Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартарсың

11.04.2021, 18:00 1477

HALYQLINE.KZ «…Қатынқұмарлық дегеннен шығады, бір жайт есіме түсіп отыр. Көршілес тұратын танысым бар еді. Арматура зауытында істейтін. Қара жер хабар бермесін, барып тұрған қатынқұмардың өзі-тін, марқұм…

Қызық қуып қыздырмалап айтар әңгімесіне дейінгі қарекеттерінің бәрі де түп-түгел қыз-қырқын мен құмар жайлаған төсек төңірегінде болып келетін. Оның сол бір солақай тірлігін төңірек баяғыдан білетін. Оған тіпті, әйелінің де еті әбден өліп, дәті әбден күйіп біткен.

Былай барласаңыз, көршіміз сып-сыпайы, аңқылдақ сияқты. Ал, бет-жүзіне бек үңіле қарасаңыз, оның өңінде, ойнақшыған көзінде саудагерлер мен жезөкшелерге, арам әкімдер мен сужүректерге, саясаткерлер мен топастарға, маскүнемдерге, сараңдарға, отырықшыларға және басқа да небір суқиттар мен алаяқтарға,
әсіресе, еркекшоралар мен қызтекелерге тән сар жалқын бір ұрғашы құпия ойнап тұратын.

«Ұлың көңілшек болса – атының соры, қызың көңілшек болса – көтінің соры» демекші, серілер серкелерінің де оңтайына келе бермейтін, өр мінезділерге де омпайынан түсе қоймайтын асқан сұлуларды да әлгінің сол бір «ұрғашы сағымы» ерекше көңілшектендіріп жібере ме екен, кім білсін, әйтеуір, оның «бетім барда кім шыдайды» дейтіндей небір әсем де кербез қыз-келіншектерге келгенде де жолы тым болғыш-ақ еді.

Сонымен не керек, ол өзінің үйреншікті кәсіби «қызойнағымен» дін аман жүріп жатқан-тын. Тек, анда-санда ептеп басы ауыратыны болмаса…

Бір күні мен оның «ұрғашы сағымынан» ада сұқытын көріп қайран қалдым. Өңі қашып кеткен. Қасыма келді. Отырды. Отырды да… бірден, қарлығынқы, қорқынышты дауыспен, түнде көрген түсін үзіп-жұлып айта бастады:

…Көр сасыған қап-қараңғы бір жер екен деймін, алдымда шоршып-ұшып бірдеңе жүрген сияқты! Әлгінің қараңғылықтан да бетер қаралығы сондай, мен оның не екендігін анық көріп те үлгердім! Өмірі кездестірмеген құбыжығым!

…Жылан дейін десем, қарыстай!… Бақабас дейін десем ұқсамайды, жуандығы тоқпақтай!

…Әлгіні ұстап алайын деп ойлаймын. Өзім қорқып та жүрмін. Бірақ, ол сұмдығыңның денесі жылбысқы, жылп-жылп етіп ұстатпайды! Алайда, бойындағы қуатты айтпаңыз, ыс-с -ыс-с етіп ауа тілгілеген жойқын да шапшаң қимылына қарағанда, болат арматурадан да серпінді екендігі сезіледі!… не болса да ұстап алып, қылқындырып өлтірейін деп жүрмін атаңа нәлетті!

…Енді бір сәт мен оны ұстап та алдым! жалма-жан қос қолдап алқымынан сығымдап қысып жатырмын, мытып жатырмын!… Сөйтіп, оянып кеттім. Оянсам…

Ол төмен қарап отырып қалды. Түрі қап-қара болып кетіпті.
– Содан – деді ол, сәлден кейін, содан, ояна келсем… ыңғайсыздау енді… сол әлгі… өзімнің борбайымдағы пәлемді дәл түбінен қатты қысып ұстап алыппын…

Мен қарқылдап күліп жіберуге шақ қалдым. Абырой болғанда, ол маған қараған да жоқ, сөзін аяқтай салысымен, орнынан ыршып тұрып, кетті де қалды. Дәл сол күні түнде ол басы қатты ауырып, ауруханаға түсіпті. Мый ішіндегі ісік дейді. Апырай-ә – деп, қиналып біз қалдық. Көршінің аты – көрші, екі-үш күннен кейін көңілін сұрайын деп ауруханаға бардым. Жақсы бір таныс дәрігерім кездесе кетті. Мән-жайды айтып едім, – ол кісі бүгін түске таман қайтыс болды. Қазір астымыздағы уақытша мәйітханада жатыр – деді ол, түк болмағандай, қасапшыға тән сабырлықпен.

– Осында ес-түссіз қалпында әкелді. Содан есін жыймады. Тек, өлер уағынан жарты сағат бұрын ғана селк етіп барып, көзін ашып алыпты. Біз, бақылаушы ретінде, қасына бір медбикені отырғызып қойғанбыз. Үлбіреген жап-жас қыз. Соған әлгі пациентіміз, көзін аша салысымен, қайда жатырмын-ау, ол не, бұл не деп сұрау жоқ дейді, жалма-жан қолынан шап беріп ұстап алып, былай деген көрінеді:

– Жаным, қолың неткен жұмсақ еді! Анау жұп-жұмыр тізеңді де денеме тигізе отыршы, бойыма жылу тарасын, сүйіктім!

Осы сөздерді сап-сау адамдай ап-анық айтып болысымен, тынысы тарылып, бірден жүріп кетіпті…

Бұл – дәрігердің әңгімесі.

– Операция жасайық деп, алғашында төбе сүйегін де ашып көргенбіз, шошып кеттік! «Сіз оның мыйына не өсіп шыққанын көрсеңіз ғой, мыйшығына дейін тамырланып алған бір пәле» деп және қосып қойды.

Неге екенін білмеймін, сол «пәлені» өзімнің де көргім келіп кетті. Жоқ, рас, әншейінде жаназа атаулыға онша жуый бермейтін менің сонда соны көрмекке неге сонша құмартқаныма қайранмын. Ақыры не керек, жалынып-жалпайып отырып, дәрігерді көндірдім. Бардық. Төбе сүйегін ашып берді. Астапыралла!… көрмеуім керек екен!

Қызылбас саңырауқұлақ па?! Әлде, … мыйоқа дегеніңіз сол ма?!… жо-жоқ, мыйды ортасынан нақ қақ жара, қызара бас көтерген кәдімгі еркектік жыныс мүшесі!

Сұмдық-ай! Мәйітханадан қалайша зытып отырғанымды еш білмеймін…

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,

«Қас Сақ аңқымасы» кітабынан…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: