Философ Серон Керкегард адам өмірін зерттей келе былай дейді:
Адам өмірі үш категориядан тұрады.
1. Эстетика
2. Этика
3. Дін
Эстетика – ол әсемдік, тәтті-жұмсақ, әдемілік, яғни діннің тілімен айтқанда «нәпсі». Бұл категорияның басында Дон Жуан тұрады. Дон Жуан – өмірінде тек нәпсінің соңынан еріп, осы категорияда қалып кеткен адам. Бақытты осы эстетикадан іздеуге тырысқан. Өкінішке қарай, бақытты таба алмады. Керісінше үнемі бірдеңе жетіспейтін мазасыз күйге түсті. Себебі, нәпсінің тойымы жоқ. Түбінде адамды ашкөздікке ұрындырып, тығырыққа тірейді.
Келесі кезекте эстетикаға этика категориясы қосылады. Этиканың басында Сократ тұрады.
Этика – өмір сүру қағидалары, заң, шарт. Бұл деңгейге өткен адам «өмірді қалай сүру керек, қайтсек эстетикадағы тығырықтан шығамын?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Этика «өмірді былай сүру керек, біреуді ренжітсең, кешірім сұрау керек, заң бұзсаң, айыппұл төлеу керек» деген шарттардан тұрады. Бірақ бұл категория да адамды тығырыққа тірейді. Тіпті адамның еркіндігін шектейді. Мұның түбі адамдарды салғыластырып қояды. Шартқа тым сүйенген адам өмірлік кейбір мәселелерді шешудің орнына, шиеленістіріп жібереді.
Осы кезде үшінші категория – дін қосылады.
Дін абсурдтан тұрады. Ол ешқандай шартқа бағынбайды. Керек кезде жақсылықты ниет етіп, ақылға қонымсыз іс-әрекеттер жасайды.
Мысалы, Құранда «адам өлтірме, қиянат жасама, ешкімге зияның тимесін» деп келе жатады да, ортасында Ыбырайым пайғамбарға «ұлыңды құрбан шал» деп бұйырады. Логикамен ойласаң, бұл бұйрық Құранға қайшы, адам өлтірме, зияның тимесін және әкелік инстингке қарама-қайшы. Мұны қалай түсінеміз?
Бұл жерде Құдай адамдарға «логикаға, ақылға қатты сүйенбеңдер, ол сендерді тығырыққа тірейді» деген хикметі тұр. Ыбырайым баласын құрбан шаларда ақылға емес сенімге сүйенді (безусловная вера). Зияны мен пайдасын ойламады. Түбі бір жақсылық болады деп сенді. Яғни, ақылға қонымсыз ситуациядан иманмен өтіп кетті. Дін – адамды кәміл дәрежеге көтеретін, Құдайдың идеясындағы адам образына сай қылатын бірден-бір құрал.
Бұл үш категория адам бойында ретімен бірге бір бүтін боп тұру керек.
Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,
психолог,
Алматы қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!