Ағаштар мен адамдарды жұмбақ жіп байланыстырып тұрғандай. Қалаға қарқынды көшуге қарамастан, қолың босай қалса қоғамнан қашып, табиғаттың тыныштығы мен көлеңкесіне тартыласың. Экологиялық мәселелер әлемді алқымынан алғанда бүкіл адамзат орман мен өзен-суды жағалап кетті. Оның үстіне құмы тұзға айналғалы отырған Сыр елін жасылдандыру күн тәртібінде бірінші тұр. Десе де, өңірімізде орман өседі дегенге кім сенсін? Біраз жылдар бойы «Сырда ағаш түгілі оның көлеңкесін де таппайсың» деп әзілдеп те жүрді жұрт. Бірақ, қысыр сөздің бәрін жоққа шығарып, ауыл маңынан өздігімен орман өсірген жандар да бар. Қазалының маңында адам қолынан өскен орман бар десе сенесіз бе? Біз де сенбедік. Сол үшін аудандағы таныстарға дереу хабарласып, зерттеп көрдік.
Сырда туылсаңыз, өңірдегі шілденің керімсалын көрген боларсыз? Ыстық күні салқындайтын көлеңке таба алмағанда жайқалып тұрған талды аңсайсың. Кейде «әкімдік неге қаланы ағашпен жайқалтып қоймайды?» деп қабақ шытып алатынымыз да бар. Бірақ, біздің қазалылық бағбан ағамыз ешкіммен жүз шайыспай-ақ, жылдар бойы қара жерге тал еккен екен. Бүгінде ең алғаш егілген түпке 14 жыл толып отыр.
Қазалыға қарасты Қожабақы деген ауылда «Кенехан бағы» аталып кеткен керемет жер бар. Онда жергілікті ауыл тұрғыны Кенесары Ахметовтың жылдар бойы төккен тері жатыр. Әртүрлі ағаштар егіп, ауылын жасыл желекке айналдыру үшін жұмыс істеген ардагер азаматтың бағында бүгінде 2 мыңнан астам тал бар. Еккен талдарының барлығы толықтай көктеп шығып, аз уақытта ұзын қырлы жерді жап-жасыл желекке айналдырған. Талды егіп ғана қоймай, оған күн сайын күтім көрсетіп, жағдайын әліге дейін жасап отырады.
– «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Өзім зейнетте болған соң, ауыл маңындағы 1 гектар жерге тал еге бастадым. Тал егуді 2007 жылы бастадым. Сол жылы бір көктемде мыңнан аса тал ектім. Күнде жағдайын жасап, баптап отырдым. Айналдырып егіп, ортасын жоңышқа және пішенмен толықтырдым. Демалысқа да ыңғайлы етіп жасадым. Талдардың барлығы өсіп, мына жер шағын орманға айналды. Әйтпесе, кәдімгі қара жер еді. Мал астында жатқан, дымға жарамай тұрған жер болған. Қазір көп кәдеге жарап тұр. Жеміс ағаштарынан шыққан өнімді елге таратып беремін. Осы еңбегімді бағалап, 2012 жылы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталдым, – деді бағбан Кенесары Дербішұлы.

Көпке үлгі болып жүрген еңбеққор азаматтың еңбек жолы сонау 1970 жылдан басталады. Сол жылы 10-сыныпты аяқтап, 3 айлық тракторшы курсын тамамдаған. Содан бері 1997 жылға дейін техниканың тізгінін ұстаған екен. Уақытында комбайнды да айдаған. Егінші-механизатор ағамыз шаруашылықта жұмыс істей жүріп, бағбандықпен де айналысты. Жас уақытында күріш шаруашылығында болып, зейнетке шыққан соң, тал егу жұмысына тікелей атсалысып, бүгінде жасыл желекке оранып отыр. Жоғарыда айтқандай, қазір бақта 2 мыңдай тал өсіп тұр. Бір қызығы, бұл жер – мемлекеттің меншігіндегі жер. Яғни, Кенехан ағаның меншігінде емес. Қарапайым өмір жолын жүріп өткен бағбан мұны сатып алу қиын екенін айтады. Десе де, оның мақсаты – жерді меншіктеп, бас пайдасын ойлау емес, керісінше қоғамға көмектесу. Бірақ, қалталылар әлгі жерді мемлекеттен сатып алып, өзінің бас пайдаларына жұмсай ма деген уайымы да бар екен. Әйтсе де ауыл әкімі жердің ешкімге сатылмайтынын айтып, уәде беріпті.
– Ел-жұрт неше түрліні айтып келеді. Сосын да біреу келіп жекеменшікке өткізіп ала ма деп уайымдайсың. Қазіргі таңда бұл жер жергілікті халыққа жақсы қызмет етіп отыр. Жастар келіп жасыл бақ ішінде «маевка» жасап, демалып кетеді. Көрші ауылдағылар да келіп, бой сергітіп, артынан алғысын жаудырып жатады. Менің жасым келсе де, бар ермегім – осы. Мен тал екпесем ауырамын. Әлі де тал егіп, жерді ұлғайтсам ба деп отырмын. Қазірдің өзінде бақтың жанынан тағы 80 сотық жерді тазалап қойдым. Енді сол жерге де тал егіп, жердің тынысын ашсам ба деймін. Жас келген соң, бір өзіме әрине қиын тиеді, – деді Кенесары Дербішұлы.
Қара жердің төсін еміп, жемісін еріп жеген адам сол жерге тұла бойымен байланып қалатыны түсінікті. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін». Кенехан ағамыздың ұраны – осы. Бағбанның айтуынша, бақты егу кезінде де, қазір де ауыл жастарынан мүлдем көмек болмапты. Арықты тазалап, су айдаудың барлығын да бір өзі істеген екен. Қазіргі жастардың қол еңбек жұмыстарынан қашатынын айтып, соған налитынын да жасырмады.

– Жастарды кінәлағым да келмейді. Енді заман сондай ғой. Бірақ, біздің кезімізде жастарға жұмыс істеу міндетті тұғын. Қазір еркіндік заманы. Олай ешкім қинамайды. Әрине, егін егіп, мал жайғап жүрген жастар да бар. Бірақ, көбісі қалаға көшіп, сонда жұмыс істеп, қалып қойып жатыр. Өз көзіммен көргенімді айтсам, біздің ауылдағы қалаға кетуге мүмкіндігі бар жастардың барлығы кетті. Ал мүмкіндігі келмегендер ауылдағы ұжымда жұмыс істеп жатыр. Ол жақта жұмысшылар саны аз. 70 жастағы «пенсионер» тракторшылар жұмыс істеуде. Оның үстіне қазір барлығы жекешеленіп, соның кесірінен айлық та аз. Сосын да жұмыс істегісі келмейді. Ауылда жүрген жастар тал егу барысында көмектескен емес. Әкімдіктен де көп көмек болмады. Шыны керек, өзім де көмек сұрап бармадым. Әкім жылда алма ағашын егу керек дейді. Бірақ, сол іс аяғына дейін бармай жатыр, – деді Кенехан бағбан.
Бақта түрлі жеміс ағаштары бар. Сары өрік, қара өрік, алмұрт, алма ағаштары жеміс беріп тұр. Кейбір жеміс ағаштарын өзге өңірлерден алып келіпті. Зейнеткердің ендігі арманы жастар ауыл айналасын толықтай көгертіп, биліктің жасыл желекті дамытуға ықпалы тисе дейді.
Ауылда «Кенехан бағынан» басқа да тағы бір бақ бар екен. Ол – әкімдіктің еккен бағы. Десе де, зейнеткердің айтуынша, ол бақтың жағдайы нашар. Бірақ, қоршауы берік. Ал өзінің бағы жайқалып тұрғанымен қоршау салмағанның кесірінен тұяқтылармен күресіп жүргенін жеткізді. Алдағы уақытта сол бақтың қоршауын нығайтып, ары қарай дамуына көмек болса дейді бағбан қария. Сондай-ақ, жастар еңбек жұмыстарына көбірек мән берсе деген тілегі бар. Оның үстіне аудан әкімдігі 14 жылдың ішінде бір алғыс хат және әлеуметтік желіде жария болған бейнероликпен ғана құтылыпты. Бүгінгі технократиялық қоғамда пікірлер алуандығы, еркіндік бар. Жұрт көзбен көріп, құлақпен естігенге ғана сенеді. Қазіргі құрмет кімдерге көрсетіліп жатыр? Елім деген еңбек адамдары назардан тыс қалып, лайықты құрметке бөленбей жатқан секілді. Қоғамдағы нарық, экономика мен экологияның нағыз іргетасы солар. Сол үшін де қара құмды жасыл желекке айналдырған «сиқыршыларға» көмек көптеп көрсетіліп, жұмысына қолдау керек.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!