Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы өрлету

15.07.2021, 10:30 365

Шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі элементі. Биыл Қызылорда облысындағы кәсіпкерлік саласында бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштерде оң динамикалық өсім байқалды. Облыста тіркелген кәсіпкерлердің саны 55738-ді құрап, өткен жылдан өсім 7,5%-ға артты. Ал жұмыс істеп тұрғандардың саны 49 671 бірлікке жетіп, 7,3%-ға көбейген. Айта кетейік, республика  бойынша  облыс  алдыңғы  қатарға  орналасты.

780  ЖОБА  СУБСИДИЯЛАНДЫ

Өткен жылдың қорытындысымен кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған адамдар 1,8%-ға артқан болса, өндірілген өнім керісінше 14,5 пайызға төмендеген. Өндірілген өнім көлемінің азаюы тек облыс емес, республика деңгейінде және 8 аймағында орын алған. Көрсеткіштің төмендеуіне өткен жылы қабылданған төтенше жағдай уақытындағы шектеулер себеп болды. Мәселен, 2020 жылы жалпы облыстың экономикасы 1,6 трлн теңгеге дейін азайған. Ондағы шағын және орта бизнестің үлесі 16,7%-ға немесе 281 млрд теңгеге жетті. Негізгі жылдық жоспар 15,1% болатын.

Жалпы, соңғы бес жылдықта өңірде шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі үлесі 13,2%-дан 17,8%-ға дейін ұлғайды. Өңір бизнесінің қарқынды дамуына сәйкес аталған көрсеткішті 2020 жылы 18%-ға жеткізу болжамдалған. Бизнесті дамытудың басты қозғау­шы факторы қаржылық қолдау шаралары болып табылады. Өңірде ағымдағы жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнес­тің 12,2 млрд теңгеге 1287 жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде 4,2 млрд теңгені құрайтын несие ауылдық елді мекендердің 842 жобасына бағытталды. Тек «Биз­нес­тің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 8,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 780 жобасы субсидияланды. Берілген несиелердің 6,9 млрд теңгені құрайтын 430 жобасы тек Қызыл­орда қаласының үлесінде болса, қалған 2 млрд теңге­нің 350 жобасы облыстың аудандарына тиесілі.

АЛҒАШҚЫ  БЕСТІККЕ  ЕНДІК

Несие портфелі өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 6 есеге артқан. Оған басты себеп – өткен жылы бағдарламаға микрокредит беру құралы енгізіліп, банктермен микрокредиттерді онлайн  форматта  беру тәртібі  іске  қосылды. «Онлайн»  микрокредиттер  бағдарлама  аясында  құны  3,1  млрд  теңгені  құрайтын  627 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, экономиканың зардап шеккен салаларында биз­нестің  құны 278,9  млн теңгені құрайтын 40 жобасы қайта несиелендіріліп, бағдарлама аясында  субсидияланды.

Айта кететін жайт, бағдарламаға жаңадан енгізілген  микрокредит беру  құралы бұған дейін екінші деңгейдегі банктердің назарынан тыс қалатын азық-түлік сауда дүкендері, тамақ­тану орталықтары, шаштараз, көлік тасы­малдау және тағы басқа микрокәсіпкерлік субъектілердің жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу мүмкіндіктері кеңейді. Биылғы жылы жалпы бағдарлама шеңберінде субсидияланған жобалар саны бойынша Қызылорда облысы өңірлер  арасында  алғашқы  бестікке  енген.

МИКРОНЕСИЕ – ЖОБА  БАСТАУҒА  МҮМКІНДІК

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік  және  туризм басқармасының мәліметінше, облыс бойынша  Қызылорда  қаласы 430 жобаны 6,9 млрд теңгемен және Қармақшы ауданы 93 жобаны 437 млн теңгемен субсидиялаумен жоғарғы  көрсеткіш  көрсетіп  отыр.

– Ұлттық  банкпен  1 трлн теңге қаржы 2018-2021 жылдарға кәсіпкерлікті қолдау үшін бөлінген. Қазіргі таңда бағдарламаның іске асырылу  мерзімін  2022 жылдың  соңына  дейін ұзарту қарастырылуда. Бұдан өзге қаржы ұйым­дары арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан бері 371 адамға 1,7 млрд теңге  микрокредит  берілді.  Бұл мақсатта  республикалық  бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Жалпы жыл қорытындысымен облыста 700-ге жуық жобаны микронесиемен қамту көзделуде, – дейді облыстық кәсіпкерлік  және туризм басқармасының  басшысы  Фер­доуси  Қожабергенов.

ИМПОРТТЫ  АЗАЙТУ  ҮШІН…

Облыста 2019 жылдан бері республика бойын­ша 2025 жылға дейін қарапайым заттар импортын 37%-ға азайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзе­ге асырылуда. Бұл ретте қолжетімді несие беруді  шешу  үшін  республикалық  бюджеттен 600  млрд  теңге  бөлінсе,  ағымдағы  жылы     400 млрд теңге қосымша қаражат бөлініп, қаржыландырудың жалпы сомасы 1 трлн теңгені құрады. Негізгі мақсат – импорттық әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларын жергілікті  тауарларға  ауыстыру.

Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап жалпы 9,6 млрд теңгеге 119 жоба, оның ішінде биыл 1 млрд теңгеге 10 жоба қаржыландырылды.  Бұл  бағдарламаны  іске асыруға жалпы республика бойынша 1 трлн теңге қарал­ған болса, оның бүгінгі күні 724,1 млрд теңгесі игеріліп, 2903 жоба қолдауға ие болды. Оның 1,3%-ы Қызылорда облысының үле­сінде.

АУЫЛ  КӘСІПКЕРЛЕРІ  ҚОЛДАУҒА  ИЕ

Ауыл кәсіпкерлерінің үлкен сұранысына ие болған «Қызылорда» өңірлік инвести­циялық орталығының жұмысы үздіксіз жалғасуда. Ортал­ықпен микрокредит беруге жалпы 800 млн теңге қарастырылған. Оның 300 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Бүгінде ауыл кәсіпкерлерінің жалпы құны 660,5 млн теңгені құрайтын 136 жобасы мақұлданды. Жобалардың 62 пайызы – мал шаруашылығы, 21 пайызы қызмет көрсету саласы бойынша қорғалды. Ал өңдеу  өнеркәсібі саласында тек 5  жоба  мақұлданған.

– Жалпы, осы уақытқа дейін орталыққа әртүрлі көздерден 8 млрд теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде орталықпен 8,3 млрд теңгеге 1927 бизнес-жоба қаржыландырылып, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Қара­жаттың шамамен 11,3 пайызы өңдеу өнеркәсібіне  бағытталды, – деп  мәлімдеді  басқарма  басшысы  Ф.Әбілқасымұлы.

ЖАҢА  МИКРОҚАРЖЫ  ҰЙЫМЫНЫҢ  МАҚСАТЫ  ҚАНДАЙ?

Сондай-ақ, ағымдағы жылы үкіметтің тап­сырмасына сәйкес, өңірде «Атамекен» кәсіпкерлер палатаcының қатысуымен жаңа микроқ­аржы  ұйымы  құрылуда.

Жаңа микроқаржы ұйымын құрудағы басты мақсат – «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсын аяқтаған жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қаржыландыру. Бұл бағытта үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына өзгеріс жасап, бағдарламаға микрокредит беру құралын енгізді. Оған республика бойынша 22,5 млрд теңге, оның ішінде Қызыл­орда облысына 1 млрд теңге қаржы қарастыр­ды. Жалпы бағдарламаны екінші жартыжылдықтан  бастап  іске  асыру  көзделуде.

ДАМУ  ЖОСПАРЫНЫҢ  АЯСЫНДА  ЖОБА  КӨБЕЮДЕ

– 2020 жылы «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» қабылданып, бизнеске 271 млрд теңгені құрайтын 265 жобаны іске асыру үшін ұсынылған болатын. Оның өткен жылы құны 7 млрд теңгені құрайтын 89 жобасы іске асырылып, мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды, – деп хабарлады облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының  баспасөз  қызметі.

Аталмыш басқарма ұсынған ақпаратқа сүйен­сек, жоспар аясында бүгінгі таңда шамамен 40 компания дайын өнімді шығаруда. Атап айтқанда, облыс орталығында қой, сиыр және жылқы етінен бұқтырылған консервілер, сондай-ақ күріш, қарақұмық және арпа ботқасы өндірісі басталды. «Ару-Ана» шаруа қожалығы қазіргі кезде жалпы құны 4,2 млн теңгеге   2953 банка бұқтырылған консерві өндірді. Өндірісте 2 адам жұмыс істейді. Қызылорда қаласында шұжық өнімдерінің 16 түрін өндіру бойынша да жоба бар. Басталған күннен бастап бүгінге дейін жалпы сомасы 1,2 млн теңгеге шамамен  1000  тонна  өнім  шығарған.  Өндірісте 10 адам жұмыспен қамтылған. Жартылай фабрика­ттарды, ет және консервіленген өнімдерді, оның ішінде қияр мен қызанақты, джемді  және  басқаларын  (ет  өнімдерінің 18 түрі, салат­тың 20 түрі, жартылай фабрикаттың 10 түрі) өндіру және сату қызметі де қосылды. Барлығы – экологиялық  таза  өнімдер.

БАҒЫТ  ӨЗГЕРІП,  АУҚЫМ  КЕҢЕЮДЕ

Облыстағы 128 тойхананың 16-сы қызметін өндіріс пен сауда саласына қайта бағыттауда нәтижесін көрсетті. Тойханалар қызметін қайта бағыттау жұмыстары Арал, Қармақшы және Қазалы аудандарында белсенді жүргізілуде. Алдағы уақытта жоспар аясында лаваш, тұшпара өндірісі (ЖК «Айтуған Айзада»), балмұздақ өндірісі («Танкаман» ЖШС), ет комбинаты («Сыр Маржаны» ЖШС) жобалары іске асырылып, құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар («Вега Пром» ЖШС) және жұмыртқа өндірістері («Мөлдір и К» ЖШС), киім тігу («Далатекс» ЖШС) цехтары кеңейтіледі.

Бұдан өзге түйе жүнін өңдеу және өндіру цехы, айна өндірісінің зауыты, күріш саба­нынан целлюлоза өндіру зауыты, бақша дақылдарын өңдеу бойынша агроөнеркәсіп кешені, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және тағы басқа өндіріс­терді жобалау жұмыстары  жүргізілуде.

2021 жылы жоспар қайта өзектендіріліп, инвестициялық жобалар саны 400-ге дейін ұлғайтылғаны кәсіпкерлер мен облыс экономикасы үшін тиімді екені белгілі. Оның ішінде тек осы жылы инвестиция көлемі 13,8 млрд теңгені құрайтын 96 өнеркәсіп жобаны қаржыландыру көзделуде. Қазірдің өзінде құны 510 млн теңгені құрайтын 29 жоба іске асырылды. Жалпы жыл аяғына дейін жоспар аясында іске қосылған жобалардың көлемі артады деген болжам бар.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: