Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көліктер: басы – онда, аяғы – мұнда

11.11.2021, 12:30 271

Арзан дүниеге азуымыз бата алады. Ал қымбатқа қол жете бермейді. Қазір екінің бірі құны арзанырақ тұратын ресейлік тіркеудегі көлікті сатып алуға құмартып алды. Мәселен, қазақстандық тіркеудегі көліктің бағасы 2 млн теңге тұратын болса, ресейлік нөмірде және дәл сондай көлікті 1 млн теңгеге алуға болады. Айырмашылығы – осы ғана. Халықты да түсінуге болады. Қолында барды ұтымды жаратып, темір тұлпарды тізгіндегісі келеді. Бірақ, мемлекет мұндай тұтынушыларға тықыр таятып отыр. Ресми мәліметтер елімізде ресейлік нөмірмен  88 мың  көлік жүр деп көрсетеді. Көрші ел бюджетінің бүйірін толтыруға ешкім құштар емес, бірақ бәрі сатып алуға мәжбүр. Қалтаға қонымды бағаны елімізде орнатып қойса, ешкім алыстан арбаламас еді. Айтпақшы, көлігіңіздің рөлі оң жақта болса, одан да дереу құтылыңыз. Төменде толығырақ.

Мәселеге ҚР ІІМ өкілдері «заң – бәріне ортақ» деген қағиданы арқау етіп отыр. Олардың айтуынша, шетелден келген көлік заңға сәйкес, тіркеуден өтуі керек.

– Қазақстан аумағына сырттан әкелінген кез келген көлік заңға сай тіркеу­ден өтуі тиіс. Және талап барлық азаматтарға ортақ. Яғни көлік тіркеуге қатысты заңда белгілі бір санаттағы азаматтарға жеңілдік жағы қарас­тырылмаған. Сондықтан да елімізде тіркелмеген көлік иелерін ережеге бағынуға шақырамыз. Олай болмаған жағдайда заң аясында автокөлігі тәркіленіп, иесіне айыппұл салынады, – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті  төрағасының  орынбасары  Серік  Түсіпов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 4 млн 200 мыңнан астам көлік заңды түрде тіркелген. Ал тіркелмеген көліктердің иесін іздеу – Ресеймен бірлесіп істелетін жұмыс. Сондай-ақ ІІМ өкілдері Ресейден заңсыз көлік әкеліп, елде тіркемеген 100 адамды іздестіріп жатқандығын мәлімдеді. Қазақстан аума­ғында тіркелмеген ресейлік көлік иелерімен жұмыс биыл тамыз айын­да басталған. Оның барысында елге Ресейден жалған құжат және тіркелмеген нөмірмен әкеліп жатқан автокөліктер анықталыпты. Ұсталған автомобильдердің барлығы эвакуация жасалып, айып­пұл тұрағына қойылған. Ресей Федерациясының Ішкі істер министр­лігі ол жақта сатылып, бірақ Қазақ­станға келген соң тіркелмеген көліктердің тізімін Қазақстанға жіберген. Бүгінде сол тізім бойынша елімізде 100-ден астам көлік, яғни оның иесі іздес­тіріліп жатыр. Заңсыз әкелінген көлік  иелері табылған жағдайда заң аясында  жауап­қа  тартылмақ.

Енді «жығылғанға жұдырық» деп, жолда ереже бұзатындардың 20 пайызы осы шетелдік нөмір­дегілердің үлесінде екен. Олар тізгіндеген тұлпары елде тіркелмегендіктен заң әсерін тигізбейді деп ойлайды-мыс. Алайда шаңыраққа қарап әрекет ететін болса, мұндай айыпты  арқаламас еді. Осыдан кейін тығырыққа тірелген жұрт көліктерін қалай тіркеудің амал-айласын қарастырары сөзсіз. Мұның  да  жауабы  бар.

– Ресейлік автомобильді тіркеу үшін алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. Ол жерден құжаттар тізімін алып, көлікті тіркеу ережесіне сай, тиісті құжаттарды әзірлеп, ХҚО-на тапсыруы керек. Ереже барлық көлікке ортақ, яғни қазақстандық көлік болсын, ресейлік болсын – тіркеу ережесі бәріне бірдей. Көлікті тіркеу – барлық елде бар процесс, егер Қазақстан азаматы шетелде тұрса, ол елде көлігін тіркеуі тиіс. Ал Ресейден көлік әкелушілердің дені тіркеу ережесін сақтамай отыр. Ондай жағдайда көлікті жүргізуге тыйым салынып, автомобиль айыппұл тұрағына қойылады, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов министрлікте өткен баспа­сөз  мәслихатында.

Нұрсұлтан қаласында ресейлік нөмірмен жүрген көлік иелері ХҚКО алдында наразылық шеруіне шықты. Олардың айтуынша, көлікті Қазақстанға тіркеу сатып алған бағаларынан да артық шығады екен. Мәселен, 2 млн теңгеге «Honda» автокөлігін сатып алған болса, оны мұнда тіркеу құны 3 млн теңгеге жуықтайды. Ал бұл тұрғындарға тиімсіз. Бірақ тіркеу­сіз жүрген көлік иелерінің бұл ісін мемлекет мақұлдамай тұр. Дәл осындай наразылық шеруі Қызыл­ордада да болды. Фейсбук әлеуметтік желісінде пайда болған видео­да Қызылорда ОІІД жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраев жиналғандарға бұл заңға қайшы әрекет екендігін және мүмкіндік болса заңдастырудың талап етілетіндігін түсіндіруде. Тігісін жатқызып түсіндірген сөзін наразы қауым ұққандай болды. Сонда да көпшілігінің көкейінде о баста шетелд­ік көліктерді шекарадан неге өткізетіндігі  ойландыратыны  рас.

Осыған орай облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов жергілікті БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг  өткізді.  Сонда  бүй  деді:

– Жалпы, ҚР Ішкі істер министрлігімен жүргізілген талдау нәтижесінде республика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктердің 88 мыңы есептен шығарылған. Яғни, не РФ-да, не Қазақстанда тіркеуде жоқ. Олардың ішінде іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы «қылмыстық автокөлік» санат­ына енгізілген көліктер де бар. Осы автокөліктердің 6288-і Қызыл­орда облысы тұрғындарының пайдалануында екен. Сондықтан, заң аясында ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынады. Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны тура­лы ақпарат берді. Бұл көліктердің  белгілі  бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылған. Іздеуде жүрген 606 көліктің 11-і Қызыл­орда облысынан іздестірілуде.

Жалпы алғанда, ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға ты­йым салынған талап «Жол жүрісі туралы» Заңының 63-бабында көрсе­тілген. Яғни ҚР-на әкелінген авто­техникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатыс­ты мемлекеттердің құзырлы органдарында тіркелген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген, – деді  ол.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайыр­бек Дүрменбаевтың айтуынша, мемлекеттік көліктерді алғаш тіркеу құны – 729 теңге, 2-3 жыл аралығындағы көліктер үшін – 145850 теңге, 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1458500 теңгені құрайды.

«Оң жақтағы рөлі бар көліктердің не жазығы бар?» деп отыр­ған шығарсыз. Оны ресми орган өкілдері былай түсіндірді.

– Қазақстан аумағында оң жақта орналасқан рульмен бас­қарылатын көліктерді тіркеуге 2018 жылдан бастап тыйым салынды. Сондықтан да рулі оң жақтағы көліктер елімізде тіркеуге жат­пайды. Әрине, біз азаматтарға жеке мүлік алуына, оның ішінде автокөлік алуына да тыйым сала алмаймыз. Әр адамның жеке құқығы бар және ол заңмен бекітілген. Дегенмен заңның басқа тұсы да бар. Осы орайда көлік сатып алушы, әсіресе шетелдік көлікті иеленушінің елге әкелместен бұрын заңға бір үңілгені абзал. Көрші Ресейден көлік әкелсе де оның өзіндік талаптары бар. Яғни көлікті сатып алу бір бөлек, ал оны заңды жолмен иелену – ол екінші мәселе, – деді С.Түсіпов.

Мемлекеттік кірістер комите­тінің дерегі бойынша, 2020 жылы наурыздан бастап (елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері) Қазақ­станға 4708 шетелдік авто­көлік уақытша кіргізілген. Қазір олардың 500-і бақылауда. Олар Әзірбайжан, Ауғанстан, Босния және Герцеговина, Германия, Грузия, Исландия, Испания, Литва, Польша, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина мен Франциядан жеткізілген. Кеденшілердің айтуынша, Қазақстан азаматтары Беларусь пен Ресейдің көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімін ескермей, ЕЭО аумағында сенімхат арқылы пайдалана алады. Ал Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді сенімхат арқылы  басқаруға  құқығы  жоқ.

ТҮЙІН. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Мемлекетке мазасыз мүйіс боп тұрған шетелдік көліктерді тіркеу шешімін табар. Алайда қара халықтың да мүмкіндігіне мойын бұрып қойған да дұрыс. Тіркеуден үлкен мәселе туындамаса, барлығы әлдеқайда заңға сай реттелген болар еді. «Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» саясат болса, халық та қарық боп қалары сөзсіз.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: