Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан – қауіпсіздік пен тұрақтылық доноры

12.08.2021, 17:35 1265

Сараптама

HALYQLINE.KZ

Әлем назары ауған ел

Халықаралық аренадағы барлық жетістіктер мен табыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жүзеге асырылу барысымен тікелей байланысты. Ұлт көшбасшысының жаңа серпінге ие стратегиялық көзқарасы, дипломатиялық талантының арқасында қазақстандық дипломатия әлемдегі 262 мемлекеттің 180-імен тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыс орнатып, халықаралық ұйымдармен қатынас нығая түскені уақыт өте дәлелденуде.

Тәуелсіздік жолында табанын тілімдеген жұрт талай тағдырды бастан кешірді. Кеңестік қыспақтан босағаннан кейін бейбітшілік пен келісім жолын таңдады. Ядролық қарудан бас тартты, қауіпсіздікті кемел келешек пен ел ертеңінің негізі етті. Осы ретте заманның ырқына қарай икемделетін қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін ұжымдық қауіпсіздік идеяларын көтерді. Мәселен, ұлт көшбасшысы осыдан 30 жыл бұрын жаһандық ядролық қарусыздануды күн тәртібінің басты мәселесіне айналдырды. Нәтижесінде 2009 жылы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған бірлескен қарардың авторлығында 26 мемлекет болды. Олар Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түркіменстан, Жапония, Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, тағысын тағы…

Қазақстан – БҰҰ-ның беделді мүшесі. 1992 жылы күші жойқын ядролық қарудан бас тартқаннан кейін әлем елдері жас мемлекетті бірден мойындады. Өйткені, бұл – ғаламдық қауіпті процеске біржола нүкте қоюдың алғашқы қадамдары еді. Елбасының әлемді көркейту жолындағы игі бастамалары әлем жақсыларының назарын өзіне аударды. Сөзіміздің бірден-бір айғағы ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін айтуға болады. Көреген басшы, сарабдал саясаткер діннің қоғамда алатын орны мен оның бір ел мен тұтас дүние көлеміндегі қуатын жақсы білген соң, осынау бастаманы көтеріп, жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында осы съезді өткізуді дара дәстүрге айналдырды. Сөздің шыны керек, соңғы жылдардың еншісінде қолайсыз сценарийлер бар. Оның ішінде аса ірі мемлекеттер мен блоктар арасындағы геосаяси шиеленістер, халықаралық терроризм мен радикализм сияқты жаңа трансұлттық қатерлердің пайда болуы біздің елімізді айналып өткен жоқ. Бұл ретте күрмеуі қиын, шиеленіскен факторларды шешуде тұңғыш президенттің саяси ұстанымдары себепкер болғаны анық. Нәтижесіне көз жеткізгенде көпбағытты, прагматизм мен мүдделерімізді қорғауға бағытталған саясаттың дұрыстығына күмән болмайды.

Жаһандық абырой

Биыл – Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл. Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы бұлтартпайтын күресте әлемдегі санаулы елдердің бірі. Бұны Елбасы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қою жөніндегі ұсынысы мен ядролық қарусыздану және жаһандық қауіпсіздік саласындағы АТОМ жобасының жуырда іске қосылуы куәландырады. Осыдан тура 30 жыл бұрын Орталық Азиядағы ең ірі республика жаһандық әлемге жолдың қандай болатынын әлемге көрсете білді, онысы – қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау. Ядролық сынақтарды тоқтата отырып, ядролық қаруды өз территориясында иеленуден бас тарту туралы бірінші болып шешім қабылдаған ел ретінде абыройы жоғары.

ҚР-ның Тұңғыш президенті Н.Назарбаев 2019 жылы «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» жиынында:

 – Бүгін тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн. 1991 жылғы дәл осы 29 тамызда менің жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылғанын білесіздер. Бұл бүкіл халқымыз 40 жыл бойы күткен тарихи шешім болды.

1949 жылғы 29 тамызда Қазақстанда Кеңес Одағының бірінші атом бомбасы жарылып, орасан зор экологиялық және адами трагедияға әкеп соқтырды. 40 жыл ішінде полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді. Кем дегенде 500 мың адам радиацияның залалын тартты.

2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы Қазақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялады. Бұл күн 2010 жылдан бері бүкіл әлемде аталып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру қозғалысының алдыңғы қатарында ерекше орын алды. …Жүздеген ядролық жарылыстардың барлық сұмдықтарын бастан кешірген Қазақстан ғаламшардағы қуатты 4-ші ядролық әлеуеттен толық бас тартудың пайдасына ерікті таңдау жасады. Семей полигонынан кейін әлемнің әр түкпіріндегі басқа полигондар жабылды. Осылайша, ядролық сынақтарға тыйым салу жаһандық сипат алды. Нәтижесінде менің Семей полигонын тоқтату туралы шешімім 1996 жылы ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа жол ашты, – деген болатын.

Азат елдің алты факторы дамыса…

Еліміздің ядролық қаруын сынау мен қолданудан зардап шеккен мемлекет басшылары ретінде тарихта бірінші рет ең жоғары деңгейде Н.Назарбаев және Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ күшіне енуін қолдап, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімге қол қойды. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға жол ашқаны Елбасының маңызды ғаламдық бастамасы екенін мойындағандар аз емес. Қазақстан – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы барлық негізгі халықаралық шарттардың қатысушысы. Биыл Ядролық қаруды таратпау туралы келісім құжатына 30 жыл толды.

Жас мемлекет ретінде әлемдік келісімдерге қол қоюда өзіндік орны бар Қазақстан сыртқы саясаттағы пайдасын игілікке жарату үшін мына факторларды назардан тыс қалдырмауы керек.

Біріншіден, экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту. Дипломатиялық құралдар арқылы шетелде мемлекеттің және қазақстандық жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін ілгерілету мен қорғауды қамтамасыз етеді, жаңа және дәстүрлі әлемдік нарықтарда қазақстандық бизнес пен экспорттық өнімдердің болуын кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

Екіншіден, әлемнің барлық елдерінің дамуы үшін тең мүмкіндіктер беретін әлемдік әділ валюта-қаржы жүйесін қалыптастыруға қатысу;

Үшіншіден, өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге халықаралық күш-жігер жұмсау;

Төртіншіден, өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке үлес қосуды жалғастыру. Өйткені, Қазақстан энергетикалық ресурстарды өндіруші елдердің, транзиттейтін елдердің және тұтынушы елдердің мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуді, оларды экспорттаудың әртараптандырылған, тұрақты және қауіпсіз маршруттарының жүйесін құруды жақтайды.

Бесіншіден, тиісті ұлттық институт құра отырып, әлемдік қоғамдастықтың дамуға ресми көмек көрсетуге күш-жігер жұмсау ісіне қатысу;

Алтыншыдан, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және жаһандық климатты сақтау мәселелеріне баса көңіл аудару.

Міне, осы соңғы бөлімде жаһандық климатты сақтау мәселесі қозғалып отыр. Мұның ядролық қарусыздануға да тікелей қатысы барын көзіқарақты оқырман жақсы білуі керек. Өйткені Қазақстанның тұрақты даму мақсатының 17-інші мақсатында «Мыңжылдық декларациясында тұжырымдалған даму саласындағы мақсаттар бойынша қол жеткізілген табыстарға негізделген және климаттың өзгеруі, экономикалық теңсіздік, инновациялар, тұрақты тұтыну, бейбітшілік және әділдік сияқты жаңа салаларды қамтиды. Мақсаттар өзара байланысты – көп жағдайда олардың біреуінің табысқа жетуінің кілті басқа мақсаттармен тоғысатын проблемалардың шешілуінде жатады. Қазіргі уақытта дұрыс таңдау жасап, келешек ұрпақ үшін өмірді тұрақты түрде жақсартуға ТДМ әріптестік және прагматизм тұрғысынан ықпал етеді. Олар барлық елдермен дербес басымдықтарына және бүкіл әлемнің экологиялық проблемаларына сәйкес қабылдануы тиіс нақты басшылыққа алынатын принциптер мен мақсаттарды қамтиды» делінген.

Осы мәселелерді бұлжытпаған жағдайда еліміз XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт негізінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық салаларында одақтастық қатынастарды нығайтуды жалғастырады.

Ядролық қарусыздану – тарихи шешім

Нақтылық болсын, 2019 жылғы «Жаһандық бейбітшілік индексінде» Қазақстан 163 елдің ішіндегі ең жоғарғы 64-орынды және ТМД кеңістігінде бірінші орынды иеленді.

 – Бүгінде ядролық қарудан азат әлемге ұмтылу қазақстандықтардың ұлттық санасының маңызды құрамдас бөлігі болғанын қанағаттанушылықпен атап өтемін. 1991 жылы мен жаңа жас мемлекеттің күші ядролық қарусыздану деген жалғыз шынайы тарихи шешім қабылдадым. Біз бейбіт жолмен алға басу мен өркендеу жолында табысты жүруге болатындығын нақты мысалмен дәлелдедік. Қазіргі кезде Қазақстан – халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың танымал доноры, – деп баяндады Елбасы Н.Әбішұлы.

Осы ретте Елбасының еліміздің болашағы үшін қабылдануы керек талаптарын оқырмандарға жеткізгенді жөн санадық.

 – Барлық заманауи сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы жаһандық қоғамдастық даналық тауып, біздің планетамыздың болашағы туралы диалог пайдасына шешуші қадамдар жасауы керек.

 – Ядролық қаруға негізделген стратегиялық тұрақтылықтың архаикалық тұжырымдамасын қайта қарау қажет.

 – Ядролық державалардың қауіпсіздігіне заңдық тұрғыдан кепілдік беретін тиімді жүйені енгізу мәселесі өте өзекті болып табылады.

 – «Ядролық клубтың» мүшелері өздерінің жаппай қырып-жоятын қару-жарақ саласындағы саясатын түзету пайдасына бірқатар міндеттемелер мен шектеулер қабылдауы керек.

 – Соңғы екі онжылдықта Жалпыға ортақ ядролық тыйым салу туралы келісім әмбебаптандыруда және Халықаралық мониторинг жүйесі арқылы оның сәйкестігін бақылауда біраз жетістіктерге қол жеткізілді.

 – Абсолюттік әмбебаптандыру және ЯҚТШ (Ядролық қаруды таратпау туралы шарт) режимі мен механизмдерін барынша күшейту маңызды.

Ерте ме, кеш пе…

Қазақстан – Орталық Азияда әлеуметтік-экономикалық проблемаларды, су-энергетикалық торап пен өзге де қайшылықтардың түйінін шешу мақсатында ішкі өңірлік интеграцияны дамытуға ұмтылып келе жатқан жас мемлекет. Еуразиялық интеграцияны елімізді әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесінде орнықты ұстанымға ілгерілетудің пәрменді тәсілдерінің бірі ретінде қарастыра отырып, Қазақстан осы негізде Еуразиялық экономикалық одақ құру мақсатында Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті нығайтуда. Бұл ілгерілеушілік пен экономикалық өрлеу жолындағы жетістіктер мен маңыздылығы жоғары саяси стратегиялық жоспарлар Елбасының елді өркендету жолындағы атқарып келе жатқан тұжырымдарының бір бөлігі ғана. Қазақстан БҰҰ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар мен форумдар қызметінің жауапты қатысушысы бола отырып, осы ұйымдардың қызметі шеңберіндегі өзінің басты міндеттерін пайымды орындаудан жаңылған емес.

Мұны да Тұңғыш президенттің бір ауыз сөзімен жеткізу әсте қиын емес. «Ерте ме, кеш пе біздің планетамыз осы өлімге әкелетін жаппай қырып-жою қаруынан біржола арылатынына сенімдімін және мен жариялаған манифесттің басты мақсаты – «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр». Және бұған қол жеткіземіз».

Алты ауыз ұсыныс

2019 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Н.Назарбаев алдағы болашақта ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін келесідей ұсыныстар айтты:

Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату.

Екінші. Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолдану механизмін әзірлеу.

Үшінші. Әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетін нығайту.

Төртінші. Халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты қайтару.

Бесінші. Ядролық қарудан азат аймақтар құру.

Алтыншы. Жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейту.

 – Қазіргі дәуірде соғыссыз әлем құрудың кең ауқымды бағдарламасы туралы өзінің манифестінде баяндады. Бұл құжатта басты қағидат ретінде соғыста жеңімпаз болмайтыны, ғылыми табыстардан келетін қауіп-қатердің алдын-алу, мемлекеттер арасындағы талас-тартысты бейбіт үнқатысу мен сындарлы келіссөздер арқылы шешу ұсынылды. Елбасы бұл орайда ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесі АӨСШК, ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы және басқа да өңірлік бірлестіктердің әлеуетін толық іске қосуы тиіс деп санайды, – деп жазады «strategy2050.kz» порталы.

Болжам. Әрекет. Қолдау

Тәуелсіздік мерзіміндегі еліміздің экономикалық бағыттағы осындай ірі табыстарының кепілі – қабылданған жоспарлар мен бағдарламаларды орындағанның нәтижесі. Шындығында да егемендік мерзіміндегі еліміздің ішкі жағдайдағы атқарылған жемісті қадамдарымен бірге сыртқы саясаттағы қызметі де аса қарқынды. Оған әлемдік қауымдастықтың Қазақстан басшысын бейбітшілік жолындағы аса көрнекті қайраткері ретіндегі тануы болып отыр. Мәселен, 2009-2017 жылдар аралығында АҚШ президенті болған Барак Обама:

 – Назарбаев – ядролық қауіпсіздік және қаруды таратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Қазақстан мемлекеті ядролық қарудан бас тартып-ақ, қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қол жеткізуге болатындығының керемет үлгісі бола білді. Ядролық қарудан бас тарту арқылы қазақстандықтар аймақтағы бар мемлекеттен қауіпсіздікке кепілдік алды, әрі бұл Қазақстанды аймақтағы тұрақты мемлекеттердің біріне айналдырды. Оқшау болып қалуы да ықтимал болған, алайда ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан халықаралық экономика үшін ашық және шетелдік инвестиция тартуға қолайлы елге айналды, – деп баға берген.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш:

 – Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, ядролық қаруды таратпауға, превентивті дипломатияның және терроризмге қарсы іс-қимылдарға қатысты БҰҰ-ның құндылықтарын қорғау және ілгерілету ісінде маңызды рөл атқаруда. Орнықты даму мақсаттарының жақтаушысы ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалаймын, – деп пікір қалдырған.

Бүгінде мемлекетіміздің сыртқы елдермен қатынасы бұрын болып көрмеген тұрақтылығымен ерекшеленеді. Елбасының сындарлы да болашақты болжаған ұсыныстары мен бағдарламалары халықаралық деңгейде қолдау табуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: