Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлаған әкімдеріңіз халыққа жақын болсын!

01.07.2021, 12:30 494

«Бидің  айтқанын  құл  да  айтады,  бірақ  аузының  дуасы  жоқ»

(Төле би)

«Бар малымды шығындап, болыс болдым, мінеки» демеп пе еді Абай, өткен дәуірде жергілікті «әкімқараны» сайлау орыс патшалығының әкімшіліктік басқару аймақтарын енгізуден басталған үрдісі қазан төңкерісінен кейін бір-ақ тоқтады. Ия, кезіндегі әкімдердің аты да, заты да өзгеше болды, болыс, старшын, аға сұлтан т.с.с. Дегенмен, әкім болуға кедей-кепшіктен гөрі дәулеті асып-тасыған бай-манаптардың қолынан ғана келді. Ол заңдылық та.

Бүгінгі әкімдерді сайлау басқаша қисында жүреді. Ол үшін кешегідей дәулетің мен руың, ұлтың мен жүзіңнің қатысы шамалы болмақ. Сонымен Президент кешегі сайлаудағы билік партиясы «Нұр Отанның» бағдарламасын қолға алып, еліміздегі 836 ауылдың әкімін мәслихаттың араласуынсыз тікелей сайлау өткізу туралы заңнамалық бастаманың жаңалығын жария етті. Өз басым бұл жаңалыққа саясаттанушы ретінде қуанып, көп үміт артамын.

Бұған дейін, «солтүстікте қалай болады екен орыстар көп, оңтүстікте қалай бола­ды рушылдар көп» деген, жалпы біраз уайымдайтын мәселелер болды.

Айтпақшы, осы ұсыныс кезінде оппозицияның 2004 жылғы парламенттік сайлауда ұрандатып көтерген ұсыныстардың бірі екені еске түседі. Содан бері, қоғам біраз жыл талқылады, ел экономикасы мен демократия­лық даму эволюциясында бірнеше ұрпақ ауысып, жаңаша оң көзқарастар беки түсті. Тоқетері, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында айтқан уәдесі, праймеризден өткен «Нұр Отанның» кешегі өзекті мәселе бол­ған «жергілікті әкімдерді жаппай сайлау» қажеттілігі орындалу үстінде.

Заң қабылданды, азаматтар енді өз ауылдарының проблемасын шешетін, даму жолдарын орындайтын әкімдерін тікелей сайлайтын болды. «Еститін  мемлекет»  идеясы нәтиже­сін  беруде. Өте  дұрыс  шешім.

Соңғы жиырма жылда кез келген проблема қозғала қалса, «Прези­дент қайда қарап отыр? Үкімет не істеп отыр?» деген жаттанды сөздер шығып кетіп еді. Тек жоғарыдағы үлкен кісінің құлағына жеткеннен кейін барып, сең орнынан қозғала бастайды, бұл  да  үрдіске  айналды.

Дегенмен бар проблема, бұл себе­бінде ғой, жергілікті әкімдердің салғырт жұмысы, сыбайластық пен жемқорлыққа салынуы, халықтың мүддесін өздерінің мүддесінен төмен қоюы, яғни жергілікті жерде ешкім, ешбір әрекетке жауапкершілікті алмауына әкелді. Халық содан шешімі болар деп құдайға жалбарынғандай, елордаға жалтақтай, өштене түсті. Билікке арқа сүйер сенімі жоғалды. Міне, ендігі уақытта төменнен жоғары қарай сенімді қалыптастыру форматы жергілікті жауапты әкімдерді өздері сайлауынан басталатын болады.

Халық әкімдерді сайлайды, есебін алып жауапқа тартады. Ал халықтың билігі бұл әкімдерге табыс­талған аманаты деп қабылдау керек. Аманатқа қиянат жасау әкімдерді руға, ұлтқа, жүзге, жынысқа, әлеуметтік дәрежесіне қарай бөлмейді. Қайта кәсібилік, адалдық, елшілдік әдеттер  сұранысқа ие болмақ.

Сайып келгенде, бүгінгі қазақ қоғамы әкімдерді сайлауды Орталық Азия аймағында уақытында бірінші болып бастап отыр. Бұл әлемдік қауымдастық алдындағы демократиялық принциптерді орындау міндетіміздің дұрыс бағытын көрсетеді.

Әр бастаманың қызығы мен шыжығы болады, оны уақытында көре жатармыз. Бірақ, пролетарлық қозғалыстың көсемі В.И.Ленин айт­пақшы, «Мы правильной дорогой идем, товарищи!» деген сөздерін, осы жариялықтың шырқар сәтінде қолданғым  келіп  отыр.

Сайлаған әкімдеріңіз халыққа жақын  болсын!

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: