Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мусин: Жүйені Сбер платформасына көшіру құны – 500 млн доллар, жоба «ҰҚК талаптарына» сәйкес

10.09.2021, 15:20 422

Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі – 400 түрлі ақпараттық жүйені біріктірген электронды үкіметті – ресейлік Сбер платформасына ауыстыруға шамамен 500 миллион доллар қажет. Бұл туралы бейсенбі күні цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.

—Келесі жылдың наурыз-сәуір айларына қарай келісімге қол қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Онда жобаның барлық параметрі анықталады. Жобаның бес жыл істеуіне шамалап алғанда 500 млн доллар [жұмсалуы мүмкін], бірақ экономикалық зерттеуде тағы да нақтылаймыз, – деді министр.

Мусиннің айтуынша, Сбер платформасы ел үшін «ең қолайлы жүйе» және «ҰҚК талаптарына сәйкес келеді».

— Біз ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнама талаптарына сәйкес келетін осыған ұқсас шешім іздедік. Бұл кезең-кезең бойынша қабылданған шешім. ҰҚК, президент әкімшілігінде және үкіметте талқыланған. Бұл бір күнде асығыс қабылдана салған нәрсе емес және біреудің қысымымен жасалған жоқ. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша барлық талаптар сақталады. Дерек қоры Қазақстан аумағында орналасады. Бізге деректерімізге қол сұғылмайтынына кепілдік береді және ресейлік мамандардың ешқайсысы ол жаққа ешқашан кіре алмайды, – деді Мусин.

Министрліктің жоспары туралы ақпарат қоғамға 3 қыркүйекте, Шығыс экономикалық форумында премьер-министр Асқар Мамин мен Сбер компаниялар тобының жетекшісі Герман Греф әріптестік туралы меморандумға қол қойған кезде белгілі болған.

Онлайн-рәсімге қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоба «Қазақстан азаматтарының өмірінің сапасын арттыруға және бизнес-климатты жақсартуға» оң әсер етеді деп мәлімдеді. Ресей президенті Владимир Путин құжат – «екі ел әріптестігінің жоғары деңгейге жеткендігінің айғағы» деді.

Кремль бақылауындағы Сбербанк 2020 жылы өз атауынан «банк» сөзін алып тастаған. 2017 жылы ресейлік Сбербанк қаржылық және қаржылық емес онлайн сервистерге белсенді түрде қаржы құя бастаған.

Ресейлік «Ведомство» газетінің мәліметінше, дегенмен Сберде қаржылық емес бизнестің үлес салмағы өте аз. Егер алғашқы жарты жылда банк түсімі 1,8 трлн рубльді құраса, ондағы қаржылық емес бизнестің үлесі небәрі төрт пайызды құраған.

Ресейлік Сбербанкқа еншілес қазақстандық банк елде 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір банк мәліметі бойынша, оның Қазақстанда 17 бөлімше және 110 бөлімі бар. Бас кеңсесі – Алматыда.

3 қыркүйек күнгі меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойды.

Дереккөз: centralasian.org

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: