«Ер шекіспей бекіспес» дейді халық даналығы. Өте дәл айтылған. Расында да, өзі ер болса, сәл келіспеушілікке бола бет жыртыспас. «Қателігін мойындай білу де – ерлік» демекші, шекіскен жақтың бірі қателігін мойындап, екі тарап бітімге келісу – нағыз ерлердің ісі.
Ал, ерегіскендер ше? Ай, олардың бітімге келуі екіталай-ау! Олай деуге, бір кітаптан: «Ерегіс бар жерде илігу, дұрыс сөзге тоқтау деген болмайды, адамдар қайта қырсыға түседі. Ондайда ол қайткенде де өз уәжіне жығуға тырысады.
Таласпен біреуді дегеніме көндірем деу – әбестік. «Талас достың достығын азайтып, дұшпанның дұшпандығын арттырады» деген сөз бекер айтылмаған», – дейтін ескертпе сөзді көзім шалып қалғаны бар-ды. Ойлап отырсам, түсінгеннің жетесіне жеткізе білген сөз-ау!..
Иә, адам бойында кездесетін осы бір абырой әпермейтін мінез – ерегістің куәгері боп, жағамды ұстаған кезім әлі күнге көз алдыма елестеп, санамнан кетер емес.
Ол оқиға ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, дәлірек айтқанда, 1993 жылдың қыс айының қытымыр күндерінің бірінде болған-ды.
Бұл жылдар ер-азаматтар үшін аса ауыр кезең еді. Екі қолға бір күрек таба алмай сенделген ер-азаматтар не істерін білмей аласұрып, ащы суға көбірек әуестеніп, оның үстіне «құланның қасынуына – мылтықтың атылуы» демекші, сол кездері елдің аяғына енді тұра бастаған шағындағы мемлекеттік идеологияның тым әлсіздігін, бодандықтан әзер босанған жұрттың балаң санасын демократиялық құндылықтарды желеу етіп, тез арада улай алған небір бейәдеп газет-журналдардың тиын-тебен табу жолындағы сорақы «шығармалары» ұлтымызды ұлттық құндылықтардан алыстата бастаған сұрықсыз бір күндері-тін.
Қалада бүгінгідей құжынаған көліктер де, шаруаға асыққан жұрт та көріне бермейтін. Базар маңындағы аялдамада «Такси-такси!» деп хормен айғайлап тұрған таксистердің бірде-бірі жоқ-тын.
Жалғыз өзім аялдамада бүрсеңдеп тұрғанмын. Автобусы бар болғыр жуық маңда келе қояр түрі көрінбейді. Сөйтіп, жан-жағыма алақтап тұрғанымда, көптен көрінбей кеткен таныс жігіт келе қалмасы бар ма?! Шамалы шалып алғаны көрініп-ақ тұр. Бірақ сөзі түзу. Біз шүйіркелесе кеттік. Жақында үйленіпті. Алайда біртүрлі көңілсіздеу көрінді. «Адамды тұрмыс билейді» деген ғой! Мына тарылып кеткен заманда қайбір жарып жүр дейсің! Соның зардабы шығар?!» деп ойладым да қойдым. Ары қарай мазаламадым.
Сол сәтте аялдамаға «қызынып алған» тағы бір ер-азамат келе қалды. Мен танымадым. Есесіне, менің танысыммен «ой, бауырымдап!» құшақтаса кетті. Сірә, етене жақын-ау! «Құдай айырмаса, адам айыра алмастай» екен!.. Мен жайына қалдым. Екеуі де маған назар аударар емес. Екеуінің ортақ әңгімесіне кедергі жасамайын деп шеткері шықтым. Алайда екі құлағым «тік шаншылып» екеуінің әрбір сөзін назардан тыс қалдырар емес.
Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, менің танысым өзінің жақында үйленгенін айтты.
Бұған елең ете қалған танысы:
– Төсекте қалай екен?! – деді тілін бір жалап алып төтесінен.
Бұл төте сұрақ менің танысымның айылын да жидырмады. Мұндай сұраққа дап-дайын екенін білдіре жауабын тым келте қайырды.
– Әлгі газеттердегідей!.. Әдіс-айланың түр-түрін жетік меңгерген екен!..
Мұны естігенде, танысымның танысының жаны кіре түсіп, дарақылау күліп жіберді.
– Уа-ха-ха!.. Сәбеттік идеологияны «секстік» идеологияға ауыстыру өз жемісін берді десейші!.. Жасасын төсек қатынасы!.. Жасасын демократия!..
Мұндай дарақы күлкіге демократиялық ұранның араласуының түп төркінін түсіне алмай аузым ашылды да қалды. Мүмкін, бұл бүгінгі қоғамның рухани құндылығына деген ашынғандығы ма, әлде дән ризашылығы ма?!..
Дегенмен, мұндай «демократиялық ұранды» сөзге танысым келіспегендей сыңай танытып, басын шайқады. Танысымның бұл қылығы мені өзіне тәнті етті. «Қазір небір пәлсапалы да аталы сөзімен жауап беріп, танысының меселін қайырар!» деген үмітпен, әрі қазақ тілі мен әдебиеті маманы ретінде қызығушылықпен құлағымды алдыға қарай ұмсындыра түстім.
Алайда ойым ойдағыдай болмады. Бірде-бір аталы сөз естілмеді. Есесіне, танысымның тым келте қайырған «шаталы» сөзі шатынап шықты.
– Дұрысы – төсек қатынасы емес, төсектегі қатынас! – деді басын шайқаған күйі, танысының қатесін түзеп.
Шатақ, дәлірек айтқанда, ерегіс тап осы сөзден кейін басталды. Танысымның танысы да шорт кетті.
– Жоқ! Төсектегі қатынас деген не пәле?!..
Танысым да есесін жібергісі келмеді.
– Сен де айтасың-ау! Төсектер қатынаспайды, төсектегі адамдар қатынасады!.. Демек «төсектегі қатынас» деген дұрыс!
– Дұрыс емес!
– Дұрыс!
Мен алғашында бұл аяқ асты өрбіген дауды «пікірталас» деп ұғып қалдым да, екі құлағымның «демократиялық еркіндігіне шек қоймай», еркіне қоя бердім. Сол сәтте құлағымның бағанағы тік шаншылғаны тік шаншылған ба?!.. Бейне қасқырды көрген қойдыкіндей сіресті де қалды. Мұнымен қоймай, «пікірталастан шындық туады» деген даналық та ойымда «қапталдаса шауып», сананы шарпып өтті. Сол-сол-ақ, қиялдың көгіне самғай жөнелдім.
«Пікірдің сәні – бұлтартпайтын мақұлы,
Сөздің сәні – өнегелі, өткір нақылы» деген бабалардан қалған асыл сөзді малданып ап, дауласқан екі тараптан өнегелі, өткір сөздер күттім. Пікірталастың көрігін қыздырып, нәтижесінде бір шындыққа жетіп, бұлтартпайтын мақұлға келісетін шығар деп үміттендім. Сол шындық тез арада туындаса екен деп тіледім. Сөйттім де, «Ел іші – өнер кеніші» демекші, анау уақытта тіл білімінің ірі ғалымдары да шеше алмай бастары қатқан кейбір асыл сөздердің мән-мағынасын ел ішіндегі қарапайым адамдардың шешіп бергенін еріксіз есіме түсірдім. Атап айтар болсақ, «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық», «Ит ашуын тырнадан алады» деген сынды мақал-мәтелдердегі үйлесімсіз, қисынсыз мағынадағы «бақа басты еркек», «тырнадан алады» деген тіркесті сөздердің дұрысын қарапайым ауыл адамдары түзеткенін бүгінде жұртың бірі білсе, бірі білмес.
Дұрысы – «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» болса, бақыр дегеніміз – мыс екен. Сондай-ақ, «Ит ашуын тырнадан» емес, «тырналап алады», яғни, жерді тырналап ашуын тарқатады екен.
Тағы да қайталап айтайын. Осы бір жайт есіме орала кеткенде, еріксіз: «Иә, сәт!.. Мына қарапайым ауыл адамдарының пікірталасынан төсекке қатысты дұрыс та мәнді сөзді тауып, елге ең бірінші боп жариялап, аса зор құрметке бөленсем, сөйтіп, соның арқасында аяқ асты Жоғарғы кеңеске (ол кезде парламент Жоғарғы кеңес деп аталады – Н.Ж.) депутат боп кетсем немесе тіл білімінің әйдік маманына айналып, билікке сөзімді жеткізердей беделді адам ретінде қаладағы ешбір себепсіз қиратыла басталған әскери қалашықты сақтап қалуға септігім тиіп, оны бизнес орталығына айналдырып, болашақ Арал өңірін бизнестің гүлденген жері ретінде туын тіксем, осылайша жергілікті тұрғындардың тұрмысының түзелуіне өзіндік үлес қоссам…» деген үмітті ой санамды сілкіп жіберді.
Бұл үмітті ойдың қас қағым сәтте аса оптимистік тұрғыда өрбігені сонша – бүгіннен бастап өзімді «Аралдың құрметті азаматы» ретінде сезініп, жалма-жан әлгілердің пікірталасына дереу шенеуніктерше шірене, құлағымның локаторына қолымды тоса «үлкейтіп», бір орында қақидым да қалдым.
Алайда ішкі дайындығымның босқа кеткенін көп ұзамай-ақ аңғара бастадым. Әлгі «Ел іші – өнер кеніші» болуға тиісті пікірталас иелерінің әр сөзі, әр қимылы сәт сайын адам шошырлықтай күйге түсе берді.
Алдымен төсек қатынасына байланысты алтын қорларындағы асыл сөздерін тауысып бітті де, саусақтарының арасынан сорайтып шығарған басбармақтарын бір-біріне ұсына бастады.
– Мә-ә! Сенікі дұрыс!..
– Мә, болса, мә-ә!..
Сөйтті де, бұған да «мейірлері қанбағандай», «ендігі кезек сенікі» дегендей, дереу шалбарларының ілгектерін ағыта бастады.
Кез келгеннің жаны шошырлық бұл әрекеттерді көргенде, «Байтал түгілі, бас қайғы» күйде, аяқ асты шұғыл шешім қабылдап, «Қашпақ болсаң, зымыра» дегендей, аяқ-қолымды жерге тиер-тигізбестен зулай жөнелдім.
«Астапыралла! Қарап тұрып, «Құдайдан мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылған ешкіге» ұқсап, асыл сөз іздеймін деп дәмеленіп, «барымнан» айырылып, масқара болып қалсам ше?!..»
Бұл ой мені одан бетер зуылдата түсті.
Кейін ойлап қарасам, бұлардікі пікірталас емес, сәл нәрсеге бола дауласып, соңы ерегіске ұласқан дертті, жалған намысты сезім екен-ау!
Содан бері, біреу-міреулер дауласа бастаса бітті, жандарына жетіп келіп:
– Уа, жігіттер, сендердікі пікірталас па, әлде ерегіс пе?! – дейтінді шығардым. Егер де:
– Жоқ! Біздікі пікірталас емес, ерегіс! – десе, дереу ол жердің шаңын бұрқ еткізе, жоқ болып кетуге тырысам.
Өйткені, «Ерегіскен ел болмас!» деген, «Бәледен машайық та қашыпты». Ерегістен туындайтын бәленің қауіптілігі сол – тіпті, қашаннан көрші отырған ағайынды халық орыс пен украинның да арасына бітіспес от салуы қатал мысал бола алады.
Украиндар:
– Әй, орыстар, украинша сөйле! – десе, орыстар:
– Сөйлемеймін! – деп ерегісе кетеді.
– Сөйле!
– Сөйлемеймін!
Мұның ақыры бір мемлекетте тұрған ағайынды халықтардың соқтығысып, қарапайым халық қанының төгілуіне әкеп соқтырды.
Айтып-айтпай не керек, ерегіс біткен кесапат десек, бұл ерегістің соңы немен бітері бір Құдайға ғана аян!
Жасыратыны жоқ, соңғы кезде Кеңестік империяның қирандысынан еш нәрсеге соқтырмай аман-есен алып шығып, әлем мемлекеттерімен терезесі тең Қазақ елін жасақтаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа да ерегісетіндер қатары күн санап көбейіп бара жатқаны көпке мәлім. Осындайда хакім Абайға жүгініп қою да артық етпес. Оның:
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл…
…Көп шуылдақ не табар?
Билемесе бір кемел!
Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл…
…Единица – жақсысы
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел, – деген өлеңі түсінген жанды ой тереңіне сүйрейді, тәубесіне келтіреді. Түсінбегенге «мейлің тіріл, мейлің өл»! Өйткені, түсініспегеннен, ерегіс салдарынан дүниежүзіндегі көптеген елдердің іргесі сөгіліп, халқы бүліншілікке ұрынып жатқан жоқ па?!
Осы орайда, көлік аялдамасында сәл нәрсеге бола ерегіскен әлгі екі дос сынды азаматтарға хакім Абайдың отыз тоғызыншы қара сөзіндегі ұлағатты сөзді арнағым келеді. Онда бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екенін айтады. «Олар: елбасы, топ басыларына тоқтай білетіндігі мен намысқойлығы, – дей келе: «Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық», – дейді.
Сондай-ақ, жиырма бесінші сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста жүр», – дей келе, «зарарынан қашық болу» керектігіне де баса назар аударады. Өйткені, о заман да, бұ заман қай қазақ «төсек қатынасы», «төсектегі қатынас» деп ерегіскен?! Бұл – орыстың, яғни Батыс өркениетінің хакім Абай сақтандырған көлеңкелі жағының әсері. Бұндайлардан аулақ жүру ләзім!
Мұны қаперіне алмаған әлгі екеу бүгінде «жынынан айырылған бақсы» сияқты. Бастары салбырап кетіп бара жатқаны. Сірә, сол бір сүреңсіз ерегісте, айып болса да айтайын, бірінікін бірі жұлып тастаса да, менен көрме! Өйткені, алдын қос қолымен жауып, әлденеден қорғаншақтайтындай сыңай білдіретін әдет тапқандарына қарағанда, екеуінде де ашылмастай бір сыр қалыпасқан секілді көрінеді де тұрады маған!
Бұлардың мұндай түрін көргенде, іштей: «О-о, Құдайым, өзің сақтай гөр!.. «Аш бәледен, қаш бәле!» деген, сол бір ерегістің үстінде уақытында қашып үлгірмегенімде бар ғой!.. Бүгінде мен де басым салбырап, алдымды қос қолыммен бүркеп, ілбіп кетіп бара жатамын ба, кім білсін?!..» – деп тілімді кәлимаға қайта-қайта келтіріп қоюға әсте ерінбеймін.
«Ойды ой қозғайды» деген рас екен-ау! Кей-кейде «Айғыр едім, ат болдым» деген сөздің төркіні осындай ерегіскендердің әрекетінен туындаса керек!» деп те ойлаймын. Қазір осы бір асыл сөздің тарихын білуге құштарланып жүргенім де жасырын емес.
Сөз соңында тоқ етерін айтарым, жұрт қалай түсінсе, олай түсінсін, өз еріктері! Ал, менің түсінгенім: «Ерегіскен ел болмас!».
Нұрбай ЖҮСІП,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!