HALYQLINE.KZ Медиасауытсыздық белең алған қоғамның болашағы бұлыңғыр немесе құрдымға жақын деп баға беруге толық болатындай. Ақпарат айдынының қарқынын зерттеп көрген «білгіштердің» айтуынша адамзат күніне 2,5 квинтиллион ақпарат алмасады екен. «Квинтиллион деген қандай сандық көрсеткіш?», деген оқырманға түсінікті болу үшін айтайын, квинтиллион – бірлік, жүздік, мыңдық, миллиондық секілді сандық есеп, басты ерекшелігі артында он сегіз нөлі бар. Осыған қарап-ақ ақпарат алмасуға деген «тәбетіміздің» тым жоғары екенін түсінген боларсыз. Ең бастысы бұл сан күн санап артпаса, кеміген емес. Ендеше біз күнделікті өмір сүру үшін ауа, ас, су секілді заттармен қатар, ақпаратты да тұтынамыз деуге болады. Әрбір адам тамағын талғап жейтіндігі секілді, ақпаратты да талдап, талғап тұтынған ләзім. Осы тұста «медиасауаттылық» ұғымының маңыздылығын тағы бір мәрте түсінгендей боламыз.
Алғашында 1 газетаға сатылған ақпарат парақтарынан бастау алып, арты радио, теледидар, интернет ресурстарға жалғасып, жаңа медиа ұғымымен ұштасатын ақпарат ағымына қатысты пікір де, мәселе де жеткілікті. Ендеше кезекті жазбамызда осы туралы сөз етейік. Оқыңыз, оқырман!
Медиа магнат болуға деген құштарлық
Тілшілік тіршілік барысында Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысының «Қазіргі ең қымбат ресурс – ақпарат» деген пікірін естіп, таң-тамаша болғанмын. Ол кез үшін жай ғана оқушының қиял төрінде берілген баға болса, қазір ақиқатқа айналды. Расында да қазіргі баға жетпес байлық – ақпарат. Осыдан он жыл бұрыңғы қымбат бизнес салаларының көшін қару-жарақ кәсібі, есірткі бизнесі, жерасты байлықтарының саудасы бастаса, қазіргі ақпараттан түсетін табыс көлемі алыптарды ығыстырғандай. Қоғам элиталарының арасында медиа магнат атануға деген құлшыныс тым жоғары. Қаңтар трагедиясының тұсында күдікке ілінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы К.Масімов туралы, «Медиа патшалығының мықты ойыншысы, «СТВ» телеарнасы, «7 арна», «Tengri-FM» радиостанциясы, «Tengri-TV» интернет-телеарнасы, «Vesti» спорттық интернет-басылымы, «TengriNews» ақпараттық-сараптамалық порталы секілді отандық бұқаралық ақпарат құралдарына иелік етіп келген» деген дақпырт желдей есті. Анық-қанығы тергеу ісінің құпиялылығына байланысты белгісіз, дегенмен «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайдының» кері ме, бірнеше басылым бұл туралы жарыса жазды. Ұлт қауіпсіздігінің бас сақшысына ақпарат құралдары одан сайын ықпалын арттыруға көмек жасады ма, әйтеуір рас болса біршама медианы тізгіндеген екен. Қазақтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тәмсілдің бесігі теледидар болғаны қашан. Ақпараттың қоғам санасын қалыптастырудағы ықпалын пайымдасақ, медиа магнаттардың құлшынысын түсінуге болатындай. Дегенмен ақпарат деген қылдан нәзік, түссіз, түсініксіз, ырыққа оңайлықпен көне қоймайтын құбылыстың барлығы бірдей дұрыс па? Медиа магнат біткеннің барлығы да дұрыс бағыт ұстанған ба? Жауапсыз сұрақтар! Бітпейтін, ұшы-қиыры жоқ сұрақтардан әрбір қазақстандық азаматтың медиасауатты тұлға болып қалыптасуы керек деген шешімді ғана көре аламыз.
Қазір қару асынып, салмағы тонналаған ауыр әскери техникалармен жүріп шабуылдайтын майдан алаңдары келместің кемесінде қол былғап тұрғаны жасырын емес. Қазіргі соғыс ақпарат майданында. Сарбазы журналист, блогер болған тартыста өз айтқанын көпшілікке «өткізгісі» келіп жүрген жандардың бұрыс идеялогиясының құрбаны болмау үшін не істемек керек. Тағы да келіп «Медиасауаттылық» ұғымына бас ұрамыз.
Медиасауаттылық немен өлшенеді?
Ел ішіндегі дүрбелеңдерден кейінгі бұл сауалға «Медиасауатты адам – алаңға шық дегенге көтеріліске шығып кетпеген» адам деп жауап беруге болатындай. Бейбіт митинг дегенмен де, қаншама қатысушы негізгі талап-тілектен мақұрым болса да, «шық-шық» дегенге желпінді емес пе?! Бұндайда қазекең, «Қашқан қоян жатқан қоянды алады» демей ме!? Алаңқайлардағы жастар контигентінің көптігі түсінікті, басым көпшілігі – медиасауатсыз жастар. Олай деуге толық себебіміз бар, салдары жоғарыдағыдай. Ақпаратты асықша иеріп отырған «опасыздардың» «кеттік» деген бір ауыз сөзіне ере барыпты. Білмей басқан шоқтың қызуы қаншалықты табан күйдірерлік, келмеске кеткендер қаншама? Әңгіме қаңтар трагедиясының қаншалықты ел үшін ауырлығы емес, мәселе – ақпарт бұрмалаушылардың дегеніне еріп кеткен адамдар. Осы тұста, «медиасауаттылыққа тәрбиелеу үшін не істеуіміз керек?» деген заңды сауал туындайды.
«Медиасауттылық» ұғымымен ертеден бұқаралық ақпарат құралдарының айналысында жүрген мамандар таныс болғанымен, бұқаралық белең алған жоқ. Тек 2020 жылы ғана, коронавирус пандемиясы алқымнан алған сәтте, алып-қашпа әңгіменің дағбыры делебемізді қоздырған тұста ғана «сауттылыққа үндейік деген» ой келді. Вирус, вакцинаға қатысты өсек-аянның таралуын тоқтату мүмкін болмаған сәтте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемиядан да қорқынышты яки қаупті «инфодемия» деген ұғымды қолданысқа ұсынды. Бұл жалған ақпараттың салдарынан адамзатқа туындайтын қауіп түрі. Атаулы синдром біздің БАҚ-ты да айналып өтпеді. Алып-ұшып «Фактчекинг» саласын дамытуға бетбұрдық. Қазақстан Үкіметі арнайы «stopfake.kz» жобасын жасап шығарды. Ақпараттың рас-өтірігін електеп өткізіп беретін сайттар жұмыс істеді. Алайда ақпарат ағысын бір ізге түсіретіндей теңдессіз жоба емес еді. Осы қазірге дейін медиасауттылығымыз төмен деңгейде. Әліде «не істеу керек?» деген сауалға жауап таппадық. Жеке пән ретінде оқу орнындарында сабақ жүргізуді ұйғардық. АҚШ, Ұлы Британия, Канада, Франция секілді алпауыттарда алғаш 1960 жылдан бері медиасауаттылықты пән ретінде оқыта бастаған деген ақпаратқа бар. Бұл адамзат баласының медиа кеңістікке жасаған зерттеулерінің алғашқы қадамы десек болады. Бұл адамдардың медиасауаттылыққа үйретудегі ең қиын және ең нәтижелі бастама болды деп есептер едім. Алайда, пән есебінде оқыту өз жетістігін көрсетті дегенімізбен, қоғам жаппай сауаттылыққа бетбұрды ма? Медиасауаттылықты оқытатын қазақ тілді оқулықтардың аздығы немесе медаисауатсыздықпен күресетін нақты бір методика, механизм жоқ екендігі тағы бар. Жалғыз шешім әр адам ақпарат таратушы құқығына ие қоғамға белгілі бір норма, заңнамалар қажет секілді. Яғни, барлық адам ақпарат таратуға немесе мемлекеттік маңызы бар, қоғамда дүрбелеңге әкеліп соғатын маңызды ақпарат таратуға шектеу қоюымыз қажет. Кәсіби журналистер ғана жаңалықты жариялай алғанда ғана инфодемияға шалдықпаған болар едік. «Медиасауттылық – ақпарат таратпау» деген пікірге тоқтайық.
Кешегідей қиын қыстау сәттен елдігіміздің шайқалмай аман өткендігі де ақпарат таратпауда болса керек. Қанды қырған болғаннан кейін интернет көзі шектеліп, адамдар арасында барлық ақпарат алмасу түрлері тоқтатылды. Ұлт тағдыры таразыға түскен сәтте әр тұстан ұлардай шулағанымызда жараспас еді. Бұл туралы украиндық ақпараттық портал «Қазақстан интернетті бұғаттауға 189 млн доллар қаражат жұмсады» деп жазды. Медиа сауатсыздықтың кесірінен отбасып қала жаздаған біз үшін бұл тәуекел қаншалықты орынды болғанын уақыт көрсетер. Бұл оқиға жайлы ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен» деп баға берді. Енді медиасауаттсыздықтан орны толмас опатқа душар бола жаздадық деген пікірім түсінікті болу үшін журналист, фактчекер, «Factcheck.kz» онлайн басылымының редакторы, сарапшы Павел Банниковтың «Қоғамда медиасауаттылықтың төмендігінен туындайтын ең қарапайым мысал осы. Болашақта ең қорқыныштысы – қоғамдағы поляризация дер едім. Халықтың біртұтастығы бұзылғанда, медиасауатсыз қоғамда үлкен ақпарат ағынын радикалды топтардың теріс ойлары оңай жаулап алады. Бұл – Қазақстан үшін де ең қауіпті мәселе» деген пікірін назарыңызға ұсынайын. Идея ұштаса ма, медиасауаттылықтың жоқ сәтінде ел арасына іріткі түссе, радикалды ағымдар ақпаратты оңай иелікке алады деген сөз. Тағы да қазақстандық әрбір адам медиасауатты тұлға болу керек дегенге саяды.
Астан уландыңыз, ал ақпараттан уланып көрдіңіз бе?
Жоғарыда, «ас ішпей жүре алмайтын адам ақпаратсыз да өмір сүре алмайтын деңгейге жетті» деп ой тастап едік. Қайта оралып, тақырыпша орнындағы сауалға жауап беріп көріңізші. Астан ұшынсаңыз асқазаныңызды тазалап емделетініңіз белгілі, ал ақпараттан уланған адамға не істемек керек? Мақала бойы «ақпарат көздері арқылы ашық туындайтын зардаптардан қалай сақтанамыз?» деген сұрақтың жауабын іздедік. Ал жасырыннан немесе тосыннан төнетін қауіп, қиыншылықтан қалай бойымызды аулақ ұстай аламыз?
Кей жиындарда, топ алдында сөз сөйлегенде көсемсіп, тілімізді бұрап, барымызды салып көркем сөйлеуге тырысамыз. Тіпті сол талпынысымыздан бірдене шығып, дүйім жұртты таңқалдырып, өзімізде, «Әй, мынаны айтқан мен бе?» деп, таңданысып қаламыз. Өмірі естімеген немесе ойыңда жоқ тәуір тіркестерді тауып айтуды ғылымда бейсанамен ұштастырады. Яғни анаңыздың жатырында жатқанда, немесе автобус күтіп түрғанда, немесе қосулы тұрған теледидарда секілді тағыда басқа айтылған, көзіңіз шалған, алайда өзіңіз нақты назарлай қоймаған ақпарат адамның қалыпты жадынан бөлек бейсанаға топтаса береді екен. Кей кездері бойкөрсетіп шығып жатқанда, қолданысыңызда жоқ сөзді пайдаланғанда таңданатыныңыз осыдан. Бұл дегеніңіз адам баласы айналасындағы ақпаратты қаламаса да қабылдай береді деген сөз. Бұл туралы басылым беттерін басалмай оқитын оқырман үшін республикалық «Ұстаз мәртебесі» газетінде «Ойыншыққа «ойыншық» болмайық» тақырыбында мақала жазып, Pop-It антистресс ойыншығы мен ЛГБТ қозғалысының арасында қандай байланыс бар екенін көсіле жазып, ескерту жасаған болатынбыз. Мәселе әлгі ойыншықты сүйсіне тұтынған балақайлардың өскелең шақта сол түстес қозғалыс туына, қозғалыстың өзіне қалыпты жағдайда қарайтындығында еді. Атаулы қозғалыстың көшбасшыларының негізгі идеясы – жасырын жарнама арқылы жастар санасына бұрыс қозғалысты дұрыс деп таныту болатын. Бұл ақпаратты аңдамай жұтып, ұшынған жастардың болашақта ұлттық құндылықтарға кереғар дүниелерді қалыпты қабылдамасын деген бір ғана ескертуіміз еді. Осы секілді біз бен сіз өмір сүріп отырған қоғамда жасырын жатқан қаншама кесел бар. Бұл тұста барлығымыз бірдей ақпарат сақшысы болуымыз керек деген ұйғарымға тағы келісейік. Әйтпесе, астан уланғанды айықтырар еміміз бар болғанымен, ақпараттан уланған науқасты ауруынан жазып алу арзанға түспесі белгілі.
Түйінсөзді тарқата оқыңыз, оқырман!
Медиасауаттылықты қазіргі тым түсініксіз уақытта ақпарат таратпау деп топшыладық. Бұл тек рас ақпаратты кәсіби журналистер ғана таратсын деген «тәтті» арман. Ал, сыртқы күштерден келетін ақпараттық шабуылдан қорғану әрбір оқырманның өз ой елегінің еншісіне қалдырдық. Тек медиа майданындағы бейбітшілікті тек билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының қолына тапсырып қоюға болмайды. Медианың сауатылық ережесін жазған кімдер деп дал болмайық. Соңғы оқиғаларды сараптап келсек уақыттың өзі бізді медиасауаттылыққа шақырады. Өйтпегенде барар жолымыз келте, жарық күніміз қараңғы екенін бірнеше мәрте әлем практикасы дәлелдеп берді. Сол себептіде әрбіріміз ақпарат сақшысы екенімізді ұмытпағанымыз абзал.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!