2020 жылы Хабаровск өлкелік ФСБ басқармасы барлау тарихында ең таңдаулы операциясынан «өте құпия» деген таңбаны алып тастау нәтижесінде, осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын «көрінбейтін майдан» деп аталып кеткен текетірес соғысында совет барлаушыларының тамаша ерлігін жариялайтын уақыт келді. Бұл операцияны 10 жыл бойы іске асырған болатын. Осы операция нәтижесінде 1939 жылы Қиыр Шығыста басталуға тиіс соғысты болдыртпай тастады, әйтпесе 1941 жылғы соғыс ерте басталып, СССР екі майданда соғысуға мәжбүр болатын еді.
Құпия операцияны не үшін жасады?
Азамат соғысы жылдарында интервенция жасаған Жапония Советтік Қиыр Шығысты өздерінің ықпал ететін аймағына айналдырмақшы болды, 20-жылдардың ортасында солтүстік Қытайды басып алып, өздерінің басқыншылық жоспарын жасырған жоқ. 1929 жылы Нанкин қаласындағы баспасөз бетінде жарияланған «Танака меморандумынында» Жапония бүкіл әлемді жаулап алғысы келетіні белгілі болды. СССР-мен шекаралас барлық Қытай қалаларында жапон тыңшылары «тарақандай қаптап» кетті. Олардың басты мақсаты осы қалаларда қызмет істейтін совет адамдарын тыңшылық қызметке тарту болды. Жапон барлау жүйесінің орталығы Сахалян (қазіргі Хейхе) қаласында орналасты. Амур өзені бойындағы Благовещинск қаласындағы «Сибирь» қонақүйінің иесі – жапон коммерсанты Кумадзава Садаитиро шын мәнінде жапон императорлық барлау резидентурасының бастығы еді.
Қиыр Шығыстағы ОГПУ-дің алдында Жапонияның СССР-ға шабуыл жасау жоспарынан жалған ақпар арқылы (дизинформация) бас тартуға көздерін жеткізу болды.
«Маки-Мираж» операциясы
Бастапқыда операцияны ерсі әрі бұзақылау «Макаки» деп атағысы келгенмен, Москвадағы ОГПУ басшысы В.Р.Менжинский рұқсат бермегесін толеранттылықты білдіретін «Маки-Мираж» деп атады. Операцияны даңқты жолдан өткен тәжірибелі совет барлаушылары Т.Д.Дерибас, Б.А.Богданов, В.Л.Нейман, Н.П.Шилов жоспарлады, жоспарды іске асыру Лазарь Хаимович Израилевскийге жүктелді.
Осылайша Сахаляне қаласында Қытай және Жапониядан шикізат сатып алумен айналысатын «Дальгосторг» мекемесінің агенті Леонид Островский (барлаушы Лазарь Израилевский) пайда болды. Қытай тілінде еркін сөйлей алатын, бойы бір тұтам, еңкіш тартқан сақалды сауда агентінің басты кемшілігі жұмыстан соң үнемі арақ ішіп жүргендіктен ақшаға ылғи да мұқтаж екендігі жапон барлау орындарының назарына бірден ілікті. Көп ұзамай «Дальгосторг» сауда агентіне Садаитиро Кумадзава мырзаның өзі назары түсіп, «алқаш саудагерді» өздерінің барлау жұмысына тарту үшін бақылауды өзі ұйымдастырды, өмірі ақшаға мұқтаж, ашық ауыз сауда агентін өздерінің тыңшылық жұмысына тарту еш қиындық туғызбай «вербовканы» сәтті өткізіп, тиісті қағазға қол қойдырып алғасын Островскийге (Израилевскийге) «Шал» деген оперативті лақап ат берілді.
«Шал» жапон барлау орнына совет барлаушылары дайындаған жалған ақпармен қамтамасыз етіп отырды. «Маки-Мираж» операциясының басты мақсаты Қиыр Шығыста Қызыл Армияның жақсы қаруланған әскери құрамалары барлығына жалған ақпар арқылы жапондықтардың көзін жеткізу болды.
Агент «Шал» Жапонияға басқа да совет барлаушыларын енгізуге қол жеткізді. Операцияның ең биік шыңы Иван Горелов деген жоғары шенді совет әскери қолбасшысын ойлап табуы болды. Қазына ақшасын арақ пен әйелдерге жұмсап жібергесін, әскери трибуналдан қорқып, ақша үшін жапон барлау орындарына қажетті ақпаратты сатқысы келеді дегенді «Шалдан» есіген резидентура өкілі арнайы тексеріп болғасын өз басшыларына «өте құнды» мәлімет көзі болғалы тұр дегесін, оны да тыңшылық жұмысқа тартып, Иван Гореловқа «Үлкен корреспондент» деген оперативтік лақап ат беріп жұмысқа қосты. Нәтижесінде Нанкиндегі жапон барлау бастығы Кумадзава Садаитиро үстелінің үстіне «Қиыр Шығыстағы Қызыл армиясының атқыштар дивизиясы мен әскери техникасының саны туралы» деген құнды мәлімет түсті. Оның үстіне армия генералы Г.К.Жуков басқарған Қызыл армия 1938 жылы Хасан көлінде Жапон армиясын тас-талқанын жеңуі ойдан шығарылған қолбасшы Гореловтан сатып алған ақпарат дұрыс екендігіне көздері жеткесін Токио СССР-ге қарсы соғыс ашуға батылы бармады. 1941 жылы Москваны қорғауға Қиыр Шығыстағы 40 атқыштар дивизиясын жіберуге қол жеткізді, осы дивизиялар арқасында Москва түбінде Қызыл армия жеңіске жетті.
Барлаушылар жапон тыңшылары деп жазаланды
Ия, 1937 жылы сәтті аяқталған «Маки-Мираж» операциясын ұйымдастырған чекистердің өздерін репрессия айналып өткен жоқ. Николай Шилов, Борис Богданов, Владимир Нейман «жапон тыңшылары» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы атылып кетті. Лазарь Хаимович Израилевскийге де осы айып тағылғанмен, нақты айғақтармен өзін ақтап алып түрмеден аман қалғанмен, 1939 жылы қайтадан тұтқынға алынып, атақты 58-бап бойынша «халық жауы» деген жалған айып тағылып, лагерьде 8 жылын өтеп қайтып, 1952 жылы (кей деректе 1955 ж.) қайтыс болды. Л.Х.Израиловскийдің туыстары ізденіп жүріп ақыры, 2005 жылы ақтап алуға қол жеткізді.
Cуретте: совет барлаушысы «Летов» және «Старик» деген жалған атпен белглі болған Лазарь Хаимович Израилевский (?-1955 жыл)
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!