Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айла мен ақыл

01.12.2021, 9:30 568

Ауылдың  баласы 1: Мұғалім шатырға бірнәрсені жасырып, үнемі жалғыз өзі жейді.

Ауылдың  баласы 2: Бұл не болды екен?

Ауылдың  баласы 1: Білмедім. Бірақ мұғалім біз жейтін болсақ, «өліп қаласыңдар»  деген  еді.

Балаларды шатырда «не бар екен?» деген сұрақ мазалап, бір күні барып, көруге  бел  байлайды.  Шатырда жасырылған затты тауып алады. Ол саз құмыраның ішіндегі дәмді бал болып шақты. «Ұстаздың бізге айтпай, жасыр­ғаны  осы екен ғой» деп балалардың  барлығы  жапа-тармағай жабы­лып,  жылан  жалағандай балды қалай түбіне дейін жоқ қылған­дарын  аңғармай  қалады. Сол кезде араларындағы кітапқұмар  бала­қай  былай  дейді.

Ақылды оқушы: Неге екі көздерің төрт болып, барлықтарың сонша­лықты алаңдап, уайымдап кеттіңдер. Мұғалім ұрысады деп ойлайсыңдар ма? Менде мынадай керемет идея бар. Егер біз ұстаз­дың  сия  құйылған  сауытын  сындырып  тастасақ  қайтеді?

Қалған  оқушылар: Неге? Жоқ, олай болмайды. Біз не үшін әдейі сындырамыз? Ол ұстазымыздың сүйікті сауыты ғой. Дұрыс  емес!

Ақылды оқушы: Қысыр әңгімені қойып, мені мұқият тыңдаңдар. Егер ұстаздан сөз естігілерің келмесе, мені тыңдауларына тура келеді. Барлықтарың барып, көрпешені  жамылып,  жерге  жатыңдар.  Жарай  ма?

***

Мұғалім: Не болды? Неліктен барлықтарың жерде жатырсыңдар?

Ақылды  оқушы: Ұстазым, біз ойнап жүріп, сіздің сия құйылған сауытыңызды байқаусызда сындырып алдық. Сол себепті сіздің шатырда тығып қойған балыңызды алып, жеп қойған болатынбыз.  Енді  қашан  өлеміз  деп  күтіп  жатырмыз.

Мұғалім:  НЕЕ?

Мұғалім оқушының бұл сөздерін естіп, иненің көзінен өткендей іс-әрекетіне таңыр­қай қарап, екі көзі шарасынан шығып,  ләм-мим  дей  алмады.

Корей  халық  ертегісі

Корей  тілінен  аударған 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер:
  • Балаларға арналған осындай қысқа,тәрбиелік маңызы бар ертегілер мен әңгімелер керек екені рас. Тағы да тұщымды дүниелер күтеміз.

  • Азамат, талабың оң болсын! Қазақы дүниетанымға сай келетін туындыларға басымдық берсең өте жақсы болар еді. Сәттілік, балам. Танымды кеңейтетін дүниелеріңді асыға күтетін оқырманың болуға дайынмын!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: