19 наурыз 2019 жыл, сағат 19:00.
Бұдан қандай да бір символикалық астар іздеудің қажеті бар-жоғын қайдам, алайда бұдан тура бір жыл бұрын дәл осы күні елімізде тарихи маңызы бар шешім қабылданды. Бұл күннің болары анық еді, бірақ мұндай жеделдік болады деп ешкімнің ойламағаны сөзсіз. Иә, сол жылы, сол күні, сол сағатта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев орталық телеарналар арқылы халыққа үндеу жасап, президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес», – деді мемлекет басшысы.
Жасыратыны жоқ, сол кезде бұл мәлімдемені әркім әрқалай қабылдады, түрлі пікірлер де айтылды, тіпті көршілер мен әлемнің алпауыт елдерінің өзі таңданыспен қарап жатты. Телеарна, баспасөз, әлеуметтік желілер арқылы да қимастық білдіріп, ризалығын ақтарып, көңілдері босап отырған ел-жұрттың пейілі де кең еді. Сол жолы былтыр еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметті атқарып келе жатқанына 30 жыл толғанын атап өткен Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның қиын жағдайын тілге тиек етті. «… Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік…» деді. Сөз жоқ, қиындықтың бәрі артта қалды, бүгінде бізді әлем таныды, өркениетті елдердің көшіне ілестік. «Кезінде Тәуелсіздіктің жылнама парағын өзі ашып еді. Қиын-қыстау кезеңде қиядан жол тапты. Өгізді өлтірмеді, арбаны сындырмады. Қырықпышақ қырқыстарға, арамой араздықтарға ұрындырмады. 30 жыл қанды қақтығыстарды тек теледидардан көріп, бейбіт өмір кештік. Шекарамызды нықтадық. Астанамызды салдық. Болашағымызға бардық. Тарих дейтін алыптың өлшемімен қарағанда, талай-талай табысқа табан арттық». Бұл – Мұрат Есжан есімді әлеуметтік желі қолданушының сол кездегі сөзі.
Қазақ халқы – қашаннан келер күннен жақсылық, үміт күтетін ұлт. Содан да ендігі өмірін алдағы күннің еншісіне қалдырған жұрт жаңа өзгерістің жаңаша жүрістерге, қарышты қадамдарға бастайтынына сенімді болды. Оған Елбасы да сенеді. «Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды. Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айырыламыз» деп сөзін түйіндеген Н.Назарбаев сол күні «Nur Otan» партиясының жетекшісі және елеулі өкілеттілігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін жеткізді. Тұңғыш президенттің айтуынша, оның ендігі міндеті – «басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету». Ол Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелгенін, президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін сенат төрағасына берілетінін, қазір парламенттің жоғары палатасының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев екенін, «Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат» деп мәлімдеді.
Тарихи сәт келді, мәлімдеме соңында мемлекет басшысы «соңғы» қабылдаған жарлығына қол қойып, оның мәтінін оқып берді. Құжатқа сәйкес, Назарбаев 2019 жылы 20 наурызда президенттік өкілеттігін доғарып, қалған мерзімін парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады. Сөйтіп, парламент ертеңіне палаталардың бірлескен отырысында Тоқаевтың ант қабылдау салтанатын өткізді. Жарлық қол қойған уақыттан бастап күшіне енді.
Міне, Елбасы елінің алдында еңсесі биік, абыройы асқақ күйде осынау жауапкершілігі қара жерден де ауыр қиын қызметтің әдемі нүктесін қойғанына да жыл толды. 2019 жылдың 9 маусымындағы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында отандастарының 77,4 пайыз дауысын иеленіп, ресми түрде мемлекет басшысы болып таққа отырғанын былай қойғанда, былтырғы 20 наурыздан бері өкілеттілікті иеленген Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ел тізгінін ұстап келе жатқанына – тура бір жыл. Бұл бір жыл қазақ үшін қуанышымен қатар қайғысын да ала келді. Әлем дүрлігіп, қазақстандық қоғам да құбылып тұр. Бұл мемлекет басшысына да, билік басында жүргендерге де оңай тиіп тұрған жоқ. Айтсақ, 365 күннің ақ пен қарасы қатар өрілді. Өткен жылдың басында бас қалада бес бірдей бүлдіршіннің тірілей отқа оранған оқиғасынан кейінгі аналардың наразылығы бүгінге дейін әлсін-әлсін бой көрсетіп келеді. Арандатушы күштердің айтақтауымен алаңға шығып, митингілету де жиілеп кетті. Жаздағы Арыста болған жарылыс та жұртты есеңгіретіп тастады, кешегі Қордайдағы қақтығыс та жоғарғы жақтағылардың жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді. Мұнай бағасы құлап, теңге теңселіп, экономикалық қиындыққа тап болу да көптің көңілін күпті етсе, мынау Қытайдан басталған тәжтажалың да талайдың түн ұйқысын төрт бөлетін түрі бар. Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланды. Бір нәрсе анық, қай кезде де ашуын ақылға жеңдіріп, сабырлық танытатын қазақ халқының береке мен бірлігі бәрін де жеңеді. Кеше мемлекет басшысы да осыны айтты.
Осының бәрін теріс ойлылардың оңтайлы пайдаланып, түрлі қауесет пен дақпыртқа ұластырғысы келіп жүргені де анық. Әсіресе, 18 наурызға белгіленген «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының астарынан «үлкен бір нәрсе» іздегендер аз емес. Бірақ, бұл кеңейтілген кеңестің де уақыты кейінге шегерілді. Алда не күтіп тұрғанын болжау да қиын. Бір ақиқаты, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетті ары қарай басқара бергенін қалайтындар да бар. Өйткені Кемелұлы бір жылдың ішінде халықтың көңілінен шығатын біраз тірлік жасады. Саяси реформалар жасауға ұмтылып, жұрттың қолдауына ие болғанын да жасыра алмаймыз…
Бір сөзбен айтқанда, өкілеттілік тоқтағанмен өмір тоқтаған жоқ! Өркендеп, өсе берейік! Алла халқымызды панасынан тастамасын!
Н.АҚПАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!