Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

42500 теңгеден 60 мыңға дейін

23.09.2021, 12:30 329

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» деген бар. Көзімізге көп әрі көк көрінетін он мыңдықты қалтаға басып, базарға бара қалсақ, алғанымыз кәрзеңкенің түбінен ғана орын табады. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» деп үйге қайтамыз сосын. Қоғамдық көлік, базар маңы, қай жерде де айтылып жүрген тақырып сол, «теңгенің құны кетті», «азық-түлік бағасы аспандады», «айлықтан басқасының бәрі өскен» және тағы осы сықылды әңгімелер өріп жүр. Біздің билік азық-түлік бағасының көрсеткішін әлеуметтік дүкендермен жауып әлек. Қазір қала бойынша бас-аяғы 30-дан аса әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Ол бүкіл  қала  жұртшылығының азық-түлік қажеттілігін өтей алмайтыны  бесенеден белгілі. Енді ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 мың теңгеге өспек. Қосылған 17 мың теңгені  мемлекет  дардай  дәреже  санап  отыр.

17  МЫҢ  ТЕҢГЕ  НЕГЕ  ЖЕТЕДІ?

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауындағы маңызды  бастамаларының  алғашқысын  жалақыны  көтеруден бастады. Кімнің  де  болса  құлағын  елең еткізер жаңалық – бұл.

– Ең төменгі жалақы деңгейін  қайта қарайтын кез келді деп санаймын. Бұл – бір жағынан аса маңыз­ды макроинд­икатор болса, екінші жағынан – әркімге түсінікті көрсеткіш. Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Коронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бо­йынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы­ны  қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың  теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді. Сонымен бірге, көлемі бүгінде жария етіліп жүрген жалақының 30, тіпті кейде 40 пайызына дейін жете­тін «көлеңкелі» еңбекақы қорын азайтады. Ең төменгі  жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етеді. Сарапшылардың бағалауы бо­йынша, бұл ішкі жалпы өнімді 1,5 пайызға арттырады, – деді  ҚР  Президенті  Қ.Тоқаев.

42500 теңге мен 60000 теңгенің айырмасы – 17000 теңге. Бар болғаны. Ал ойланған адамға 17 мың теңге ақша емес. Оған сіз қазір балаңызға футболка мен қытай өндірісінің сапасыз бір аяқкиімін әперуіңіз мүмкін. Не болмаса әрі кетсе бір-екі күндік азық-түлік аласыз. Ал бүтін бір мемлекет басындағы ақжағалылар итке сүйек тастағандай ең төменгі күнкөріс деңгейін 42500 теңгеден 60000-ға аспандаттық деп отыр. Саясаттағылар мақұлдаған іс, демек, бұл – халықтың күнкөріс деңгейін арттыруға жасалған ең дұрыс шешім. (!) Биліктегілер қара халыққа қай көзімен қарайтынын білмедік, бір анығы, олар нарықты зерттемейді. Шындығында бұл мазаққа ұқсайды.

ТЕҢГЕ  ҚҰНСЫЗ  БА,  МЕМЛЕКЕТ  МҰҢСЫЗ  БА?

Бірді екі ете алмай отырғандар көп. Тіпті өте көп. Жылдан-жылға халыққа өмір сүру қиындап бара жатыр. Теңгені  құнсыз  дейміз  бе,  әлде  мемлекетті мұңсыз дейміз бе, білмей қалдық. Әйтеуір, бір  шикілік  бар.

Арыскүл Сансызбаева, қала тұрғыны:

– Өзім жұмыссызбын. Күйеуім такси жүргізушісі. Отба­сымызда бес бала бар. Барлығы да мектепке барады. Бір баланың өзінің шығынына күйеуімнің тапқан табы­сы жетпейді. Тек күнделікті нан мен коммуналдық қыз­мет­тердің төлеміне ғана жетеді. Күнара қымбаттап жатқан  азық-түліктің бағасы  қынжылтады. Базарға барып керегіңді алуға мол қаражат болмаса, маңынан жүру мүмкін емес. Ең төменгі күнкөріс деңгейін 60 мыңға көтергенінен пайда көріп отырған жоқпыз. Жәрдемақы, айлық көтерілді дегенше кәсіпкерлер де бағаны үстін-үстіне қосып са­тады.

ОНДАЙ  БАҒА  ҚАЙДА  ДЕП…

Халық расында ашынғаннан айтады. Нарықтық экономи­када кәсіпкерлердің қоятын бағасына ешкімнің әмірі жүрмейді. Мемлекет бағаны бақылауда ұстайтын болса, бұқара да арызданбас еді. Енді ресми мәліметтерге сүйенсек. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызыл­орда облысы бойынша департаменті тамыз айындағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасына шолу жасаған екен. Көрейік. Бірінші сұрыпты бидай ұны – 177 тг (кг), күнбағыс майы – 781 (л), сүйегі бар сиыр еті – 1957 (кг), сүйегі бар қой еті – 2254 (кг), сүйегі бар жылқы еті – 2223 (кг), құмшекер – 286 (кг), картоп – 158 (кг), басты пияз – 106 (кг), қызылша – 249 (кг), сәбіз – 221 (кг), қияр – 236 (кг), қызанақ 260 (кг) теңгеден депті. Ел арасында «екі өтіріктің біреуі бар болса, ол – статистика» дейтін еді. Расында мынадай бағаларды қайдан көріпті, халықты дереу сонда бағыттайық. Біздегі әлеуметтік дүкендердің бағалары да осыған саяды. Шамасы мұнда қаладағы ең төменгі  бағалар ұсынылған болу керек. Әйтпесе халық­тың күнделікті өмірде тұтынатын негізгі азық-түліктерінің бағасы дәл департамент көрсеткен бағалармен мүлде сәйкес келмейді. Алысқа ұзап кетпей-ақ қояйын, дәл қазір қаламыздағы «Сыбаға» базарында картоптың бағасы – 180 (кг), пияз – 130 (кг), қияр – 350-400 (кг), қызанақ 350 (кг) болып тұр. Кім кімді алдап жүргені түсініксіз.

Ресми статистика 2021 жылдың I тоқсанында Қызыл­орда облысы халқының орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 86 492 теңгені құрады дейді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 4,6%-ға өскен. Ең қызығы, бағалау бойынша орташа айлық жалақы 221 796 теңгені құрайды. Демек, Қызылордадағы әрбір бесінші адам 200 мың теңгеден астам  айлық  алатын  болған.

БАҒАНЫ  АЛЫПСАТАРЛАР  КӨТЕРІП  ОТЫРҒАН  ЖОҚ

Баға туралы кәсіпкерлердің де айтар уәжі бар. «Қарапайым халық бала-шағасын қалай бағып-қағуға талпынып жүрсе, біз де солай жұмыс істейміз» дейді олар.

Сағын Омартай, көкөніс сатушы:

– Халыққа баға туралы арыз айту оңай. Күнделікті сатылымға шығаратын көкөністерді біз де қымбаттаған бағамен сатып аламыз. Өзіміз тікелей өндіруші болсақ, әңгі­ме басқаша болар еді. Біз де алып сатамыз. Ортада жол шығыны, артық қалдықтар шығыны барлығын есептеп, өзімізге қалатын азғантай ақшаны нәпақа етеміз. Шын мәнінде азық-түлік, көкөністердің бағасын өсіріп отырған біз емес. Біздің де бала-шағамыз, асырайтын отбасымыз бар. Затты қымбатынан сатып алып, оны халыққа арзандатып сатпаймыз ғой. Біз сатып алатын адам да басқа біреуден сатып алады. Сондықтан, біз бағаны қолдан өсіріп отырған жоқпыз. Бізге қымбат бағамен келеді, сол себепті қымбат  сатылады.

КІМДІ  КІНӘЛАЙМЫЗ?

«Үкімет қайда қарап отыр?» деп осы жерде айтсақ, дұрыс-ау. Элиталар тобын қоспағанда бұқараның басым көпшілігі жалақыны өмір сүру үшін емес, күнін көру үшін алады. Мардымсыз айлық жалақы, жәрдемақы айды айға жалғауға ғана жетеді. Онда да нарық талабы жеткізсе. Табыс кірмейтін отбасылар да бар. Жөн-жосықсыз мемлекеттік жобалар, нәтижесіз олимпиадалар, бағытсыз бағдарламаларға миллиардтап ақша бөлінеді. Министрлер «қарға келіп қарқ етіп, қалғанын ішіп ол кеттінің» керін келтіріп, қаржы жымқырып жөндеріне кетеді. Бірақ халыққа бөлінетін қаржыға келгенде сараңсып қалатын не әдеттері екен?

Ә.БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: