Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жылқысының жеті жоғы қашан түгенделеді?

22.04.2021, 11:00 1112

Қатпар-қатпар қазақ тарихы бабаларымыздың найзасының ұшымен, тұлпарларының тұяғымен жазылған қастерлі тарих десек, ел шежіресін түзуде жылқы малының орны ерекше. Дей тұрғанмен осынау қасиетті Қамбар ата төлін жас ұрпаққа насихаттауда кемшін тұстарымыз аз емес. Адамзат баласы алғаш ауыздықтап, арғымаққа ер салған қазақ даласында жылқытану жайы кенже қалып отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды бағдарламасында да, Президент атанып, ел алдында ант бергенде де Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының саясатын жалғастыратынын айтқан болатын. Біз осы ретпен аталған бастаманы негізге ала отырып, қазақ жылқысының жай-күйіне қатысты толғақты мәселелерді тізіп шығуды жөн көрдік. Қазақ жылқысының жоқ-жітігін түгендейтін жеті жоғымыз төмендегідей болды.

ӘЛЕМДЕ  «ҚАЗАҚ  ЖЫЛҚЫСЫ»  ДЕГЕН  АТАУМЕН  ТІРКЕЛГЕН  ЖЫЛҚЫ  ТҰҚЫМЫ  ЖОҚ

Өткен 2019 жылдың соңында Моңғолия ғалым­дары америкалық және ресейлік әріптес­терімен бірлесе отырып, «осыдан 5-6 мың жыл бұрын моңғол жылқысы әлемде алғаш рет қолға үйретілді, әлемдегі барлық жылқы тұқымдарының негізі қазіргі моңғол жылқысы» деген тұ­жырым  жасады.

Бұл қаншалықты ақылға сыйымды немесе тари­хи шындық болатынын ғалымдар айта жатар. Бірақ бізге белгілісі бүкіл әлем 1989 жылы осыдан  6000  жыл  бұрын ең алғашқы жылқы қазақ  дала­сында, нақтырақ айтсақ қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау елді мекеніне жақын жердегі  «Ботай қонысынан» табылғандығын мойындаған болатын. Бұл туралы әлемде талай зерттеу еңбектер жасалып, бес мемлекеттің  бірлесуімен «EQUS. Жылқы тарихы» атты үш бөлімнен тұратын  деректі  фильм де түсірілді.

Алайда…

Бастауын осыдан 6 мың жыл бұрын Ботай қорымынан алатын адамзаттың абзал серігі жылқы тарихының бүгінгі парағында 256 түрлі жылқы тұқымы тіркелген. Осы әлемге тараған 256 түрлі тұқымның қатарында «қазақ жылқысы» деп көрсетіп берер бірде-бір тұқымның тіркелмегені қынжылтады.

Алайда біздің бұл олқылығымызды өзгелер тиімді пайдаланып отыр. Сөз жүзінде «қазақ жылқы мінезді», «қазақ пен жылқы егіз», «қазанат пен азаматты бөле-жаруға келмейді» деп күпінгенде үзеңгі бауымыз сегіз қабат болады. Алайда «жылқының отаны» атанған Қазақстанда «қазақ жылқысы» деп көрсетер бір қотыр тайдың бол­мауы  қалай?

ЖЫЛҚЫТАНУ  ИНСТИТУТЫ  ЖОҚ

Аса құрметті оқушымыз, бұған сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ институт былай тұрсын, біздің елде Жылқытану кафедрасы да жоқ. Елімізде ауылшаруашылық саласында белді-белді жоғары оқу орындары жетерлік. Әр ірі қалада бір Агротехникалық университет бар десек те болады. Жылына мыңдаған ветеринар білім алып шығады. Алайда олардан еш пайда жоқ. Себебі жүйесіз, нақты берілмеген білім, ешқашан өз жемісін бермейді. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, алайда әлемде «Қазақ жылқысы» деген жылқы тұқымын қалыптастырып,  шығара  алмай отырғанымыздың өзі – осы жүйесіз, мақсатсыз берілген білімнің көрінісі. Иә, бір жылқы тұқымын сұрыптау үшін кемі 25-30 жыл керек десек, біз үшін енді 2050-ді  күткеннен  басқа  амал  жоқ.

Қазақстанда 125 жылдан астам тарихы бар «Қазақ тұлпары» (Қостанай) жылқы зауыты барын елдің бәрі біледі. Бірақ ол мекеменің аты бар да, заты жоқ. 125 жылда «Қостанай жылқысы» деген бір ғана тұқым шығарды. Соны малданып әлі жүр. Қазақтың етті-сүтті бағыттағы «жабы», «мұғалжар», «көшім» тұқымдары өсіріліп жатыр. Бірақ бұл тұқымдар елішілік қана деңгейде қалып отыр.

Жылқы тұқымын асылдандыру, сапа, зерттеу, жылқытану саласымен түбегейлі айналысатын Жылқытану институтын ашпайынша әлемдік дәрежеде «Қазақ жылқысы» деген тұқым шығару ісі сол айтылған күйі қала береді деп ойлаймыз.

ЖЫЛҚЫ  ШАРУАШЫЛЫҒЫНА  ҚОЛДАУ  ЖОҚ

Әлемде Жылқы министрлігі бар бірден-бір мемлекет – Түркіменстан. Түркімендер ахалтекесін әлемдік брендке айналдырды. Бізге жылқы министрлігінің керегі жоқ, алайда жылқы шаруа­шылығымен айналысатын шаруаларға нақты қолдау көрсетілсе деп ойлаймыз. «Құлан» бағдар­ламасы бар. Алайда ол тиімсіз және бір елдің жылқы шаруашылығы үшін бір ғана бағдарлама аздық етеді. «Құланның» тиімсіздігі – біріншіден, субсидия тек етті-сүтті тұқымды жылқыға, оның ішінде биелерге ғана берілетіндігі, екіншіден, жылдық  пайыздық  мөлшерлемесінің  көптігі    (16 пайыз).

Қазіргі кезде асыл тұқымды айғырдың бір басына 100 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Екінің бірі асыл тұқымды айғыр сатып ала алмайды. Екіншіден, оның өзі етті-сүтті бағыттағы жылқыға ғана  төленеді.

Ал қымыз шаруашылығы бойынша 1 литр қымызға 60 теңге субсидия беріледі. Бұл ретте де еліміздің ұлттық сусыны болуға әбден лайық, денсаулыққа аса пайдалы, диеталық тағам ретінде әлем мойындаған бабалар сусынын өндірушілерге мемлекет тарапынан нақты қолдаулар болса нұр  үстіне  нұр  болар  еді.

ЖЫЛҚЫ  БАР,  ЖЫЛҚЫШЫ  ЖОҚ

Бұл жылқы шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің жанайқайы деп ұқсаңыз да бола­ды. Белгілі жылқытанушы ғалым, қазақтың «мұғалжар», «көшім» жылқыларының негізін қалау­шы Серікбай Рзабаев бір сұхбатында тура осылай деген еді. Құдайға шүкір, қазір қазақ далас­ында 2,8 млн (2019 жылғы есеп бойынша) жылқы бар. «Жылқыны жылқы тұяғынан да қатты адам баға алады» дейді дана халқымыз. Тіпті «Ұлың ынжық  болса – жылқы  бақтыр, ұлың  тентек болса – қой бақтыр» дейтін де біздің қазақ. Алайда бүгін жылқы бағатын «жылқы тұяғынан да қатты» бақташы табу қиямет. Кәсіпкер бар жағдайын жасап, басына баспана, астына машина, киім-тамақ, жалақысымен беруге дайын, бірақ жылқышы жоқ.

Сол себепті, бұл кәсіппен айналысушыларды ынталандыру үшін мемлекет тарапынан тек осы жылқы бағуға бейілді азаматтарға жағдай жасау­дың, оларға түрлі қолдаулар көрсетудің қажеттілігі анық сезіліп отыр. Мысалы, жылқышының ақылы оқудағы баласының оқу төлемін азайту; жылқышы болам дегендерге мемлекет тарапынан арнайы үстемеақы төлеу; жол жүру ақыларын жеңілдету,  т.б.  деген секілді қолдаулар қажет. Бұл еліміздегі жылқы шаруашылығының дамуына, жылқы басының көбеюіне өте үлкен көмек болар  еді.

ҚАЗАҚСТАНДА  ЖЫЛҚЫ  МУЗЕЙІ  ЖОҚ

Бұл  өте  өзекті мәселе деп ойлаймыз. Себе­бі қазақ халқы – кешегі көшпенділердің заңды жалғасы және соны сақтаушы санаулы ұлттың бірі. Бабаларымыздан қалған мол мұра, жүз мыңдаған жәдігердің  тамтығына  тамсанып  қалдық.

Өз  басым  еліміздің  әр  өңіріне барған кезде әуелі сондағы музейлерге баруға тырысамын. Алайда көретінім – қазақы ердің қаңқасы, тот басқан үзеңгі, шіріген терлік, құрысқан құйысқан.

Осының барлығын түгендеп, Қазақстанның шынымен «жылқының отаны» екенін әйгілейтін бір музейдің керек екенін мойындауымыз керек. Белгілі жылқытанушы ғалым, этнограф Ахмет Тоқтабай: «Егер Қазақстанда жылқы музейі ашылса, ішін жәдігермен толтыруға өзім қолғабыс жасар едім» дегені бар. Ал өзіміз жақсы білетін, Ботай қорымынан, Берелден табылған алтын тұлпарлардың  жаңғыртпалары  еліміздің әр музейінде тарыдай шашырап жүр. Осының барлығын  бір  орталыққа  жинап, алыс-жақыннан келер турис­терге, қадірлі қонақтарға мақтанышпен көрсететін кез келді.

ЖЫЛҚЫ  ТУРИЗМІ  ЖОҚ

Бұл да – еліміздегі орны үңірейіп тұрған сала. Осынау Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын жайлаған ұлан-ғайыр даланы кешегі бабаларымыз қазақ жылқысының күшімен иеленіп қалғаны ақиқат. Бізге жеткен жыр-дастандарда тұлпар тұяғымен жазылған тарихымыз айқын көрініс тапқан. Ал осы даланың көркін, кербез  сұлулығын,  асқар тау,  аққан  бұлағын,  айдын шалқар көлі мен көргеннің көзі талар апайтөс алқаптарын неге біз атты туризм арқылы дәріптемейміз? Неліктен осы уақытқа дейін бабалардан қалған айрықша дәстүр – атқа міну мәдениетін  қайта қолға алмай, оны жандандыра алмай отырмыз?

Жылқы туризмі – қазіргі кезде ең сұранысқа ие сала. Ол ат спорты немесе көкпар тартып, аламанға ат қосу емес. Ол – осы сайын даланың төсінде салт атпен саяхат жасау.

Өткен жылы астаналық Берік Ақылбеков есімді азаматтың бастамасымен елордадан Баянауылға дейін 500 шақырым жолды атпен жүріп өттік. Сол сапарда АҚШ-тың Чикаго қаласынан келген Дуглос Ларсон есімді азамат бізбен бірге жүрді. Сол жігіт: «Мен қазақ даласының  кең-байтақ  екенін  білуші едім, бірақ осыншама ұлан-ға­йыр деп ойламаппын»  дейді. Бұл – бір ғана мысал. Егер елімізде жылқы туризміне мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл Қазақстанның ішкі және сыртқы туризміне айрықша үлес қосар еді.

ЕЛБАСЫ  АЙТҚАН  «АТҚА  МІНУ  МӘДЕНИЕТІНЕ»  ҚОЛДАУ  ЖОҚ

Жоғарыда айтылған алты жоқтың жоқ болуына тікелей осы «жетінші жоқ» әсер етіп отыр. Қазақ­стан  Республикасының  Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласының алғашқы қырын «Атқа міну мәдениетінен» бастаған болатын.

Егер Елбасы айтқан «Атқа міну мәдениетін» қалпына келтіріп, еліміздегі жылқытанушы ғалымда­рдың басын қосып, жылқытану институты құрылса, әлемдегі 256 жылқы тұқымының қата­рына «қазақ жылқысы» деген тұқым да қосылар еді. Сондай-ақ жылқы шаруашылығына қолдау болып, жылқышының да жағдайы жақсарар еді. Жылқы музейі ашылып, еліміздегі жылқы туризм­інің  дамуына  негіз  қаланар  еді.

Ержан  ЖАУБАЙ,

Argymaq.kz сайтының бас редакторы,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: