынан тартып еді, төбет кекі­рейіп енді орталық дүкен жаққа мойын созып жіберіп, нанның үстіне сарымаққа оң аяғын көтере берді. Шал бұндай болар деп мүлде күтпеген екен, аяқ астынан тыпырлай бажылдап, тұра ұмтылып, жанында тұрған таяғын таба алмай, екі қолын ербеңдетіп, маңғаз  тұрған  итті  қуды.

Қыз:

– Айттым ғой, әнекей. Джек ондай нанды жемейді, – деп итін жетек­теген күйі көгалға қарай жүгіре жөнел­ді.

Қарттың көз алды буалдырланып, қолы дірілдеп кетті. Тамағы қаңсып, үні  шықпай  қалған.

Шелпектерді қалтаға орап, төмен түсетін баспалдақтың тас жақтауына алып барып, буын-буыны діріл­деген күйі, енді жабайы көгершіндерге үлістірмекке біртіндеп уатып шаша бастады. Әлдене деп күбірлеп сөйлеп отыр. Жан баласына қарамайды. Ұнжырғасы түсіп, бүрісіп шөгіп кеткен.

Дәл осы жерден нәпақа тауып әдеттенбеген көгершіндер мен тор­ғайлар  да  оңайлықпен жинала қойма­ды. Олар тасжолдың арғы жағындағы автобус аялдамасы жанындағы қоқыс салғыштан жарты бөлке нан тауып алып, көкпарға салып әрлі-берлі сүйрелеп,  жұлмалап  жатырған.

Арғы беттегі шаңқылдаған дауыс бұл  жаққа  ап-анық  есітіліп  тұр.

– Самса!  Ыстық  самса  алыңдар!

ҚҰЛҚЫН

Дөңгелекке ілінер қылау жоқ. Сары­арқаның сарнау жолымен салдыртып келеміз. Көкзеңгір аспан, селеу шалқыған сары бел, сары дала, сары бидай, сары сағыныш… Қандай жарасымдылық еді. Қайран қазақ даласы. Әнебір сары төбешіктегі сұрғылт тас шоқаттың басына дала бүркітінің қалықтап келіп жайбарақат қонғаны. Қанатын жайбарақат қомдап алғаны… Өрлігі қандай… Маңғаздығы, тәкаппарлығы ше…

Тағы да сондай қыран. Сонан кейін тағы да. «Бұлар неге жол бойына үйір? Анау – қанат. Мынау – кең дала. Өткір тырнақ. Өткір тұмсық».

Дөңгелектің астында қала жаздап қалбаң-құлбаң көтеріліп бара жатқан бүркіттің тырнағынан шашақ құйрықты аламанның өлексесін көрген соң барып түсіне бастағандай болдым… Сонан кейін әдейі бағдарласам жаншылған өлексе әр жер-әр жерден кезіге берді.

Тасып келе жатқан әлгі асқақ көңілдің жер болғанын-ай. Ұнжыр­ғам түсіп сала берді. «Өлексеге қор болған қайран қыран. Біздің анау пәленше бар еді. Соған ұқсап. Әлгі түгенше бар еді ғой. Содан айнымай… Қыран атын өлексеге қор етіп…».

Бірінен кейін бірі боталап бара жатқан соң көзімді жұма қойдым. Сарыарқаның сарнау жолымен салдыртып келеміз.

Молдахмет  ҚАНАЗ

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: