Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айтыскерлерді АҚЫН деп атаудан аулақпын

07.04.2021, 10:00 771

HALYQLINE.KZ

«Өз басым айтыс өнерінің дамуына қарсы емеспін. Өссін, өркендесін, халықтың құрметі мен қошеметіне бөленсін. Әрі-беріден соң ұлттық дәстүріміздің бір сағасы ғой. Дегенмен, мен бұл өнердің иелерін АҚЫН деп атаудан аулақпын», – деген журналист  Мұхтар Түменбай  facebook әлеуметтік желісіндегі пікірін nege.kz жариялады.

«Айтыскер деуге болады, суырып-салма шешен десе де келісемін. Ал ақын деуге тілім бармайды. Расында, поэзия сөз ұйқасы емес. Өз алдына бір бөлек әлем. Тылсым дүние. Айталық, Мұқағалидың жүрек түбінен шыққан өлең жолдарын, Қасымның жалын атқан сөздерін, Қадірдің ой тереңдігін, Фариза мен Ақұштаптың жан тебіренісін, Күләштің лирикасын ұйқас қуып, қиыспаған жерін аги-гай-аймен толтырған, әзіл-шынын араластырып, сөз жарыстырған айтыскерлерді салыстыруға, не бір деңгейге қоюға бола ма?

«Айтыс» сөзінің түбірінің өзі «айт», «айту», «айтысу» дегенді білдіріп тұр. Солай емес пе? Әлде қашанда сөзге шешен қазақ дәл осы «айтысқа» келгенде атау таппай құрып қалды ма? Неге «жыр жарысы» немесе «өлең бәсекесі» демеді? Себебі олар айтыс өнері мен поэзияның ара-жігін ажырата білген. Әрқайсысының өз орны, өз биігі барын бағамдап, соған сәйкес атауын да берген. Онда біз, кейінгі буын, неге айтыс пен поэзияны бірдей көреміз? Сол дұрыс па? Ол, меніңше, қайық пен көлікті, құм мен қара топырақты, сәулетші мен көркем суретшіні салыстырғанмен бірдей. Екеуі мүлдем бөлек нәрсе, бөлек өнер. Поэзия – адамды сұлулыққа жетелейтін, ішкі жан дүниеңді байытатын рухани азық. Жабырқасаң бірге мұңаятын, шаттансаң шабыт беретін сырласың. Ал айтыс, қазіргі тілмен айтқанда, ел жұрттың көңілін көтеретін, сөз жоқ, серпілтіп-сергітетін, көптің көкейінде жүрсе де айта алмай жүрген ойын айтатын, қиыннан қиыстырып сөз жарыстыратын шоу. Ол да керек. Бірақ ара-жігін біліп те жүрген абзал ма деймін».

Карикатура интернеттен алынды. (Жазбаға қатысы болмауы мүмкін)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: