Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жемқор қоғамда сапа болмайды

29.07.2021, 11:30 645

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық қылмыстың әрбір екіншісі – пара алу. Елімізде заңсыз сыйақы алған шенеуніктердің саны соңғы жылдары өсіп барады. Олардың қатарында әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер бар. Жасыратыны жоқ, қазір еден жуушыдан бастап ірі лауазымды тұлғаның орны «сатылады».

Иә, парақорлық – сыбайлас жемқорлықтың негізі. Парақорлық жайлаған жерде әділетсіздік, имансыздық, көреалмаушылық, қызғаныш туындайды. Осының кесірінен басшы мен қызметшінің және адамдар арасында шынайы достық, жақындық емес, уақытша жалған жақындық пайда болып, нәтижесінде уақыт өте олар бір-біріне сенімсіздік білдіріп, сатқындық жасап, ақиқаттан адасып, қоғамда тыныштық бұзылады.

Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа жақын адамдар тазалықтан мүлдем алыстап кетеді. Өйткені, олар тазалыққа емес, пара берген сыбайлас адамына сенеді. Сөйтіп ол адамның ой-өрісі, ойлау қабілеті бұзылып, ақиқат жолынан адасады. Міне, осындай әрекеттер қоғамның өркендеп дамуына кедергі болады. Парақорлық пен жемқорлық адамды күпірлік тәкаппарлыққа жеткізеді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен парақорлық осы тәкаппарлықтан, басқаларды менсінбеуден туындайды.

Осы ретте параның нәсіп болмайтынын, надандық пен жемқорлықтың егіз ұғым екенін түрлі ашық ойларымен (әсіресе білім саласындағы) қоғамның «қотырын» қасып жүрген белсенді, республикалық «QAZBILIM» орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлының төмендегі пікірлерін оқып, ой түйіңіз.

ПАРА  БЕРІП  ЖҰМЫСҚА  ТҰРУ  –  ҚҰЛДЫҚТЫ  САТЫП  АЛУ!

– Мектепке мұғалім болу үшін 1 000 000 сұ­рады, кредит алайын десем, банк бермей жатыр, 500 мың берейін десем, «онда кітапханашы боласың» дейді, ал менің кітапханашы болғым  келмейді.

– Ойбай, не  сұмдық?

– Пол жуатын техничка болу үшін де бізде 300 мың беріп кіресің.

Бұл – менің он жылдан бері естіп келе жатқан әңгімем. Бүгін және бір рет естідім.

Жұрт дәл осындай пара беріп кіретіндер үшін сол параны алғандарға жыны келе­тін шығар, ә? Мен керісінше осынша пара­ны беретін­дерге жыным келеді. «Оларда басқа амал жоқ» деп шу ететін шығарсыздар, кешіріңіздер. Табысқа жетпейтін адам ғана әр кез  өзін  ақтап алатын сылтау іздейді. Бұл – соның  бірі.

Қалай дейсіз ғой, былай, дәл қазір жаңа кірген мұғалім жалақысы ең көп дегенде 70-80 мың, кітапханашы 50-60 мың, техничканың  ақшасы 40-50 мың. Ал, онда жоғарыдағы сома – ол оның бір жылдық жалақысы. Ол бір жылдық жалақысын алдын ала беріп, бір жыл тегін жұмыс  істейді  деген сөз. Ал, оны кредит алып  беру – екі жылдық тегін жұмыс. Бір жыл пара алған адамға, бір жыл банкке  құлдыққа  өзін  сату.

Іс тек бұнымен бітпейді. Мұндай пара берген адам бір жылдан кейін де жұмыстан шығып қалмау үшін бастығының айтқанымен жүріп, айдағанына көнеді. Себебі, келіс­песе жұмыстан шығып кетуі ғажап емес. Ал, жұмыс­тан шығып кетсе, ақша күйеді. Осылай «амалсыз» айлар мен жылдарды құлдықпен өткізеді.

«Не істейді, енді басқа жұмыс жоқ болса?!» деп кіжініп отырсыз ба? Тоқтаңыз.

Бір миллион жарайды, бес жүз мың теңгесі бар адам, осынша ақшаны қиналса да табатын адам құлдықсыз да өмір сүре алады. Мұндай ақшамен бизнес те бастауға болады, мұндай ақшамен  мал алып, мал бағуға да болады. Мұндай  ақшамен  бақша егуге де болады. Мұндай  ақшамен… Бір жақсы жері – «өзің би, өзің  қожасың». Құл болмайсың!

Өкінішке қарай, бізде «үкімет өлтірмейді» деген сана басым. Үкімет өлтіреді, өлтіргенде әдемі өлтіреді. Себебі, құлдықтағы өмір тіршілік  емес.

Пара беруші барда, пара алушы қашан да табылады. Параның көлемінің соншалық жоғары болуы – пара берушінің тым көп екенінің кесірі. Себебі, олар кезекте тұр. Пара берушілердің қарасы көбейген сайын, параның  құны жоғарылайды. Бұл – қарапайым логика.

Пара беруді ойламайтын, өзін-өзі асырау қабілеті жоғары қауым қалыптасқанда ғана жемқорлық  жойылады.

Қандай адам пара береді?

Өзіне сенімсіз, біліксіз маман пара береді. Білікті, қабілетті қауым құлдықты сатып алмайды  ешқашан!

Жұмыс беруші ретінде де, әр өңірді көп аралайтын адам ретінде де Қазақстанда жұмыс­сыздық жоқ, біліксіздік өте ауыр екенін мойын­даймын.

Кәсіпкерлермен, бизнесмендермен сөйлесе кетсең, бәрінің айтатыны «білікті кадр табу өте қиын, маман тапшы» деп жылайды. Ал, қоғам жұмыс таппай жылайды. Бірақ, құлдықта өмір сүруге қоғам бейіл.

Ал, миллион теңге пара беріп жұмысқа тұрған соң «жүйе – жемқор, ешкімнің мораль­дық құқығы жоқ» деп сынауға дәл сол адамның құқы жоқ.

Бес жүз теңге жеген адам, мүмкіндік туса, бес жүз миллионды да ойланбай жейді. Өзі пара беріп жұмысқа кірген адамның пара алмауы  тіптен  мүмкін  емес.

Сондықтан, адам өзгермей қоғам өзгермейді, қоғам  өзгермей  билік  өзгермейді.

Құлдықты  сатып  алмайық,  ағайындар!

Бұл – 21-ғасыр!

НАДАНДЫҚ  пен  ЖЕМҚОРЛЫҚ  –  ЕГІЗ  ҰҒЫМ

Кейде осы білім саласының осынша жыл былыққа батқанына, орта білім сапасы мен жоғары білім сапасының құлды­рауына  пара­қор қоғам шын мүдделі секілді көріне­ді. Себебі жемқорлық пен надандық – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Дәлірек айтқанда, надандық жемқорлыққа, жемқорлық надан­дыққа әкеледі. Бұл екеуінің қайсысы себеп, қайсысы салдар екенін анықтау мүмкін емес. Бейне «Тауық бұрын пайда болды ма, жұмырт­қа бұрын пайда болды ма?»  деген  секілді.

Себебі надан адам надандығын жасыру үшін пара береді, жағымпаз­данады. Өзі пара берген, өзгеге жағымпазданған адам өзгенің де пара бергенін, өзгенің де өзіне жағымпазданғанын қалап тұрады. Өзі пара берген адамның пара алмауы ешқашан мүмкін  емес.

Ал білімді, өзіне сенімді адам неге пара береді? Адал парасыз да өзін де, отбасын да асырай алатынын біледі. Ал пара бергісі келiп тұратын адамның біліміне шын күмәндімін.

Абай: «әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады;

әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді;

әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді;

әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді;

әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойым­сыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – дейді. Иә, дәл осындай бір-бірінен туындап жатқан қоғам жемқор, тойымсыз, пара­қор  болады.

Парақор адам білімді адамды ұнатпайды. Себебі өзінің надандығын ашып тастайды. Надан адамға парақор басшы лайық, мерекеде сыйлығын беріп қойып, өмірін сүре береді. Сондықтан надандық жайлаған сайын беру мен алудан жарыс өтеді. Жемқорлық қалыпты құбылысқа  айналады.

Жемқор қоғамда сапа болмайды. Себебі сапа үшін адал жұмыс керек. Сондықтан жемқорлық жайлаған жерді сапасыздық жайлай­ды. Ал білімінен сапа кетсе, мектепке мұғалім пара беріп жұмысқа кірсе, студент пара беріп баға алса, онда елді надандық жайлайды.

Дәл солай бұл екеуі – бір-біріне себепкер. Сондықтан білім сапасын көтеру, шын білімді адамның қатарын көтеру ғана елдегі жемқорлықты  тазарта  алады.

Жемқорлықсыз қоғам болу үшін де, демократиялы қоғам болу үшін де адамда мемле­кетке  тәуелсiз, өзгелерге тәуелсіз өзiн-өзi  асырай  алатын  қабілет  болу  керек!

Өзін-өзі асырай алу – адамның ең төменгі қабілеті, – дейді Конфуций.

Ал біз өзімізді асырау үшін деп кейде пара беру мен алуды ақтап аламыз. Сонша қабілетсізбіз  бе?

Пара бермей өмір сүру әркімнің ең басты ұстанымы  болу  керек!

Пара алу қандай қылмыс болса, беру де – дәл  сондай  қылмыс!

Аятжан  АХМЕТЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: