Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биыл ҰБТ-да қандай өзгерістер болмақ?

04.05.2021, 17:55 862

Биыл елімізде ҰБТ науқаны қалай өтпек? Бұл сұрақ мектепті жағалап жүрген жандардың әрқайсысын толғандыратыны жасырын емес. Көктем келіп, оқу жылы аяқталуға жақындаған бойда жылдағыдай ҰБТ-ның «қазаны қайнай» бастайды. Түлектер мен ата-аналар тұзаққа түскен түлкідей күй кешіп, саналарын сан-сауал қаптап алды. Оның үстіне ҰБТ форматының жылда өзгеруі мен пандемия жағдайы мәселені тым ушықтырып жібергендей. Ата-аналар арасында шындыққа жанаспайтын түрлі әңгімелер де өріп жүр. Осы тұрғыда, ҰБТ-ның қалай өтетінін жауаптылар өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте егжей-тегжейлі түсіндірді.

– Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы қаңтар мен наурыз айларында ҰБТ ақылы түрде өтті. Біріншісі – қағаз түрінде, екіншісі онлайн түрде өтті. Биыл өңірімізде 7006 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Соның 5949-ы ҰБТ-ға қатыспақ. Бұл жалпы бітіруші түлектердің 85 пайызын құрайды. Биылғы тестте өзгерістер көп. Оқушы электронды форматта тапсырады. Сондай-ақ, тест жауабын бұрынғыдай ұзақ күтпей, қанша балл алғанын сол мезетте біліп кетеді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.

Биылғы ҰБТ 6 мамырдан 30 маусымға дейін созылмақ. Яғни, оқушылар толық 29 күнде тест тапсыра алады. Грантқа ие болу үшін тапсырылатын тестті екі рет қайталай алады. Бір қызығы, оқушылар тест тапсыратын күнді және қаланы өзі таңдауға мүмкіндік бар. Бұрынғыдай нақты уақыт бекітілмеген. Яғни, 29 күннің біреуін таңдап, өзіне қолайлы уақытта тапсырып шығады. Бірақ 1 күнде екі рет тапсыруға болмайды. Өңірімізде төрт бірдей ҰБТ тапсыру орталығы бар. Олар Қызылорда қаласы, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында орналасқан. Барлығы 475 орын бар. Оның 175-і қалаға тиесілі. Жалпы, бір күнде 950 оқушыны қамтуға мүмкіндік бар.

ҰБТ уақытында індет ұмытылмайды. Жауапты мамандар оқушылардың ауру жұқтырып алмауы үшін барлық қолайлылықты жасаған екен. Қызылорда облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігермен бірлесе отырып, ҰБТ өтетін орындарда санитарлық норма сақталуы үшін арнайы жоспар бекіткен. Айта кетсек, түлектер 4 кезеңдік дезинфекциялық шаралардан өтеді. Кілемше арқылы аяқкиімдерін тазалау, антисептикпен қолдарын өңдеу, дене қызуын өлшеу және маскалық режим. Оқушы отыратын орындар да дезинфекцияланып, аудиторияның ауасын желдету және арақашықтықты сақтау жұмыстары жүргізіледі. Шалғай аймақта тұратын оқушыларды арнайы ҰБТ болатын жерге таситын болады.

– Биылғы ҰБТ құрылымында еш өзгеріс жоқ. 5 пән бойынша өтеді. Тек қана математикалық сауаттылық пен тарихтан – 15 сұрақ, оқу сауаттылығынан – 20, таңдау пәндерінен 35 сұрақ келетін болады. Бұл өзгертулер ағымдағы жылдың қаңтар айында енгізілген. Электронды форматта өту оқушылар үшін тиімді деп білемін. Сондай-ақ, мектеп бітірушілермен қатар, колледж түлектері мен былтырғы мектеп түлектері де осы жолы қатыса алады. Дегенмен, олар алдын ала тіркелуі қажет. Бірақ бүгінде олардың тіркелуі өте жай жүріп жатыр. ҰБТ тапсыруға ниеттері болса, бізге алдын ала тіркеліп, осы жылдан қалмай бағын сынап көруге шақырамыз, – деді Ұлттық тестілеу орталығының Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі филиал басшысы Нағима Әбдіманатқызы.

ҰБТ-ның электронды форматқа көшуі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді деп сенеміз. Ересек өмірге алғашқы қадам болып саналатын тестілеуде биыл бірнеше рет қайта тапсыру мүмкіндігі бар екендігі қуантады. Бұл оқушыға психологиялық көмек беретіні анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: