Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АТОМ – Адамзат Тажалын Орындау Миссиясы ма әлде…

14.05.2021, 13:00 627

СЫНАҚ   ӘЛДЕ   ЗАРДАП?

Кеңес Одағы тұсында 40 жыл бойы Жер-Ана­ның төсі мен Ұлы дала елінің төскейін тітіркенткен зұлматтың болғандығы ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Сол сынақ полигонынан зардап шеккен жұрт әлі де сол дертпен күресіп келеді. Ресми деректерге сенсек, ядролық қару пайда болғаннан бастап әлемде жасал­ған сынақтардың тең жартысы қазақ елінің аумағында болған. Яғни, 500-ден астам атмосфералық, жер­асты, жерүсті сынақтың салдарын тартып отырған халық теріскейліктердің атом электр станциясын қазақ жеріне салады дегенін естіп, зәре-құты қашып отыр. Дәл қазір АЭС салу туралы шешім нақты қабылдан­ған жоқ, десек те АҚШ, Оңтүстік  Корея, Франция, Қытай, Ресей және өзге елдер­дегі реакторлық технологияларды зерттеп-зерделеуде.

Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде АЭС құрылысына қатысты қоғам өкілдерінің пікірлері  екіге  жарылды. Мұндай талқы Ресей­дің Қазақстандағы елшісі Алексей Боро­давкин «Росатом» Қазақстанда атом электр станциясын салуға дайын екенін мәлімдеген соң туындай бастады. Естеріңізге салайық, 2019 жылдың 3 сәуірінде Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Қазақ­стан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­пен келіссөздер барысында Ресей технологияларын қолдана отырып, Қазақстанда атом электр станциясын салуды  ұсынған  еді.

🔻 Атом электр станциясын Қазақста­нға салудың қажеттілігі қандай?

🔻 Қауіпсіздік мәселесі қарастырыла ма?

🔻 Энергетикалық жетіспеушілік АЭС-ке мұқтаждық туғызды ма?

АЭС-ке қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап тапқыңыз келсе, жалғас­тырайық.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ   ДАМУ  һәм  ЭКОЛОГИЯЛЫҚ   ҮРЕЙ

Жүргізілген сараптамалық қорытындыларға сәйкес Қазақ­станның оңтүстігінде электр қуатының болжамды балансында 2030 жылға қарай 2,7 гВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы бола­ды деген қауіп бар. Осыған орай әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып базалық және маневрлік генерац­ияны енгізу арқылы тапшылықты жабу ойластырылған. Бұған не жатады? Әрине, бу-газ, гидро және атом станциялары. Біздің елде осы станциялардың ішінде соңғысы талқылауда. Айта кетейік, бұл АЭС салу туралы мәселе күні кеше айтылып, бүгін талқыланып жатқан жоқ. Елімізде мұндай станциялар бұрын да болған. Маңғыстауда ең алғашқы салынған атом энергетикасы 1972-1999 жылдар арасында жұмыс істеп, жабыл­ды. Оған себеп, жаһандық қауіпсіздік мақсатында ядролық қару­дан бас тартып, бейбітшілікте өмір сүру болды. Естеріңізде болса, 2006 жылы Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға толық тыйым салу актісін жүзеге асырды. Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференциясында «ХХІ ғасырды ядролық энергетикасыз елестету де мүмкін емес. Мамандардың пікірі бойынша, 2035 жылға қарай әлем экономикасының энергияны қажет етуі екі есеге ұлғая­ды. Қазіргі таңда планетада 2 миллиардқа жуық адам электр қуатын мүлде пайдалана алмайды. Көптеген елдер үшін кедей­шілік, жұмыссыздық проблемаларын, азық-түлік жетіспеушілігін шешу мәселесі атом энергетикасын бейбіт жолмен, соның ішінде БҰҰ мен МАГАТЭ-нің қатаң бақылауы арқасында жүргізу­мен  байланысты  болып  отыр»  деген  еді.

– Әлеуетті инвесторлар еліміздің оңтүстік өңірлерінде маневр­лі газ генерациясын, сондай-ақ, Ертіс өзенінде Шүлбі ГЭС және Іле өзенінде Қапшағай ГЭС контррегуляторларын салу мәселесін қарастыруда. Шымкент жылу электр орталығы алаңында қуаты шамамен 450 МВт болатын жаңа бу-газ электр станциясын салу жөнінде ұсыныс берілді. Тек мүмкіндіктер және ұсынылатын жобалар тиянақты зерттелген соң ғана электр  энергиясын  өндіруге  Қазақстан  үшін неғұрлым оңтайлы  және  қолайлы  технологиялар  айқындалатын болады. Егер қуат тапшылығын  жою  мақсатында  АЭС-ті  таңдаған  жағ­дайда,  ҚР заңнамасына сәйкес АЭС-ті салу туралы шешімді ҚР Үкіметі қоғамдық тыңдаулар жүргізіп, АЭС салынатын аумақтардың жергілікті өкілді органдардың келісімі бойынша қабылдайтын болады. Бұл ретте еліміздің шаруашылық мін­деттерін шешу мұқтаждығы, қажетті жағдайлардың болуы және қауіпсіздік қатерінің болмауы ескеріледі. Осылайша, алдын ала даурығып, тұжырымдар жасауға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ екенін хабарлаймыз, – делінген ҚР Энергетика министрлігі баспасөз  қызметінің  мәлімдемесінде.

Айта кету керек, «Қазақстанның тұрақты даму мақсаттары – 2030» бағдарламасының 7-мақсатында қымбат емес, сенімді, тұрақты және заманауи энергия көздерінің барлығы үшін жаппай қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделген. Онда 2030 жылға дейін экологиялық таза энергетика саласындағы жаңартылатын энергетиканы, энергиялық тиімділікті арттыру және қазбалы отындарды пайдаланудың анағұрлым таза технологияларын қоса алғандағы зерттеулер мен технология­ларға қолжетімділікті жеңілдетуді мақсат еткен. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты іске қосу және энергетикалық инфрақұ­рылымға және экологиялық таза энергетикаға салы­натын инвестициялар да қарастырылған. Осы ретте дәл қазіргі сәтте қоғам пікірін қақ айырып отырған АЭС салу мәселесінің экономикалық тиімділігін жаратқанмен, экологиялық зардабы ескерусіз  қалуы  мүмкін  деген  үрей  бар.

«РОСАТОМ»   РЕСМИ   МӘЛІМДЕМЕ  ЖАСАДЫ

Елде салынуы мүмкін АЭС құрылысына қатысты мәліметтерді саралау барысын­да ресейлік ақпарат құралдарын да шолып шыққанды жөн көрдік. Нәтижесінде жуырда ғана «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей  Лихачевтің  үндеуіне  кезіктік. Онда бас директор жыл басынан бері Ленинград  атом  электр  станциясы  энергоблогының  іске  қосылғанын  айтқан.

– Ленинградтағы АЭС – бұл атом энергетикасындағы технологиялық буындардың ауысуының жарқын мысалы. «VVER-1200» реакторы бар жаңа қуат блогы 45 жыл бойы сәтті жұмыс істеген No2 энергоблокты «RBMK-1000» алмасты­рды. Бұл ақырында өткен қарашада тоқтатылды. Сондай-ақ, шетелдік  аймақтарда  жұмыс  ойдағыдай  жүріп  жатыр. Наурызда  Түркиядағы  «Аккую» АЭС үшінші блогына алғашқы бетон құйылды. Сәуір айында ядролық реактор кемесі және екінші қондырғыға арналған екі бу генераторы Бангладештегі «Роопур» АЭС-на жөнелтілді. Үндістан, Қытай, Египетте жобаларды  жүзеге  асыру  кестеге  сәйкес  үздіксіз  жалғасуда.

Біз жел энергетикасы саласын кеңейтіп жатырмыз. 1 сәуірден бастап Ставрополь өлкесіндегі Кармалиновская жел электр станциясы көтерме нарыққа электр энергиясын жеткізіп келеді. Бұл – «Росатом» салған үшінші жел электр станциясы. Жел энергетикасының дамуы бізге тұрақты даму логикасында маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді. «Росатом» ірі логистикалық оператор «Дело» холдингімен біздің жел электр станцияларынан Азов-Қара теңіз аймағындағы ең ірі терминалдарға электр энергиясын жеткізуді ұйымдастыру туралы келісімге қол қойды. Бұл ресейлік экспорттаушыларға ЕО елдерінде енгізілетін «көміртегі  салығын» төмендетуге мүмкіндік береді, – делінген А.Лихачевтің  үндеуінде. (Үндеу орыс тілінен аударылып, ықшамдалды).

Айта кетейік, ресейлік корпорацияның ресми мәліметіне сүйенсек, биыл аталмыш бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 94 миллиард рубль бөлінген. Алғашқы  тоқсандағы барлық тапсырмалар сәтті орындалған. Атап айтқанда, Якутиядағы кемеге негізделген «RITM-200» реакторы бар бірінші қуатты жердегі атом электр станциясын жобалау алдындағы инженерлік іздестіру жұмыс­тары  аяқталған.

Байқағанымыздай, 2021 жылы Қазақстанға АЭС салу туралы  сөз  қозғалмаған. Демек, бір қайнауы кем дүние…

ӘЛЕМДЕ  ҚАНША  АЭС  БАР?

Қорытындылай келе, әлемдік ахуалға тоқталғанды жөн көрдік. Әлемдегі 31 мемлекетте жалпы саны 191 атом электр станциясы бар. Ал реакторлардың саны – 451. Көптеген атом электр станциялары Еуропада, Солтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және бұрынғы КСРО аумағында орналасқан. АЭС-тер саны бойынша әлемдегі жетекші ел – АҚШ. Олардағы станциялар саны – 60, реакторлар саны – 100. Кейінгі орындарда Францияда – 19 АЭС, 58 реактор, Жапонияда – 17 АЭС, 43 реактор, Қытайда – 13 АЭС, 36 реактор, Ресейде – 10 АЭС, 36 реактор, Ұлыбританияда – 7 АЭС, 15 реактор бар. Жаңадан АЭС-тер құру жағынан Ресей, Үндістан, Қытай алдыңғы орында. Дүниежүзінің 12 елінде электр энергиясын өндірудегі АЭС-тің үлесі 30 пайыздан асады. Электр энергетикасы тапшылығын реттеу мақсатында Қазақстанда да АЭС құру мәселесінің қызу талқылануының бір себебі осы әлемдік тәжірибе болуы  ықтимал.

Сонымен қатар, АЭС-тің жұмысы кейбір елдерде тоқтатылған. Мысалы, Италия барлық атом электр станцияларын жапты. Бельгия, Германия, Испания және Швейцария ядролық энергетикадан бас тарту жөніндегі ұзақмерзімді саясатты жүзеге асырып жатыр. Нидерланд аралдары, Тайвань және Швеция атом энергиясынан бас тартуды жоспарлағанымен, жыл сайын кейінге қалдырып келеді.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 Қысқа   қайырым

Уран  АЭС  құрылысының  негізгі  аргументіне  айналады

Жоғарыда айтылған АЭС-ке қатысты сауалдар төңі­регінде Стратегиялық бастамалар орталығының серіктесі Жәнібек  Байдұлланы  аз-кем  әңгімеге  тартқан едік.

– Жәнібек Байдұллаұлы, соңғы кезде Қазақстанда атом электр  станциясы  салынады деген әңгіме жиі  айтылып жүр. Елдің  даурығуының  астарында  қандай  мән бар?

– Жалпы, Қазақстанда Атом электр станциясын салу тура­лы 1997  жылдан  бері  айтылып  келеді.  Тақырыпқа  деген қызығушылықтың тағы бір кезеңі Ресейдің Қазақ­стандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкиннің «Рос­атом» Қазақстанда электр стансасын салуға дайын» деген мәлімдемесінен кейін пайда болды. Мәлімдеме уақыты кездейсоқ таңдалмаған. Қаңтар айынан бастап Қазақ­стан Президенті электр энергиясының 2027 жылға дейін жетіспейтіндігіне байланысты 2035 жылға дейін энергетикалық балансты дамыту туралы  бұйрық  берді. Атом  электр станция­сы тапшылықты  жауып,  бізді  таза  энергиямен  қамтамасыз ете алады деген пікір бар. Шынымен солай ма? Шешім қабылдағанда  қандай  фактілерді  ескеру керек?  Мен оны бірге шешуді ұсынамын.

– Егер келісім жасалып, қазақ жерінде АЭС құрылысы салынса, ондағы елдің, халықтың  қауіпсіздігі  қалай  болмақ?

– Өткен ғасырдың соңында реакторды төтенше жағдайдан қорғау технологиялары жетілдірілген кезде атом энергетикасы айтарлық­тай дамыды. Соған қарамастан, реакторларды апаттан қорғаудың ең сенімді жүйелері орнатылған «Фукусима-1» атом электр станция­сындағы ірі апат атом электр станциясының қауіпсіздігіне кепілдік жоқтығын көрсетті. Фукусимадағы  апаттан  кейін  көптеген  елдер  атом  энергиясын одан  әрі  пайдалану  жоспарларын  қайта  қарады.  Мы­салы, Германия атом электр станциясын қолданудан бас тартуға шешім қабыл­дады және нәтижесінде елдегі соңғы атом электр станциясы 2022 жылы жабылады. Қазақстандықтар ядролық апаттар мәселесіне ерекше назар аударады, өйткені Семей полигонының ауқымы жағынан ең ірі апат ретіндегі тәжірибесі қазақстандық қоғамда терең жарақат қалдырды. Бұл қорқыныш пен ядролық энергияға деген қоғамда сенімсіздік тудыруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан Қазақстан мұндай шешімді қабыл­дау  үшін  өте  сақ  болу керек. Мәселен, 2019 жылы Президент Қ.Тоқаев «халықтың пікірін ескермей, атом электр стансасын салу туралы шешім  қабылданбайды»  деді.

– АЭС салуда таңдау не үшін Қазақстанға түсіп отыр деп ойлайсыз?

– 2009  жылы 13,5 мың  тонна  уран өндіруге қол жеткізген Қазақстан Канада­дан озып, бүгінде әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел болып отыр. Алайда Қазақстанда өндірілген уранның барлығын шетелге экспорттайтын бірде-бір жұмыс істейтін атом электр станциясы жоқ. Дәл осы факт АЭС құрылысын салу­ды  қолдаушылардың  негізгі  экономикалық  аргументіне  айналады.

– Бұл шынымен де энергетикалық жетіспеушіліктен туындап отыр ма, әлде…

– Негізінде 2020 жылы Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен тұты­нылатын электр энергиясының 3%-ын өндіріп, энергетикалық балансты әртараптанд­ыру бағытындағы жасыл экономикаға көшу бағдарламасын жүзеге асыру мақсатына жетті. Энергия балансында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2025 жылы 6%-ға және 2030 жылы 10%-ға дейін арттыруға ниетті. Осылайша, атом электр станциясының құрылысы кәдімгі энергия көздерінің жалпы орнатылған қуатының артуы есебінен мақсатқа жетуді едәуір қиындатуы мүмкін. Атом электр станциясы құрылысының тағы бір аспектісі – энергетикалық балансты қалып­тастыру кезінде ескеру маңызды болатын базалық және маневрлік қуат тұжырымдамасы. Бүгінде Қазақстан үшін икемді қуаттылықты қамтамасыз ету мәселесі желідегі жаңартылатын энергия үлесінің артуына байланысты ерекше маңызды. Атом электр станциялары икемді қуаттар санатына жатпайды және негізінен база­лық қуат  ретінде қолданылады. Сонымен қатар, әлемде қанша ел атом электр станция­ларын салумен және пайдаланумен айналысады? Көбінесе, келісім құрастыру-пайдала­ну негізінде жұмыс істейді. Яғни, құрылыс салушы компания үкіметпен электр энергиясын жеткізуге ұзақмерзімді келісімшарт жасаса­ды және АЭС-ті пайдалануға толықтай жауап береді. Осылайша, мемлекет ұрпақтың маңызды бөлігін шетелдік компанияға береді. Бұл өз кезегін­де елдің энергетикалық тәуелсіз­дігін төмендетеді.

– АЭС салуда өзге елдердің тәжірибесі қандай?

– Атом электр станцияларында электр энергиясын өндірудің салыстыр­малы  түрде төмен шығындарына қарамастан, жобалар күрделі салымдарды қажет етеді. Мысалы, атом электр станциясын салудың орташа құны басқа энергия көздеріне қараған­да 4-5 есе жоғары. Сонымен бірге өзіндік құны бойын­ша атом электр станция­ларынан алынатын электр энергиясының көмір өндірумен бәсекеге  түсуі  екіталай. Мысалы, Белоруссияда қуаты 2400 МВт болатын атом электр станциясының құрылысын сарапшылар 10 миллиард долларға, ал Түркиядағы 4800 МВт қуаттылықтағы «Аккую» АЭС жобасын  22 миллиард долларға бағалайды. Яғни, атом электр станциясының құрылысына орта­ша инвестиция бір МВт-қа шамамен 4,2 млн доллар жұмсайды. Салыстыру үшін жаңартылатын энергия көздері нысандарын салудың орташа құны бір МВт-қа 1 млн долларды құ­райды. Қазақстан­да атом электр станциясын салу туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Алайда АЭС құры­лысы тақырыбы қоғамның ерекше назарында екендігі және Қазақстанның энергетикалық секторы­ның болашақ келбетін қалыптастыруда ерекше орын алатындығы қазірдің өзінде белгілі болды.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сіз не дейсіз?

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, эколог:

АЭС салдыру – қаупі бар нәрсе

– Қазақстанда АЭС салынады деп көп жылдардан бері айтылып келе жатыр. Құрылысты Ресей жүргізеді. Бұл жерде бір мәселе бар, жыл сайын АЭС салу технологиясы жаңарып жатыр. Бірақ сол Ресей­дің  мамандары  жаңа  технологияны қаншалықты игерді? Бұл жерде менің үлкен сұрағым бар. Мысалы, Жапония,  АҚШ  секілді дамыған елдерде АЭС технологиясы мықты, белгілі шешімдер бар. Ресей Қазақстан сияқты ғылымын жоғалтып алды. Олардағы ғылымның бір жағы Еуропа жаққа кетіп, іргетасын­да ескілік қалып кетті. Бұл екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Өте қиын, тура біздегідей ахуал. Сондық­тан АЭС салдыру – қаупі бар нәрсе. Ол – үлкен технология, алапат жарылыс болса, қиын жағдай болады. Оның үстіне Чернобыль апаты әлі есімізден кеткен жоқ, салдары мен зардабын әлі тартуда­мыз.  Халық  қорқып қалған, АЭС салуға қарсы. Егер халық өз қарсылығын білдірсе, оны қалай салуға болады? Менің ойымша, билік ойлануы керек. Бұл мәселеде халыққа қарсы шығудың қажеті жоқ, бірінші шешімді халық қабылдағаны дұрыс. Одан да ғылымды дамытсын, өсірсін. Қазіргі жағдайда Қазақстанға АЭС салдырамыз деген сөздің өзі – қауіп. Оны салғаннан кейін оны басқаратын мамандар­ды қайдан аламыз? Қазақстанда бұл ғылым дамымаған, оны қамтамасыз ететін адам таппаймыз. Жарылыс болса, не болады? Тағы да шетелдік мамандарға тәуелділік туындайды. Экономикалық тәуелділікке де байланбас үшін ұқыптылықпен қарау керек. Босқа АЭС саламыз деп даурығудың қажеті жоқ.

Ал экологиялық тұрғыдан бұл ең бірінші – технологиялық процесс, ғылыми жетістіктің негізінде салынатын орын. Сондықтан бұл мәселеде  үлкен  апат  әкеледі. Ал апат экологияға орасан  зор  шығын  әкелетіні  анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: