Біз одан қашып құтыла алмаймыз. Ол алдымыздан шыға береді. Қайда барсаң да, қақ алдыңда тұрады. Вакцина. Құлағыңыз қағыс естіген жоқ. Бізге қазір вирустан гөрі қорқыныштысы осы болып тұр. Негізі халық қарсы болмайтын еді, егер вакцинаның айналасындағы алыпқашпа әңгімелер болмағанда. Қазір ақпарат әлемі ашық, еркін. Тәулігіне сан миллиондаған ақпаратты қабылдап, мида қорытамыз. Солардың арасында вакцинацияның негативі алдыңғы қатарға қарай шығып кетіп жатыр. Әлемжеліде таралған аудио-видео, мәтіндік ақпараттардың барлығы вакцинаның теріс әсері туралы өрбіген. Санада сан сауал тұр. Жауабын Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетовтен сұрап көрдік.
– Жалпы, аймақтағы екпе ахуалы қалай? Вакцинациялауды неше пайыздық көрсеткішке жеткіздіңіздер?
– Вакцина егу жұмыстары негізі облыста 1 ақпаннан басталды. Қазір 1-компонент бойынша – 193209, 2-компонент бойынша 105890 адам вакцина алды. Сонымен қатар Ресей Федерациясы Байқоңыр қаласында тұратын азаматтарын вакцинациялады. Және сонда тұратын Қазақстан Республикасының азаматтығындағы 12000 адам (Байқоңыр, Төретам, Ақай елді мекені) екпе алды.
– Вакцина алғандардың ішінде қай сала мамандары басымырақ? Мұғалімдер мен дәрігерлер ме?
– Биыл 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары дәстүрлі оқу форматына көшпек. Осыған сәйкес педагог мамандарға екпе жұмыстарын жүргізуді 100 пайызға қамту жоспары орындалуда. Оның ішінде жүкті және бала емізетін әйелдерге егілмейді. Ішкі істер қызметкерлері мен дәрігерлер де екпе алғандардың алдыңғы санаттарында.
– Жаңа бала емізетін және жүкті әйелдер туралы айтып қалдыңыз. Олар вакцина алмаған жағдайда егу туралы анықтама сұрайтын мекемелерге қалай кіреді?
– Оларға белгілі бір анықтаманың қажеті жоқ. Олар тек баланың туу туралы куәлігін көрсетсе жеткілікті.
– Енді вакцинадан мүлдем бас тартқан адамдарға заң бойынша қандай жаза бар?
– Бас санитардың Қаулысына сәйкес бас-аяғы 20 адам жұмыс істейтін ұжымдағы адамның барлығы вакцина салдыруға міндетті. Егер бас тартқан жағдайда аптасына 1 рет ПТР тест тапсырып тұруы қажет. Әрине, өз қаржысы есебінен. Сонымен қатар, екпеден бас тартқан қызметкерді ақысыз еңбек демалысына да жіберу пункті бар. Жеке адам болса, оған 5 АЕК есебінде айыппұл төленеді. Бұл – өз кезегінде 14585 теңге. Ал заңды тұлғалар 15 АЕК есебінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ, қаулыны бұзған кіші кәсіпорындар – 100 АЕК, орта кәсіпорындар – 200 АЕК, ал үлкен кәсіпорындар 500 АЕК есебіндегі айыппұлдарын өтеуге міндетті.
– Демек, жеке тұлғалар 5 АЕК есебіндегі айыппұлын төлесе, вакцина салдырмауға құқылы ма?
– Жоқ. Бір мәрте айыппұл салады, жұмысқа қабылданбайды. Вакцина салдыруы керек немесе ПТР тестпен жүреді.
– Мемлекет заң, қаулы арқылы халықты жаппай вакцинациялаудың тиімді әдісін тауып алды. Жөн дейік. Ал халық сол вакцинаны алу барысында мемлекеттен қандай заңды талап ете алады? Халықтың құқығын кім қорғайды? Мәселен, вакцина сынамадан өткен бе, оған кепілдік беріле ме? Вакцина салатын дәрігердің біліктілігін талап ете ала ма?
– Бізде облыс бойынша вакцина салатын дәрігерлердің біліктілік деңгейі жоғары…
– Менің оған күмәнім жоқ. Сұрағымды қайталап өтсем. Неге мемлекет заңды біржақты етіп қабылдайды? Неге онда мемлекеттің құқығы бар да, адам құқығы көрсетілмеген?
– Енді ол жағынан мәлімет жоқ.
– Екпе алғаннан кейін азаматтардың денсаулығына байланысты әлдеқандай бір мәселе туындай қалса, бәрі басын алып қаша ма сонда?
– Жалпы, Қазақстан Республикасына келетін вакциналардың барлығы алдымен тіркеуден өтеді. Негізі оларға міндетті түрде зерттеу, сынама да жүргізіледі. Соның ішінде «Спутник-V» вакцинасы сынамадан 92,6 пайыз жоғары дәрежеде өткен. Әрбір вакцина клиникалық зерттеуден өткізіледі. Және вакцина салғаннан кейін де әрбір адамның сақтайтын ережелері бар. Тіпті кішкентай бала дүниеге келген бойда салынатын екпе түрлері бар. Олар да балаға әсерін тигізеді. Сол үшін біз баланың анасына ыстығы көтерілуі мүмкін деп алдын ала ескертіп, температура басатын дәрілерді беру қажеттігін айтамыз. Дәл осы сияқты вакциналардың да адамға әсері болады.
– Халықты жаппай вакцинациялаудан кейінгі ахуалға болжам, анализ жасалды ма? Медицина мамандары, ғалымдар не дейді?
– Бізде осы жылы дәрігерлер арасында коронавируспен ауырғандар саны былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Ал былтыр дәрігерлер арасында вирус жұқтыру 1000-нан астам болған. Біз бұны вакцинаның нәтижесі деп білеміз. Сонымен қатар, педагогтерді вакцинациялайтын кезде де талдау жасаған болатынбыз. Коронавирусты мұғалімдер арасында да тоқтаттық десек те болады.
– Вакцина салғаннан кейін 3 тәулікке дейін жұмыс күндерінен босатуға анықтама беріле ме?
– Бұған қатысты қатып қалған қағида жоқ. Кейбір ірі кәсіпорындар өздерінің қызметкерлеріне жеңілдік жасау мақсатында жалақысы сақталмаған демалыс күндеріне жібере алады. Алайда заң бойынша ол көзделмеген. Негізі вакцинадан кейін денеге ретсіз су тигізуге, салқындап қалуға болмайды. Барынша күтіну керек.
– Әлем бойынша қанша вакцина бар? Біз неге 4 түрін ғана пайдаланып жатырмыз?
– Бүкіл әлемде тек 10 мемлекет қана вакцина шығарған. Халыққа таңдау болу үшін біздің мемлекетімізге 4 түрлі вакцина келді. Алайда қазіргі күні тек «Спутник-V» вакцинасы ғана қалды. Қалғандары қажеттіліктерге байланысты түгесіліп тұр. Біз жоғарыға сұраныс жасап, тағы да алдыртуға жұмыс істеп жатырмыз.
– Болашақта балаларға да вакцина салынады деген сыбыс бар. Қаншалықты рас?
– Ол енді эпидемиологиялық жағдайға тікелей байланысты. Соңғы бір ай көлемінде ауырып жатқандардың ішінде дені – кішкентай балалар және жүкті әйелдер. Бұл тек біздің мемлекетте ғана емес, басқа елдерде де осындай жағдай күрделеніп отыр. Балаларды вакцинациялау бойынша ДДСҰ өздерінің ұсыныстарын береді. Соған байланысты әрекет жасалуы мүмкін. Бірақ әзірге ондай жоспар жасалып отырған жоқ.
– Демек, қыркүйек айында балалар мектепке екпе салдырмай-ақ бара беруіне болады.
– Иә, біз балалардың арасында эпидахуалды өршітпеу мақсатында мұғалімдерді түгел вакцинациялаудан өткізіп отырмыз. Өйткені, жоғарыда айтып өткенімдей вирус балалардың арасында өте тез таралып отыр. Бұл – біздің елде ғана емес, әлем елдерінде болып жатқан жағдай. Сондықтан балалардың денсаулығы біз үшін ең басты орында.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!