Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыр жердің жақұты

29.03.2021, 17:30 721

…Зулатып келеміз. Жердің арғы бетінен күн көзін ашып, оянып келеді. Қызылорда – Түркістан тасжолының бойында келеміз. Бағытымыз – Жаңақорған ауданы. Наурыз айының соңғы сенбісінде жолға шығуымыздың өз себебі бар. Жаңақорған ауданының бүгінімен танысып, болашаққа деген жоспарларын бағамдау…

Жаңақорған ауданын біз қалай танимыз? Тұмса табиғат пен жазық даланың үйлесімді көрінісі һәм халқымыздың тарихынан сыр шертетін көне қалалар. Тарихи тағылымымен мақтанатын ауданның кәсіптік, индустриялық жағдайы қалай? Таң атпай сапарға шығуымыздың себебі осыда. Аудан айналасындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, көзбен көріп, мәселесін көріп қайту. Қазіргі таңда ол жақта жаңа құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр және бүкіл ауданды электр қуатымен қамтамасыз ете алатын күн электр станциясы салынған екен. Аудан айналасында бұдан өзге де жаңалықтар толып жатыр.

Құс фабрикасының кереметі

Сапарымызды Жайылма ауылы маңындағы тасжолдың бойынан ірге көтеріп жатқан құс фабрикасының құрылысынан бастадық. «Абдулла» шаруа қожалығының төрағасы Абдулла Тәжімбетов жыл соңына дейін жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл құс фабрикасы облыс халқы тұтынатын құс етінің 33 пайызын беретін болады. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге. Оның 2,8 млрд теңгесін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бөлсе, қалған 1,2 млрд теңге өз қаражаты екен. Құс фабрикасы ет бағытында ғана жұмыс істейді. 12 құс күркесі белгіленген. Жоба толық күшіне енгенде 120-150 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда 20 гектар жер телімі тегістеліп, қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде, сонымен қатар осы құс фабрикаға қажетті азық дайындау үшін 2020 жылы 1000 гектар жер телімі бөлінді.

– Шаруа қожалығында 12 құс күркесі болады. Инкубаторлық орталық пен тоңазтқыш та болады. Екі қойма және құс фабрикасына қажеттінің барлығын салып жатырмыз. Бір мезетте инкубатор ішінде 21 мың жұмыртқа сияды. Олар 21 күнде жұмыртқасынан жарып шығып, әр құсханаға салынады. Сонан соң 45 күннен кейін сойылымға кетеді. Бройлер тұқымдас тауықты алуды жоспарлаудамыз. Құрылыс жұмыстарының басталғанына екі ай болды. Құрылысқа қажетті материалдардың барлығын Жаңақорған ауданынан алып жатырмыз. Жұмысшылардың көп бөлігі – жергілікті тұрғындар. Қыркүйек айында толықтай іске қосылады деп жоспарлаудамыз. Ал мамандар болса, алдымен Алматыдан келетін болады. Кейіннен жергілікті жұмысшыларды үйретіп, қайта кетеді. Негізінен Жаңақорған ауданының халқын жұмыспен қамтамасыз еткіміз келеді. Сонымен қатар, тауықтарға арналған жемді де осы ауданның шаруаларынан алатын боламыз. Жұмыртқа өнімдерімен де айналысу ойда бар, – деді «Абдулла» шаруа қожалығының ресми өкілі Ерлан Пірмағанбетов.

Айта кететін жайт, мұнда мүлдем қалдық қалмайды. Тауықтың жүнінен бастап төбесіндегі тәжіне дейін сұраныс көп дейді қожалықтың ресми өкілі. Оның үстіне тауықтардың нәжісін шығаратын арнайы құрылғы орнатып, бірден тыңайтқышқа айналдыратын болады. Тиісінше, ол жерден мүлдем жағымсыз иіс шықпайды екен. Германиялық технологиямен жасалып жатқан фабриканың ерекшелігі көп. Сондай-ақ, мұндай технологиямен жасалған құс фабрикасы еліміздің басқа өңірлерінде жоқ.

Электр станциясының халыққа пайдасы бар ма?

Қазіргі таңда жарықсыз күн көру мүмкін емес. Жарық ресурстарын шектен тыс пайдаланып жатырмыз. Сол үшін экологиялық таза электр қуатын өндіретін станциялар қажет-ақ.

Ары қарай кент сыртында орналасқан күн электр станциясына бардық. Бұл станцияға «ХЕК КТ» ЖШС-гі инвесторлық еткен. Жобаның құны 3,8 млрд теңгені құрайды. Жалпы қуаттылығы – 10 МВт. Мұнда өндірілетін электр қуаты Жаңақорған ауданын толық қамти алады. Экологиялық таза және арнайы құрылғылар арқылы күннің артынан қуып, сол бағытта айналып отыра алады. Яғни, күн шыққан уақыттың барлығында да электр қуатын жинауға мүмкіндігі бар. Жауын-шашын да күн қуатын жинауға кедергі келтірмейді. Инвестор болған кәсіпкер ресейлік азамат екен. Жаңақорғанның жазық даласынан жер сұрап, күн электр станциясын салып беруді уәде еткен. Уәдесінде тұрып, өте сапалы құрылғылар орнатқан. Құрылыс 5-7 жылда өз құнын толықтай ақтайды. Дегенмен…

Қазіргі таңда электр қуатын жергілікті жарық таратушы мекемеге сатып отыр. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Бұл электр станциясының жергілікті халыққа пайдасы тиеді ме? Жоқ! Бұрындары жарықты алыстан алдыртатын болса, қазір ауданның ішінде орналасқан үлкен станция бар. Десе де бұл станцияның қара халыққа мүлдем пайдасы жоқ екен. Себебі, жарық таратушы мекеме өзінің бағасын өзгертуге ниетті емес. Ал аудандағы тартылған сымдардың барлығы сол «KEGOC» мекеменің теңгерімінде. Қалай болғанда да әлгі мекемесіз жарық жүргізу қиынға соғады. Өз кезегінде шетелдік инвесторға да сол мекемеге сатып отыру ыңғайлы көрінеді. Десе де жоба құнын толықтай ақтаған соң, станция өзімізде қалмақ. Бірақ, одан кейін де станция қарапайым халыққа пайдасын тигізеді ме, белгісіз.

Сапарымызды Қаратау жотасының оңтүстік-батыс етегінде орналасқан «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кен орнында жалғастырдық. Тау бөктеріндегі кен орнына кіру үшін арнайы рұқсат қағазың болуы керек. Әйтпесе жолды бөгеп тұрған күзетшілер адым аттатпайды. Бұл жерде Кеңес үкіметі кезінде үлкен кен орны болған. Уақыт өте дағдарысқа ұшырап, жұмысы тоқтаған. Содан бері әлі күнге дейін толықтай іске қосылып көрмеген екен. Бірнеше жыл жөндеу жұмыстары жүргізілгенмен, жобаның толық игілігін әлі де көре алмаудамыз. Соған орай кен орнында жылдық қуаты 4 млн тонна кен байыту фабрикасын салу жобасы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап кеніштің құрылыс жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарына 500 адам тартылады. Олардың көпшілігі аудан тұрғындарынан құралмақ. Бұл жұмысқа екі бірдей компания инвесторлық етуден үмітті. Біреуі германиялық компания болса, екіншісі – қытайлықтар. Қазіргі таңда екеуінің ішінен тиімдісі анықталып жатыр.

Жалпы, бұл кен орнынан қорғасын, мырыш концентраттары шығады. Кен орнының ресурсы 140 миллион тонна кенді құрайды. Бұл – мырыш кен орындары арасында әлемдегі 5-ші кен орны. Бұл жердегі кен орны іске қосылса, жобаның ауқымы кең болмақ. Одан бөлек, жұмысшылар мен жергілікті тұрғындарға да беретін көмектері көп. Атап айтқанда, әр жұмысшының отбасында бала дүниеге келсе 100 АЕК көлемінде сыйақы берілетін болады. Жұмысшы қаза тапса – 200 АЕК, отбасы мүшелері қаза тапса – 100 АЕК және т.б. көмектер жетерлік. Ауыл тұрғындарына да қарайласады. Тұрмысы төмен отбасыларға көмек беріп, ауылдың инфрақұрылымын жақсартып отыру мекеменің мойнында. Айта кететін жайт, 2023-2025 жылдар аралығында мекеме республикалық бюджетке 33,3 млрд теңге салық төлейтін болады. 1500 адамға дейін жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.

Математикадан өткен олимпиада

Ауданда ғылым-білімге де мән берілген. Тұрғындардың жеке бастамаларымен кентте алғашқы рет ағартушы мұғалім Үкібай Исаұлы атындағы математикадан ауданаралық олимпиада өтті. Олимпиадаға ауданның барлық мектебінен 42 оқушы қатысып, үздік шыққандары жүлделі орындармен марапатталды. 11-сынып оқушылары арасында өткен олимпиаданы ұйымдастырған – ағартушы маманның әулеті.

– Әкеміздің аты берілген пән олимпиадасы өтіп жатыр. Қуанышым шексіз. Бұл жерде аудандағы барлық мектептің оқушылар бар. Өткізудегі басты мақсат – ауданымыздағы білім саласына үлес қосқымыз келді. Әкемнің салып кеткен сара жолын жалғастыратын білімді ұрпақтарды шығару, оларды қолдау. Балаларды ынталандыру мақсатында жүлде қорын да ұсындық. Осының арқасында олардың математикаға деген қызығушылығы оянады деп сенеміз. Бұл сайыс биыл алғашқы рет өтсе де барлық мұғалімдер, білім бөлімі мен аудан әкімдігі белсенді атсалысты, – деді Әбіләзиз Үкібайұлы.

Сайысқа ағартушы ұстаздың әулеті демеушілік еткен. Бірінші орынға – 100 мың теңге. Қос бірдей екінші орынға – 75 мың теңге. Және үшінші орынға ие болған екі оқушыға 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Шараға аудан әкімі қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар, атақты математик Асқар Жұмаділдаев онлайн түрде қатысып, өз ықыласын білдірді.

– Өзім математика пәнінің мұғалімі болуды армандаймын. Есепті шығарып, қиын формулалармен жұмыс істеу қатты ұнайды. Бала кезімнен осы пәнді оқып, тереңіне үңілуге тырысып келемін. Сол себепті де есептер аса қатты қиын болмады. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Олимпиадаға қатысатынымды бір-екі күн бұрын ғана білдім. Бағым мен бабым қатар шапқан болуы керек. Алдағы уақытта ҰБТ-дан жоғары балл алуға дайындалатын боламын, – деді олимпиада жеңімпазы Ақерке Жұмаділлә.

Заман өзгеріп барады. Уақыт зулап ағады… Бұрында тау мен дарияның ортасында орналасқан шағын ғана аудан бүгінде көркейіп, үлкен жобаларды бастап отыр. Заманның ағымымен көптеген жұмыстар істелсе де, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының діңгегі әлі күнге дейін сақталған екен. Жас буынның бойынан ізгілік пен білім-ғылымға деген құштарлық қатар сезіліп тұр. Ең бастысы, көлемді кәсіп ашып жатқандардың дені – жергілікті тұрғындар. Сырттан пана іздемей қалың елдің арасына келіп, туған жердің экономикасына көмектесемін дейді. Жергілікті халықты жұмыспен қамтып, ішкі өнімді дамытуды басты жолға қойып отыр. Өңір басшысы мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ауданды дамытуға жоспарлары көп екен.

Ауданның аяқ алысына жақсы деген баға бердік. Тек электр станциясындағы жағдайды бір қалыпқа келтіріп, аудан тұрғындарына барынша көмек қолын созу керек. Десе де ауданның соңғы жұмыстарына көңіліміз толып қайттық. Енді Жаңақорған тек табиғаты, тарихымен ғана емес мықты инфрақұрылымымен де мақтана алатын болады. Істері оңынан туып, жоспарлары толық орындалса, жұмыр жердің жақұтына айналары сөзсіз…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: