Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет» деген еді. Әлбетте, оқушыларды, студенттерді дұрыс жолға бейімдеу – кез келген ұстаздың, кез келген оқытушының міндеті, арманы. Дарынды балаларды көтермелеуді, оларға қолдау көрсетуді мемлекет те өз міндетіне алып отыр. Бұл – өз кезегінде өте қуантарлық жағдай. Еңбегі өлшеусіз, ізгі қоғам тәрбиелеуде өзін де, уақытын да аямайтын нағыз ұстаз қашанда елге сыйлы һәм шәкіртіне үлгі.
Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дәстүрлі форматта білім ала бастады. Бірінші қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылды. Қай кезде де қасиетті мамандық иелері жаңа оқу жылын асыға күтетіні белгілі. Баланың мектебін сағынғаны сияқты, мұғалім де шәкірттерін, ортасын сағынып, жазғы демалыстан кейін жаңа оқу жылын қуана қарсы алады. Білім күнін бал-бұл жанған жүздерімен, шәкіртін құшақ жая қарсы алатын сәттің өзі – бір бақыт.
Президентіміз айтқандай, дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тоқтатпауымыз керек. Келешекте мамандығы бойынша жоғары жетістіктерге жетіп, шыңға шығарына күмән келтірмейміз. Дегенмен, студентке тек ғана ғылым-білім, тәлім-тәрбие ғана емес, бағыт-бағдар беру де өте маңызды. Өйткені, білімді дұрыс пайдалана алудың өзі – өнер. Ал, бұл жолда ұстаздардың еңбегі көзге ерекше көрініп тұруы тиіс.
Жалпы, биыл Қызылорда қаласы бойынша 7079 бала бірінші сыныпқа қабылданды. Ал қала бойынша барлығы 66969 оқушы білім алуда. Оның ішінде 2485 оқушы он бірінші сыныпты аяқтайды.
Мұғалім – ізгі де қасиетті мамандық. Шәкірт жүрегіне жол табу, өз мамандығының мәртебесін әрдайым биік ұстау нағыз мұғалімнің қолынан келеді. Қоғамда мұғалімнің әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәртебесін көтеруге жағдай жасаумен қатар оларға артылатын жауапкершілік жүгі жеңілдемейді. Себебі, уақыт алға жылжып, заман өзгерген сайын білім саласы әрдайым көш басында тұруы тиіс. Қоғамды алға жылжытатын тек білімді де саналы ұрпақ. Бұл – ұстаз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл орайда атап айтарлығы, мұғалімдерді аттестаттау толығымен жаңа жүйеге көшті. Модератордан бастап шебер педагогтер өз біліктіліктеріне сәйкес қосымша ақы алуда. Бір атап айтарлығы, ақылы олимпиадалар мен сатып алған грамоталар мен медальдар, жалған сертификаттар аттестаттау барысында есепке алынбайды. Бұл министрлік тарапынан қатаң қадағалануда. Мұндай фактілер анықталған жағдайда әрбір мектептің педагогикалық әдеп кеңесінде қаралады.
Өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін білім нәрімен сусындатып, жас шәкірттің кеудесінде ақыл-білімнің шырағын жағуда ұстаздар қауымының үлесі мол. Тарыдай болып келіп, таудай болып кеткенге дейін олар шәкірт бойына білім мен тәрбие беруден жалықпайды. Баланың баянды болашағы үшін өмірдің оңы мен солын үйретіп, білімнің қайнар көзімен сусындатуда мектептің алар орны ерекше. Мектеп қабырғасында өткізген 11 жылында ұстаздар баланың зерек болып өсуі үшін аянбай еңбек етеді. Ал жас ұрпақтың ұстаз артқан үмітті ақтауы уақыт еншісінде.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – дейді ғұлама хакім Абай Құнанбайұлы. Тәуелсіз елімізді өркениетке апаратын даңғыл жолдың бастауы – балабақша мен мектеп. Білім ордасының басты тұлғасы, жүрегі – ұстаздар. Ұстаз – ұлағатты есім. Адамгершілігі мол, педагогикалық шеберлікті меңгерген, өзін де, өзгені де, жетілдіре білетін рухани бай педагог қазіргі таңда аса қажет.
– Бүгінде балаларға білім мен тәрбие берумен қатар, олардың жағдайы да басты назарда. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған балалар бар. Оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, олар ыстық тамақпен, қысқы киіммен және жолақымен қамтамасыз етілуде. Барлық білім беру ордалары карантин талаптарын сақтай отырып, білім беруде. Яғни, мектепке кірер алдында мұғалімдер мен оқушылардың қызуы тексеріліп, антисептик пайдаланады. Сондай-ақ сыныптар желдетіліп отырады, – дейді Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева.
Қызылорда қаласына қарасты білім беру ордаларында үздік мұғалімдер, 356 магистр және республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген педагогтер оқушыларға білім беруде.
Айта кетейік, тамыз кеңесінде білім саласына еңбегі сіңген бірқатар ұстаздар марапат биігінен көрінді. Оның ішінде «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен, облыс әкімінің алғыс хатымен, қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Еліміздің ертеңгі тізгін ұстар азаматтарды тәрбиелеу – мұғалімдерге жүктелген аса маңызды да жауапты міндет. Ұстаз деген сөз қашанда қадірлі саналады. Себебі ғалым да, данышпан да, қарапайым еңбек адамы да ұстаздан тәлім-тәрбие алады. Ал ұстаз болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан осы құрметті мәртебеге кір келтірмей, саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямайтын ұлағатты ұстаздар аз емес, аз болуы тиіс те емес.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!