Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірін еңбекпен өрнектеген

06.05.2021, 11:00 647

«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге болмасын?! Адам ғұмырының әр белесі санаңда мұрағаттай сақталып тұратынын жоққа шығара алмаймыз. Бүгін сондай ұмытылмас сәттерді ортаға салуды жөн санадым.

1985 жыл. Аппарат жиынында совхоз дирек­торы Шынтас Жалғасбаев сала басшы­ларына мығым денелі, орта бойлы жігіт ағасын таныстырды. Малкайдар Дүйсенов есімді бұл азамат біздің ауылдың жаңадан тағайындалған парткомы, яғни, партия ұйымы­ның  хатшысы  екен.

Сол күні жұмыстан соң жаңадан келген партком хатшысы мені кабинетіне шақыр­ды. Бардым. Менің ауылдағы жастар ұйымы­ның белсенді мүшесінің бірі екенімді естігенін айтқан Дүйсенов жастар жұмысын жандандыру жайлы әңгіме қозғады. Парткомның алға қойған мақсатын, ой-жоспарын естігенде елең ете түстім. Жасыратыны жоқ, бұған  дейін  жастар  мәселесі  көпшілігіне қағаз жүзінде ғана қозғалушы еді. Бірақ… жаңадан келген парткомның ауылдық мәдениет үйіне жастар үшін «вокалды эстрадалық аспаптар алып береміз, спорт секциясын ашамыз» деген сөзі көңіліме күмән  туындатты.

«Әй, қайдам… Мұның «тыз етпе» әдепкі қарқының шығар. Ауылға кім келіп, кім кетпеді?!. Бәрі де осылай елеуретіп бастап, соңынан ізін таба алмай қалатынбыз. «Көше атамандарының» бір-екі «концертін» көрсең, қиялың көзден бұл-бұл ұшар. Музыкалық аспаптар, спорттық бұйымдарды алып бергізуге жоғарыдағы  көкелерге  шамаң жетсе…»  деп  ішімнен мысқылдап күліп қоя­мын…

Бекер күліппін. Парторг өзінің құрғақ уәде­нің емес, нақты істің адамы екенін дәлелдеді. Көп ұзамай тиісті орынға тілдесіп, музыкалық аппаратура алдыруға сол кез­дегі құны алтыннан жоғары Кеңес өкіметінің ақшасымен табаны күректей төрт мың сом бөлдірді. Айтуға оңай. Осыншама қаражатты бөлдіруге Малкайдар Дүйсенұлына қаншама тер төгіп, табанынан таусылуға тура келді десеңіз­ші. Ауыл басшылығынан бастап аудан­дағы талай лауазымды дөкейлердің кабине­тін жағалап, жоспарының дұрыс­тығын дәлелдеп бақты. Дүйсеновтің орнында басқа біреу болса «бұрын үрен-сүренін білмейтін ауылдың жастары үшін басымды ауыртып, біреулерге жаманатты болып қайтемін» деп қолын сілтер еді… Ал Мәкеңнің атаның қаны, ананың сүтімен бойына дарыған дағдысы оған жібермеді. Осылайша сол кездегі Кеңес Одағы аталатын алып мемлекеттің жүрегі іспетті Мәскеу қаласына ауылдан адам жіберіп, музыкалық аспаптар алдырды. Бұл үлкен ерлікке тең игілікті іс болатын.

Парторг мұнымен шектелмеді. Ауыл орта­лығындағы мектептің бос тұрған спорт залын қайта жабдықтап, «бокс», «самбо» секциясын ашты. Маған «бокс», Салмахан Насыров есімді комсомол комитетінің хатшысына «самбо» секциясына жетекшілік жасауды тапсырды. Қажетті құрал-жабдықтарды облыс орталығынан алдырып, жаттығу жұмыстарының алаңсыз жүруіне Мәкең барын­ша жағдай жасады. Бокстың әліппесін сол секцияда бастаған Қайрат Дармағанбетов атты бауырымыз кейін бокстан «Спорт шеберлігіне кандидат» нормасын орындады.

Мәдениет саласында да ауыл өнерпаз­дарының  шоқтығы биік болды. Шағын ауылда бірнеше отбасылық ансамбль  құры­лып, көрермендер  қошеметіне  бөленді. Дүйсенов ауыл көлеміндегі мекемелер арасын­да өнер сайысын өткізуді қолға алды. Бұл қадам ауылдың мәдени өміріне соны серпін, тың  өзгеріс  әкелді.

Сол тұста әр аптаның сенбісі ауыл тұр­ғындары үшін шын мәнісінде, мереке сынды өтуші еді. Жайшылықта бірі құрылысшы, механизатор, бухгалтер, дәрігер, мұғалім өзге де мамандық иелері концерт барысында мүлде өзгеріп, танымастай түлеп шыға келетін. Сахнаға шыққан ауылдастарымыз­ды қарапайым тұрғын емес, атақты өнер адамдарындай көретінбіз. Бұған дейін еселі еңбегімен көпшілікке танылған «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз» аталған ауылымыз Малкайдар Дүйсенов ағамыздың ұйымдастырушылық қабілеті арқасында енді мәдениеті мен өнері арқылы биік белес­терді бағындырды. Аудандық көркемөнерпаздар байқауында топ жарып, жеңімпаз атандық. Сол байқаудың ақтық сынында аудандық аурухана ұжымының өнерпаздарымен бақ сынастық. Ауыл өнерпаздары­ның мұндай үлкен  сайысқа алғашқы қатысуы еді. Ал ауру­хана ұжымы болса құрамында небір мықты өнерпаздары бар, байқауларда шаша­сына шаң жұқтырмай жүрген саңлақтар. Малкайдар Дүйсенұлының арнайы келіп, сәттілік тілегені, бірнеше сағат бойы тап­жылмай отырып, концерттік бағдарламаны тамашалағаны жігерімізді жанығандай. Ақыры азулы қарсыластарымыздан басым түсіп, жеңіс  тұғырына  көтерілдік.

Арада уақыт өте Малкайдар Дүйсенов көршілес ауылға совхоз директоры қызметі­не ауысты. Қимай қоштастық. Арада апта өтпей бір автобус адам болып ағамыздың ауылына іздеп бардық. Мәкең мен Бақыт жеңгей бізді құшақ жая қарсы алды. Туған бауырымызды кездестіргендей әсерге бө­лендік.

Біршама жылдан соң Малкайдар Дүйсен­ұлы Қазалы ауданы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына жоғарылады. Бөркімізді аспанға ата қуандық. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» деген даналық лебіз ойға оралды. Мұнан соң да бірнеше жоғары қызметтің тұтқасын ұстап, абыройға бөленді.

Желден жүйрік уақыт. Міне, Қазалы ауда­нының «Құрметті азаматы» Малкайдар Дүйсенов  70  жасқа  толды.

«Елі сүйген есікте отырмайды». Саналы ғұмырыңызды туған еліңіздің өсіп-өркендеуіне жұмсаған өзіңіздей азаматтың әр күні өскелең буынға үлгі-өнеге. Аман болыңыз, асыл  аға!»  дегіміз  келеді.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: