Халықты қан қақсатқан індетті ауыздықтауға шамамыз жетпей жатыр. Оған вакцинаны қалқан қылып әлекпіз. Бірақ оған қарап аяқ тартып отырған вирус жоқ. Жалмағанның үстіне жалмап жатыр. Жас пен жасамысы, әрісі жас балаға дейін ауру алқымдап барады. Уханьнан уыт тарағалы бері елдің бойын билеген үрей мен қорқыныштың тыйылатын түрі жоқ. Той десе қу басы домалайтын жұрт енді топтасқандардан тұра қашатын деңгейге жетті. Ел денсаулығы үшін, балаларының жарқын болашағы үшін алаңдаулы. Енді білім орындары қыркүйекте дәстүрлі оқу форматына көшуді жоспарлап отырғанға ұқсайды. Эпидахуал өршіп тұрған кезеңде ата-аналар да екі ойлы. Жазатайым жұққан ауру болса жеме-жемге келгенде оған ешкімнің жауап бермейтінін бәрінің іші сезеді.
Алтынкүл ОСПАНОВА,
ата-ана:
– Балалардың арасында да вирус өршіп тұрғанда балаларымды мектепке жіберуге жүрексініп отырмын. Мектеп қабырғасына барып білім алғанға ештеңе жетпейді. Бірақ, маған балаларымның денсаулығы одан да маңызды. Мысалы, өзім және жолдасым коронавируспен былтыр ауырып шықтық. Ауру басымыздан өткен соң қандай қиын жағдайда өткенін айтып жеткізе алмаймын. Бірақ, балалардың олай қиналғанын қаламаймын. Балалар арасында да таралып жатқанын біле тұра, биліктің биылғы оқу жылын неге дәстүрлі форматқа ауыстырып жатқанын білмеймін.
Ата-аналардың да алаңдайтын реті бар. Жұрт бұ пәлекет қай жағыңнан келіп тиер екен деп жанын шүберекке түйіп отыр. Мемлекет былтырғы пандемия басталғалы бері онлайн оқу жүйесін қолға алған. Алайда оған 100 пайыз дайындықсыз болды. Онлайн оқу жүйесіне жоғары баға беру қиын, дегенмен сақтық шаралары үшін оңтайлы жүйе-тін.
Бала денсаулығы дегеннен шығады. Жуырда Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясы жұққан нәресте жансақтау бөліміне түскен. Қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасында вирус жұқтырған балалар емделуде. О баста 20 орынға лайықталған бөлімше ашылған болатын. Кейін ауырған балалар саны артқан соң бөлімше 90 орынға ұлғайтылды. Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі 1554 бала коронавирус инфекциясын жұқтырған.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл республика бойынша 3,5 миллионнан аса бала мектепке барады. Және елімізде 7,5 мыңнан аса мектеп жұмысын қайта бастайтын болады. Еліміздің бас мұғалімі Асхат Аймағамбетовтың айтуына қарағанда жаңа оқу жылында ахуалға сәйкес барлық талаптар сақталады.
– Оқу жылы дәстүрлі түрде 1- қыркүйекте басталады. Ол 34 аптаны қамтиды. Тағы 4 апта жазғы мектепті құрайды. Мектептерде 3,5 миллионнан аса бала оқиды. Жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрық пен әдістемелік нұсқаулық өңірлерге жіберілді. Жаңа оқу жылында балалардың денсаулығын сақтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар барлық мектеп пен колледжде, ЖОО-да сақталады. Барлық ғимаратта дезинфекциялау тұрақты жүргізіледі. Оқушылар мен студенттер, педагогтер мен басқа қызметкерлер ғимараттарға «Ashyq» жүйесі арқылы кіреді. Жұмыскерлердің вакцина алуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, «бір сынып – бір кабинет» жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынады, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Жөн-ақ. Санитарлық талаптардың сақталу қажеттігі онсыз да белгілі. Тазалық пен тәртіп болмайынша оқу мүмкін емес екенін сіз де, біз де жақсы түсініп отырмыз. Бірақ, министрдің мына бір сөзі көңілдегі күдікті сейілткен жоқ, керісінше үдеткендей.
– Егер, бірінші сыныпта әлде бір топта коронавируспен ауырған бала шықса, онда дәл сол топ немесе сынып қашықтан оқыту форматына жіберіледі. Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген қағидада дәл осындай мәселе қарастырылған, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Демек, жаңа оқу жылы басталғаннан кейін балалар арасында таралу қаупі бар. Тіпті басым деп айтуға болатындай. Біздің биліктегілер барлығын алдын ала біліп, сезіп отыратын жақсы «қасиеттері» бар. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ, бәлекет балаларды айналдырмасын. Біз о бастан «қой мінезді» халықпыз. Басымыздағы билікті ақ жағалылардың қолына ұстатып қоя салғанбыз. «Үйде оқы» десе үйде, «эпидахуалда балаңды мектепке жібер» десе оны да екі етпейміз. «Бәріңе вакцина саламыз» деді. Оны да аяқтауға жақын. Тіпті жаңа оқу жылынан бастап студенттер де екпе салмаса, оқуын жалғастыра алмайды.
– 2021 жылғы 5 тамызда білім беру нысандарына қойылатын жаңа санитариялық-эпидемиологиялық қағида бекітілді. Аталған қағида оқыту форматтарына, тамақтандыруды ұйымдастыруға, корпустардағы, аудиториялардағы, спорт және акт залдарындағы үй-жайлардың толтырылуына, зертханалық, практикалық және студиялық сабақтарға және жатақханалардағы бөлмелердің толтырылуына қатысты талаптарды қамтиды. Мектеп педагогтеры мен қызметкерлерін вакциналау аяқталуға жақын. 18 жастағы және одан асқан студенттерді вакциналау басталды. Өңірлік департаменттер өңірлік комиссиялардың құрамында мектепдердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізіп жатыр, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой.
Ал жергілікті билік дәстүрлі оқу форматына ауысуға тас түйін дайын ба? Осы орайда облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымовамен сөйлескен едік.
– Жаңа 2021-2022 оқу жылына дайындық жұмыстары қазіргі таңда жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алдағы оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 196 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Облыс көлемінде алдағы оқу жылына бүгінгі таңда 1 сыныпқа 17 974 бала қабылданды. Оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етуге 1,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 15 баспамен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда барлық мектептегі кітаптар ата-аналарға түгелімен таратылды. Сонымен қатар, биылғы жаңа оқу жылына жаңа оқулықтар әкелінуде. Айта кету керек, 1 сынып оқушыларының оқулықтары толығымен жаңартылады. Бала қауіпсіздігі біздің басты назарымызда. Мектептер толығымен бейнебақылау камераларымен қамтылған. Қала орталығындағы 42 білім беру ұйымдарында турникет, мамандандырылған күзет және дабыл түймелерімен қамту шаралары жүзеге асырылуда. Облыс көлемінде 12 940 баланы (АСП) мектеп формасы, аяқ киім және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Айта кетейік, мектеп формасы туралы мәселеге байланысты ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов эпидемиологиялық жағдайға және экономикалық қиындықтарға сәйкес келесі оқу жылында классикалық стильдегі киіммен баруға болатындығын мәлімдеген болатын. Жалпы мектеп формасы қажет етіледі. Алайда, қазіргі жағдайға байланысты түсіністікпен қаралатын болады, – деді А.Қасымова.
Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде маска режимі, кварц, желдету, дезинфекция, күнделікті термометрия жасалынып, үзіліс әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Педагогтердің және техқызметкерлердің 100 пайызы вакциналануы тиіс. Оқушы ауырған жағдайда сол сынып қашықтан оқуға ауыстырылады. Егер ата-анасы ауырған жағдайда балалары онлайн білім алуға көшіріледі. 1 кабинет 1 сыныпқа бекітіледі. Арнаулы орта білім беру мекемелерінде де маска режимі, кварц, желдету, дезинфекция, күнделікті термометрия жасалынып, үзіліс әр түрлі уақытта ұйымдастырылады. Педагогтер, техқызметкерлер, 18-ге толған студенттердің 100 пайызы вакциналануы тиіс. Ата-анасы баласын мектепке беруден бас тартқан жағдайда қашықтан білім беру қарастырылмайды. Барлық бала дәстүрлі түрде білім алатын болады. Тек ата-анасы немесе бала ауырып қалған жағдайда ғана онлайн білім беруге көшіріледі.
ТҮЙІН. Елімізде коронавирус инфекциясымен ауырып жатқандар көп. олардың арасында жасанды аппаратпен демалып, ауыр халде жатқандары, тіпті қайтыс болып кеткендері қаншама. Тәулікте осы аурумен түсіп жатқандардың санында шек болып жатқан жоқ. Бірақ, біздің билік балаларды дәстүрлі оқу форматына қосуға жүрексінбейді. Әліптің артын бағамыз. «Қыңыр істің қырық жылдан соң да қиығы шығар» дейді.
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!