Кеңестік дәуірдегі «құрылысқа – кең өріс» деген қағида есіңізде шығар? Соңғы жылдары осы ұстаным қайта жаңғырғандай. Мұны күнделікті тіршілікте көзбен көріп жүрміз.
Қазалы өңірінің жұртшылығы ежелден кәсіпкерлік бағытқа жақсы бейімделген. Соған орай, салынған құрылыс нысандарының да өзіндік ерекшелігі бар. Аудан орталығы Әйтеке би кентінен бастап шалғай елді мекендерде салынған әсем нысандар, көрікті тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттар кеудеңе қуаныш ұялатады.
Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев – мемлекеттік қызметте бай тәжірибе жинақтаған, түрлі лауазым сатыларынан өткен, кәсіби міндетіне жақсы қанық басшы. Өзінің ойын ашық әрі нақты жеткізетін дағдысымен көпшілікке де сыйлы.
Мұрат Нәлхожаұлынан ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарға алынғанын, жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын естідік. Өткен жылы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 347 адамға жер телімі берілсе, ағымдағы жылы жер учаскесіне деген сұраныстарды азайту мақсатында Әйтеке би кентінің «Аймақаш» аймағынан 12 гектар жер учаскесіне инфрақұрылым жеткізу үшін жоба дайындауға 11 млн теңге қаржы бөлініпті.
Қазалы қаласы мен кент аралығын қосу мақсатында атқарылған жұмыстар көпшіліктің көз алдында. Бұл бағытта бірқатар игі істер қолға алынды. Екі аралықтағы 441 гектер жер учаскесіне электр желілері, ауызсу мен газ апару, жолдар салу үшін қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар істелді. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Бұл аталмыш шаруа толық аяқталғанда екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесін береледі деген сөз. Сондай-ақ, жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салуға да жер учаскесі белгіленіп, жоспарланған. Оған қоса бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысы да (балабақша мен бірнеше мекеменің әкімшілік ғимараттары /ҰҚК, орман-тоғай мекемесі/) бас жоспарға енгізіліп, жерлері белгіленген. Осылайша Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығы қосылып, 50 мың халық тұратын үлкен қалаға айналады деп межеленуде.
Жұмыр әлемді шарпыған коронавирустың көңілді алаң қылып тұрғанын жасыруға да болмас. «Күн жаманы кетер». Талай қысталаңды басынан кешірген халқымыздың бұл сынақтан да шашасына шаң жұқтырмасы кәміл. Ал болашаққа деген сенім – жеңіс кепілі. Қазалы жұртшылығы бұл ұстанымды жақсы түйсінеді. Соған орай аудан көлемінде ешқандай дүрбелең жоқтығын сенімді түрде айтуға болады. Жарайды, бастапқы айтқымыз келген сөзімізге қайта оралсақ.
Қазіргі таңда ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам азамат кезекте тұр екен. Ел ағалары болса тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында қажетті жұмыстарды қолға алыпты. Әрі нәтижесі бөтен емес. «Үйің болмай, күйің болмас» деген даналықтың ізімен атқарылған игі істерді оқырманға паш етсек.
«Нұрлы жер» бағдарламасымен Әйтеке би кентінің 5-квартал аумағында 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үй салынғанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Осынау бір ауыз сөздің астарында ұзақ жылдардан бері баспана зардабын тартқан қаншама қарапайым жандардың телегей қуанышы жатқанын аңғару қиынға соқпайды. Мына дерек те естіген жанның көңілін селт еткізердей.
– Аудан көлеміндегі көне мекеме ғимараттарын бұзбай, баспанасыз жүрген тұрғындарға беру жағын қарастырған болатынбыз. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 20 млн теңге қаралып, кенттегі №204 мектептің көне 5 қабатты ғимаратын жатақханаға бейімдедік. Осылайша мұнда тұрғын үйге мұқтаж 39 отбасының 137 тұрғыны орналастырылды. Бұған дейін аудандық аурухананың ғимаратын жөндеп, 42 отбасына (159 адам) берген едік, – дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
«Ұйымдастыра білген ұтады» деп текке айтылды деймісіз?! Осы бір өзгеге елеусіз, мұқтаж жандарға зор шаттық сыйлаған сәтті қадамның қаншама тұрғынның қажетін өтегеніне біз де қуаныштымыз. Мұны естігенде көп жыл бұрын жарамсыз деп танылып, бұзылған, шын мәнісінде, міні құрымаған небір мықты ғимараттардың ту-талақайға түскені, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені есіме түскенде ішім удай ашыды. Көңіл түкпірінде «сол ғимараттарды талан-таражға салмай, қазіргі аудан басшысы сияқты баспанаға мұқтаж жандарға бергенде қыруар жан қарқ болар еді» деген ой жалт ете түсті.
Аудан орталығына бас сұққан жан өзін ірі қалада жүргендей сезінсе, қайран қалмаңыз. Әйтеке би кенті қатты өзгерген. Бұрын шет аймақ саналатын бөліктер қазіргі таңда орталық көшеге айналған. «Нұршуақ» базарынан бастап Жанқожа баба кесенесіне қарай жүрсеңіз, көптеген керемет көріністердің куәсі боласыз. Зәулім коттедж, еңселі ғимараттар, әлеуметтік нысандар, кәсіпкерлік объектілері елдің айбынын асқақтата түседі. Көркі келіскен жып-жинақы аудан әкімдігі ғимараты, сол аумақтағы өзге де ғимараттар көздің жауын алады. Сүйсіне тұрып, ел-жұрттың іргесі сөгілмеуін, заманымыздың тыныш болуын тілейсің. Іштей «саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» мойындайсың.
Ағымдағы жылға аудан көлемінде8 нысанның құрылысын жүргізуге республикалық, облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, кент пен қала аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын, кенттен 4 пәтерлік 10 жалдамалы тұрғын үй салу, «Аймақаш» мөлтек ауданынан жаңадан ашылатын кварталды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасының құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылған болатын. Бүгінгі күнге қаржысы қолдау тауып, осы жылы құрылыстары басталады деп күтілуде. Осылайша Қазалы ауданында құрылыс қарқынды жүргізілуде.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!