Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамның адалдығы – қалтада емес, жүректе…

04.11.2021, 12:00 380

Қазіргі таңда қиыр шығыстағы Оңтүстік Корея мемлекеті қарқынды даму үстінде. Жасалған әрбір өнімі әсіресе жастардың көз жанарын жаулап, әлемдік трендке айналуда. Міне, американдық  Netflix компаниясының мұрындық болуымен шыққан Squid Game сериалы да үздік атанды. Оған себеп кәрістердің креативтілігі ме әлде жастардың кәрістерге деген фанатизмінің әсері ме?

Бұл кинода қантөгіс, зорлық-зомбылық, атыс-шабыс бәрі бар. Алайда түпкі мағынасына, пәлсапасына үңілетін болсаңыз, автордың айтқысы келгені  – осы өмірдегі адамдардың жауыздығы мен өшпенділігі. Бәлкім адамдар осы фильмнен өздерін көріп, сәлде болсын ойланып, адамға деген рақымы, ілтипаты өзгерер деген ойдамыз. Тек TikTok әлеуметтік желісінің дүркіреген жарнамасын көріп, «неткен қызық сериал» деген пікір қалыптаспаса болғаны. Әй, бірақ қайдам, қазіргі кезде адамдар өзінің қу құлқынынан басқа уайымы жоқ болып кетті ғой. Абай айтпақшы, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?

Иә, фильм сюжетінде достасу, жұптасу, үлкенге деген құрмет, сыйластықты да көруге болады. Алайда тірі қалуды көздеп және қомақты қаржы үшін күресте лезде сатқындық байқалады. Өмірдегі адамдар арасында көрініс тауып жатқан құбылыстардың барлығы дерлік қамтылған. Атап айтсақ, билікті өз пайдасына пайдалану, жағымпаздық, сатқындық, ұрлық, адам өлтіру, жақсылықты ұмыту, әлсіздерге дискриминация, байлар үшін көп дүние ойыншық болса, кедейлердің құны жоқ екені байқалып, мигранттық өмірдің қиындығы мен адамдарға сенуге болмайтынын, тіпті манипуляция мен коррупция да 9 бөлімдік сериалда анық көрсетілген. Мұндай сұмдық – өзге өлсе де өзім тірі қалсам деген соқыр сезімнің күші, табиғаттың қатыбас заңы. Сонымен қатар, әйел мен ердің теңсіздігі туралы да мәселе қозғалады. Осының бәрін сайып келгенде, шынайы өмірдегі болып жатқан дүниені автор балалардың ойыны арқылы көрсетеді. «Неліктен кішкентай балақайлардың ойыны арқылы?» деген сауал болса… Өйткені балалар аяусыз болып келеді. Қазіргі таңда кибербуллинг балалар арасында белең алып, көптеген психологиялық күйзелістер осы балалық шақтан пайда болатынын ескерген дұрыс.

Фильмде көрсетілген 456 адамның барлығы жетіспеушіліктің кесірінен ақыр соңында аралдағы жұмбақ өмір сүру ойынына тап болып, 45,6 миллиард вонға (38,3 миллиард долларға) өзара бақ сынасады. Бұл ойын 6 кезеңнен тұрып, өз өмірлерін қатерге тіккен жандардың арасында тек бір адам ғана қаржылай сыйақыға ие болды. Корей драмасы бүкіл әлемде танымал болып, Netflix бойынша 90-нан астам елде бірінші орынға ие. Жақында ол Netflix тарихындағы ең көп қаралған түпнұсқа болды.

– Бұл фильмнің жарыққа шығуы үшін 13 жыл қажет болды. Алғашқы нобайын 2008 жылы жаза бастадым. Жапондық комикстер мен анимелерден шабыт алғанымды мойындаймын. Қазіргі капиталистік қоғам туралы аллегория немесе ертегі болатын, өте күшті бәсекелестікті бейнелейтін әңгіме жазғым келді. Бірақ мен шынайы өмірдегі кейіпкерлердің болғанын қаладым. Келесі маусымды көпшілігі күтуде. Егер де 2-маусымын түсіретін болсам, белгілі режиссерлармен бірігіп істеуді жоспарлап отырмын. Өкінішке қарай, командалық жұмысқа қабілетім жоқ, бірақ осы топтық жұмыстың нәтижесі жоғары болатынына сенемін – деді режиссер Хван Донг Хёк Variety-ге берген сұхбатында.

Егер американдықтар сценарийдің жазылуына қатысатын болса, өз саясатын тықпалап, біздің ұлттық менталитетке сай келмейтін дүниелер шығатыны даусыз. Соған қарағанда кезекті маусымды біздің елде айтарлықтай көрермен көрмеуі мүмкін. Десе де корей режиссерынан үміт үзбейміз…

Сериалдағы өмір үшін күрес ойынына 456 адам қатысты. Арман қандай асқақ еді адамдарда. Сол арман үшін арпалысқан сәттеріне куә болдық. Бірақ корей елі ньюанстарға қатты мән беретінін білеміз. Әрбір кадрында қаншама мән-мағына жатыр. Солардың бірі ойынға төрт жүз елу алты адам таңдалды. Өйткені бұл санның түпкі мағынасы «сізге екінші мүмкіндік беріледі, егер сол мүмкіндікті дұрыс пайдалансаңыз, жетістікке жетесіз, ал осыны игеру қолыңнан келмесе, барлығынан айырылуың әбден мүмкін» делінген ғалымдардың зерттеуінде.

Бұған қоса, фильм ұйымдастырушыларының  немқұрайды қарауынан басы дауға қалды. Кинода көрсетілген телефон нөмірі нақты адамның телефон нөмірі болып шықты. Нөмірдің иесі Money Today-ге берген сұхбатында шексіз қоңыраулар мен мәтіндік хабарламалар келетінін және оның күнделікті қалыпты өміріне кедергілер туғызып жатқанын мәлімдеді. Осы сұхбаттан кейін Netflix компаниясы телефон нөмірінің иесіне хабарласқан. Бұл туралы жәбірленуші SBS News-ке берген сұхбатында Netflix продюсерлік тобы өткен жолғы сұхбаттан кейін хабарласып, «Нөмірді ауыстыр, өйткені қазір ештеңені өзгертуге болмайды. Біз әдейі жасамадық» деп айтыпты. Сондай-ақ, түсірілім тобы «телефон нөмірінен бас тартқаны үшін» миллион вон (шамамен 851 АҚШ доллары) көлемінде өтемақы ұсынғаны туралы ақпарат бар. Алайда бұл нөмірді өзгерту ол үшін тиімді емес екен. Себебі ол оны 2 жылға жуық уақыт бойы қолданып қана қоймай, сонымен қатар бұл нөмір оның шағын бизнесіне де байланысты. Бұл мәселе бойынша режиссер Хван Донг Хёк: «Біз бұл нөмірді пайдалану қауіпсіз деп айтқандықтан қолдандық, бірақ қазіргі туындаған келеңсіз жағдайға жауапкершілікпен қарап, соңына дейін өз мойнымызға аламыз», – деді. Міне, кино аяқталғанмен, шынайы өмірде қалталы адамның біршама басымдыққа ие екенінің көрінісі.

Айта кетейік, бұл сериалға 21,4 млн доллар қаржы жұмсалған. Алайда Netflix 891,1 млн доллар пайда тапқан, яғни қырық есе көп табыс тапқанын көрсетеді.

Аз уақыттың ішінде әлемді жаулаған корей сериалы суицид жасауға итермелейді деп психологтар дабыл қағуда. Ең алдымен бұл сериалды 18 жастан асқан жандарға көруге рұқсат берілгенін айта кеткен жөн. Дей тұрғанмен, балалар да танымал сериалды көруден қалыс қалмауда. «Кальмар ойыны» сериалын өңірімізде көру көрсеткіші 91 пайызды құрап отыр. Бұл сериалдың бала психологиясына әсері қандай? Осы жайында білікті маманның өзінен сұрап көрейік.

– Жалпы алғанда «ойын»  балалық кезеңнің дамуына тікелей жетекші. Олай дейтінім әлі психикалық дамып жетілмеген бала ойын арқылы қоғамдағы адамның рөлдердін  танып және өзіне дағды қалыптастырады. Педагогикада бейнелік сабақтар бала есінде тез  сақталатыны дәлелденген. Себебі бала әр көргенін образдар арқылы есінде сақтайды. Ал, енді «Кальмар ойыны» туралы айтар болсақ, сол ойындағы образды бала санасына сіңуімен қауіпті. Психология саласы мамандарының алаңдауындағы мән де осында. Әлі дамып бітпеген және әлсіз психикадағы балалардың ойынмен фильмдегі жауыз эпизодтарды сіңіруі немесе қоғамда әлсіз  болуға қорқыныш қалыптастырады. Фильмде кезіктерген кей ойындар біз бала күнде ойнайтын ойындарға өте ұқсас. Маған ұнамағаны да сол, фильм санасының балалық шақтың әдемі естеліктерін қан жоса  жауыздықпен алмастыруы. Ата-аналарға осындай бейне контенттерді балалардың көрмеуіне ықпал етуді және балаңызға интернет не сыйлап жатқанынан хабардар болуды тапсырар едім, – деді Bilim Foundation қоғамдық қорының аймақтық өкілдігі басшысы Жұмагүл Тасболатқызы.

Өңделмеген егіс алқабының құнарсыз болатыны сияқты, толыққанды тәрбие алмаған баланың өсе келе кемелдікке жетуі кәдік. Әрбір ата-ана бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Көпшілігі кедергі жасамай желіге желімдей жабыстырып, басы аман болса болды деп назар аудармайды. Кейін бармағын тістеп, бітеу жарадай сыздап кеп, көкірегін өкініш кернейді. Тым кеш болуы мүмкін.

Жалпы, сериал заманауи технологияның құдіреттілігіне тамсанып қана қоймай, өмірге деген көзқарасты өзгертуге бағытталады. Сол себепті бұл сериалды көрген немесе көрер болсаңыз, тереңірек зерттеп көріңіз. Бәлкім өмірде сіз де ойынға қатыспай-ақ табысты болып қана қоймай, адамның адалдығы – қалтада емес, жүректе екенін ұғынарсыз!

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: